Материалдар

БІЛІМ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚ: тәрбие теориясына тереңірек барып жүрміз бе?

    Қабілетті ұлт қалыптастыру әсте оңай емес. Бұл дамуы жылдардан ғасырларға созылатын мемлекет алдындағы аса жауапкершілікті іс. Бір елдің бір елден көш басына шығып, ой жарысында қара үзіп шығуы да осы қабілеттіліктен туындайды. Ал, қарым-қабілет адамның алған білімі, көрген тәрбиесі, жиған тәжірибесі, ішкі мәдениеті арқылы келеді. Жұмыр басты пендесі бар жаһанның жуан елдері де білімнің құндылық негізі, әрі табыс көзі екенін әлдеқашан қабылдап қойған. Себебі қойнауы қазба байлыққа толы, жерінде қара алтыны бар дамыған елдер осы білім саласының маңайына топтасу керектігін сезініп келеді. Ал, білімді ұрпақты бәсеке­лестік алаңына әкелу білімнің басқышынан басталады. Алыс-жақын елдің алыптары ой жарысына түсе алатын оқушыларды әріден іздеп, дамуға қыруар қаржы бөлетіні қазақ қоғамын да ойлантуы керек.

Қазіргі мектеп партасындағы оқушы ертеңгі елдің экономикасына қызмет ететін маман екені анық. Ал, ой зердесі жетілген ұрпақ тәрбиелеу білімнің әдіс-тәсілдеріне тіреледі. Осы уақытқа дейін білім саласына түбегейлі өзгеріс керек екені ішінара айтылып қалуда. Бірақ педагогикада қолтаңбасы бар азаматтар ұлттық тәрбие білімнің бастауы екенін айтудан қалыс қалмайды. Дегенмен, "сырт елден нендей тәжірибе алуға болады?", "тәрбие формуласындағы өзгешеліктерді дамытудың жаңа әдістері қандай?" деген сауалдар күні бүгінге дейін ой-таразысына түсіп келеді. Осы оймақтай ойды алға тартып, біз де «қазақ баласының дамуына қажетті сырт елдің тәжірибесінің қайсысы ұлттық педагогикамен үйлесе алады?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Сырттай қарағанда сауалдың салмағы аса зор еместей көрінеді. Бірақ, бүгінгі педагогика ізденіс пен жаңашылдықты қажет етеді. Жер әлем дәл осы ізденіс пен білімнің көкжиегі дегенде батыс мәдениетін алғы шепке қояды. Мұнан кейін америкалықтардың білім мен тәрбиеге деген тәсілдеріне құлақ түреді. Бірнеше жылдан бері АҚШ-та білімін жетілдіріп келген Шыңғыс Мұқан Америка­ның орта мектептері оқушыға 4 негізгі құндылықты дарытатынын айтады. Өз-өзін қадірлеу, қиялдай білу, ұлтжандылық пен жана­шырлық сынды тәрбиедегі төрт фактор ағыл­шын қоғамын өзге елден бөлектеп тұрады.

Америкада қарапайым мектепте білім ұясының басшысы оқушыларды кіре берістен қарсы алады. Бұл баланың өзіне деген құрмет, әрі өзгелерді құрмет тұтуға шақырады. Тағы бір ерекшелік, бұл елде мұғалім оқушыны өзімен тең көреді. Себебі теңдік ой еркін­дігіне жол ашады. Сондықтан мұғалімнің пікірі­мен келіспеу, берген ақпаратына күмән келтіру, дәлел сұрау қалыпты жағдайға айналған. Бұл бірінші құндылық.

- Адам баласы ақпаратты көзбен немесе мәтінмен емес, суреттермен және жалпы сезім көзімен қабылдайтынын ескерсек, оқу-жазу дағдысы шыңдалмаған оқушыларға мектеп бағдарламасын жеткізе отырып, қиялдау қабілетін дамытудың бірден-бір құралы тағы да өнер болып шықты. Бала нақтылықты қиялмен елестетумен қабылдайды. Білім саласын түрлі тесттерге емес, шығармашылық мазмұнға бағыттау жөніндегі ойларымен танылған британдық Кен Робинсонның пікірінше, «қиялдау шығармашылыққа, инно­вацияға алып келеді»,-дейді.

