Материалдар

Сауысқандық, петроглифтері, қола, ерте, темір дәуірлері

Бұл петроглифтер М.Қ.Қадырбаев пен А.Н.Марьяшевтың "Наскальные изображения хребта Каратау" атты еңбегінде жарияланған. 2004 жылы археолог М.Елеуов географиялық коорди­нат­тарын анықтап, петроглифтердің толық сипатта­ма­сын берген. 2013 жылы "Тараз" археологиялық ғылыми орталығы зерттеді. Жар­тастағы суреттер Сауысқандық, бала Сауысқандық тауларының сол­түс­тік, солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс беткей­ле­рінде, Күркіреуіктің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Жартас суреттері үлкен Сауысқандық және бала Сауысқандық тауларының аралығында орналасқан петроглифтерді шартты түрде 1,2,3,4,5 деп, бірнеше топқа топтастырып қарастырылады. Петроглифтер сюжеттерінің ішінде Қаратау және іргелес аудандардың фаунасы мен мекендейтін жан-жануарларды бейнелейтін зооморфты бейнелер басым. Жартас суреттерінің арасында антропо­морфты бейнелерді, арбалар, аңшылық сюжеттерін, солярлық таңбаларды, "күн басты" тіршілік иелерін кездестіруге болады.

Петроглифтер негізінен Үлкен Сауысқандық тауының солтүстік-шығыс етегінде яғни, бала Сауысқандық өзенінің сол жағалауын бойлай, бала Сауысқандық тауының, оңтүстік, оңтүстік-батыс беткейінде, шағын Күркіреуік сарқырамасының солтүстік-шығысындағы адырларында орналасқан.

 

Сыры ашылмаған ескерткіштердің бірі Сауысқандық петроглифтері - Сауысқандық жар­тастарындағы байырғы тайпалардың дүниетанымы мен діни сенімдерінің ізі - жан-жануарлар культі исламға дейінгі көне діндермен, Ежелгі Шығыс халықтарының арасында кең таралған табиғат мінажатымен, әртүрлі билеуші тылсым күштермен байланысты дамығандығының айғағы. Сауыс­қан­дықтағы антроморфтық бейнелер адам мен таби­ғат­тың арасындағы байланысты айғақтайды. Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Сағымбай Мұрғабаевтың бірлескен зерттеу жұмысы "Сауыс­қандық петроглифтері" атты монографиялық еңбекте баяндалады.

  "Сыр - Алаштың анасы" деген тәмсіл бар. Бұл Қызылорда облысының ықылым заманнан қазаққа қорған, қажет уақытында пана да болғаны сол ай­мақта өсіп-өнгендігін көрсетсе керек. Сондықтан бо­лар, Сыр өңірінде тарихи ескерткіштер, көне жаз­балар, аңыз-әңгімелер мен түрлі жәдігерлерде есеп жоқ. Ондағы бір ғана "Сауысқандық" шатқа­лын­дағы петроглифтер көп жайттан хабар бере­тіндей.

Қаратауда 200-ден астам петроглиф жазба бар Қаратаудың соңғы сілемдері Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағында жатыр. Сол аумақта орын тепкен Сауысқандық шатқалында ата-бабаларымыз тасқа қашап жазған жазбалары сақталған.

Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50-60 шақырым қа­шықтықта жатқан Қаратау сілемдеріндегі тасқа қашалған бейнелер соған дәлел.

  Мамандардың айтуынша, Үлкеншоқы және Кішішоқы тау жоталарының жартасына (б.з.д ХVІІІ - б.з ІІІ ғ.ғ.) салынған суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүние. Ондағы бейнелер сол дәуірдің әдет-ғұрпы, наным-сенімнің белгісі. 9 шақырымға со­зылған тастағы суреттердің басым көпшілігін қару асын­ған адам, жегілген арба, төрт түлік мал мен тауешкі, арқар мен қасқыр секілді жабайы аң-құстар жиі бейнеленгеніне қарағанда біздің бабаларымыз ата кәсіппен ертеректе айналысқан. "Ол жер тіпті халықтың тұрғылықты мекені де болуы мүмкін. Се­бебі, сол жерге жақын маңнан зираттар да табылды",- дейді олар.

Профессор Мадияр Елеуов басқарған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінің Тұран археологиялық экспедициясы 2004 жылы зерттеу жүргізді. Олар үлкен Қаратау жота­сы­ның Сауысқандық шатқалындағы жартастарға салынған суреттердің ірі шоғырланған орнын ашқан. Археолог М.Елеуов: «Бұл жотада тасқа қашалған таңбалар көп. Ол әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейді» деген пікір ай­тады. Тау таста­рын­дағы сызбалар сан түрлі тәсіл­дермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. Сауысқандық шатқалы 500 гектар аумақты алып жатыр. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталады. Мұндағы петроглифтердің барлығы әртүрлі сю­жеттер мен композицияларға біріккен сан алуан тұр­мыстық, діни танымдық, мифологиялық ой-өріс­тер­мен тікелей байланысты. Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатыр. Петроглифтер 8-10 мың сюжетті құрайды. Ең көрнекті сюжеттер қатарына қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері тұр. Көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, мал терісін жамылған бейнелер қола дәуіріндегі діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Қазақстан­да­ғы петрографиялық зерттеу жұмыстары өткен ға­сырдың 20-жылдарынан басталды. Осының нәти­жесінде тастағы біршама жазбаларға назар аудары­лып, ғылыми тұрғыда баға берілді. Атап айтқанда, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойба­ғар, Майдантал, Мойнақ, Теректі әулие секілді жер­лердегі жазбаларға осындай зерттеулер жасалған. Петроглифтік дүниелер өнерінің мәні терең, бейнесі мазмұнды болып келеді. Ежелгі замандағы адамдар аңыз әңгімелерге ден қоя отырып, мифтік бейнелерді де тасқа қашай білген. Сондай-ақ, қоршаған ортаға қатысты көріністерді де көз алдына келтіреді.

 Бекболат ӘБУОВ,

Шиелі аудандық тарихи-өлкетану

 

музейінің ғылыми қызметкері