Материалдар

Сыр өңірінің қасиеті киелі топырағында, өр рухында

Руханиятқа бет бұрған тұста елімізде өткенді тануға, тегімізді түгендеуге, тарихи оқиғаларға баға беруге, тарихи тұлғаларға құрмет көрсетуге бетбұрыс жасалынып, осы арқылы рухымызды көтеруде игі шаралардың мазмұнды өтіп, көпшіліктің ұлттық қадір-қасиетті түсіне бастағаны қуантады. Әлбетте, жыл басы­нан бері қаншама жұмыстар атқарылды, алайда сананы өзгерту, ішкі жан-дүниені қозғау, әр адамның рухани кү­шін ұлттық мүддемен түйістіру сегіз айда бітетін шаруа емес. Егер жалған есеп беріп, "бәрі керемет болды" десе, өз-өзімізді алдап, өмір сүре беруге болады. Ал, шы­ны­мен ұлтқа жанашырлық танытып, қазақ­тануға шынайы көңіл бұрсақ, оның нәтижесін бүгінгі жет­кіншек - ертеңгі ер жеткен аза­маттың бойынан көре аламыз.

Сыр өңірі Қазақ елінің рухын көтеруде шырағдан болу керек! Бұл сөзді реті келгенде аузы дуалы адамдар айтып қалып жүр. Расында, әруақты-өр рухты жердің жәннатын - Жерұйықты ізде­ген Асан қайғының тұжы­рымына ұйыс­сақ, Алаштың анасы атанған қасиетті топырақты тірілтетін кез жетті! Айбынды Аралдан қарт Қаратауға дейінгі аумақты алып жатқан киелі өңірдің өткеніне үңілер болсақ, сақ дәуі­рінен бір-ақ шығамыз. Сақ, шумер, оғыз, ноғай дәуі­рінің қилы кезеңдерін бастан кешірген, қала берді Қазақ хандығына, одан бертін келе қазақ атауына қол жеткізіп, Қазақ Респуб­ликасына құтты шаңырақ болған бүгінгі Сыр өңіріне тәу етпей қайтерсің! Киелі жер, қасиетті топырақ деген осы болар! Аймағы­мыздағы мем­лекет қорғауына алынған 532 тарихи-мәдени мұраның қай-қайсысына та­бан тіреп бар­саңыз да, тари­хына көз жү­гіртіп, ерекше таңданыста боласыз.

Пафоспен сөйлеу бар да, патриот болып, оны бойға сіңдіру бөлек. Ол үшін нақты іс керек. Айтса айтқандай, Елбасының "Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру" бағдар­ламалық мақаласындағы "Рухани қазына" кіші бағдар­ламасының "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында өткізілген облыстық тарихшылар мен өлке­танушылардың фору­мында нақты іс-шаралар жос­пары қабылданды. Соған сәйкес Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бұқа­ралық ақпарат құралдары өкіл­дерімен бірлесе "Сыр өңірінің қасиетті орындары" атты жо­баны бастап кетті. Алғашында өңірдің оңтүстік аймағына сапар шекті. Шиелі мен Жаңақорған ауданда­рындағы киелі орындарды аралады. Екінші кезеңді өткен айдың соңында ұйым­дастырды.

Жоба барысында экспедиция мүшелері еліміз­дің жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген облыстың батыс бөлі­гіндегі ескерткіштер: Қалжан ахун мешіт-медре­сесі, Қорқыт ата ескерткіш-кешені, Марал ишан, Қалқай ишан, Мүсірәлі Сопы Әзиз кесенелері, Ғанибай мешіті, Жанкент қала­шығы, Қожаназар ишан мешіті, Жанқожа батыр кесенесінің тарихи маңызы мен қазіргі таңдағы ахуалы, туристер мен зиярат етуші халыққа қол­жетімділігі, инфрақұрылымдық жағдайы, соны­мен бірге археологиялық қазба жұмыстарымен танысып қайтты. Қармақшы мен Қазалы аудандық музей­лерінде ашылған "Қасиетті Қазақстан" залдары және қасиетті нысандар тізіміне енетін тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәселелер қозғады.

