Материалдар

«Мен қазақпын» мегажобасы қазақ елінің рухын көтере ала ма?

 Жыр десе делебесі қозып, күй десе көңілі көтерілетін, ән десе әсершіл келетін қазақ халқы өнерді қастер тұтады. "Әннің де естісі бар, есері бар" деп білетін ел рухани байлығын биік қойып, атына кір жұқтырмауға тырмысып бағады. Баба­дан қалған сап алтындай құнды жәдігерді жоғал­тып алмай, келер буынға, ұрпаққа аманат етудің өзі үлкен жүк. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәс­түр­лі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қа­лып­тас­қан өнер мектептерінің таңдаулы туын­дыларын дәріптеу мақсатында атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамы­тып, заманға сай жаңашалан­дырып, өскелең ұр­пақ­қа насихаттау мақсатында "Мен қазақпын" атты халықаралық телевизиялық мегажоба дүниеге келді.

Жоба жайында жан-жақты зерттеп, жалпы мақсат-міндеттеріне де үңіліп көрдік. Қойылған талап жоғары. Мегажобаға Қазақстан Республи­ка­сында тұратын 18 бен 40 жас аралығындағы қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйе­мел­­деуімен орындайтын өнерпаздар бағын сы­най ала­ды. Байқауға қатысу үшін облыстық мә­де­ниет бас­қармалары, концерттік ұйымдар­дың ди­рек­ция­сы мен көркемдік кеңесінің, мәде­ниет, оқу орындарының педагогикалық кеңес­те­рінің ұсы­ныстары болуы қажет. Үміткер әр өңір­дің дәс­түр­лі халық әндері және халық композитор­ла­ры­ның әндерінен екі шығарма жатқа орын­дайды. Әр кезеңде үміткерге әндерін орындауға берілетін уақыт 5-7 минут. Ол алдын ала көрсеткен шы­ғармалар тізімін өзгерте алмайды. Бір ән, терме, күй үміткердің таңдауы бойынша халық әндері, халық композиторларының шығармасынан және екінші шығарма өз таңдауы бойынша еркін тақырыпта орындайды. Байқауға қатысатын үміткерлердің сахналық киімі қазақы үлгімен тігілген, бүгінгі заманға сай болуы тиіс екен. Об­лыстан жеңіп шығып, республикалық байқауға жолдама алған үміткерлерді телеви­зиялық бай­қау­ға түсіру барысында әр үміткерді қолдаушы жер­гілікті дәстүрлі өнерді насихаттау­шылардан құ­ралған қолдаушы топ болуы керек. Олар қазіргі қазақ дәстүрін насихаттап жүрген палуан, аңшы, құс­бегі, зергер, әнші, күйші т.б. өнер иелерінен құ­рылуы шарт. Олар сахнада отырады. Олардың да киген киімі, жүріс-тұры­сына баға беріледі. Әр бай­қауға қатысушы­лар өнер көрсеткенде дем беріп, қолдау көрсетіп отырады. Байқау шарты бойынша жеңім­паз­дарды анықтау бары­сында әр өңірдің байқауды ұйымдастыру­да­ғы белсенділігі, ұлт өнерін дәріптеуге қосқан еңбегі ескеріліп, өнер­пазбен бірге облыстық мәдениет басқармалары да марапатталады.

Өткен жылдан бастап Қазақстан Республи­касы Ақпарат және коммуникация министрлі­гінің қолдауымен "Qazaqstan" РТРК" АҚ "Мен қазақпын" атты халықаралық телевизиялық мега­жо­басын көрерменге тарту етті. Биыл екінші мау­сым­ның шығарылымы жүріп жатыр. "Қазақстан" РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің ай­туын­ша, биыл "Мен қазақпын" жобасына еліміз­дің 14 аймағынан 170 аудан қатысады деп жос­пар­ланған. Сондай-ақ, әдеттегідей шетелдегі қан­дас­тарымызды тарту үшін Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Баян-Өлгей және Қырғызстанда ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. "Бұл жоба ұлттық төл өнерімізді дамыту ғана емес, жаңа есімдер ашумен қатар, еліміздегі әнші-термешілер мен күйшілердің өнерін кеңінен насихаттау",- дейді ол.

