Материалдар

Қоқан билігі тұсындағы Сыр өңірі

Орта Азия хандықтарының ішінде Хиуа, Қо­қан хандықтары Сырдария өзенінің орта ағы­сындағы жерлерге өз билігін жүргізді. Қоқан хан­дығының құрылу үрдісі ХҮІІІ ғасырдың басында Ферғана аңғарында басталып, ХІХ ғасырдың бі­рінші ширегінде Әлім хан және Омар хан тұсында аяқталды. Ерлігімен танылған қазақ-қырғыз батырлары Қоқан хандығы әскерінің құрамында қызмет етті. Бұл туралы ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы Қ.Халид өзінің "Тауарих-хамса" атты шығармасында "Әуелі Әлім хан, соңынан Омар хан үш еркектің бірі әскер болуға тиіс деп жар салып, "үштің бірі ханың" деген сөз осыдан қал­ған. Мұнан бұрынғылар әскерге өз еркімен жазылып, қазынадан маяна (төлем) алатын бол­ған. Қоқандықтар қажет кезде қазақтардың басшыларына шапан жауып, жігіттеріне ат-құрал бе­ріп, "қыл-құйрық" етіп тағайындайтын бола­тын. "Қылқұйрық" деп атқа мінуге жарамды ер­кек­тердің бәрін жаппай майданға шығаруды атаған [Халид Қ. "Тауарих - хамса" (бес тарих). Алматы, 1992. 21-б.]. Сондықтан да қоқандық­тардың соғыс жүргізу әдісі де қазақтарға етене та­ныс болды. Бұл жағдай қазақ-қоқан қарым-қатына­сында оң рөл атқарды. Қоқандықтарға ыңғай танытқан қазақтардың көбі оларды қып­шақтар - бауырлас, өзімізбен түбі бір халық деп таныды. Қыпшақтар Қоқан хандығының саяси өмірінде маңызды рөл атқарды. Венгриялық саяхатшы Вамбери 80 жыл бойы хандықтағы би­лік­тің тұтқасын ұстағанын және билік басын­дағылар өздерінің түп атасын Шыңғысханнан тарататынын жазады. Қоқандық тарихшы Мырзоолим Мушриф өзінің "Қоқан хандығының тарихында" Қыпшақтардың Шерәлі ханды, Құдияр ханды, Болат ханды ақ киізге отырғызып, хан көтергенін еске түсіреді. Мушрифтің "Киіз туыр­лықтылар бас көтерді, бүлік салды, қырғыз-қыпшақ үкіметке дау шығарды» - деген өлең жол­дары да қыпшақтардың көшпелі елді біріктіруге, өздерін қолдауға шақырғанда Шыңғыс ханның "Киіз туырлықты бірігіңдер" деген әйгілі ұранын ұтымды пайдалана білгенге ұқсайды. ХҮІІІ ғасырда болған Бұхарадағы лаң (бүлік) кезінде және жоңғарлар шабуылына байланысты Ферғанаға жер ауып келген, дұшпандардан қор­ғану мақсатында Ферғана алқабында әртүрлі эт­ни­калық топтар қоныстанды. Соның ішінде сан жағынан өте көп болған (250 мыңға таяу) қып­шақтардың есебінен өзбектердің саны арта түсті. Шындығында, әдеп-ғұрпы, шаруашылық кәсібі жағынан Ферғана қыпшақтары өзбек, тәжіктерге қарағанда, қазақтар мен қырғыздарға жақындау болатын.

Қоқандар қазақ даласын негізінен датқалар арқылы басқарды. Датқалар институты, атап айтқанда, қоқандық дәуірде датқа шенін алған қазақтар туралы әлі күнге дейін арнайы зерттеу жүргізілмей жатқандықтан, «қазақта барлығы қанша датқа болған және кімдер болған?» деген сауалға дәл жауап беру мүмкін емес. Дегенмен де әр­түрлі деректер мен материалдар қазақ дат­қалары туралы мол мәліметтер береді. Қазақ­станның оңтүстігінде, соның ішінде Сыр бой­ында датқа шенімен белгілілер қатарында Ұлы жүзден Байзақ датқа, Батырбек датқа, Бекбау датқа, Орта жүзден Тұрғанбай датқа Сіргебай­ұлы, Торғай датқа, Досбол датқа, Тұрсынбай датқа және тағы басқалар болған. Қоқан хандығында датқа дәрежесін алғандар саяси ахуалдар ағысы­на қарай әкімшілік қызметке де, әскери қызметке де араласып отырған. Сондықтан да орыс оқы­мыс­тылары датқаны генералға, генерал-губер­наторға тең лауазым деп ұққан. Датқалар Қоқан ханынан жылына 700 батман (орыстың 4 пудына тең, 1 пуд 16,3 кг тең) астық, 1000 теңге ақшалай сыйақы алатын болған. [Махаева А. "Тойшыбек би және оның заманы". Алматы: Баян­жүрек. 2006. 28-29 бб.].

