Материалдар

Еркін шыққан белес

Өткен жылдың қоңырқай күз айларының бірінде, қалта телефоным шырылдап қоя берді. "Аға, амансыз ба?" де­ген дауысынан тани кеттім. Оралдағы Еркін інім. Хал-жағдай сұрасқан соң Еркін өтініші барын айтты.

- Тыңдап тұрмын.

- Оралға келіп Дәулет­керей атындағы оркестрмен концерт қойсаңыз қалай болады?

Жөппелдемеде не дерімді білмей, "ол қалай болар екен?" деп күмілжіп тұрға­нымда:

- Оның не қалайы бар? Бұрынғы орындаған шығар­ма­ларыңызды тарта аласыз ба?-деді.

- Иә, тартамын.

- Ендеше солардың партитураларын жіберіңіз, қалғанын кейін сөйлесе жатармыз.

Бір-екі күннің ішінде сұраған парти­ту­раларын жібердім. Бірақ өзім әлі де күмән­данып жүрмін. Бұл қалай болады екен? Бұрын-соңды оркестрмен жеке шығарма­шылық кеш өткізіп көрмеппін, өткізбек тұрмақ ойлап та көрмеппін. Анда-санда көне домбырамды алып, сүртіп-сүртіп қоямын. Мен де үлкейін дедім бе? Шығармашылық кеші несі? Ол жақта мені кім танып, кім керек етіп жатыр?

Сөйтіп жүргенде қаңтар айының орта тұсында Еркіннен хабарлама келді. Үлкен афишаға менің табақтай бетімді жапсырып, "шығармашылық кеші өтеді" деп шығарып қойыпты. Мәссаған! Дереу қалтафонымнан Еркіннің есімін тауып хабарластым.

- Ау, Ереке, мынау не?

- Не болушы еді, афиша, қаланың бірталай жеріне ілінді. Ақпан айының жиырма жетісінде сіздің шығармашылық кешіңіз өтеді. Келсеңіз болады,- деп кеңк-кеңк күледі.

Бір үміт, бір күдік. Еркін оркестрді дайындап қойыпты. Оркестрмен бір күн дайын­далып, ертеңіне концертке шықтым. Бәрі ой­да­ғыдай болды. Концерт жақсы өт­ті. Ермек Қазиев, Қырым­герей Қажымов, Хатимолла Берді­ғалиев сынды елімізге кең танымал өнер тарландарымен танысып, дәмдес болдым. Асыл­хан, Аңсар, Ақылбек, Ақ­самал, Гүлден т.б. іні-қарындас­тарыммен таныстым. Концерт­тен көтеріңкі көңіл күймен қайт­тым. Орал өңірінің өнерпаз­да­рының өнерге деген ықылас­та­рына риза болдым. Кәсіби ма­мандар жетіспейді, оркестр құрамы шағын, жалақылары мардымсыз, сонда да болса, өнерге деген құлшыныстары мен таза ниеттері мені қатты таңдандырып, тәнті етті. Кетерімде оркестрдің қобызшылар тобы мен домбыра­шылар тобының концерт­мейстерлері келінім Жәмила Нұрымбетова мен Аңсар Бердіға­лиевке ризашылығымның белгісі ретінде бір-бір шығарма жазып беремін деп уәде берген едім. Домбыра мен оркестрге арнайы "Көш­пен­ділер" күйін жазғанмын. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов редакциялап концертке орында­тыпты. "Күйіңіз тамаша, сәтті шығыпты" деген­ге мәзбін. Көп ұзамай Жәмилаға, қобызбен фортепианоға арнап "Ақкелін" шығармасын жаздым. Бәрі бірдей қайдан жақсы бола берсін, үнсіз қалғанына қарағанда сірә ұнамай қалған болу керек.

