Материалдар

Бекайдар Аралбаев – зұлмат құрбаны

 Бекайдар Аралбаев 1896 жылы Сырдария облысы, Түркістан уезі, Жаңақорған болы­сында көшпенді дәулетті қазақ отбасында дү­ниеге келген. 1914 жылы Ақмешіт қаласында 4 кластық қалалық училищесінде білім алған. 1916 жылдың ІІ жарты жылдығында Жөлек аймақтық басқармасында алғашында санақшы, кейін тәржімашы қызметтерін атқарады. Ресейдегі Ақпан төңкерісінің алғашқы күн­дерінде Б.Аралбаев өз еркімен жұмыстан шығады, көп ұзамай мекеме де өз жұмысын тоқтатады.

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін уезд орталығында революциялық ұйым құруға байланысты уезд кеңесіне әр болыстардан жіберілген делегаттар құрамында болады. Кеңес шешімімен уездік революциялық өкі­мет құрылып, Б.Аралбаевқа аймақтық комис­сар қызметі ұсынылады. Бұл қызметке тек 1917 жылы 14 қазанда билікке большевиктер келгеннен кейін заңды түрде тағайындалады. 1918 жылы 14 шілдеде сол уақыттағы Түркіс­тан өлкесіне қаталдығымен аты шыққан Атқару комитетінің председателі Гержодтың ықпа­лымен қызметінен босатылады. 1918-1919 ж.ж. болыстық атқару комитетінің мүшесі, жер бөлімінің меңгерушісі болады. 1919 жылы Перовскідегі Мұсылман бюросының ұсыны­сымен Коммунистік партия мүшелігіне қа­былданады. 1919 жылдың 6 желтоқсанынан 1920 жылдың 4 қаңтарына дейін Шиелі ауда­нында Халық сотында қызмет атқарады. Одан кейін Перовск Саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. 1920 жылы уездегі Кеңестер съезінің облсъезге делегат, облсъезде Сырдария облыстық атқару комитетінің Президиумының мүшесі болып сайланады. Алғашқы кездері Президиум хат­шысы, одан кейін атқару комитеті басқар­ма­сының бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

1921 жылы кезекті облсъезде Сырдария облысының Атқару комитетінің Председателі және Кеңестердің өлкелік съезінде ТурЦИК-тің мүшесі, ТурЦИК-тің кезекті пленумында Президиумның құрамына мүше болып сай­ланады. 1922 жылы облыстық съезде Б.Аралбаевтың еңбегі ескеріліп, Ішкі істер халық комиссариатына ауыстырылады.

1921-1922 ж.ж. Сырдария облысы қалалық комитетінің атқару бюросында мүше, әр түрлі комиссиялар мен экспедицияларға қатысты. 1922 жылы басмашыларды жою жөніндегі төтенше комитеттің председателі болды. 1925-1927 ж.ж. КазЦИК-тің жауапты хатшы­сы, 1932 жылы Қазақ өлкелік "Союзселоцентр" конторасының уәкілетті өкілі қызметін атқарады.

1927 жылы Қазақ Өлкелік Комитеті тарапынан Б.Аралбаев әлеуметтік тегін жасыр­ғаны үшін қатаң сөгіс алады. "1929 жылы байлар мен жартылай феодалға кәмпеске туралы алдын-ала хабарлап отырды, кәмпеске науқанын жүргізуге кедергі жасады. Елді колхоздастыруға қарсы болды. Жаңақорған ауданында елдің ауа көшуіне ықпал жасады" деген желеумен Қазақ Өлкелік Комитетінің шешімімен партиядан шығарылады. 1930 жылы Ф.Голощекиннің араласуымен БКП (б) 2 жылдық өтілімімен партия қатарына қабыл­данады. 1932 жылы Ақтөбе облысын­дағы мемлекеттік банкі конторасының меңгерушісі қызметін атқарады.

