Материалдар

Ауыр сыннан өткен ардагерлер

   Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы құпия болғандықтан зейнеткері мен ардагерлері туралы ашық жазуға мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті, басым көпшілігінің есімдері елге таныл­май, еңбектері еленбей келгені рас. Қанша жылдар өткенімен әлдеқашан дүниеден озған алдыңғы буын ағаларымыздың атқарған құпия жұмыстарын бүгін де көпшілікке жария етуге болмайды. Өйткені, тәуелсіз еліміздің қауіпсіздік органдарына кесіріміз тиіп кетуі мүмкін. Дегенмен, өмірден өткен кейбір ардагер ағаларымызды еске алып, ізгі қасиеттері мен өнегелі өмір жолдарын баян етуді жөн көрдік.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 25 жылдай жұ­мыс істедім. Бұл жұмбақты мекемеге жетпісінші жыл­дардың орта шенінде келдім. Басқарма бастығы полковник Қозеке Бишімбаев жылы қабылдап, бөлім бастықтары подполковник Мұрат Берғалиев және подполковник Қуандық Пікірбековпен таныстырды. (Сол кезде басқармада екі-ақ бөлім болатын). Олар мені бірден қамқорлығына алды. Екеуі де сауатты, білімді кісілер екен. Ақыл-кеңес беріп, жаңа қыз­метті тез меңгеріп алуға көмектесті. Айта кету ке­рек, қауіпсіздік органдарында ұстаздық немесе же­тек­шілік деген болмайды. Қызметкерлердің жұ­мы­сына, тікелей бастықтарынан басқа адам араласып, көмек көрсетуге тыйым салынған. Себебі, оларға тапсырылған жұмыс құпия болып саналады. Әріптестері бір-бірінің немен айналысып жатқанын білмеулері керек. Тіпті, тәжірибелі қызметкерлер кабинетіне біреу кіріп келсе, қағаздарының жазып жатқан бетін көрсетпей, аударып қоятын еді. Дегенмен, жас қызметкерлердің қиналып жүргенін көріп, аға буын ағаларымыз қызметіне байланысты оларға бағыт-бағдар беріп, жазғандарын түзетіп, кейде түгелдей өздері жазып беретін. Пікірбеков аға­мыздың жаңадан қабылданған жас қызмет­кер­лерге осындай "жасырын" ұстаздық көрсетіп жүр­ге­нін талай көрген едік. Сонымен қатар тамаша әңгімешіл еді. Біз білмейтін, естімеген, сыры ашыл­маған әңгімелер айтатын. Қауіпсіздік органдарының қолымен жүргізілген репрессияның себебі мен сал­дары туралы алғаш рет осы кісіден естідік. Кезін­­де Бал­тика жағалауындағы "Орман бауырлары" бан­даларымен бетпе-бет соғысқан (1945-1947 ж.ж.) және Тәжікстанның Таулы Бадахшан аймағындағы Кеңес өкіметінің жауларымен және Ұлы Отан со­ғысы кезіндегі дезертирлер мен Қызыл әскерге ша­қы­рудан бас тартып, қашқын адамдарға қарсы жүр­гі­зілген операцияларға қатысқан. Қауіпсіздік ор­ган­дарында 37 жыл жұмыс жасаған, тергеуші болған, кадр бөлімінде жұмыс істеген, кейін басшылық қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құр­метті ардагері. Қазір қамқорлығын көрген ардагерлер кездескен кезде Пікірбеков ағамызды еске алып, мақтанышпен айтып отырады.

