Материалдар

АБАЙ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Абай Құнанбайұлы - ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебие­тінің, әдеби тілдің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы. Ол орыс және еуропа мәдениеттерімен ұштастыру арқылы қазақ өнерін жандандыруды көздеген ұлы тұлға. Ұлы Абайдың тамылжыған тамыз айындағы туған күнін қазақ елі ұмытпақ емес. Елбасы Н.Назарбаев: "Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс" деген сөзі әрбір қазақтың қанын қыздыртуы тиіс.

Бұғанасы өлең деп бекіген келер ұрпақ Абайды поэзияның музасы деп ұғынады. Абай өлеңінен сабақ алып, өмірінен ой түйеді. Қазақтың Абайын сағынып, ішкі шерін ақтарған бір топ жас ақынның өлеңдерін тыңдай отырып, өлең-сөздің түбіне терең бойлайтын ұлы ақынға арнаған бүгінгі өрендердің жүрекжарды арнауларын жария етіп отырмыз.

 

Мадақ

Адаланғанда әлемнен,

Абаған көрген асылым,

Сарлыққа біткен гүжімдей

Тұрпатыңа қарап тасыдым!

Ойдан жалыққан кезеңім

Жертабалаған кездерде,

Жетелігіме күш салып,

Жасығаным да жасырын.

 

Мезеден қаны тамшылап,

Мезгілін күткен сансырап.

Санамды түрткен жылнама,

Бұл күнде керек кімге, аға?

Мылқауды ұққан кереңдей

Ғапылдық қылса тұл ғалам,

Қасіретімді бұлдаман!

 

Қарақтап қасаң үгітке,

Қапталғы ел соны біліп пе?

Жиырма түндікті жұратта

Жұртым бар қарар үмітпен

Жерқылаң мінген жігітке.

 

Ғазаты көріп тағдырдың,

Ғасырмен өлшеп әр демін,

Күбіріңнен ғазал бүрлеттің

Күйігіңмен оны әрледің,

Жарадар рухым сол еді

Жансауға қылар қорегім,

Бұл ділсіз, мұңсыз дәуірге

Дабылгер болар дәрменім.

 

Ағаттан құнды сөз барда,

Ақықтан асыл жырларда.

Аспани мұңдай тап-таза

Аймаңдайлы аруға

Ағылып жатқан сырларда.

Ақ ала жылқы шұбалған

Ақ отты сонау қырларда.

Азғантай ғана Алаштың

Бағына біткен ақыным,

Ағалдан ада есімің

Айбынданып тұрғанда,

Алғаят қылған ұлтым бар

Ұлылығыңнан нұрланған.

Биболат САТЖАНОВ

 

Есімді ақтау немесе ақынның жасы

Халық - құдай, Құдайға бар не шамаң,

Көңілімде, көзімде жоқ еш алаң.

Аялдама, автобусқа отырдық,

Пірімовтың көшесінде бес адам.

 

Жақыным деп, айта алмаймын жатым деп,

Таныс жандар сөз бастады жақын кеп.

- Абай қойдық жалғыз ұлдың есімін,

Кім еді сол, жазушы ма, ақын ба ед!?

 

- Ә, Абай ма, оны мен де білермін,

Балам жырын жаттап жатқан түнеу түн.

- Малы бардың атағы бар, жо-жоқ, -

                                             деді бір дауыс,

Абай деген баласы бай біреудің.

 

Ашу қысып, миым бір сәт соққы алды,

Сөндіргендей кеудеден бар оттарды.

Ал, қырт орыс «Пушкинімнің қасында,

Абай деген ешкім емес» деп қалды.

 

Қасиетіңді, өлең, қалай қайтарам,

Абай жайлы жалғыз ауыз айта алам:

«Абай деген бір-ақ адам өмірге,

Жылап келіп, жылап кеткен қайтадан!»

 

Тым алысқа, биік бастап жыр көшін,

Қабыл көрмей елдің үлде-бүлдесін,

Абай деген, Абай деген... бір кезде,

Серпіген жан надандықтың түрмесін!

 

Жыр көзесі онсыз, сірә, толмаған,

Бұл қазақта кімдер ақын болмаған!

Ханның емес, жайын ұққан қараның,

Абай деген - соңғы қазақ, соңғы адам!

 

Бұл Абайсыз қай қиырға асып ек,

Оны білмеу - адамзаттық қасірет!

Қорғасындай қара өлең тұр өзекте,

Сол Абайдың жалғыз түйір жасы боп...

 

Бар қайғыны жүрсе-дағы өткеріп,

Хас жауына жіберді мен көп теліп.

Қазақ үшін қан жылаған Абайға,

Көбі кетті ат орнына оқ беріп.

 

Түсінбеген, түсінбеді - өшеді ел,

Жасты уыстап тұрмын мұңды еселер.

Ар үшін де, бәрі үшін у татыған,

Мен сұраймын ғасырымның атынан,

Уа, ұлы Абай, кешіре гөр! Кеше гөр!

Дина БӨКЕБАЙ


Ұлылық

Тұнық үнің білем нұр ашатынын,

Ашатынын, шұғыла шашатынын.

Алты Алашың бүгінде алақайлап,

Басынан түсірмейді бас ақынын.

 

Жан болмас шын сырыңа бөленбеген,

Бөлек үрден өр ерді көрем дер ем.

Қырық бес қара сөзді қазық қылып,

Қырықта қамал алдың өлең деген.

 

Біз бүгін жүргендейміз жылы өңірде,

Кінә да арта алмаймыз құр өлімге.

"Ескендірді" есіме сап қоямын,

"Мақсұттың" күйін кешсем мына өмірде.

 

Сұп-суық жүректердің жылуысың,

Сөзден сурет салғаның сұлу ісің.

Талайдың төпеуіне төзу керек,

Абайдың жолыменен жүру үшін.

 

Сіздей болсын шешен сөздің дүрі тек,

Бұл дәуірдің байқайсыз ба жыры дерт.

Рухани әлсіреген қазаққа,

Тағы келіп кетіңізші бір рет.

 

Сөз отына күйейін мен күй десең,

Өлеңменен, өр ер болып үйлесем.

Шығыс жақтан жарқыраса самала,

Абай үні естілердей күй кешем.

 

Мынау ғасыр біреулерге әңгүдік,

Ақын соны шырқай алар ән қылып.

Теперіштен тепкі көрген талант,

Жүректерде жатыр бүгін жаңғырып,

Жүректерден жай табады ол мәңгілік.

 Айдар САЙЛАУОВ