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Әлімхан, Омар хан және Мұхамед Әли басқарған тұста Қо­қан хандығы нығайып, аумағы ұлғайды. Олар, Ташкент, Ходжент, Қаратегін, Дарбаза, Куляб, Па­мирді өзіне бағындырды. Ал, Сыр бойында қоқандықтар Жаңақорған, Шымқорған, Қосқор­ған, Күмісқорған, Бөрібай бекіністерін салдырды. Солардың ішінде ең ірісі Ақмешіт бекінісі болды. Ақмешіт қазақтарының айтуы бойынша, 1817 жы­лы Сырдың сол жағалауында, кейін 1818 жылы оң жағалауына көшірілді. Бекініс екі қорғанмен қор­шалды. Сыртқы қорғанның аумағы 12 ша­қырымға созылып жатты, биіктігі 7 аршын, 3 қақ­пасы болған. Сонымен сыртқы қорған тереңдігі 7 футтық, екі сажын суға толған ормен қоршалды. Ішкі қорған төртбұрышты етіп салынған, аумағы 1 шақырым, биіктігі 12 аршын, бір қақпасы болды. Бларамберг бекіністің Ақмешіт деп аталуы бекініс ішіндегі мешітке байланысты деп жазады. Ақме­шіт бекінісінің ішінде 450-ге жуық қазақ үйлері болған. Бекіністе үш жүздің қазақтары тұрды, негізгі бөлігі жаппас, алтын бағаналы, табын, керей руынан еді. Ішкі қорғанда 50-ге жуық саз­дан соғылған үйлер болған, оларда Ақмешіт бегі және 150-ге жуық түркі-мендер мен сарттар тұрған. [Қожақұлы Ө. ХVІІІ ғасырдың  соңғы ши­ре­гі мен ХІХ ғасырдың 70- жылдарына дейінгі қазақ-қоқан қарым-қатынастары (саяси және шаруашылық мәселелері бойынша) Тарих ғыл. докт. ...автореф. - Алматы, 2010. 25 б.].

Ақмешіт бекінісі Ташкент, Бұхара, Хиуадан шық­қан керуендер Торғай және Троицк, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамалға айналды. Қоқан хандығына Ақме­шіт және басқа бекіністер төңірегінде көшіп-қо­нып жүрген қазақтардың әр отбасысы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 1000 бау қамысты салық ретінде тапсыруға міндетті болды. Ақмешіт бекінісі - Ташкент, Бұхара, Хиуадан Торғай және Троицк, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамал. Қоқан­дықтар Ақмешіттік керуендерден салық жинап, жергілікті қазақтардан зекет алатын бекініске айналды. [Сыр өңірі тарихы. (Көне заманнан бүгінге дейін). Алматы: Атамұра, 1998. 86-87 бб.].

ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Сыр бойына басып кірген патша өкіметі бүкіл қазақ даласын империя иелігіне қосуды аяқтау мақсатында Сырдың бойындағы Қоқан хандығының бекініс­терін басып алып, оны Сібір шебімен қосу тура­лы жоба дайындайды. Патша өкіметінің алдына ұсынылған Перовскийдің жобасында Ақмешіт бекінісіне зор мән беріліп, оның маңыздылығын былай көрсетеді: "Орынбор қазақтарын әкімшілік жағынан басқаруда кең мүмкіншіліктер туады. Сырдарияның орта ағысында нық орнығуымыз арқылы біз Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз. Сыр өзені мен Ақмешіт Орта Азиямен саяси және сауда қарым-қатынасында негізгі тірек болары сөзсіз". [Б.Жүрсінбаев, А.Оразбақов, Б.Еңсепов, У.Ибраев, Ақмешіт түбіндегі шайқас немесе бекіністі кімдер қорғаған? "Сыр бойы" газеті. 19 қазан. 2013 ж.].