Орал қаласында, іргетасы 1987 жылы қалана бастаған халық аспаптар оркестрі 2000 жылы филармония құрамына ресми бекітіліп, көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры болып ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов тағайындалды. Құрманғазы атын­дағы қазақ ұлттық консерваториясын дом­бырашы, этномузыкатанушы, қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижеры мамандық­тары бойынша үздік бітірген Еркін Нұрым­бетов еңбек жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде бастап, 2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы­ның шақыруымен Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияға келеді. Оркестрдің екінші дирижеры болып тапжылмай он жыл қызмет етеді. 2003 жылы "Төре күйлерінің атасы" атанған Дәулеткерей Шығайұлының есімін иеленген халық аспаптар оркестрінің көркем­дік жетекшісі және бас дирижеры Еркін Нұрымбетов бүгінде кемеліне келген, елімізге кең танылған дирижер, композитор.

Алла тағала өзі жаратқан пенделерінің кейбіреулеріне сан саланы игере алатындай қасиет пен дарындылық дарытады. Еркін Нұрымбетов күйші-домбырашы ретінде республикалық конкурстардың лауреаты. Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Б.Рзаханов атындағы республикалық дирижерлер конкурстарының бас жүлдегері Еркін еліміздің барлық оркестрлерімен шығармашылық концерттерін өткізді десек артық айтқандық емес. Отыздан аса ғылыми-танымдық мақалалар, ондаған кітаптар мен оқу құралдарын жазған ғалым. Ал, "Астана-Бәйтерек", "Елім менің", М.Төлебаев атындағы композиторлардың республикалық конкурс­тарында "Балдырған" шығармасы, "Қазақс­таным" әні, "Мыстан кемпір" пьесалары лауреат атанып, жүлделі орындарды иеленген. "Оралым-асыл қазынам" әні отан тақыры­бындағы үздік әндер қатарына енсе, "Теректі толқыны" әні ауданның ресми әнұраны ретінде орындалады. 500-ге жуық қазақтың ән-күйлерін өңдеп, оркестрге түсірген. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған "Құрманғазы", "Махамбет", "Мезгілсіз келген махаббат", "Сақал саудасы" спектакльдерін музыкамен көркемдеген бел­гілі композитор. Ұстаз ретінде Еркіннің онда­ған шәкірттері республикалық домбы­рашылар сайыстарында лауреат атанып жүр. Бұл менің білетінім ғана. Жасы қырық беске енді ғана толған Еркіннің осыншама қыруар жұмысты қалай атқарып, қайдан уақыт табатынына таңданбасқа шараң жоқ. Сірә, өнерге деген сүйіспеншілігі басым, алдына қойған мақсаты айқын, ерік-жігері мықты Еркінге алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтын сияқты. ҚР ком­позиторлар одағының мүшесі, мемле­кет­тік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, "Құр­мет" орденінің иегері, қауымдастық про­фессоры лауазымдарына таза еңбекпен жеткен Еркіннің адами болмысы да көбімізден әлде­қай­да биік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсе­те алатын қарапайым, кішіпейіл жігіт. Бірде Еркінге: "Сен пультке шыққанда, бесікте жат­қан балалар бүгінде еңбегі сіңген қайраткер ата­нып жүр ғой" дегенімде, "Аға, мен атақ үшін ең­бек етіп жатқаным жоқ, бұйырған қашпас" деді сол баяғы сабырлы кейіппен. Іштей сүй­сін­­генім рас, дегенмен әр пенде еңбегінің же­місін тіріде көргісі келетіні бәрімізге белгілі ғой. Көктемде егінін егіп, жаздай баптап, күзде мол өнімнен үміттену күнә емес шығар. Қан­шама таланттарымыз уақытында бағаланбай өмірден озды, қаншама талант әлі де "әділ­діктен" дәмелі екені жасырын емес.

Сырда туып Алматыда білім алған, еңбек жолын Оралда бастап, сол өңірдің өнерінің қарыштап өсуіне еселі еңбек еткен, өмірі өнерімен өрілген Еркіннің бүгінгі арманы, өзі өсіп-өнген "Дәулеткерей" атындағы қазақ халық аспаптар оркестрін "академиялық оркестр" деңгейіне жеткізу. "Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде" демей ме дана қазақ. Ойлағаның орындалып, арманыңа жететініңе кәміл сенемін, тек Алла денсаулық пен өмір бергей.

Төлепберген Тоқжанов,

Алматы