Материалдар

Өнертанудағы өріс

Жақында Алматы қаласында Құрманғазының 200 жылдығына арналған фестивальге республи-камыздың біраз қалаларынан көптеген әнші-күйшілер мен академиялық атағы бар оркестрлер келді. Фестиваль қашанда үлкен мереке ғой, оның аясында кездесулер, концерттер, тұсаукесерлер, шеберлік-кластар өтеді. Үш күнге созылған өнер мерекесі тез-ақ өткен тәрізді, өнерге шөлдеп қалған Алматы жұртшылығы құлақ құ­рышын қандырғаны анық. Үш күн бойы "Қазақконцерт" залында ине шаншар жер бол­мады. Алматыға келгелі қазақтың дәстүрлі өнерін тамашалауға осыншама жұрттың жина-луын алғаш көруім.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттың консер-ваториясының А.Жұбанов атындағы кіші за-лында, әлемге әйгілі якут қызы, комузшы Юли-ана Кривошапкинаның шеберлік-класына қа-тыстым. Аты комус демесең қазақтардың шаң-қобызы. Комусын тартуын үзбей, көмеймен неше түрлі аң-құстардың дыбысын шығарғанда таңданбасқа шараң жоқ. Бір сөзінде, бөрінің ұлы-ғанын салып, тағы жыртқыштарды жинағанын, ал орман ішінде құстардың дыбысын салғанда орман құстарының жауап қатқанын айтқанда рас екеніне күмәнің қалмайды. Юлианадан кейін консерватория ректоры, ҚР еңбегі сіңген қай-раткері Арман Жүдебаев, елімізге белгілі домбы-рашы, ұстаз, профессор Айтжан Тоқтағановты таныстырып сөз кезегін берді. Күні бүгінге дейін көкейде жүрген сұрағымыздың жауабын Айтжан ағайдан естідік: "Қазіргі жастар күйлерді тез орындайды дегенді әр кез естіп қалып жүре­міз. Бұл тіпті әңгіме қылуға тұрмайтын нәрсе ғой. Табиғат өз дегенін жасайды. Жас ке-зінде жігіт­тер қуатты, қайратты болады. Күш қуа-ты тасып тұрған шағында күйді де тез орын-дайды, бұл заң­дылық қой. Өсе келе ақылы толы-сады, күш-қайраты азаяды, сол кезде күйдің де жылдам­ды­­ғы табиғи қалпына түседі, қанша тырысса да, тез тарта алмайды" деген-ді.

 

Концерт үстінде қасымдағы бос орындыққа Аманжол Исмагулов келіп жайғасты. Төс түйіс­тіре амандастық. Осыдан тура 32 жыл бұрын Аманжолмен қалай танысқаным есіме түсіп, көз алдымнан бір сәт өткен өмірім өте шыққандай болды.

1984 жылдың қазан айы болатын. Құрман-ғазы атындағы консерваторияның бірінші курс студентімін. Барлық музыканттарға "Абай 56" белгілі, консерватория жатақханасында тұра-мыз. Кешқұрым бөлмемізге көзінің оты бар, келбетті жігіт кіріп келді.

- Төлеп деген қайсың? -деді ол.

- Мен,- дедім.

- Менің есімім Аманжол, 2-курс, музыка­тануда оқимын. Сені мықты домбырашы дегенді естіп келіп тұрмын,-деді қолын ұсынып.

Біраз әңгімелестік. Сұраған күйлерін түгелге жуық тартып бердім. Бір қызығы, тартылған күйлердің аңыз-әңгімесін, шығу тарихын сұрап отырды. Мен, әрине ол жағынан "ұяттылау" болып шықтым. "Біз орындаушы ғанамыз, әңгі-ме-сөзді сендерге сеніп тапсырдық қой" деймін әзілдеп. Сәлден соң Аманжол: "Төлеп, осы дом-быра деген не?" деп, тосындау сұрақ қойды. Сұ-рақтың ауырлығы еңсемді езіп барады, жымиған болып:

- Мына қолымыздағы, қазақтың көне заман-дардан бері...

- Жо-жоқ, ол түсінікті ғой. Домбыра деген сөз не мағына береді? Мысалы, түрікмендердің дутары, ду-екі, тар-шек деген сөз. Бәрі түсінікті, екі шек деген мағынаны береді. Біздің домбы-раның да мағынасы, түсініктемесі болуы керек қой, оның үстіне домбыраның қай ғасырда пайда болғанын әрбір домбырашы білуі тиіс,-деді.

Тосылып қалдым. Оны білмек түгіл, ол жайлы ешқашан ойланып та көрмеппін.

- Ал, күй деген сөз ше? Күй не мағынада ай-тылған сөз? Тілдік қолданысқа қай ғасырда енген екен? Меніңше, күй көне сөз емес сияқты,- деді.

Мен ұстазының алдында сабақ айта алмаған баладай күмілжи бердім. Группаластарымнан, өзім танитын домбырашылардан, тіпті ұстазда-рымның көпшілігінен де осы сұрақтарға жауап таба алмағаным жасырын емес. Шынымды айт­сам, күні бүгінге дейін осы екі сұрақтың мазалай­тыны рас, жауабын таптым деп те айта алмай­мын. Ғалымдарымыздың нобайы мен долбар­ла­ры ғана бар. Әйтсе де осы сұрақтарға жауап іздеп жүріп, жиырмадан астам оқулық, оқу құралдары және этнографиялық жинақтар шы-ғарыппын. Елі­міздің барлық қазақ мектептерінде 2,3,4,5 сыныптарында өтетін "Музыка" оқулығы-ның авторларының бірімін. Сыр бойының жыр ма­қам-саздарын домбыраның сүйемелдеуінде но­таға түсіріп, өнертану ғылымына алғаш ендір­гендердің бірімін. Мұның бәрін мақтану үшін емес, ғылым жолына түсуіме жоғарыдағы екі сұрақтың, сол екі сұрақты қойған Аманжол Исмагуловтың түрткі болғанын айтқым келеді.

1988 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "Музыкатану" мамандығы бойынша бітірген Аманжол Дүйсен-ұлы бүгінде А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музы-калық колледжінің директоры. Қашанда колледж түлектерінің сапалы білім алуына, білімді маман болуына бар күш-жігерін салатынын естіп жүремін. Оқушыларды конкурстарға жіберу, соңғы шығып жатқан кітаптармен қамтамасыз ету Аманжол Дүйсенұлының назарынан тыс қалмайды екен. Ал, Ақтөбе музыкалық колледжін бітіріп келіп, Құрманғазы атындағы консерва­торияға түскен оқушылардың барлығы дерлік Аманжолды әкесіндей көретінін естіп-ақ жүрмін, кешегі өткен фестивальде бұны көзім көрді.

Қадірлі дос! "Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде" демей ме дана қазақ?! Киелі өнердің шаңырағына шаң жұқтырмай­тыныңа кәміл сенемін. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Шығар шыңың мен көрер қызығың алда екеніне сенімім мол.

 Төлепберген Төреахметұлы,

Алматы, қазан 2018 жыл.