Материалдар

Алаш қайраткерлері армандаған астана

XIX ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының алдында "иә бармыз, иә жоқ­пыз" деген тағдыршешті мәселе өткір қойылды. Қазақ хандығының билік жүйесі түгелімен тарих қойнауына жіберіліп, Алаш даласы Ресей империясы қазығын мықтап қадаған үш қоныс - Орынбордан, Ташкенттен, Омбыдан басқары­лып тұрды.

Ұлы Абай өмір сүрген дәуірде "өз қолынан ер­кі кеткен" қазақ үшін "астана" деген ұғым арман­ға айналды.

Алаш қозғалысы қайраткерлері елдікті, еге­мен­дікті аңсаған тұста бұл мәселе тікелей қойыл­ма­ғанымен, жеке мемлекеттілік туралы ойдың арғы астарында жатқаны анық.

1924 жылы Кеңес өкіметінің шешімімен Орта Азияны ұлттық-территориялық жағынан меже­леу ісі жүзеге асырылып, бұрынғы Түркістан республикасының Жетісу мен Сырдария (қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алма­ты облыстарының жерлері кіретін) аймақтары Қазақстанның құрамына қосылды. Бұл бірігу бағдарын қазақ қайраткерлерінің біраз бөлігі ұлттық біртұтас мемлекет құруға жол ашатын жағдай деп тұспалдады.

Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, оқу-ағарту халық комис­сары, жер-су халық комиссары, Орталық Атқа­ру Комитеті төр­аға­сы­ның орынбасары қызмет­терінде ширы­ғу, шыңдалу мектебінен өткен жиырма тоғыз жа­сар Сұлтанбек Қожанұлы да межелеу комис­сиясының мүшесі ретінде маңызды мәселенің басы-қасында жүріп, оның барысына белсене араласты. Ол әуелгі кезекте елдің астанасын "ішінде қазақ атау­лыдан нышан жоқ", "қалың орыс ортасы", "отар қала - Орынбордан" (өз сөз­дері) қалың қазақтың ортасына көшіру қажет екендігін ресми мәжіліс мінбелерінен сөйлеген сөз­дерін­де, сондай-ақ баспасөз бетінде жария­лан­ған мақалаларында қайта-қайта қозғады.

"Мемлекет астананың жұртшылығына сүйе­ніп жұмыс істемесе, бас хұкіметтің ісі оң­бай­ды" (Ақ жол, 1924 жыл, 12 қараша), - деп жазған қайраткерді қазақтың кіндік қаласының шалғай шетте ірге тебуі, бүгінгі тілмен айтқанда, геосаяси тұрғыдан қанағаттандыр­мады. Орынбор қаласы туралы пікірлерін ол өзі басшылық жасаған, Түркістан Коммунис­тік партиясы Орталық Ко­ми­тетінің органы - "Ақ жол" газетінде жарық көр­ген "Ұлт шекара­сын ашу һәм Қазақстан", "Кешік­тірмей келісу керек", "Іс жүзінде орындау керек", т.б. мақа­лаларында бүкпесіз ашық айтты. "Қазақ­тың аста­насы орыстың туы тігілген қалада емес, қала­сы жоқтықтан қазақтың киіз аулында болса да, қазақ ұлты жұртшылы-ғына жуық болуы керек, - деп жазды Сұлтанбек. - Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмаған­дықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғай­лы үйлер керек емес, жаман да болса, өз орда­сы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлты­­ның ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбек­ші­лерінің көпшілігінің қамына керекті шара­лар іс жүзінде істелуі қиын... Орынбор - қазақ­қа баяғыда қоныс болған жерге орнаған орыс қаласы. Орынбор губерниясында қазақ жоқ, кетіп қалған. Орын­бордағы орыс еңбекшілері жұртшылық жа­сап, өз тұрмысын оңдау қамына жұмылып кіріскен. Оған барып Арқада һәм Түркістанда қазақ бар, соның да қамын қоса ойла, болмаса пәлендей қыламын деп зорлауға болмайды".

Ақиқатын айту керек, бастапқы бетте, Ста­лин­нің сөзімен сипаттағанда, «Ортаазиялық Шыңғысхан» - Қожанов бастаған топ Ташкент үшін тартысты.

Қаланың орналасқан орнының экономика­лық қарым-қатынасқа қолайлылығын, табиғи байлық төркіндеріне таяу тұрғандығын, Сыр­да­рия өзенінің егіншілікті өркендетуге мол мүмкін­шілік беретіндігін, ең бастысы - шаһар халқының тоқсан процентін қазақтар құрайтын­дығын тілге тиек ете отырып, ол көшу жұмыс­тарын кешеуіл­дет­пеуге шақырды.

Сонымен, есте жоқ ескі замандардан бері сай­ын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кеші­ріп үйренген қазақ қоныс жаңалаудың  бұрын бол­ма­ған тансық түрі - астана көшіне қамданды. Қазақ­тың көші қашаннан да сән-салтанатқа кенде болып көрген емес; астана шеруі де бағзыла­рынан бір мысқал кем түскен жоқ. Орынбордан Ақмешітке бой түзеп, үш жарым тәулік жүрген 12 вагонды отарба жолау­шыларының сапында көзімен көрген тарихи сәттер туралы Сәбит Мұха­нов өзінің "Есею жылдары" кітабының "Кө­ңілді сапар" деп аталатын тараушасында бір­қыдыру баяндап берген. "Еңбекші қазақ"газетінің ар­найы тапсырмасымен аттанған жазушы-журна­лист жол-жөнекей байқағанын қалт жібер­мей қағазға түсіруге тырысқан. Сұлтанбек келе жат­қан үкімет вагонында балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, әнші Әміре Қашаубаев, ақын Иса Байзақовпен бірге мәжілістес мейман болған тап­шыл Сәбең өзі ұлтшыл деп есеп­тейтін қар­сылас қайраткерді көзқарас қайшы­лығына қарамастан: "Сонда көрсем, Сұлтанбек шынында да адамшылық қасиет­тері мол, ойыншы, күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әдебиет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен",-деп мақ­тап жіберіпті. Естелі­гінің басқа бір тұсында ол белгісіз біреумен мынадай мәтін­дегі екеуара сұхбатты келтіреді:

" - Сонда, шаң басып жатқан осы - сиықсыз, болашағыда нашар қалаға астананы сүйреуші кім?-деген сұрауға:

- Сұлтанбек Қожанов,- деп жауап берді анау. - Бұл ара - оның туған жері. Ата-бабалары - осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда "Перовский" аталып келген қаланы Совет тұсында "Ақмешіт" ататқан да сол. Енді ертең ашылғалы отырған 5-сьезде "Қызылорда" ататып, Қазақстан астанасы жа­сат­пақ та, шама­сы келсе әдемі қалаға айнал­дыр­мақ.

 - Онысы болса!...

 - Болар-болмасын тұрмыс көрсетеді де".

Сәбиттің сұхбаттасы Сұлтанбек Қожанұлы­ның кіндік кескен жері мен тараған тегі турасын­дағы мәселеде қатты қателескен. Ал қалған мағлұматы еріксіз мойындатады. Көз жеткізу үшін Өзбекстан республикасының орталық мемлекеттік архивінен табылған төмендегі құжат­пен танысалық:

"Қазақ бөлімі және қазақ тұрмысын зерттеу жөніндегі комиссияның 1922 жылғы 11 сәуір­дегі бірлескен мәжілісінің №7 хаттамасы.

Тыңдалды: Бірқатар облыстар мен уездердің отаршылдық атауларын өзгерту туралы.

Қаулы етілді: Сырдария облысының Перо­в­с­кий мен Голодностепский уездері, сондай-ақ Семиречье облысы патша үкіметі белгілен­ген отаршылдық атауларды иемденіп отырғаны на­зарға алынып, бұдан былай олар өз тарихи атау­ларына сәйкес: Перовский уезі - Ақмешіт уезі, Голодностепский уезі - Мырзашөл уезі, Семи­речье облысы - Жетісу облысы болып өзгертіліп аталсын.

Қаулы ТүрОАК-і алқасының шешімімен 1922 жылғы 12 сәуірде бекітілді.

Қол қойған: ТүрОАК-і төрағасының орын­басары С.Қожанов" (17-қор, 1-тізбе, 105-парақ).

Міне, Иасатай-Махамбет, Жанқожа көтері­ліс­­терін жойып-жаншуда айуандық көрсетіп, Ақмешітті бағындыруда аяусыздық танытқан қандықол генерал Перовскийдің атынан уезд, оған қоса қала да осылайша құтқарылды. Сыр бойындағы іргелі шаһардың кеңес өкіметі орнағалы бері - атышулы Гержоттың лаңынан кейін - алғаш рет ес жиып, еңсе көтергені сол болатын. Келесі кезектегі мәртебе-мерейінің тасыған тұсы - астанаға айналуы.

Алайда орталықты Шымкентке көшіру жөнінде Орынборда бірнеше рет қаулы алынды. «Қазақстан кеңестерінің бас атқару комитеті Қазақстанды толық ұлт мем­ле­к­еті қылу үшін астананы тез арада Орын­бордан Шымкентке көшіруге қаулы қылды. Бұл қаулы - Қазақстан тұрмысында үлкен тари­хи мәнісі бар қаулы" (Ақ жол. 1924 жыл, 12 қараша, №501); "Біз болсақ,Түркістан облыс­та­рының бас қаласы болатын Шымкентке әлі бір таяқ шанышқанымыз жоқ" (Ақ жол. 1924 жыл, 26 қараша, №506); "Русия коммунист партия-сының Қазақстандағы облыс­тық коми­те­тінің атқару бюросы июльдің 8-інде бір, сен­тя­брьдің 14-інде бір - екі рет кіндікті Шым­­кент­­ке орнатуға қаулы қылды. Сен­тябрьдің 29-ы күні бүкіл Қазақстан кеңес­терінің бас атқару комитеті Ташкент тимесе, иә Ташкент мәсе-лесі кешігетін болса, әзірден-ақ тоқтаусыз Шымкент­ке көш деп Қазақстан үкіметіне жар-лық қаулы шы­­ғар­ды. Осы сөз сонан бері сөз болып, сол қаулы осы күнге дейін орындалған жоқ. Мәсе­ленің тарихи жағы осы" (Ақ жол. 1925 жыл, 28 қаңтар, №530).

Сол сәтте мәселенің тоқетер төрелігі, қи-сын­­­ды қорытпасын айтқан адам - жаңадан жасақ­талған Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болып бекітілген Сұлтанбек Қожан­ұлы-тұғын. Ол бастапқыда мәселеге алаңдаушы­лық білдіріп: "Соңғы кезде алған хабарларға қарағанда, айтыс үдегенге ұқсайды. Бұрын аты аталып, қаулы болған Шымкент еді. Қайта сөз болғанда, жанның барлығына ұнаған - "Ташкент темір жолының бойында болсын - Ақмешіт қаласында болсын" деген ұсыныс еді. Енді һәр қаланың аты бір айтылып, мәселе тереңге, шешу срогы ұзаққа кететін болыпты. "Бұл қиыншы­лық­ты көріп, айтысып әуре болғанша, Орын­бордың өзінде отыра берсек неғылады?" - деуші ақылгөйлер көбейіп кетті. Бұл - оңған белгі емес. Бұған алжаспау керек. Қазақстан астанасы Ор­ын­бордан кетпей бол-майды. Қазақстан астанасы Ташкент темір жолынан кетіп тағы болмайды. Ауылжақтықты қоздырып, һәркім өзіне тартып өшігіп, ақы­рын­да қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Адай, Сырдария, Жетісу, Қарақалпақ - барлығы Ташкент темір жолына байланысқан. Мұны ескеру керек. Ортаға қойылған мәселе Қазақ­станның жалпы астанасы екені ұмытыл­масын", - деп жазса (Ақ жол, 1924 жыл, 23 желтоқсан), кейінірек "Қазақстан кіндігі қай қала болсын?" атты мақаласында: "Әркім ауылына тартпай, жалпыға орталық жерге бір ауыз бола қалу керек. Дау көбейіп, сөз ұзай берсе, Қазақ­станның ілгері басуына жолкесір болғандай болып, отар қоныс Орынборда мұнан былай да отыра беруге тура келетінін ұмытпау керек. Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түс-тігі - Қарақалпақ облысы мен Сырдария губер­ниясы, күн­шығысы - Жетісу, теріс түстігі - Ақмола мен Тор­ғай, күнбатысы - Ақтөбе мен Орал болып, үл­кен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақ­ме­шіт үлкен қала болып кете­тіні анық", - деп пышақ­кесті пікірін білдірді. (Ақ жол, 1925 жыл, 28 қаңтар). Оның талап-тілегі қабыл болып, қолдау тауып, 1925 жылы ақпанның 9-ында Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіруге қаулы қылды. Соған сәйкес, Сұлтан­бек Қожанұлы "Лениншіл жас" журналының сол жылғы 1-2 санында "Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?" деген сауалға жан-жақты жауап қайтарды.

Сөйтіп астана Ақмешітке көшіп келді. Жаңа орталықта өткізілген ең бірінші мемлекеттік маңызды шара - Қазақстан Кеңестерінің бесінші сьезі еді. Бұл дүбірлі басқосу жоғары ұлттық өрлеу үстінде ұйымдастырылып, қыз­ды-қыздымен қабырғаға қызыл жалаумен қатар, Батыс Алашорданың жасыл туы да ілініп кет­кен­дігімен (КСРО кезінде бірінші әрі ақ­ыр­ғы рет орын алған айтулы оқиға ғой!) жұрт­ты бір дүрліктірді. Сонда ұлттық мақтаныш пен ар-намысты бейнелейтін кепиетті матаны қадаулы жерінен жұлып алып, пәрше-пәрше­сін шығарған әсіре белсенді большевик Угар Жәнібековтің көп ұзамай жынданып өлгендегі туралы хабар тарағандығын немен түсін­дірерсің... Қысқасы, осы сьездің делегаттары ел өміріндегі елеулі өзгерістерді көзбен көру бақытына ие болды. Астана көшіп келген бетте "Қоныс құтты болсын!" атты жүрекжарды ма­қа­ла­сын (Ақ жол, 1925 жыл, 15 сәуір) жария­латқан Сұлтанбек Қожанұлы құрыл­тайдың күн тәртібіне келелі мәселелерді кір­гізді.

Алқалы жиынға қатысушы, Қызылордада аш­ыл­­ған Қазақ драма театрының тұңғыш дирек­торы, қызыл қырғынның құрбаны Дінше (Дін­мұхамед) Әділов 1928 жылғы 27 жел­тоқсанда Біріккен саяси бас басқарманың тер­геу­­шілеріне берген жауабында былай дейді: "Бүкіл қазақтың Қызылордадағы сьезі. Қожа­нов президиум мүшелігіне енді де, сөз сұрады. Екі мәселе қойды: біріншіден, бұрынғы "Қырғыз республикасы" деген тіркес "Қазақ республикасы" болып төл атына сәйкес жөнделсін, екіншіден, Ақмешіт қаласының аты "Қызылорда" болып өзгертілсін деді". Сондай-ақ, Орынбордан келген делега­цияның алдында оқушылардың атынан сөз сөйле­ген - сол кездегі бозбала, кейінгі атақты ақ­ын Әбділдә Тәжібаев соңғы естеліктерінің бірін­де: "Астана көшіп келісімен-ақ, сәуір айында (15 - 19 күндері) Қазақ автономиялы республикасы Кеңестерінің сьезі болып, онда да Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен сол кезге дейін ұлтымыздың "қырғыз" делініп келген жалған атын өзгертіп, өзінің тарихи-этникалық "қазақ" деген атын қалпына келтіру туралы қаулы қабыл­данды. Тағы бір есімде қалғаны, Кеңес-тердің сол құрылтайында жаңа астананы Қы-зылорда деп атауға шешім шығарылды. Бұл да Сұлтанбектің ұсынысы арқылы өтті. Ол сө-зінде "қызыл" деген сөз большевиктер ұранына сай келеді, ал "орда" деген қазақ ұғымында да, тарихында да хандар отыратын әкімшілік орта-лығы болды, сондықтан бұл ұлттық дәстүрі-мізге лайық депті" (Егеменді Қазақстан, 1998 жыл, 10 мамыр), - деп жазды.