Өткен жылы бұл ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Ал, Астанада өткен телевизиялық жобаға 57 өнерпаз бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды. Үш айға созылған телевизиялық байқауда әнші, күйші, термешілердің үздігін анықтауға қазылар алқасымен бірге көрермендер де дауыс беру арқылы атсалысты. Осылайша "Мен қазақпын" мегажобасының бірінші маусымдағы шыға­рылымы Тәуелсіздік күні қарсаңында мәреге жеткен еді. Халықаралық деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ған мегажобаға өнерпаздарды тарту үшін шетелдерге іссапар ұйымдастырылып, Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінде тұратын қандаста­рымыз да өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алған болатын. Сондай-ақ, жоба аясында әр өңірдің тарихына, ел ішіндегі ағайынның тұрмыс-тірші­лі­гіне байланысты 20 фильм дайындалып, эфир­ге шыққан-ды. Сонымен қатар, шығармашылық ұжымның еңбегі бағаланып, биыл өткен "Тұ­мар" Ұлттық телевизиялық байқауында атал­мыш жоба "Үздік ойын-сауық жоба" аталымын жеңіп алды.

Бұл жоба ел аузында көп талқыланды. Оның үстіне, барлық облыс бір-бірімен бәсекеге түс­кен­нен соң сайыс түрінде өрбитіні сөзсіз. Ал, биылғы жобада Сыр өңірінің намысын қорғап, облыстық додада оза шауып республикалық жобада өнер көрсетіп жүген Күнсұлу Түрікпен­мен де пікірлесудің сәті түсті.

- "Мен қазақпын" ұлттық мегажобасы биыл екінші рет ұйымдастырылуда. Бұл жоба көптен күткен төл өнерімізді төрге шығару мақсатында бағыт-бағдары айқындалған, оң жолға қойыл­ған, келешегінен көп үміт күттіретін бағдарлама. Мырзатай ағамыздың "Бұл ұзақ күткен жеңісіміз, жемісіміз" деп айтқаны бар. Сол секілді осы жобаның дүниеге келуі біздің арманымыздың орындалғаны. Осы секілді жобалар он шақты жыл бұрын экранның бетінен түспейтін-ді. "Дала думан", "Сегіз қырлы" тағы да басқа бағдарла­ма­лар. Содан бері ұлттық өнерімізді ұлықтауға арналған, жарқ етіп шыққан жалғыз жоба осы. Ұлы өнердің айналасында жүрген ұл мен қыздардың, мұрагер ұрпақтардың есімдерін елге таныстырып, өткенімізді саралап, сап алтын өнерімізді бағалап, оны өнерге сусап қалған халықпен қауыштыру мақсатында жүріп жатқан орны бөлек жоба бұл. Мен алдағы уақытта осы жоба жеңісін де, жемісін де береді деп ойлаймын. Биыл Қызылорда облысындағы іріктеу сайысына шашасына шаң жұқпаған 150-ге жуық өнерпаз қатысты. Осы өнерпаздардың арасынан үш адамға жолдама беріліп, екінші маусымда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Олардың бірі мен, екінші дәстүрлі ән номинациясы бойынша Нартай мектебінің саңлағы Мұхамедәлі Бекпейісов, үшінші күй өнері бойынша Әділбек Тәшімов деген жігіт. Қаршыға Ахмедияровтың санаулы шәкірттерінің бірі әрі бірегейі. "Бақ шаба ма, бап шаба ма" дейді ғой. Өкінішке орай, бірінші кезеңнен екі өнерпазымыз да өте алмай қалды. Бұл дарынды жігіттерді алдағы үлкен жобалар мен сайыстардан көреміз деген ойдамыз. Сыр елінің намысын үлкен жыр додасында қорғап, жыртысын жыртып жүрміз. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Халықтың өнерінің барлығы да асыл, құнды. Оның ішінде осы жыраулық дәстүр ерте заманнан тамырын тереңге жайған қасиетті өнер. Сондықтан да осындай өнерді алып жүріп, осы күнге жеткізген жыраулардың еңбектерін бағалауымыз керек. Жобаға оралсақ, сайыстың бірінші кезеңінен аман-есен өттім. Ережеге сай үлкен шайыр, қыр мен сырға ортақ тұлға Базар жыраудың термесін алып бардық. "Сөйле десең, сөйлейін" толғауын орындап, қазылардың да көңілінен шықтым деп ойлаймын. Алда әлі үш кезең бар. Бабымыз бен бағымыз шапса, оны да еңсерерміз. Жалпы, қай істе де жауапкершілік жүгі сан батпан. Ал, елдің артқан үмітін арқалау, сенімнен шығу біз үшін үлкен сын. Мен үшін алдыңғы буын ағай-апайларымның барлығы ұстаз. Солардың тәлімімен, елдің үкілеген үмітімен және үлкен дайындық нәтижесімен осы жобаның жеңімпазы болуға тырысамын,- деді сырбойылық өнерпаз.

Осы бір өнер қазанында қайнап жатқан өнерпаздардың өнеріне сыншы болатын да, жаны ашып қарайтын да халық. Кез келген өнер иесі елдің батасын алу үшін, халықтың ыстық ықыласына бөлену мақсатында қызмет етеді. Жыраулық дейтін ұлттық өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталман азаматтың пікірін сұрай отырып, жобаның бүгінгі ахуалын білмек болдық. Шымшық сойылса да қасапшысы сойсын демей ме? Сыр өңірі жыраулық өнерінің жалғастырушысы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетовпен тілдесудің сәті түсті.