 

Басқарма қызметкерлері қарсы барлау бөлімінің бастығы Бергалиевке ерекше ізет көрсететін еді. Әріптестері оның ізгі қасиеттерін жоғары бағалай­тын. Расында, ұзақ жылдар бойы облыстық басқар­мада жұмыс істеп, елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында адал қызмет етті. Осы саладағы же­тіс­тіктері де аз болған жоқ. Жасыратыны жоқ, Қа­зақстанда КСРО Қорғаныс министрлігінің әскери по­лигондары көп болатын. Қазір Арал теңізіндегі "Воз­рождение" аралында биологиялық қару сынақтан өткені жалпыға мәлім. Бұл полигонға АҚШ-тың бар­лау органдары барынша қызығушылық танытып отыр­ды. Олар агенттерін жіберіп, полигондағы бо­лып жатқан жағдай туралы бар шындықты білгісі келді. Бұл жайында КСРО КГБ органдары облыс­тық басқарманы уақытылы хабардар етіп, іздеу жұмыстарына бағыт көрсетіп отырды. Нәтижесінде, "Возрождение" аралының құпиясы сақталып қалды. Кейін АҚШ-тың барлау органдары "Возрождение" аралындағы өтіп жатқан сынақ туралы толық мағ­лұмат ала алмағандарын мойындауға мәжбүр бол­ды. Есімде, шетелдік азаматтың бірі Байқоңыр және Арал теңізі маңайындағы шағын станцияларға тоқтаған жолаушылар пойызынан түсіп, ауа жи­настырып және жер қыртыстарынан топырақ алып, шыны сауытына салып жатқаны. Әрине, бұл жағдай дереу Мәскеуге хабарланып, сезікті кісіге бай­ла­нысты мәскеулік чекистермен бірге тиісті жұмыстар жүргізді. Өкінішке қарай, қауіпсіздік органдарының қызметі құпия қызмет болғандықтан Бергалиевтің атқарған жұмысын қанша уақыт өтсе де, ашып жазуға мүмкін емес. Біз жасымыздың айырмашы­лығына қара­мастан жақсы қырым-қатынаста бол­дық. Әйелі, екі баласы болды. Жастықпен үйленген шығар, әйелі орыс еді. Кейде үйге келіп, кішкентай балаларымды көтеріп, еркелететін. Бірге ас ішіп, кетерінде: "Ана тілінде сөйлесіп, рахаттанып қал­дым!" дейтін еді марқұм. Отставкаға шығып, туған жері Оралға қоныс аударып. сол жақта дүние салды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ақай Альменов, Николай Шастов және Алексей Кузьменкомен бірге жұмыс істедім. Кейінірек отставкаға шыққан соғыс ардагер­лері Төлеген Ідірісов, Сергей Галкин, Пірмағамбет Үдербаев, Николай Прачкин, Мадеш Арынғазиев және Әбдібек Кәрібаевпен таныстым. Олар басқармада өтетін іс-шараларға қатысып, жас қыз­меткерлерді тәрбиелеуге белсенді араласып жүрді. Айта кету керек, олар өте мәдениетті және сыпайы болатын. Қан майданнан келдік деп, ешуақытта өздеріне жеңілдік сұраған емес. Антына берік, ісіне адал азаматтар еді. Жалпы соғыс туралы көп әңгіме айта бермейтін. Айтса да өздері жайлы емес, Жуков, Василевский және Рокоссовский сияқты армия қолбасшылары жайында айтатын.