Патша өкіметі Перовскийдің жобасын мақұл­да­ғаннан кейін, ол жаңа аймақтарға барлау жұ­мы­сын жүргізуге топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын топты 1852 жылы 18 сәуірде Сыр бойына аттандырады. 1852 жылы 18 сәуірде барлауға шыққан Головтың әскери тобына Ор­ын­бор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр­дарияның оң жағалауынан жоғарыға қарай Қо­қанның Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді картаға түсіруді міндеттейді. Бұл кезде, яғни 1852 жылы сәуір айында патша өкіметінің қаупі анық төне бастағасын Ақмешітке 2000 қоқан әскері келген еді. Оның 400-і сарт болса, 1600-ы қазақ­тар болған. Сарттар Ташкенттің бегі Ешмұхам­медке бағынса, қазақтар Ақмешіттің елбегі Абду­али бекке бағынған. Бұл әскердің құрамында Ке­не­сарының ұлдары Тайшық, Осман, Кене­сарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса болды. Олардың қолында 8 зеңбірек бар еді.

Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовс­кий сол жылы полковник И.Бларамбергтің бас­шы­лығымен ірі әскер жасақтап, оған тек барлау жұмысын жүргізіп қана қоймай, мүмкіндік болса, Ақмешіт бекінісін басып алуды тапсырады. В.А.Перовс­кийдің нұсқауын орындауға шыққан полковник Бларамберг 1852 жылы 3 шілде күні 30 күнге жететін азық-түлігін алып, 3 зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді бастап жорыққа шыға­ды да, 18 шілдеде Ақмешіт бекінісіне жетеді. Олар шілденің 20-да таң алдында әрқайсысы 100 адамдық екі колоннаға бөлініп, бекіністі шабуыл­дайды. [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 13-іс. 232-234 пп]. Ал­­­­айда, басым бөлігі қазақтардан тұратын қоқан­дық­тардың негізгі күші бекініске дер кезінде көмекке жетіп, жауға қарсы шабуылға шығады да, орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57 адамын жаралайды. Ауыр шығынға ұшыраған орыстар 23 шілдеде кейін қарай шегінеді . [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 14-іс. 229-233 пп]. Полковник И.Бламберг Ақмешіт түбінде тас-талқан болып жеңілгенімен, Сырдарияның негізгі бөлігін зерттеп, оны картаға түсіреді және қайтар жолында қоқандықтардың Күмісқорған және Шымқорған бекіністерін тал­қан­дап кетеді. В.А.Перовский 1852 жылы 15 қыркүйекте Сібір корпусының командиріне бы­лай деп хат жолдайды: "...Бұрын белгісіз болған Қараөзек пен Жамандарияның зерттелуі - бұл аймақтың қоныстануға қолайлы екендігін көр­сетті. Егер де орыс әскері осы аймақтарда жеңіске жетсе, қазақтарға деген саяси ықпалымыз күшей­еді". [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 13-іс., 235 п].

Осыдан кейін алдыңғы екі жорықтан мол са­бақ алған Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перо­вс­кий Ақмешітті алу үшін Сыр бойына бір­неше бекіністер салу қажет деген ұйғарымға ке­ліп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды. [Шеманский А.И. Боевые фронты государства и уп­рав­ление ими. // ВС. 1861. №5. С.12.]. В.А.Перо­вскийдің жасаған жоспарына сәйкес Қазалы аңғарында №1 форт, Қармақшыда №2 фо­рт, Күмісқорған бекінісінің орнына №3 форт салынып, патша әкімшілігінен жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді жинау жөнінде тап­сыр­ма алған сұлтан-правительдер түйелерді қазақ­тардан еріксіз жинап алады. Жергілікті қазақ­тар туралы саяси және әскери мәліметтер жинастыруға шығыс тілдерінің маманы О.Я.Ос­мо­ловс­кий Сыр бойына арнайы тапсырмамен ат­тан­дырылады. Осмоловскийге Ақмешіт бекі­нісінде орналасқан қоқандық әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бас­та­ған қазақтар туралы, Орта Азия хандықта­рының саяси жағдайы, Сыр бойындағы қазақ­тардың патша билігіне деген көзқарасы және та­ғы басқа да мәліметтер жинау тапсырылады. Мұ­ны­мен бірге В.Перовский Есет Көтібарұлы, Еле­кей Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бұ­қар­бай Естекбайұлы сияқты Кіші жүз қазақ­тарының батырлары мен сұлтандарын жорыққа қа­ты­суға көндіруді Арал бекінісінің басшысына жүктейді.

В.А.Перовскийдің Ақмешітті алу үшін жаса­ған келесі бір айласы жорық кезінде қоқандықтар мен хиуалықтардың күш біріктіріп шығуына тос­қауыл қою үшін оларға қарсы дипломатиялық әд­іс­терді қолдана отырып, екі хандықтың ара­сын­дағы араздықты өршітеді де, Хиуаны соғысқа араласпауға көндіреді. [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 14-іс. 194 п]. Сонымен қатар Перовский Кіші жүздің билеуші сұлтандарына жорыққа қажетті заттар­ды таситын түйелерді қазақтардан күштеп жи­нап алу жөнінде тапсырма береді.

Орынбор генерал-губернаторының бұл нұс­қауы қазақтардың ашу-ызасын келтіргені сонша­лықты, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмек­тескен сұлтандар мен билердің ауылдарын ша­бады. Сыр өңірінің қазақтары өздерін жаулауға шыққан патша әскерлерінің жорығына барынша зиян келтіріп, оны әр түрлі амалдармен тоқтатуға тырысты. Тіпті, жергілікті тұрғындар патша әс­кер­леріне Ақмешітке баратын оңай жолды көр­сетуден бас тартқан. Мәселен, 1854 жылы 8 қаң­тардағы Перовскийдің Сырдария шебінің қол­бас­шысына жіберген нұсқауында: "...Ал, Досбол би осының алдында да бізге оң пейілін көрсетпе­ген болатын. Сұлтан басқарушылардың талабы бойынша оған Ақмешітке баратын жолдарды көрсет деген кезде, ол және оның руластары Жө­лек­тің маңында көшіп жүрсе де, жолды білмей­тіндігін айтып, жол көрсетуден бас тартты", - делінген.

Орыс әскерлерінің Ақмешіт қаласында жоры­ғы алдындағы дайындық барысында Орынбор қаласына түрлі себептермен көптеген көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері бас қосты. Олар­дың ішінде композитор А.А.Алябьев, орыс түсін­дірме сөздігінің авторы В.И.Даль, жер аударылған ақын А.Н.Плещеев пен суретші Т.Г.Шевченко, шы­ғыс­танушы ғалымдар А.И.Макшеев, Н.В.Ханы­ков, суретші В.В.Баталист және т.б. болған. 1853 жылы 22 сәуірде әскер саны анық­тал­ғаннан кейін, патша әскерінің Ақмешітке қа­рай жорығы басталады. Деректер бойынша жо­рық­қа 1 генерал, 6 штаб офицері, 34 обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгер­лер қатысқан. Патша өкіметі бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалып, сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әс­кер, зеңбірек батареялары, инженерлік топтар, саперлік бөлімдер, казактар және әскери флотилия кірген. Жорыққа кейін тағы да 2 обер-офицер мен 158 жауынгер қосылып, жорық әс­кері 1068 түйеге артылған азық-түлікпен қам­тамасыз етілді. Сонымен қатар Бутаков бастаған "Перовский" кемесі мен "Обручев" баржасы қосымша күш ретінде Сырдария өзенімен жоғары қарай жорық әскеріне ілесіп жүзді.

Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, бекіністі қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншея­лар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскер келтірмеу амалын қарастырған Перо­вский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді. Кейін орыстардаң осы амалы өз-өзін ақтады. Себебі Ақмешітке көмекке келе жатқан қоқан әскері тоспадан жайылған судан өте алмай, уақыттарын өткізіп алады. Жорыққа шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, В.А.Перовскийдің бекіністі қоршау арқылы бағындырмақ болған жоспары іске аспады. Оған қоса бекініс маңайындағы қазақтар да басқыншыларға мал мен жем-шөп сатудан бас тартты.

В.А.Перовский енді шешуші шабуылға көш­песе, онда жағдайының қиындай түсетінін біліп, 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекі­ніске қарай оқ жаудырды. Бекіністі қорғаушылар жаудың күші әскери техникалық жағынан да, адам саны жағынан да көп басым болғанына қарамастан ұзақ уақыт төтеп беріп, патша әскер­лерінің зеңбіректерден атқылауына қарсы шабу­ылмен жауап беріп, бірнеше орыс әскерін өлтіріп кетеді. Бекіністі қорғаушылардың ерлігіне Перо­вскийдің өзі де таң қалып, Булгаков деген досына жазған хатында былай дейді: "Бекіністегі 300 адам­ды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспіз". [Захарьин (Якунин). Начало завоевания Коканда // ИВ. - 1901. - №6. - С. 107.].

Қоқан хандығындағы өзара таластар, Ұратөбе би­леушісі Абду-Гафардың Хұдияр ханға қарсы шығуы сияқты Қоқан хандығының өз ішіндегі бытыраңқылық Ақмешіт бекінісін Ресей импе­риясының тез жаулап алуына жағдай жасады. Бірақ, осыған қарамастан, ташкенттіктер Ақме­шітті қорғап жатқан өз қандастарына көмекке әскерлерін жібере алады. «Қоқандықтардың күшті әскері Ақмешітке қарай көмекке келе жатыр» деген хабар алғаннан кейін, В.А.Перовский жолдағы өткелдерден қоқанд-ықтарды өткізбеу үшін, күшейтілген орыс әскерлерін жібереді де, генерал И.В.Падуровқа Жөлекті алуды тапсырады. Ге­нерал Падуровтың Жөлекті алып, жағдайы оң­тайланған В.А.Перовский Санкт-Петербург­тен алып келген галваникалық құралдарды қолдану арқылы Ақмешіт бекінісінің қабырғасын бұзып, күшті артилериялық атқылауға ұшыратады. Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскеріне қарсы үш аптадан аса ерлік пен қарсы тұрып, аянбай соғысады. В.А.Перовский бекіністі қорғаушы­лардың берілуге дайын тұрғанына қарамастан 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне басып кіреді. Ақмешіт үшін болған шайқаста қорғаушылардың 206 адамы өліп, 35 адам жарақаттанса, орыстар жағынан 9 адам өліп, 16-сы ауыр жарақаттанып, 30 адамы жеңіл жарақат алған. Тұтқынға түскен 74 қоқандықтың біреуі ғана бұхаралық саудагер, қалғандарының барлығы жергілікті жердің қазақтары болып шықты. Олардың бәрі кейін «орыс билігіне қарсы шықпаймыз» деген уәде бергеннен соң ауылда­рына қайтарылған. Ақмешітті басып алған патша өкіметі бекініске мыңға жуық әскермен бірге 16 зеңбірегі бар күшті гарнизонды орналастырады. Сол жылдың 26 тамызында І Николай Ақмешіт бекінісін Орынбор генерал-губернаторының құрметіне "Перовский" форты деп өзгертті.

Осылайша, Перовский бастаған орыс әскер­лерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери страте­гиялық және саяси-экономикалық жағынан аса маңызды болды. Орыс әскерлерінің Ақмешітті басып алуы Ресей империясының иелігіне 500 шақырымдық жерді қосып қана қойған жоқ, бүкіл Кіші жүз қазақтарының жайлауларымен бірге қыстауларына да бақылау жасауға мүм­кіндік берді. Әскери және саяси-экономикалық жағынан үлкен маңызы бар Ақмешіт бекінісінен айрылып қалғанына көнгісі келмеген қоқан­дықтар орыс билігінен оны қайтару жолында бар күштерін салып, жанталаса күресті. Қоқан хан­дығындағы билік үшін талас-тартыс пен қазақ қыпшақтары мен сарттардың арасында болған өзара қырқысу соғысының зардабы зор болды. Ақмешіттің қоршауда болған уақытында оған дер кезінде көмекке келуі және орыс әскерлеріне тойтарыс беру мүмкін болмады. Яғни, Қоқан хандығындағы отырықшы халықтармен көш­пенділердің арасында жиі болып тұратын билік үшін соғыстың салдарынан қоқандықтар­дың орыстарға қарсы күресі жүйелі түрде жүр­гізілмей, үзік-үзік бөліктерден тұрды.

Қорыта келе, Қоқан хандығы билігі кезіндегі Сыр өңірі халқының әлеуметтік тарихын жан-жақты зерделеп, ашып көрсету қажет. Сыр өңіріне қатысты Алматы, Ташкент, Москва, Орынбор, Санк-Петербург қалаларындағы мұра­ғат­тардан құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу уақыт еншісінде.

К.АХМЕТОВА,

Ақмешіт музей филиалының меңгерушісі