Әлбетте, Сталин мен оның сенімді серік­терін Қазақстандағы мұндай ұлттық серпіліс пен сіл­кініс дереу елең еткізді. Алашшылдар-ды ауыздық­тауға өз қандасы Нанейшвилидің қау­қары жет­песін сезген "халықтар көсемі" оның орнына Қазөлкекомның бірінші хатшысы етіп баршаға белгілі қаныпезер Гая Ицкович (Филипп Исае­вич) Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген ол өзіне ә дегеннен ұнамаған Қызылорданың ой­ран-ботқасын шығарып, белді қазақ қайрат­керлерінің, оның ішінде Сұлтанбек Қожанұлы­ның да соңына шырақ алып түсті. Мұның түпкі мақсаты - Сұлтан­бекті орталықтың қарауына жө­нел­ту арқылы қазақ қоғамындағы "ұлтшыл­дық" тенденция­сын тұншықтырып, содан соң өзіне бағы­нышты өлкеде ойындағыдай ойран ұйымдас­тыру еді. "Тәртіптілікке тәрбиелеу" үшін Мәс­кеу­­ге қызметке жіберу тәжірибесінің жай-жап­сары­нан жақсы хабардар Қожанұлы бұл әре­кет­ке қарсы табан тіреп қасарысып бақ­ты. 1924 жылы сөйлеген сөздерінің бірінде ол: "Неге екенін қайдам, жолдастарымыздың көбі түптің түбінде жұмақты Мәскеуде орналасқан деп ойлайды және бәріміз сол жұмаққа жетуіміз қажет деп қате түсінеді",-деп айтқан еді. Қазақ­станнан кеткісі келмегеніне қарамастан Қожан­ұлы партияның пәрменімен өзі жақтыр­майтын "жұмаққа" жіберілді. Құтылғанына қуанған Голощекин оған: "Қожанов - Орта Азия мен Қазақстан ұлттарының ішіндегі ең ірі қайрат­керлердің бірі. Барлық уақытта да партия-ке-ңес орындарында жауапты қызмет­тер атқарды және соңғы уақытта БК(б)П Қазақ өлкелік ко-ми­тетінің хатшысы болды. Саяси ой-өрісі зор қызметкер",-деп мінездеме берді. Қожанов­тың орнына болашақтағы "37-нің ұлы ұйым­дас­тырушысы" - Ежов отырғызылды. Қожан­ұлы үшін Қазақстанға қайтар жол мәңгіге жабылды...

Қызылорда қаласы да енді-енді көркейе бас­та­ған шақта астаналық тұғырдан тайдырыл­ды. Мұнан соң ел кіндігінің Ресей отаршылары 1916 жылғы көтерілістің сылтауымен әбден тізесін батырып, тамырын тереңге жіберген Жетісу өңіріне ауыстырылуының астарында да, қалай дегенмен, Голощекиннің жымысқы шовинистік саясатының өзіндік арғы есебі жа-тыр еді.

Сөйтіп, қазақ ұлтына осының ізінше келген ауыртпалық кезең азамат ретінде Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Жалау Мың­бай­ұлы секілді тұлғалардың биліктен аласта­луы­­нан, астана ретінде Қызылордадан айыры­луы­нан басталды.

Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, ілгеріде "қазақтың туын тіккен қиясы болған" Қызылорда қаласының тарихына қа­тыс­ты бір жайт - осы.

Сондай-ақ, Сұлтанбек Қожанұлының; "...те­ріс түстікте Ақмоланы қазақ қонысы қылып сақтап, қала салып, сол ауданды қырғыз-қазақ ұлт мемлекеті қылып ала алса да, Қазақстанға аздық қылмайды", - деген сөздері (Тілші. 1924, 31 тамыз, №131) бүгінгі мемлекеттігі­міз­дің болашағын күні бұрын болжауымен құнды.

Амантай ШӘРІП,

 

филология ғылымдарының докторы