Бірде ардагерлер арасында орыс жазушысы Александр Бектің "Волоколам тас жолы" атты кітабы талқыланды. Бұл кітаптың кейіпкері есімі аңыз­ға айналған Бауыржан Момышұлы екені белгілі. Жазушы кітапты соғыстан кейін емес, соғыс кезінде Бауыржан ағамыздың жанында жүріп жазған болатын. Баукең оған: "Кітаптің әрбір тарауын әкеліп көрсетесің. Соғыс туралы шындықты жазбасаң, қолыңды қылышпен шауып тастаймын" деп ескерт­кен. Расында, бұл кітапта соғыс туралы барлық шындық жазылған. Соғыстан кейін "Волоколам тас жолы" шетелдің бірнеше тіліне аударылып, Бауыржан Момышұлының тұлғасы үлгі-өнегеге ай­налған еді. Осы уақытқа дейін Финляндия мем­ле­кетінің әскери академиясында "Волоколам тас жолы" кітабы оқу құралы болып есептеледі. Бұл кітапты курсанттар міндетті түрде оқу керек. Куба револю­ционерлері Фидель Кастро, Че Гевара және басқалары "Волоколам тас жолы" кітабын қол­дарынан еш уақытта тастамаған. Израиль мемлекеті 1946 жылы құрылғанда, "Волоколам тас жолы" кітабын әрбір жауынгерге таратып, оқуға міндет­теген. Олар жауынгерлерін рухтандыру үшін осылай істеген көрінеді. Кезінде атақты орыс жазушысы Константин Симонов: "Бұл кітап әлі дұрыс бағасын алған жоқ" деген екен. Расын айтқанда, кезінде кітап түгіл, кейіпкері де өзіне лайықты бағасын ала ал­мады. Орыстар генерал және Кеңес Одағының Ба­тыры атағын бермеді. Қазақстан да Баукеңді ұлт­шыл деп айыптады. Тек Елбасы Н.Назарбаев­тың та­бандылығының арқасында, 1990 жылы 12 жел­тоқ­санда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әрине, адамның еңбегін тірі кезде бағалап, лайықты құрмет көрсеткен дұрыс. Өкінішке қарай, көп жағдайда дүниеден өткеннен кейін тұлғаларды еске алып, құран оқылып, ас беріліп жатады. Десе де, бұл игілікті іс-шаралар марқұмдар мен ұрпақ­тарына керек. Діни кітаптардың бірінде: "Артында қалған ел-жұрт рухыма құран бағыштап, мені еске алса екен. Жақсылықтарым туралы айтса екен. Құ­дайдан мен үшін рахым тілесе екен!" деп, үміттенеді дейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Ұлы Отан соғысы Жеңіс күнінің 70 жылдығына байланысты дүниеден өткен ардагерлерінің құрметіне ас беріліп, мақұмдардың аруақтарына дұға оқылып, құран ба­ғышталды. Департаменттің бұрынғы басшысы отставкадағы полковник Ерали Нұрахмет олардың есімдерін жиналғандарға жария етті. Олар: Алтай Әлменов, Қабаш Ақшалов, Николай Шастов, Николай Кузьменко, Мади Арынғазиев, Абдуғани Бакиров, Нури Бисимбаев, Жұпар Бодықов, Зұлқарнай Құлжабаев, Төлеген Ідірісов, Пірмағам­бет Удер­баев, Ахметов Орынбасар, Сейтағзам Ахметов, Жармахан Ахметов, Нұртай Әбуов, Серік Бодықов, Мұхтар Бекенов, Тұрғанбай Ділдабеков, Сапа Жаппасбаев, Әділ Сүгірбаев, Сейтмұрат Саткеев, Қабыл Мақашев, Абылай Мырзабаев, Төрехан Нұрымов, Рафкат Насибуллин, Кеңес Елімбаев, Зәмір Кобландин, Болат Қаражігітов, Байдалы Тыныштықбаев, Абибулла Шалғынбаев, Марат Әбенов, Шәріп Сардаров, Фарид Ибрагимов, Сәбит Қуандықов, Қайрат Ибраимов, Тельжан Қуанов, Берік Суюнов, Ағаділ Смайлов, Аббат Елеуов және Марат Шілманов. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткерлері мен ардагерлерінің есімдері баспа бетінде алғаш рет жарияланып отыр. Естелік асқа облыстық және қалалық Ардагерлер кеңесінің басшылары, қауіпсіздік органдарының қызмет­керлері мен еске алушылардың жақын туыс­тары қатысты, құрметпен Ұлы Отан соғысы арда­гер­­лерінің есімдері аталды. Бұл іс-шараның кейінгі жастарға үлгі болатыны, бойына патриоттық сезім ұялайтыны сөзсіз.

 Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің

құрметті ардагері,

 

отставкадағы полковник