- Мен жалпы жоба деген дүниеге қарсымын. Мысалға құрамында төрт бес ғана адамы бар бір топ бірігіп алып, жоба жасап шығара береді. Ол жеке бір адамдардың қолдан ұйымдастыратын дүниесі ғана. Оған қанша қаржы кеткеніне бас ауыртпаймын, бастысы ол эфирге шығып көрер­менге жол тартты. Жай дүние емес, ұлттық өнер­ді жоба ету қателік. Оның басына мүйізі қарағайдай етіп Мырзатай Жолдасбековті апарып отырғызып қойды. Ол кісі негізінен ғалым адам. Ал, Ұлжан Байбосынова жыр өнеріне қазылық етуге барып отыр. Оның қазылар арасында отырғаны орынды. Жоба етіп өнерді сынға салғаннан гөрі арнайы фестивальдер ұйымдастырса орынды болар еді.

Жырулық өнер ата-бабамыздың дәстүрі, аманат мұрамыз. Мұны кез келген жоба етіп, әр нәрсеге тықпалай берудің керегі жоқ. Бұл жай орындай салатын ән емес. Жырдың орны бөлек. Жыр-термелердің киесі бар. Мәселен, Сыр сү­лей­лерінің дені шариғаттан ауытқымаған. Сон­дықтан да жыр конкурс немесе жобаларда сайыс­тыра салатын жеңіл-желпі өнер емес. Өнерді на­си­хаттар болса, барлық өңір мектеп­терін алала­май, үлкен сахналық концерт ретінде өткізіп тұрса, нұр үстіне нұр болмақ. Мысалға, Қызылордада "Жыр керуен" атты  тағылымды кеш болып өтті. Соны жандан­дырып, республи­калық деңгейге шығаруымыз керек. Ал, сайыс болған жерде рушылдық, жершілдік деген дүние ойнап кетуі мүмкін. Алдыңғы жылы Марат Сүгір­баевқа қиянат жасалды. Оны мұқым ел жақсы біледі. Биыл да жас өнерпаздарға сондай бір бармақ басты, көз қысты әрекет жасалмаса екен деймін.

Жобаның тағы бір кемшін тұсы бар. Ол сырбойылық әншіге өзге бір мектептің әнін орындатқызып қояды. Басқаларға басқа деген­дей. Әр мектептің өз дауысы, өз сарыны болады. Сыр әндерін тек сырбойылық жыраулар ғана орындай алады. Жетісу немесе батыс әндерін орын­дау үшін жырау сол елде туылып, топы­рағының қасиеті қанға сіңу керек. Сонда ғана тұшымды дүние шығады. Ал, мұнда оны орын­дай алмай жатса, сынап-мінеп жатады. Бұл дұрыс емес дүние. Әр мектеп, әр өңір өз әнін орын­дағаны дұрыс. Ал "Мен қазақпын" мегажо­басында Күнсұлу Түрікпенге тең келетін жыршы көргенім жоқ. Мен кәсіби жыршы ретінде оны толық сеніммен айта аламын. Оның орындау шеберлігі жолға қойылған, қатарлас құрдас­тарынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да оған сәттілік тілеймін,- деп ағынан жарылды Б.Саймағанбетов.

Қайткенмен де, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дәстүрлі әнші, күйші және жыршылар осы жерде іріктеледі. Әр өңірдің өнерпаздарын халық өзі тікелей көреді. Дауыс пен домбыраны үйлестіре отырып, өнер көрсету оңай дүние емес. Ал, қызылордалық өнерпаздар сүлейлердің ізімен жеті өнерді игеруге бейім. Бірінші кезеңде олардың қай-қайсысы да осал еместігін танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Кілең сен тұр, мен атайын деген, бірінен бірі өткен өнерпаздар мұнда. Соның ішінде күміс көмей Күнсұлуға артқан үміт те үлкен, сенім де мол.

"Мен қазақпын" ұлттық мегажобасы жыл аяғына дейін жалғаса береді. Сыр елі тақымын қысып, өз жүйрігінің оза шапқанын, Сыр еліне жеңіс сыйлағанын қалайды. Бабадан балаға мұра болып келген алтын қазына мұрамыздың жаңғыра беруін тілейік. Тарих тезінен мұқалмай өткен арда өнер өміршең бола бергей. Себебі, ұлттық өнер - халықтың асыл мұрасы, қазақ елінің рухы.

|Айдар ӘДІЛЖАНҰЛЫ