Өзге елдің дәстүріне ой тоқтатып келген Шыңғыс Мұқан қиялдаумен қатар ағылшын балаларын тәрбиелеуде ұлтжандылықтың мектептен басталатынына көзі жеткенін айтады. Әр сынып бөлмесінде АҚШ-тың елу жұлдыз, он үш жолақты туы ілінуі, АҚШ сим­вол­дары мен ұлт негізін қалаушы президенттерін зерттеу оны мектеп бағ­дарла­масына енгізу бала бойында ұлтжанды­лық ұш­қынын оятады екен. Ағылшын тілінің маманы балаларды тек оқытып ғана қоймай, оның жанашырлыққа тәрбиелеу керектігіне бір сәт көңіл бөлсек деген ойын іркіп қалмай, басылымдардың біріне мақала етіп жазады.

- Бір күні мектепке барсам, кіреберіске "Сирия балаларына көмектесеміз" деп жазып қойыпты. Жанында жоғары сыныптың оқушы­лары балаларды алып кетуге келген ата-ана­ларға бірнәрсе түсіндіріп тұр. Бастауыш сынып оқушылары акция туралы үнпарақтар таратып жүр. Тағы біршама уақыт өткен соң оқушылар Оңтүстік Суданның ауыз су жоба­сына бір доллар­дан ақша жинады. Оқушы­лардың мек­теп қабырғасында осындай жанашырлық жоба­ларды бастағаны өсе келе әлеуметтік пробле­маларды шешуге бар байлығын бағыттаған Билл Гейтс қоры сияқты қайырымдылық қорын ашуға ой салады.

Елді индустрияландыру арқылы дамыту түсінігі қазір ескіріп қалыпты. Дамыған елдер деиндустрияландыруды бастан кешіп жатыр. Өнеркәсіптік қуаттар, яғни қолдың күші даму­шы елдерге шығарылып, экономика мидың күшіне ғана негізделе қайта құрылымдауда. Сон­дықтан, өскелең ұрпақтың қиял қанатын қалып­тастырмаса, оны құндылық­тармен қы­зық­тырмаса, қарапайым білім иесін дайындау ел дамуына драйвер бола алмайды,-дейді Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан.

Расында, тәрбие мен білімді қатар қойған елдер тәрбие формуласын өзінше іздейді. Канмури Иошими күншы­ғыс жұртының балаларына ерте кезден еңбек ұғымын түсіндіру тәрбиенің ең жоғары көр­сеткіші екенін айтады. Айтуы­на қарағанда, Жапония мектептерінде балалар­ды адам болуды өзінен бастап, айналаңа мейі­рімді болу және денсаулықты сақтау сынды үш ірі ұранмен тәрбиелейді. Мұны жапондар чито­кутай деп атайды екен. Читокутай ұғымының өзі, чи - сана негізі, білім, ал току - рухани, па­ра­сат негізі болса, тай - зат, пішін. Бұл үшеуі­нің мекені - бас, жүрек, дене. Бұл тек оқу­шыларға ғана қатысты нәрсе емес, ұжымдық тәрбиеге әсер етеді. Ал, бастысы - еңбекке баулу дейді.

- Жапонияда оқушыларды егістікте орақ орып, келсаппен күріш түюге де баулиды. Орақ ұстау арқылы күрішші болудың қызығы мен қиындығын сезінеді. Ауыл шаруашылығы, үй шаруашылығы, тұрмыстану сияқты отбасына қажетті нәрселермен шұғылданады. 3-сынып балалары "Отбасы тәрбиесі" деген сабақты осында өтеді.  Аспаздық мектебінде ас пісірсе, қолөнер бөлмесінде іс тігіп, үй ша­руа­сына бейімделеді. Кемемен балықшы­лар ауылына да барып тұрады,-дейді ол.

Күншығыс жұрты үшін еңбектен басталған тәрбие толық білім алуға жетелейді. Қарап тұрсаңыз, қазақтардың өткен өмірінде де мектеп оқушыларын еңбекке ерте араластыру, колхоз жұмысына бейімдеу ісі жапондармен ұқсас. Тек Кеңес үкіметі тұсындағы мұндай тәсіл бүгінгі педагогикадан тысқары қалуда. Еңбекке еттері үйренген тек күншығыс жұрты ғана емес, аспан асты елі де бала бойынан білімнен бұрын еңбекке деген қабілетті талап етеді. Қытайда оқып, кәсіп бастаған журналист Дәурен Омаров еңбекқорлық ақыл-ой жүйесіне әсер етенін былай деп жазады.

- Қытайда ата-аналар мен ұстаздар балалар­ды жастайынан аз уақыт ішінде өте ауқымды ақпаратты қорытуға үйретеді. Иероглифтермен жазу жүйесі де бұған оң әсерін тигізеді. Мектеп жасындағы бала екі мың әріп-иерог­лифті білуі керек. Ал, университет студенті 4-5 мың, мұғалімдер 7-8 мың иероглифті меңгеруі шарт. Себебі иероглиф­тер тез ойлау, тез үйрену, тез шешім қабылдау қабілетін дамытады,-дейді Дәурен Омаров.

Тәрбие мен білім ұстанымдарының ортақ түйісер жері бір. Бәрі де қабілетті ұлттың қалыптасуы үшін күш салады. Дегенмен әртүрлі тәсілдер мен ұлттық ұстанымдар елдерді ерекшелейді. Біздің де ұлттық педагогикадағы Ы.Алтынсариннен бастау алатын тәлім теориясы көп елдің назарына ілікпей қоймайды. Дегенмен, бүгінгі білім жүйесі ескіні жаңаға ауыстырып, түрлі реформаларға теліп қойды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиев «жаңашылдық енгіземіз деп алашапқын болумен қатар бала бойына ұлттық рухты сіңіруіміз керек» деген еді журна­листерге берген сұхбатында.

- Ілгеріде бабаларымыз ақылды, зерек, сөз білетін, жөн білетін дүниетанымы кең ерекше балаларды жинап алып, ел басқаруға, дау-дамайды шешуге, ел мен елдің арасын бітістіруге арнайы оқытып үйретеді. Тіпті данышпан Төле би бабамыздың өзі ел аралағанда ақылды балаларды іздеп, тауып жүретін болған. Бүгінде барлық облыс орталықтарында дарынды балалар мектептері бар, интеллектуалдық мектептер ашыла бастады. Онда оқитын балалардың белгілі бір білім саласы бойынша дарыны бар болса болған шығар, бірақ ақыл-ойы, дүниетанымы, адами қабілеті бірдей емес. Компьютерлік-электрондық сауаты, таланты асып тұрғаны­мен, ұлттық рухы, ділі, сезімі жоқ бала ертең өз ұлтын жарылқай қояды деу бекершілік. Сондықтан алдағы уақытта ақылды, зерек, ұлттық рухы бар балаларды ел басқару ісіне арнайы дайындасақ, ұтарымыз көп болары анық,-дейді Серік Пірәлиев.

Білімнің қай құрлықта болмасын, қозғаушы фактор екені ақиқат. Қазақ баласының қабілет-қарымы ой-жарысына түскен елдердің ішінде бетті басатындай жағдайда емес. Әйтсе де, соңғы жылдардағы білім саласындағы бір қайнауы кем реформалар білімнің сапасына сызат түсіргендей әсер береді. Себебі бала мен ұстаз арасындағы түсінбеушілік, министр мен ата-ана арасындағы сан сауалдар бүгінгі білім жүйесіне, тәрбие мен тәлім теориясына өзгеріс керек екенін айқындап тұр. Бастысы, сырт елдің ұлттық менталитетке қайшы кел­мейтін озық тәжірибені ендіру бала болаша­ғына бей-жай қарай алмайтын ата-ана үшін де, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің қалыптасуы үшін де аса қажет. Біз мақалаға өзек еткен әлем елдеріндегі тәлім теория­сының көпке ой салуын әрі білімнің құндылық көзі екеніне көз жеткізуді мақсат еттік. Ал, таразыға түскен ойды сабақтап, қорытынды жасау оқырманның еншісінде.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН