Материалдар

ШӨМІШКӨЛДЕ ҚОНЖАР БАБАҒА АС БЕРІЛДІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы қазақтың рухын оятуда үлкен серпіліс бергенін мойындауымыз керек. Жер-жерлерде жасалып жатқан шаралардың түп негізі тегімізді түгендеп, ұлттық кодты қозғауға қызмет етіп келеді. Мақаладағы: "Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс" дегені өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді қайта жандыруға сеп болып отыр.

Сондай шаралардың бірі тамыз айының 11-12-сінде Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында өтті. Кіші жүздің Әлімінен таралатын Ардана аталығы Қонжар бабасының туғанына 200 жылдығына орай ағайынның басын қосып, ас берді. Осы күнге дейін Шөмішкөл елді мекені Қонжар ауылы атанып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, бір-бірімен ынтымақты қарым-қатынас жасап, баба ұрпақтары ата-баба жолын жалғастырып келеді.

- Бұ дүниеден өткен ата-бабаларымыздың рухын еске алып, ұлықтап, ас беру салты ерте заманнан атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиетті дәстүр. Өлгендерді, әруақтарды құрметтеп ас беру дәстүрі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырды. Халқымызда: "Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген ұлағатты сөз бар.

Қонжар бабамызға арнап ас беру туралы әңгімені Шөмішкөл елді мекенінің тұрғындары, інілеріміз Лепес Қожабайұлы, Шегентай Жақсылықұлы бастап, үлкендері қоштап, баба ұрпақтары қолдап, бірнеше айдан бері ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.

Ардананың Меңдісі Отарбайұлы Қонжар бабамыз ұрпақтарының зерттеуі бойынша 1818 жылы осы Шөмішкөл елді мекенінен 4-5 шақырым қашықтықта, күншығыс жағында "Кесекмола" деп аталатын өңірде туып-өскен. Биыл бабамыз 200 жасқа толып отыр. 40 жасын­да Қырғыз руының қызы Балмекен анамызбен тұрмыс құрып, Аманжол, Сафуан, Оразалы, Оразғұл атты төрт балалы болған. Қонжар баба­мыз балаларын жасынан еңбек сүйгіштікке, қайырымдылыққа, бауырмалды­лыққа, ауызбір­шілікке, кішіпейіл­ділікке, отансүйгіштікке, қазақтың бұрыннан келе жатқан халықтық педагогика дәстүрі - адамгер­шілікке тәрбиелеген. Бабаның бала тәрбиесіндегі дәстүрлі өнегесін осы күнгі ұрпақтарының бойынан табуға болады,- деді баба шөбересі, қазірде 72 жасты алқымдаған қазыналы қария Жақсыбай Әбдікерұлы.

Қонжардан тараған төрт ата туралы ел ішінде ұрпаққа үлгі боларлық әңгімелер жетерлік. Соның бірін бізге Дабыл Омарұлы айтып берді:

- Оразғұл атамыз дәстүрлі ислам дінін ел арасына насихаттап, Шөмішкөл, Тастүбек елді мекендерінде, мешіттерде балалардың діни сауатын ашып, арабша оқып жаза білуге үйреткен. Оның баласы діни сауаты бар Әбділда атамыз кешегі кеңес заманында өзі коммунист бола жүріп, жасырын дінді ұстап, елге иманды­лық жолын үйреткен. Ал, Әбілда баласы Үсайым ағамыз әртүрлі қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Оразғұл атасының діни ұстанымын жалғастырып, Шөмішкөл елді мекенінде Орал ахун мешітінде 13 жыл имам болды.

Кеңес үкіметі тұсын­да Шөмішкөл колхозында басқарма болған Әбибулла (Әбекен) Оразалыұлы, Арал қаласын­дағы рабфак мектебін бітіріп, өзінің ұйымдас­тырушылық қабілетінің арқасында Арал аудан­дық комсомол ұйымының хатшылығына жоға­ры­лап, кейін Тереңөзек аудандық білім бөлімі меңгерушісі болған, одан әрі Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы насихатшылар мектебін бітіріп, Қазалы аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Әкім Оразғұлұлы Теңгебаевтың  орны бөлек.

Ұлы Отан соғысы талай отбасына қайғы-қасірет әкеліп, талай ананы жесір, талай баланы жетім етті. Қонжар бабаға берілген аста сол әулеттен Отанын қорғауға майданға аттанып, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан Сансызбай Сафуанұлын, Халила Оразалыұлын, Әзижан Оразғұлұлын, Нағашыбай Әбдіраманұлын, Ахмет Жүгінісұлын, Дүйсенбай Әбдікерұлын, Ықылас Молдабекұлын еске алды.

Ас берудің алғашқы күнінде Қонжар баба жатқан "Кесекмолаға" ұрпақтары зиярат етті. Жер-жерден келген ағайын-туыс, нағашы-жиен, құда-жекжат бір-бірімен көрісіп, дастархан басында бас қосты. Бабаға Құран бағыштады, дұға тіледі. Кешкілік ауылдағы мектеп алдында шараның ашылу салтанаты болды. Концерттік бағдарламаға орай жергілікті өнерпаздар әуелете ән айтты. Оңталап Нұрмаханов мәтінін, Жарыл­қасын Оразғұлов әнін жазған "Шөмішкөлім" әнінің тұсауы кесілді. Алматыдан арнайы келген Мырзағали Оразалиевтің қызы Айсұлудың өнерлі ұл-қыздары Темірлан, Ақерке, Ақниет сахна төрінде үш аспапта қазақтың күйлерін күмбірлете орындады. Балуандар белдесіп, шараның көркін қыздырта түсті. Бұрын-соңды ауылда бұндай көлемді шаралар болмағандықтан ба, үлкендер кешкі он бірге дейін тапжылмай күрес көріп, концерт тамашалады.

