Материалдар

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ «Сөз құны» журналистері мәселені төтесінен қойды

Ақпарат алу, оны халыққа ұсыну ұстарадай өткір мәселе. Себебі бір деректің шынайылығына көз жеткізу не жалған ақпараттың жетегінде кету сөз ұстаған қауымның өзін кейде тығырыққа тірейді. Әсіресе, ақпараттың қаулап тұрған сәтінде сәт сайын құбылып тұратын деректердің анық-қанығына көз жеткізу журналистердің кәсіби жауапкершілігін талап етеді. Оның үстіне ырыққа көнбейтін уақыттың талабы бүгін бар мәселенің ертең маңызы болмай қалатынына дабыл қағып тұрғандай. Дегенмен, қаламды қару еткен, оқырманның ой таразысына сапалы дүние ұсынуды кәсіби парыз санайтын ақпарат саласының майдангерлері қоғамның бел орта­сынан еш алыстаған емес. Тек соңғы кезде БАҚ өкілдері ақпараттың ашықтығына қол жеткізуде ішкі тәртіп пен заңның орындалуы мәселесіне бетпе-бет келіп қалады. Әсіресе, құқық тақы­рыбындағы кейбір өзекті мәселелерге зерттеу жүргізу бір заңның бір-біріне қайшы келетін тұстарының барын аңғартып қояды. Мұнан қалды ақпараттың рас-өтірігін тексермей жатып, әлеуметтік желіге салып, оқырман ойын сан-саққа жүгіртетін белсенді блогерлер де қоғам пікірін екіге жарып жатыр. Содан барып БАҚ туралы заң талаптарына бағынып, ресми хат жазып, ақпараттың нақ қайнаркөзіне көз жеткізетін журналистердің ішкі проблемалары айтылмай қалады. Дегенмен журналистер де бір ортаға бағынып, ортақ проблемаларды бірлесе шешуге кірісіп кетті. "Сөз құны" атты журнали­с­тер клубына топтасқан қызылордалық БАҚ өкілдері де соңғы мезетте осы ақпарат алудың проблемаларын талқылауға белсене білек түрді.

Соның бір дәлелі, құрылғанына екі жылдай уақыт өткен "Сөз құны" журналистер клу­бының мүшелері құқық қорғау өкілдерімен бейресми кездесу ұйымдастырды. Облыстық сот ғимара­тында өткен ашық әңгіме алаңына сот билі­гінің өкілдері, қылмыстық атқару жүйесі депар­таменті, ішкі істер департаментінің маман­дары мен баспасөз хатшылары жиылды. Мақсат - ақ­па­рат алудың жолын жеңілдету, әрі журналистің кәсіби міндетін, жауапкершілігін таразылау.

"Сөз құны" журналистер клубының жетекшісі Нұрлан Нұрмаханов жаңа редакциядағы БАҚ туралы заңның кейбір тармақтары журналистің ақпарат алу уақытын шектейтінін әрі деректермен жұмыс істеуде мән беретін мәселелердің барын айтып, ортаға ашық сауал тастады. Себебі өңірде журналистердің нақ дерекке сүйену, жалған ақпарат таратпау сынды міндеттері кейде орындалмай қалатыны көрінеді. Мәселен, өткен жылы екі бірдей журналистің ісі сотта қаралып, жауапты болған еді. Бұл өзге де БАҚ құрал­дарының тілшілеріне дерекке негізделмеген ақпаратты беру заң алдында жауапкершілік жүктейтінін тағы бір еске салғандай болды.

Басқосуда Қызылорда қалалық сотының судьясы Камшат Садуақасова тілшілердің ақпарат беруде ескеруге тиіс жағдайларын жіпке тізсе, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Олжас Әбдіхалықов ақпарат алуда заңға сүйену керектігін баса айтты. Журналистер де қалыс қалған жоқ. Өңірге белгілі журналистер Айжан Абдуллаева мен Болат Жұмабаев, Қайрат Рабаев құқық қорғау өкілдері арасындағы журналистердің байланысы, ақпарат алудағы кейбір мәселелерді қайта қарау керек екендігіне ұсыныс тастады.

Отырысқа келген журналистер БАҚ өкілдерін ашық сот отырысына қатысудың ережелері, құқық қорғау органдарының құзырындағы ақпараттарды алуда мерзім мәселесінде проб­лемалардың барын ашып айтты. Өз кезегінде құзырлы органның баспасөз хатшылары ақпарат беруде рұқсат министрліктен келетінін қаперге салды. Жиыннан кейін де әлеуметтік желіде әріптестер де осы мәселенің қазірде күйіп тұрға­нын жасырмады.

- Қазір прокуратурадан ақпарат сұратсаң, Бас прокуратурамен мақұлдану керек дейді. Сөйтеді де қатынас хатқа бір аптадан өте уақытта жауап келеді. Ал оған дейін сенің жазбақшы болған ақпаратың ескіріп қалады. Сол бір күннің ішінде Бас прокуратураның келісімін алуға болмас па екен? Барлық келген хаттар сол арқылы кеңсеге түседі. Кеңсе бастыққа, бастық орындаушысына жолдайды дегендей. Кейбіреулері бізде интернет жоқ дейді. Содан ақпарат бір қаланың ішінде тұрып почта арқылы екі не үш күнде келеді,-дейді журналист Жансая Жүнісова.

Ақпарат алудың жолын жақсарту үшін осындай бейресми отырыстың керек екенін тек қызылордалық тілшілер ғана емес, алматылық әріптестер де мойындайды.

- Жиналу, ақылдасу, журналистердің рөлімен, қоғам үшін жасап жатқан тірлігімен санасу - оңтайлы қадам. Осы кездесу нәтижесінде бір меморандум ба әлде басқа бір келісім бе, ресми түрдегі бір ұсыныстар ма - осыған типтес құжатқа қол қойылып, бұдан әрі ақпаратқа қол жеткізу мәселесінде кедергілер болмайтыны туралы келісілсе, нәтижеге бір табан жақындаймыз,-дейді сарапшы-тренер Ғалия Әженова.

«Журналистердің ақпарат алу мүмкіндігі және БАҚ туралы заң алдындағы жауапкершілігі» тақырыбын өзек еткен жиын біраз мәселенің барын аңғартты. «Сөз құны» журналистер клубының мүшелері алдағы уақытта әрбір ақпарат беруші органдармен жеке-жеке отырыс өткізіп, мәселелерді бірлесе шешуге ықпал жасайтындығын айтты. Бұл сенімді ақпарат алуда журналист жұмысын жеңілдетеді.

 

Абай Тағыберген