Материалдар

Топ жарған театр ұжымы анықталды

Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңлағы, ең сәулеттісі де – халықтың өнері, яғни жүздеген жылдар өтсе де мұқалмай, сыны қашпай, саф күйінде сақталып келе жатқан халықтың ең асыл мүлкі. Қазақ елінде сөз өнерінің салмағын саралап, әдебиет әлемінде өзінің қолтаңбасын қалдырған қаламгерлер қаншама. Олардың шығармашылығы елдің еншісіне тиген қазына. Сол арқылы әлем жаңарады, адамдар өзгереді, өзің және өзгені тани түседі. 

Қаламымен қазақ халқын қамшылаған қаламгер-лердің бірі – Қалтай Мұхамеджанов. Ол – Сыр өңірінің тумасы, шығармашылығымен көпке ой тастаған жазу-шы, драматург, аудармашы. Бар талантты бойына сіңірген нар тұлғаға биыл 90 жыл толып отыр. Осы орайда, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Қаламы қарымды Қалтай» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – жазушы шығармалары арқылы халық театрлары мен драма ұжымдарының өнерін насихаттау. Тақырыптық спектакльдердің заманауи сахналану ерекшеліктерін саралап, репертуарлық бағыт-бағдарын анықтау. Сонымен қатар, өнер ұжымдарының шығармашылық байланысын арттыру және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер туғызу.

Аталған байқауға облыс көлеміндегі 11 халық театры және 1 драма ұжымы қатысты. Сахна мен әдебиетті бір арнаға тоғыстырған драматург туынды-сын шеберлікпен орындау актер үшін маңызды. Себебі, әрбір кейіпкердің рөлін жоғары дәрежеде сомдап, көрерменге ой тастау – басты мақсат. Байқауда бақ сынауға келген театр ұжымдары бір-бірінен өткен талантты әрі тәжірибелі. Шара аясында жазушы Қалтай Мұхамеджановтың мазмұнды да мағыналы туындыларын сахналаған театр ұжымдары сынға түсті. Байқауға сценарист, режиссер Оңталап Нұрмаханов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар-масының бөлім басшысы Қарлығаш Жүсіпова, Н.Беке-жанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы  Залипа Төлепова мен музыка бөлімінің меңгерушісі Рүстем Ізтаев және аталған театрдың бас суретшісі Нұркен Қалымбетов төрелік етті. Театр ұжымдары «Бөлтірік бөрік астында», «Өзіме де сол керек», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын» комедиясы және «Біз періште емеспіз», «Осылай да кездесу болады», «Менің дертім» сынды драмасынан қойы-лымдар қойып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Әрбір сахналық қойылымның айтары бар, алайда сол ойды көрерменге көркемдеп, шынайы жеткізу сахна адамына байланысты екені белгілі. Байқау барысында адам бойындағы жағымсыз әдеттерді сықақ-күлкі ретінде жеткізе білген актерлер көптің көңілінен шық-ты. Қазылар алқасы да топ жарған театр ұжымын анық-тау үшін әрбір актердің шеберлігін бағалап, әрбір қойылымды көрерменге ұсыну деңгейін зерделеп, өз бағасын берді. Нәтижесінде, жүлделі ІІІ орынға Сырдария аудандық, Жаңақорған аудандық  және Арал аудандық мәдениет үйлерінің халық театрлары ие болды. Ал, ІІ орынды Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің халық театры қанжығасына байласа, Арал ауданынан келген Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің халық театры І орынмен марапатталды.

Әдебиет те, театр да – көркем өнер. Жазушы өмірден түйген ойларын бір арнаға тоғыстырып, туындыны оқырман қауымға ұсынса, театр – көрерменге көркем-деп, шеберлікпен бейнелеп жеткізетін орта. Шара аясында қала тұрғындары әдебиет пен мәдениеттің құндылығына сусындап, демалып қайтты.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА