Материалдар

Арал тағдырымен ойнауға болмайды

 Шаттығы шанақтан күй бо­л­ып өрекпіген, шалқар ай­ды­ны ша­ғал­а шаңқылымен жаңғы­рып, тау­дай толқындары тулақ­тай аласұр­ған Аралдың аптығы бү­гін­де құм­ға себілген судай ба­сы­лып қал­ған. Жағалауы көк­пен жалғасқан, балығы Арал халқына жылдар бойы азық болған теңіз бүгінде жаралы жол­барыс секілді. Балықшылар ата кәсіптен ажыра­май, таба­нынан су кеткен теңіз­ден нәпа­қа­ларын айыруға мәж­бүр. Бұ­рын­ғыдай балықтан тау тұр­­­­ғыз­баса да, талғажау қылар­лық не­сі­бесін судан тауып жүр. Ал, балық аулау жолына түскен жан­­­­дардың өзі жылына 8 мың тон­на балық аулайды екен. Осы күні балық өнімін өңдейтін 8 зау­­ыт Арал ау­данында жұ-мыс жасап тұр.

Бастан өтетін қысылтаяң шақ­­та, бұрынғы аста-төк ке-зеңді аңсау адам қанына сіңген қаси­ет. Осы­нау айтып келме-ген Арал апатына себепкер негізгі фак­тор­ларды  тізбек­теген ғалымдардың топшылауларын бір шолып шығалық. Аралды қасіретке тап қылудың жер­гілікті жер­дің тарихи-табиғи ерекшелік­терін ескермеу, ауыл шаруа­шылығын дұрыс жоспар­ламау, судың қорын есепке алмау, суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша кө­бей­тіп жіберу, жерді игерудің агротехникалық шараларын сақ­­та­мау және суды үнемді пайда­ланбау, табиғат ресурс­тарын пай­да­лануға жіберілген қателіктер мен оны меңгеруді ғылыми тұр­ғы­да негіздемеу секілді толып жатқан  себептері бар. Ең өкі­ніш­тісі, бұл қателіктер көзге ұр­­­­ып тұрса да, өңірдегі ахуал осы күй­інше әлі күнге жалғасып жатыр.

Жоғарыда аталған фактілер Ар­ал теңізі экожүйесіндегі тір­ші­лік атаулыны экологиялық дағда­рысқа әкелді. Бұл жағ­дайлар ад­ам баласының қолдан істелген қате­лі­гі ретінде дүние жүзіне бел­гілі. Арал өңірінде ту­ын­дап отыр­ған эколо­гиялық апат нышаны жыл өткен сайын теңіз суын тарыл­тты. Оның фаунасы мен фло­расын жойып бітіруге қарады. Топырақтың тұздануы өте жыл­­дам жүруде. Арал теңізінде ба­лық өсіру шаруашылығы тоқ­талып, соң-ғы жылдары ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғын­дардың әлеуметтік жағ­дайы тө­мен­деп кетті. Теңіз түбінен көте­ріл­ген улы тұздың мөлшері жы­лы­на 13-20 млн. тон­­на деп есепте­леді. Тіпті, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия респу-бликалары аума­ғына жетіп, ауыл шаруа­шылы­ғына зар-дабын тигізгені ай­тыл­ды. Топырақтың тұздануы Өз­бек­станда - 60%, Қазақстанда - 60-70%-ға артқан. Арал өңірін­дегі климаттың өзгеруі шөл бел­демінің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтым­сыз антропогендік экожүйе­лерге қарай ығыстыруда. Эко­лог ғалымдар­дың осы кезге дей­ін­гі еңбектерін оқып отыр­саңыз, осы сынды де­рек­терден көз ашпайсыз.

Тағы бір айта кететін жайт, Ар­ал өңіріндегі антропогендік фак­торлар ондағы тұрғындар­дың салт-дәстүріне, экономи­ка­лық-әл­еу­меттік жағдайына ті­келей әсер етуде. Жұмыссыз қал­ған балық­шы­лар әлеуметтік жағынан қор­ғансыз боп, бас­қа аймақтарға еріксіз қоныс ау­дарып кеткені де белгі­лі. Үкі­меттік бағдарламалар­дың қол­дауымен олар елге біртіндеп оралу­да. Соның өзінде дәл бұрынғы ахуал қайта қалпына келді деу қиын. Қазіргі Арал өңірінде адамдардың денсау­лық жағдайлары да күрт төмен­деп кеткен. Бұл өңірде соңғы мә­лімет­тер бойынша тубер­кулез, бүйрекке тас байлану, са­рысу, өкпе-тыныс дерттері өзге аудан, облыстармен салыстыр­ғанда жоғары көрсеткіштерге ие.

