Материалдар

«Қызылорда емес, Қазақорда атанатын кез келді»

   

Қызылорда қаласының 200 жылдығы жақын­даған сайын баспасөзбен әлеуметтік желі беттерінде шаһардың тарихы жөнінде түрлі пікір­лердің айтылып, жазылып жатуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Солардың арасында облыс орта­лығының атауын өзгерту туралы да ұсыныстар айтылып қалды. Мәселен, көпшілігі Қызылорда атауы коммунистік "қызыл" қоғамның елесін еске түсіретінін және кеңестік дәуірде Сыр бойы қазақтарының да қызыл үкіметтің зұлымдығы мен қуғын-сүргінін бастан кешіргенін жазады.

Осыған орай, кейбір пікір айтушылар қала­ның атауын Сырдария деп өзгертуді ұсынса, енді кейбіреулері Сығанақ  немесе Ақмешіт деп атау­ды қалайтынын жазады. Біздіңше, бұл пікірлер әр түрлі ойға жетелейді. Сығанақ - бұрынғы Ақ Орда, Қыпшақ және Қазақ хандықтарының астанасы ретінде тарихтан белгілі қала. Бір жағы­нан, Қызылордаға жақын аймақта орналас­қан­дығы бар. Дегенмен, оның тарихи атауы әлі де сақ­талған және қала орнына археоло­гиялық қаз­ба жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қазір де ол жеке географиялық нысан ретінде топонимдік мәнге ие. Ал, Сырдария атауына келсек, осы аттас аудан біздің облыстың өз аумағында бар екендігі мәлім. Сонымен бірге, осы аттас қала, кент атау­лары Қырғызстан, Өзбекстан республикасы аумақтарында кездесіп қалады.  Ескі Ақмешіт шаһары алғашында  қоқандықтар үшін бекініс ретінде салынғаны белгілі. Бұл атау да отаршыл­дық езгіні еске түсіретіндіктен, тұрғындардың басым көпшілігі оны қаламайтындығы анық.

Біздің ойымызша, Қызылорда қаласының атауын өзгерту қажет деп табылса, оның жаңа атауы - Қазақорда болуы тиіс. Бұл пікірімізді бірнеше маңызды әрі нақты дәлел-деректермен бекітер едік.

Біріншіден, Елбасымыздың "Сыр - алаштың анасы" деген қанатты сөзі бекер айтылмаған. Ал ұлтымыздың ұғымында "қазақ" дегеніміз "алаш" сөзінің баламасындай естіледі. 1925 жылы еліміздің астанасын Орынбордан Ақмешітке көшірген уақытта Алаш зиялылары бір ауыздан таңдау жасаулары тегін емес еді.

Екіншіден, дәл осы жылы Қызылордада өткен Қазақ Атқару комитетінің сиезінде бұған дейін "қырғыз" аталып келген ұлтымыздың "қазақ" атауы өзіне қайтарылуының ел тарихындағы орасан саяси маңызы болды.

Үшіншіден, Қызылорда қаласына жақын жердегі ежелгі Сығанақ қаласы ХV ғасырда Ақ Орданың астанасы болатын. Алғаш рет 1456-57 жылдар шамасында біздің бабаларымыз дәл осы төңіректі жайлаған көшпелі Өзбек-қыпшақ хандығынан іргесін бөліп, "қазақ" шығып кеткені де тарихи шындық.

Төртіншіден, дәл іргемізде Түркістан облысы құ­рылды. Демек, түркілік рух қайта оянып, ба­йырғы тарихи-мәдени сана қайта жаңғырады де­ген сөз. Рас, түрікшілдік сана керек. Алайда, көне түркілердің қара шаңырағында отырған қазақтың этникалық атауы бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Яғни, түрік және қазақ атаулары қа­тар тұрғанда ғана олардың бағзы бабадан аманат - елдік, бауырмалдық, достық, туысқан­дық мақсат-мүдделері толықтай жарастық табар еді.

Бесіншіден, жаһандану белең алған алма­ғайып дәуірде "Мәңгілік ел" болуға талпынған ұлтымыздың атауы тұрғындарының 98 пайызы қазақ баласы болып табылатын Қызылордаға берілуі әділетті шешім ретінде барша ҚР тұрғындарының қолдауына ие болары күмәнсіз.

Алтыншыдан, облыс орталығын "Қазақорда" деп атау жөніндегі ұсынысымыз қабылданған жағдайда, осынау тарихи шешім Қызылорда қа­ласының 200 жылдық мерейлі тойына да лайық­ты тарту болады деп үміттенеміз.

Жетіншіден, ел астанасын қалың қазақ шоғыр­ланған Сыр бойындағы қалаға ауысты­руды көксеген және оның атауын Алашорда қойдыруға "қызыл саясат" мүмкіндік бермеген күйі қапыда құрбан болған аяулы алаш азамат­тарының аманаты орындалар еді.

Серікбай Қосан,

ақын, түркітанушы,

Қызылорда облысы аймақтық рухани жаңғыру орталығының бөлім меңгерушісі, филология  ғылымдарының кандидаты