Қарап тұрсаңыз, Қонжар бабадан тараған ел есіндегі ұрпақты мақтанышпен айтуға болады. 2017 жылы жарық көрген "Арданадай ел қайда, Шөмішкөлдей жер қайда?!" кітабында ақын Қалас Сәрсенбаев "Еңбек ері", "Бейсен­бай­дың бригадасында" атты өлеңінде баба ұрпақ­тары Шөмішкөл колхозының Стахановшы балық­шысы Омар Жүгінісов­ті және еңбек үлгісін көрсеткен Бейсенбай Әбдікеровті жырына қосқан.

Кеңес үкіметі тұсында Шөмішкөлде мұғалім, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Көзжетпес елді мекенінде мектеп директоры, Қуандария мем­лекеттік балық аулау базасында партия ұйы­мының хатшысы, Қаратерең, Райым ауыл­дық кеңесі атқару комитеттерінде төраға болған Әлімжан Жүгінісұлының, Арал ауданы­ның ауылшаруашылық саласына еңбек сіңірген, совхоз директоры болған Аманкелді Омар­ұлы­ның елге елеулі қызметтер атқарғанын арал­дықтар жақсы біледі. Мәдениет саласында қыз­мет етіп, жасынан ақындық талантымен таныл­ған, артына "Жүректің қылын қозғайын" атты жыр кітабын қалдырған Мырзағали Хали­лаұлын, Талдықорған қаласында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған, кейін мектеп дирек­торы болып қызмет еткен, жас ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісінде жемісті жұмыстар жасаған Зұлқарнайын (Шоқан) Атағұллаұлын, Қызыл­жар қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі, ақындық өнерімен, сөз шебер­лігімен елге танылған Дәулетбай Жүгінісовті, Қызылжар елді мекенінде талантты жастарды өнерге, спортқа баулып, мәдениет саласын абыройлы басқарған  Амандық Әлімжанұлын бүгінде көзі көргендер еске алып отырады.

Үлкендердің көзін көріп, тәлімін алғандар арасында осы күні ауданға есімі белгілі сазгер, ұстаз Дабыл Омарұлының әндері мектеп оқушы­ларына, балабақша бүлдіршіндері арасында кең тараған. Ал, №66 Шөмішкөл орта мектебін ұзақ жылдар бойы басқарған, мектеп директоры Лепес Қожабайұлы оқу-тәрбие ісінде жемісті жұмыстар атқарып келеді.

- Арал аудандық ішкі істер бөлімінде 25 жыл қызмет атқарып, майор шенімен отставкаға шық­қаннан кейін Айнұр Атағұллаұлы ұзақ жылдар бойы дәстүрлі ауызша айтылып келе жатқан шежіре деректерін қағазға жазып алып, баспадан кітап қылып шығарып, оны ел арасына таратып, игілікті іс атқарып келеді. Енді "Ардана баба" шежіре кітабын баспаға тапсырып отыр. Осыдан 4 ғасыр бұрын өмір сүрген, жоңғар қалмақ­тарымен соғысып ерекше ерлігімен көзге түсіп, ақ сауытты Айдарбек аталған, батыр бабамыз Айдарбектің сауыты мен қылышы ел арасынан табылып, оларды Айнұр ініміз комиссия мүше­лерімен бірге Астанадағы ҚР қарулы күштер әске­ри музейге тапсырып қайтты. Ол ағайын­ның, Қонжар баба ұрпақтарының тыныс-тірші­лігіне белсене араласып,оң шешімін табуына үнемі көмектесіп отырады. Сонымен бірге қазіргі заман талабына сәйкес жеке кәсіппен айналысып жүрген інілеріміз Сапарғали Мырзағалиұлы, Шегентай Жақсылықұлы ортамызда жүр. Баламыз Мәди Жақсыбайұлы "Қосжар" округінің әкімі болып, қазірде абыройлы қызмет атқаруда. Қонжар баба әулетінің қазіргі үлкендері Бейсен­ғали Халилаұлы, Ыдырыс Жәмиұлы, Жақсылық Әбдікерұлы, Қоныс Әбекенұлы, Закария Атағұллаұлы, Әбдіқаш Ібайұлы және Дабыл Омарұлы ата-баба дәстүрін жалғастырып, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, баталарын беріп келеді,- дейді Жақсыбай Әбдікерұлы.

Ертеңіне Шөмішкөлде бес жүзден аса адамға арнап ас берілді. Асқа Алматы, Ақтөбе, Қызыл­орда қаласынан өзге Арал, Қазалы ауданда­рынан жақын ағайындар келіп, атсалысты. Жинал­ғандар Қонжар бабаны ардақ тұтып, рухын көтерген, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге еткен шөмішкөлдік ағайынға ризашылығын білдірді.

Нұрлан Көбегенұлы,

Арал ауданы,

Шөмішкөл ауылы