Қысқаша айтқанда, Арал теңізінің болашағы дүние жүзі халықтарын толғандыруда. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес, көптеген Шығыс ел­де­рінің тыныс-тіршілігіне өзге­рістер әкелмек. Ал, әлемдік кли­маттың өзгеруі, шөлге айналу, атмосферадағы ауытқушылық­тар, антропогендік экожүйе­лердің тұрақсыздығын туды­рады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікірталастар туғызуда. Арал мәселесі туралы халық­аралық конференциялар ұйым­дастырылды. Орта Азия рес­пуб­ликалары, Ресей, АҚШ, Жа­по­ния, т.б. мемлекеттер, ха­лық­аралық қоғамдастықтар қаржылай көмек көрсетті.

Арал теңізін қалпына кел­тіріп жандандыру жөніндегі бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Ғалымдар­дың нұсқауы бойынша олар төмендегіше кезеңдерден тұра­ды. 1.Сібір өзендерін Қазақ­станға бұру. 2.Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту. 3.Арал теңізін жартылай сақтап қалу. 4.Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу. 5.Жер асты суларын пайдалану. 6.Арал теңізінің өздігінен таби­ғи реттеулерін немесе толы­суын күту. Бүгінде Солтүстік Аралды сақтап қалу үшін көп­теген жұмыстар атқарылды. Екіге бөлінген теңіздің Қазақ­стан аймағындағы Солтүстік Аралдың деңгейі баяу болса да көтеріліп келеді.

Қазіргі кезде Аралды құт­қару бағытында батыл да жос­парлы түрде жұмыстар жасалу­да. "Арал тағдыры - адам тағ­ды­ры" болғандықтан, ғажайып су қоймасын оны сақтап қалу қа­зіргі ұрпақтың болашақ алдындағы борышы. Кезінде Арал халқын көшіру жөнінде әңгіме қозғалғанда Шерхан Мұр­тазаның қаһарына мініп: "Ол жақта да бір қауым ел бар ғой. Сол елдің кіндік қаны там­ған топырағы, ата-бабалары жатқан жері емес пе?! Бабала­рының бейіттерін тастап қалай көшеді?" дегені есімізде қалып­ты.

Расында, Арал тағдырымен, Адам тағдырымен ойнауға бол­майды!

Арал тағдырына алаңдау­шылар жетерлік. САРАТС жо­ба­сы осы игі істің көш басында тұр. Сыр өңірінде "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Сол­түстік Арал теңізін сақтап қалу" жобасының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. "Ғасыр құры­лысы" аяқталып, Көкарал бөгеті пайдалануға берілгелі Арал жұртшылығының тіршілігі сәл де болса қайта жандана баста­ғандай. Ата кәсіпті түлетіп, те-ңіз жағалауын күзетіп жүр­гендердердің тірлігіне береке кіруге жақын. Биыл САРАТС жобасының екінші кезеңі баста­лады. Сүйінші жаңалықты об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан халқымен өткен кездесу­де мәлімдеген болатын. "САРАТС жобасы - Аралды жан­дан­дыруға көмегін тигізеді. Биыл осы жобаның екінші ке­зең­ін бастаймыз. Бұл Елбасы­мыз­дың тікелей қолдауының арқасында жүзеге асатын бола­ды. Осылайша, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Арал халқына өзінің қамқорлығын көрсетуде", - де­ген еді аймақ басшысы. САРАТС жо­басының екінші кезеңіне қажетті қаражаттың жартысы дүниежүзілік банктен бөлінсе, қалғаны республика­лық бюджеттен алынған. Жал­пы, бұл кезең 8 жобадан тұра­тын болады. Алдағы мақсаттар орындалған жағдайда Арал теңізі аудан орталығына бір шақырым жақындайды. Жаңа­дан жұмыс орындары ашылып, балық аулау көлемі артады. Айта кетейік, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Арал хал­қы өзге аумаққа үдере көшкен болатын. Теңіз тартылған тұста тұрғындардың басқа амалы да қалмады. Ал, еліміз тәуелсіздік алып, САРАТС жобасын жүзе­ге асыру басталғаннан кейін балық шаруашылығымен айна­лыс­қысы келетіндер теңіз жаға­сына қайта қоныстанды. Жергі­лікті халықтың екінші тыны­сының ашылуына Көкарал бөгетінің салынуы сеп болған. Ұзындығы 13 шақырым бола­тын нысанның арқасында Кіші Арал қайта тулап, су маржан­дары көбейе бастады. Көп кө­ңіл­дерге үміт сыйлаған осы жобадан халық та мол нәтиже күтеді. Лайым, солай болғай!

 Айдар САЙЛАУОВ