Осы сапарда бір байқағанымыз, Жанкент қалашығында іргелі жұмыстар жүріп жатыр екен. Дегенмен әлі атқарылар шаруа шаш етектен. Негізінен көне қала орнына қазба жұмыстарын жасап жатқан - археолог Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы "Архео­ло­гия және этнография" ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдары. Біз жұмыс үстінде университеттің ғылыми қызметкері Сейдалы Біләлді және Германияның Тюбинген университетінің докторанты Жетесби Қанапияұлын кезіктірдік. Олар өздерінің осы кезге дейін жасаған қазба жұмыстарын бізге таныстырды.

Бұл жерде екі оқу орны бекер айтылып тұрған жоқ. 11-12 қыркүйекте Жанкент қалашығында «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенді мемлекеттің қалыптасуы және урбани­зация­лануы: ерте орта ғасырдағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты халықаралық далалық семинар болды. Ұйым­дас­тырғандар Қызылорда университеті мен Тюбинген университеті. Далалық семинарға қос оқу орнымен қатар Н.Н.Михлуко-Маклай атын­дағы Этнология және антропология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, сонымен бірге Англия, Германия, АҚШ, Украина елдерінің археология саласындағы ғалым­дар қатысқан. Халықаралық жоба далалық урбанизация, көшпелі мемлекеттер және Арал теңізінің шығыс аймағындағы шөлейттену жағдайы бойынша зерттеу жүргізуді негізгі мақсат етіп қойған. Келесі күні шет жерлерден жиналған ғалымдар Қызылордада дөңгелек үстелде бас қосты. Сондағы мақсат, Сыр топырағындағы орта ғасырлардан қалған қаланың орнына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы Сырдың төменгі ағысы бойындағы қалалық өркениеттің қалып­тасуы мен дамуының заттай деректер арқылы құпиясын ашу. Осы арқылы Сыр өңірінің қасие­тіне көз жеткізетін боламыз.

Сыр бойы атауы бізге бекер телінген жоқ. Шы­нында, бұл аймақтың жер астында, тау бөктерінде, қия белдерінде, тарихи ескерт­кіштерінде бүгулі жатқан сыры көп. Сол сыр шетінен ашылып келеді. Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдан батысқа қарай 12 шақы­рым қашықтықта орналасқан Сортөбе қалашы­ғы­ның да ішіне бүккен сыры жетерлік. Қызылор­далық ғалымдар ортағасырлық тарихи орындар санатына жататын Сортөбе бекінісінен қобыз пішіндес тас тапқан. Ұзындығы 40 сантиметр болатын тас-қобыздың екі шеті моншақтармен әрленгені адам қолынан шыққан туынды деуге болады дейді археолог ғалымдар. Сонымен бірге бұл жерден құмыра сынықтары, нан жабуға арнал­ған тандыр пештер және мыстан жасалған басқа да заттар табылған. Қазба жұмыстары кезін­де табылған көне заттарды саралаған мамандар бұл қаланы ІХ-Х ғасырларда оғыздар салған деген болжам жасайды.

- Қазірде ескерткіш апатты жағдайда. Оның бір бөлігін Сырдария өзені шайып, қалашықтың сақталуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан бү­гінгі күні жедел түрде қазба жұмыстарын жүр­гі­зіп, маңызды материалдарды анықтап, қала жө­нінде толық мағлұмат алу,- дейді археолог Ә.Тәжікеев.

Әрине, Қорқыт ата ескерткіші кешенінің жөні бөлек. Бұл орынға жылына 18-20 мыңдай адам келетінін бізге Қорқыт ата мемориалды музейінің экскурсоводы Айгүл Бермаханова айтып берді. Ал, жаз мезгілінде 50-ден аса шетелдік туристер аялдайтын көрінеді. Әсіресе, немістер мен француздар Сыр өңірінің кереметтілігіне таңқалысады екен.

