Материалдар

«Қызылорда» атауын өзгерткен дұрыс па?

    Сұлу Сырдың бойы тұнып тұрған тарих. Уақыт ағымында сан түрлі өзгерістер мен қысылтаяң кезеңді бастан кешірген елдің өткеніне бір көз жүгіртіп өтелік. Себебі "қала атауы тағы да өзгерсе екен" деген әңгіменің ұшы шығып жүр. Оған нақты ұсыныстар да бар. "Қызылорда қаласының ең алғашқы атауы қалай өзгерді? Тарих қалтарысында нендей оқиғалар себебінен атаулар енді?" деген сұрақ­тарға жауап та ала білдік. Қызылорда облыстық өлкетану музейінің қорында сақталған ақпараттар негізінде қала атауына байланысты оқиғаларды саралап көрелік.

Қызылорда қаласының 200 жылдық тарихы бар. Алғаш қаланың іргесі 1818 жылы қаланды. Осынау екі ғасырға жуық уақыттан бері бұрын­ғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорданың өндірісі өркен­деп, экономикасы дамып, сәулеті мен архитектурасы ерекшеленіп, зәулім ғимараттар бой көтеріп, сәулетті ескерткіштер мен мұнда­лайды. Бүгінгі жайқалған қаланың көрінісін көріп, өткен тарихын да ұмытпағанымыз жөн. Қойнауында Сырдариядай шалқары бар, Аралдай көлі, Тұрандай шөлі бар, топырағы құнарлы, ырысты, күрішті аймақтың дамуына Қызылорда қаласының рөлі зор. Алдымен Қамысқала деп аталған жерден Ақмешіт деген бекініс бой көтерді. Сол бекініс бүгінгі Қызылорда қаласының орны.

Енді қандай маңызды оқиғалар орын алып, қала атауының аты неге бірнеше рет өзгеріске ұшырағанын түйіндей түсейік. XIX ғасырдың II жартысында Сыр бойы қазақтары патша үкіметіне номиналды түрде ғана бағынышты болған. Аралға құятын Сырдарияның жоғары ағысында Қоқан хандығы, төменгі ағысында Хиуа хандығы жиі өз шапқыншылықтарын жүргізіп отырған. Тек қоқандықтар Түркістан­ды жаулап алғаннан кейін 1814-1817 жылдары Шымқорған, Күмісқорған, Жөлек, Жаңақорған бекіністерін салып, осылардың басты орталы­ғы - Ақмешіт бекінісінің іргетасы шамамен 1817 жылы қалана бастайды. Қоқандықтар Ақмешітті қорған бе­кініс ретінде салған. Қаланың орталы­ғында ақ кірпіштен өрілген мешіт болған. Қаланың атауы соған байланысты аталған.

Сыр бойындағы Ақмешіт бекінісін, оның төңірегіндегі қалаларды өзіне бағындыруды басты мақсат еткен патша үкіметі 1853 жылы 28 шілдеде "Сыр қазақтарын қоқандықтардан қорғаймыз" дегенді желеу етіп, Орынбор гене­рал-губернаторы В.Перовский әскерле­рімен Ақмешіт қаласына басып кірген. Бұл тарихтың келесі парақтары. Қоқандықтарды қаладан қуып шығып, өздерінің бекініс орталығына ай­налдырып, билігін жүргізеді. Тарихтың белгісі ретінде Қызыл­ор­даның шетінде "Қоқан қаш­қан" деген төбе­нің барын айтады көнекөздер. Осы жылдан бастап қаланың атауы Перовск аталады.

Жиырмасыншы ғасырдың басында мемле­кет билігінің кеңестердің қолына өтуі кезінде Перовск қаласында кеңес үкіметі бейбіт түрде орнады. Ал, азамат соғысы жыл­дары Перовск, Қазалы қызыл гвардия отряд­тары жұмысшы­лар мен шаруалар депутаттары Кеңесінің ұйым­дасқан қарулы күшіне айнал­ды. Бұл жылдары Перовскіде партизан отряды құрылды, оның ішінде қазақтар да болды. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт аталды. Қазақ АКСР-і Орта­лық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен респуб­лика астанасы Ақмешітке көшірілетін болды. Бұл тарихтағы үлкен бетбұрыс еді.

Қызылорда қаласының Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның астанасы деп аталуымен жаңа тарихтың беті ашылды. Ата-бабаларымыздың ежелден астана орталықтары болған өңірге қай­тадан кеңес саясатын алға тартқан үкімет жасақталды.

1997 жылдың 17 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен қала­ның орысша транскрипциясы Кзыл-Орда­дан Қызылордаға, ал облыс аты Кзыл-Орда облысынан Қызылорда облысына өзгертілді.

Екі жүз жылдық тарихында осындай өзге­ріс­терге ұшырап, белгілі бір оқиғалар негізін­де өзгерген қала атауы тағы да ауыса ма? Оған се­беп бар ма? Кім қолдайды, кім қарсы? Ұсы­ныс пен пікірлерді оқырман алдына жайып салып отырмыз.

Дастан СӘТБАЙ, тарихшы:

- "Қызылорда" сөзі біздің тарихымыздан сыр шертеді. Қала атауының өзгергенін құптамаймын. Қызылорда қаласы осы атауымен қала бергені дұрыс. Қызылорда алаш зиялыларының, белді тұлғалардың, жалпы қазақ халқының тарихы десек болады. Сон­дықтан оны "Ақмешіт" деп, не өзге етіп атаудың керегі шамалы. Ал, халық өре түрегеліп, "ел атауы өзгерсін" деген жағдайда осы "Ақмешіт" деген сөзге қарсылығым жоқ. Дегенмен де оның өзі дінге қарай бүйірін бұрып тұр. Бұл арада "мешіт" сөзі рөл атқарып кетеді. Сосын "Тұран" деп жаңа дүние енгізудің қажеті шамалы. "Перовск" деп кезінде ұлтты қорлау үшін аталды, қазір "Қызыл" деген сөзден кір іздеп, содан құтылғылары келеді. Бірақ, ол сөздің аса бір маңыздылығы бар деп ойламаймын. Менің топшылауымша, мұнда Қызылжарға өз атауын қайтарып беріп, Қызылорда атын өзгерту сынды астар жатқан секілді.

Қазір өзгертулер көп. Орындысы бар, орынсызы да жетіп артылады. Мысалы, Шиелі ауданындағы "Төңкеріс", "Телікөл", "Ақтоған" деген атауларды кісі аттарымен атап, бұрынғы тарихи атауынан айырып тастады. Тұлғаларға ескерткіш салсын, көше атауын берсін, ал ауыл, қала атауына тиіспеу керек! Әр атаудың өз тарихы бар. Ұрпақ сол сөздің түп-тамырын ұғып, рухани тәрбиемен сусындап өсуі қажет.

Кезінде ақтар мен қызылдар соғысы болды. Осы тарихтың нәтижесінде Қызылорда атауы дүниеге келді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Содан бері де жүз жылға жуық уақыт өтті ғой. Бұл үлкен тарих. Оған қоса, ұлт мақта­ныштарының есімі де осы қалаға байланысты тарихта қалды. Сол себепті де қала атауының өзгеше, тереңдетіп өзгертуге қатысты ұсынысым жоқ. Өзгертер болса, Павлодардың атауын ауыстырсын. Ол қаланы мен "Қимақкент" дер едім. Қимақтар тұрған жер болғасын осы атау сай келеді. Бірақ, мұны да ой елегінен өткізу керек. "Кереков" деген көпес болған. Ол сол солтүстікте жүк тасыма­лымен айналысқан. "Кереку" сөзі сол адамның атауынан шыққан. Қазақтар сөзді бұрып алып, "кереку" деп кеткен. Орыс сөзінен қашамыз десек, қаланы бұлай атау да қате болар еді. Ал, Қызылорда осы атымен қала бергені абзал.

 

Әділбек ҚАБА, журналист:

  - Неге Қызылорда? Қазақтың тарихына етене Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда атаула­рын да келмеске кетірсек те, Қызылорда атына неге жабыстық та қалдық? "Қызыл" атауы кешегі күшпен коллективтендіру жасап, малын тартып алып, қазақтың тең жартысын аштан қырған, одан қала берді қазақтың бетке ұстарларын атып, асып, қудалауға салған Кеңес үкіметімен, қызылдар партиясымен байла­нысты екенін біле тұра неге бұл атауды өзгер­туге талпынбаймыз? Әлде, баяғыда күйреген Кеңес үкіметінен қалған үрей мен құлдық сана жібермей тұр ма?

Осы орайда қаланы және облысты қалай атауға болады деген ой туары анық. Тарихқа үңілсек, Қызылорданың байырғы атауы - Қамысқала. Кейін Ақмешіт атанды. Бұл аймақта ертеде Ордакент, Сығанақ қалалары болған. Бұлар да қала атын иеленуге лайық. Жалпы, Қызылорда облысы - Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында және Тұран ойпатында орналасқан. Сондықтан Қазақстан, Сыр бойы алты алаштың анасы, түркі дүниесінің түп тамыры екенін тағы бір бекіте түсу үшін Қызылорданы Сырдария облысы, Тұран қаласы деп өзгертуді ұсынамын.

Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Асқар Тоқмағамбетов тәрізді қазақ зиялыларының ізі қалған, алаштың анасы атанған киелі мекенді шынымен құрмет тұтсақ, ұлттық сананы жаңғыртқымыз келсе, тарихи әділетсіздіктерден ел тарихын арашалап алғымыз келсе, атауды өзгерту керек. Білеміз, оған біршама қаражат кетеді. Алайда ұлттық рух, намыс одан да биік әрі қымбат.

Бодандық дәуірден босап шыққан қазақ елінің әлі де өміріне сіңісіп кеткен тарихи жайттар мен сөздер баршылық. Одан арылу уақыт еншісінде. Қызылорда қаласының атауы, басқа да толып жатқан сөздер уақыт тезінен өтіп, қазақтың төл сөзіндей болып кеткені де жасырын емес. Тек осының аражігін ажыратып, халыққа тұшымды ой айтатын зиялылар керек.

Айдар САЙЛАУОВ