Материалдар

«Сендер қазаққа керексіңдер!»

1961 жылы Мұхтар Әуезов Тәжікстаннан Ташкент қаласына келгенде, күтіп алып әңгімелескен едім. Мұны ұйымдастырған сол кездегі кафедра меңгерушіміз Әлманбет Төлеуов болатын. Кездесуде кандидаттық диссертация төңірегінде екі сағаттай пікірлестік. Мұқаң: "Қандай тақырып аласың?" деп сұрады. "Абай және Шы-ғыс" тақырыбын алайын",- дедім. "Жоқ! Жолың болмайды, балам",- деді.

Ертеңіне тағы бас қостық.

- Не болды, тақырыпты ойландың ба?- деді.

- Ойландым, соны аламын,- дедім.

- Жетекшің қандай тақырып ұсынып еді?

- Абай әдеби мұрасының зерттелу жайы туралы, аса қиын тақырып екен,- деп күміл-жідім.

- Дәл осы тақырыпты ал!- деді бұйыра.

- Ой, аға! Талас болып кетеді ғой.

- Кішігірімдерін сына да, ауқымды дүниелерді сынамай жаза бер. Соның өзі жетіп жатыр,- деді.

Ақыры, сол тақырыпқа Әуезов пен жетекшім Қажым Жұмалиев күштеп көндірді.

Аспирантураға Баукең - Бауыржан Момыш-ұлы арқылы түскенмін. Кейін келе қызықтым да, әлгі тақырыпқа мүлде кіріп кеттім. Ал, Шығысты бәрібір шығардым. "Абай және Шығыс" деген кі-тапты жазғаныма бүгінде өзім таң қаламын. Уақытында Жаратушының өзі жол көрсеткен сияқты.

Докторлық диссертациямда "Мұхтар Әуезов және Абай проблемалары" деген тақырыппен төрт мәселені зерттеу нысанасына алғанмын. Олар Абайдың өмірбаяны, әдеби ортасы, шығар-маларының текстологиясы және Шығысқа қатысы Әуезов зерттеуінде деп аталады. Соңғы-сына Әуезовті әдейі қалқан етіп алдым. Соның өзінде алғашқы үшеуін академиктер қолдады да, Шығысты алып таста деп отырып алды. Мен көнбедім, сегіз жыл бойы қорғатпай қойды. "Шығысты алмаймын, ол болмаса қорғамай-ақ қояйын" деп табандылық таныттым. Кейін, қай-та құру кезінде М.Әуезовтің қызы Ләйла, акаде-миктер Зәки Ахметов және Серік Қирабаев үшеуі қолдап, солардың арқасында қорғадым-ау.

Қазіргі мектеп оқулықтарын қарасаң, Абай-дың шығысы туралы бір сөз жоқ. Өйткені, 1949 жылы КОКП Орталық комитетінің космополи-тизм туралы арнайы қаулысы шықты. Онда "Шығыс пен Батысқа бас игендерді талқандай-мыз" делінген, осының салдарынан қаншама адам қуғынға түсіп, құрбандыққа ұшырады. Әуезов те қудаланды, ғылым кандидаты Қоңы-ратбаевты Алматыдан қуып, қаңғытып жіберді. Жеті жылдық мектепте сабақ беріп жүрген жерінен кейін Қызылорда педагогикалық институтының директоры Әділ Ермеков шақы-рып, қызметке алды. Сонда жүріп докторлығын қорғады. Ол кезде мен оныншы сыныпта оқып жүрген бозбаламын, қандай қаулы шығып жатқанын қайдан білейін. Әуезовтің: "Балам, жолың болмайды" дегеніне сол құжат себеп болғанын кейін түсіндім.

Әуезовтің көп ойы ішінде кетті. "Біз кетеміз, сендер қалуларың керек, қазақтың өмірін, дәстү-рін қазаққа жеткізетін бір адам қажет, сол сенің мойныңда" деген Байтұрсыновтың Мұхтарға айтқан сөзін маған Қайым ағай жеткізген еді. Әлімхан Ермеков пен Мұхаң: "Біз бірге кетеміз", деп көнбеген ғой. "Жоқ! Ақымақ болмаңдар, біз бас тіккенбіз, сендер қазаққа керексіңдер",- деген Байтұрсынов. Сондықтан да Әуезовтің жолы қиын болды, ол Ленин сыйлығының лауреаты болғанда ғана еркін тыныстады. Оған дейін төрге отырғызып қойып, сынап жатқанын талай көрдік. "Абайдың Батысынан Шығысы басым" деген пікірі үшін де қыспаққа алды.