Біз бас сұққан тағы бір қасиетті орын - Қожаназар ишан мешіті. 1897 жылы салына бастаған мешіт 1903 жылы пайдалануға беріліпті. Кеңес дәуірінде атқора, одан казарма болған қасиетті орын арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өз қалпын сақтаған. Десек те намазға отыр­ғанда екі жүз адамды қамтитын тарихи орын­ның бүгінгі халін бізге мешіт имамы Кенже­бай Берімбаев айтып берді. 2009-2011 жылдары реставрациядан өтсе де, мешіт қабырғаларының құзданып тұрғанын жасырмай көрсетті. Жан-жағын тұрғын үйлер қоршап, тығыз орналас­қаны сондай, тарихи орын сырттан келген адамға көріне бермейді екен. Соған байланысты жергілікті азаматтардың көмегімен мешіт аумағын кеңейту шараларын қолға алыпты.

Тарихи орындарға барар жол қай ауданда да мәселеге айналған. Алайда, қасиетті адамдардан жанына медет тілейтіндер жолдың азабына көндіккен. Мәселен, Марал ишан мен Қалқай ишан кесенелеріне даланың ойқы-шойқы жолымен барасыз. Ал, қыстың күні тура жолмен бару мүмкін болмаған соң айналма жолды іздейді екен. Дегенмен кесене басында барлық жағдай жасалынған, біз барғанда бір ай бойы жүрген адамдарды кезіктірдік. Қасиетті орынға келер адамның қарасы үзілмейді екен. Өзге облыстардан да арнайы іздеп келетіндер көп көрінеді. Оның да өзіндік себебі, сыры бар. Ол аумаққа жиырманың үстінде ишандар мен мақсұмдар жерленген. Сондықтан ол жерді діни пантеон деп айтуға болады.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі тарихты зерделеуде жоспарлы жұмыс­тарды алға қойған. 13 қыркүйекте "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобы отырысын ұйымдас­тырды. Басқосуға Астанадан Сыр бойына келген "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығы­ның басшысы Берік Әбдіғалиұлы қатысып, жоба аясында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысын таныстырды. Отырыста Қызылорда облысы бойынша музейлер, архивтер және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесімен бірге ынтымақтастықта жұмыс жасап, Сыр өңірі бойынша анықталған жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарды ғылыми тұрғыда терең зерттеуді жалғастыру талқыланды. "Қазақстан­ның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қызылорда облыстық жұмысшы топ мүшелері аталған тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, Сыр өңірі бойынша анықталған қасиетті нысандарды қосымша енгізуді ұсынды.

 Әр өңірдің өз тарихи ерекшелігі бар, Қазақ мемлекеті алдында тарихи имиджі қалыптасқан. Көршілес жатқан Түркістан қаласы айтылғанда оны екінші Меккеге балайды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүгінде түркі тілдес елдерде етене таныс. "Түркістан - түркі қағанаттарының туы тігілген орда. Түркістан - түркі халықтарының  оғландары ақ киізде хан көтерілген қасиетті жер" деп айтылады. Осы қасиетті атауды жаңғырту үшін биыл Түркістан қаласының мәртебесі өсті, облыс орталығына айналды. Содан бері Түркістан үшін көп жұмыстар жасалынып жатыр. Соның бірі жақында өтті. "Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі мен "ТҮРКСОЙ" Халықаралық ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.

ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, мәдениетін, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуге бет бұрды. ТҮРКСОЙ ұйымы алдағы уақытта да түрлі қалаларды Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялауы мүмкін. "Біз, Сыр өңірі, Қорқыт ата мекені, неге одан сырт қалуымыз керек?" деген ой да қылаң береді. Сондықтан Сақ заманынан, Оғыз дәуірінен, Қазақ хандығынан жеткен аймаққа ие болып отырған, қазақтық қасиетіміз бойымызға сіңген Сыр өңірінің де  түркі әлемінде лайықты бағасын алатын уақыты жетті!

 

 

Н.Көбегенұлы