1932 жылы Б.Аралбаевтың 1919 жылдан бергі партиялық өтілін қайтару жөніндегі өтінішін Қазақ Өлкелік Комитеті қанағат­тандырмайды. Бұл туралы музей архивінде сақталған құжаттардың бірі - 1932 жылдың 1 ақпанындағы РЧЗ ПТ ПК-нің №731 пункті бойынша өткен отырыс хаттамасы үзіндісінің көшірмесінде Бенсонның баяндауымен 1896 жылы дүниеге келген Бекайдар Аралбаевтың 1919-1929 ж.ж. партия мүшесі, 1930 жылы партия кандидаты болғандығы және Союзсе­лоцентр өлкелік конторасының уәкілді қыз­меткері болғандығы айтыла келіп, 1927 жылы партияға кірерде әлеуметтік тегін жасырғаны және әкесін қолдағаны үшін Қазақ Өлкелік Комитеті (Қазөлком) Б.Аралбаевқа қатаң сөгіс жариялағандығы жазылады. 1929 жылдың 5 ақпанында Қазақ Өлкелік Комитеті (Қазөлком) Б.Аралбаевты байлардың дүние-мүлкін кәмпескелеу кезінде қателіктерге бой ұрғаны және партияның таптық саясатын бұрмалағаны, Кеңес өкіметіне қарсы топтармен қарым-қатынас орнатқаны үшін партия қатарынан шығарылғандығы туралы да баян етіледі. Сонымен қатар, 1929 жылдың 12 ақпанында Қазақ Өлкелік Комитетінің (Қазөлком) жалпы негіздемелеріне сүйеніп, Б.Аралбаевтың 6 айдан кейін партия қатарына қосылуына мүм­кіндік беру шешімін растағаны және 6 айдан кейін Бүкілодақтық Коммунистік партияның (большевиктер) Орталық Бақылау комис­сиясы (БК(б)П ОБК) тарапынан 1919 жылдан бергі партия өтілімен партия мүшелігіне қайта қабылдау туралу қаулы қабылдағаны көрсе­тіледі. Хаттама соңында Аралбаевты партия мүшелігіне шын мәнінде бекіткеннен кейін, Қазақ Өлкелік Комитетіне (Қазөлком) оның партиялық өтілін қарастыру тапсырмасын беруі қаулы етіледі.

1933 жылы «Кеңес өкіметіне қарсы ұлт­шыл­дық әрекеттер жасады» деген жалған айып тағылып, КарЛАГ-қа айдалады, кейін Мордва жеріндегі Темников лагеріне ауыстырылады. 1946 жылы еркіндікке шығады. 1946-1948 жыл­дары Самарқанда жібек маталар фабрика­сының директоры, Ташкент облысы Шыназ ауданындағы №3 асыл тұқымды мал шаруа­шылығы кеңшарында ферма меңгеру­шісі қызметтерінде болады.

1948 жылы мемлекеттік қауіпсіздік орган­дары тарапынан тұтқындалып төменде көрсетілген айыптар тағылды:

- 1920-1930 жылдары Алашорда буржуа­зиялық-ұлттық ұйымының жұмыс бағытына белсенді түрде тартылған;

- Алашорда ұйымының жетекшілерінің бірі болған;

- Кеңес өкіметіне қарсы астыртын қызметіне коммунистік партия мүшелерін тартқан;

- партия қатарында басшылық қызметтерді атқара жүріп, лауазымын асыра пайдаланған;

- 1928-1929 ж.ж. байларды кәмпескелеу туралы мәліметтерді таратып, ауыл байларына дүние-мүліктерінен айырылатынын  ескерткен;

- 1931 жылы Жаңақорған ауданындағы халықтың ауа көшуіне ықпал еткен.

Қамауда Б.Аралбаев тағылған айыптарды мойындайды. 1949 жылы 3 тамызда Мемле­кеттік Қауіпсіздік Комитетінің ерекше кеңе­сінің шешімімен Красноярск өлкесі, Енисей ауданы, Хохловое поселкасына жер ауда­рылып, көп ұзамай қайтыс болады. Б.Арал­баевтың өлімі туралы архивтік деректерде 1949 жылы 29 қарашада Енисей қаласындағы аудандық ауруханада пневмококты пери­тонитке шалдығып қайтыс болған. Алайда, қайда жерленгені көрсетілмеген. 1957 жылы Қазақ ССР Жоғары сотының қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясы тарапынан  КСРО  ОГПУ-дің 1934 жылы 29 наурыздағы шы­ғарған үкімі бойынша Б.Аралбаевқа тағылған айыптар негізсіз деп танылып, толық ақталды.

А.Беккулиева,

 

тарих ғылымдарының магистрі