Материалдар

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КЕШ

Еуропада музей тек мәдени орын ғана емес, туризм мен тарихты жандандыратын мекен саналады. Сондықтан да жұмыр жердің жұмыр басты пенделері музей ісіне байыппен қарайды. Осыдан болар, 1978 жылдан бері 18 мамыр - халықаралық музейлер күні болып ресми бекітіл­ген. Әлемнің 150 мемлекетінде тойланатын мейрам Қазақстанда 2006 жылдан бастау алған. Жылдар жылжып, уақыт алмасқан сайын музей ісіне көптің көңілі бұрылып, көзқарасы өзгерді. Елімізде де бұл айтулы күн түрлі форматтағы ша­ра­­лармен әспеттеліп, тарихи жәдігерлермен толығады.

Расында, өткенге көз жіберіп қарасаңыз, Сыр жерінде табылған көне жәдігерлер мен құнды мұ­ралар жетерлік. Олардың ізін жоғалтпай, та­рихын бейнелей отырып келешек ұрпаққа жет­кізу музей қызметкерлерінің міндеті. Талай жыл­дан бері тарихи экспонаттармен толығып келе жатқан облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл­ғы жылы "Музей түні" шарасын өзгеше форматта атап өтуді ұйғарыпты. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келген сәтте тарихты қайта жаңғыртуға ниет білдірген музей мамандары болашаққа қадам жасай отырып аманат капсуласын жасап, тарихты бейнелеу ісіне үлес қосты.

Аманат капсуласы 2050 жылға арналған құн­ды дерекқор болмақ. Аймаққа белгілі аза­маттар мен ғалымдар, руханият жанашыр­лары мен бел­сенді жастар келешекке деген арман-тілектерін жазып, капсула ішіне салады. Бұл келешек ұр­паққа аманат етілетін, өткен мен бүгіннің арасын жал­ғайтын тарихи көпір іспетті. Шара бары­сында капсуланы музей директоры Бақыт Бекмам­бетке облыстық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Сейілбек Шаухаманов табыстай оты­рып, қаланың өткен тарихына тоқталды.

Музей түні акция мұнымен тоқтап қалмады. Қоғам алға басқан сайын халықтың көзқарасы өзгеріп, музейге табан тірейтіндердің қатары жыл са­нап артып келеді. Музей директоры Бақыт Бекмам­беттің айтуына қарағанда, соңғы жыл­дары белсенді азаматтар өткеннен белгі болып қалған тарихи жәдігерлерді әкеліп, музей қорына ұсынып келеді. Бұл музей ісіне деген жауап­кер­шіліктің жоғары әрі халықтың ықыласының зор екенін айғақтайды.

- Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай облыстық өлкетану музейі 200 экспонатпен толықты. Байыпты бастаманы ай­маққа еңбегі сіңген, белгілі азамат, облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шауха­манов музейімізге 150-ге жуық экспонат табыс­тап, сонау тарихтан сыр шертетін маңызды мұра­лар мен құнды құжаттарын тарту етті. Сонымен бірге, ел руханиятына бей-жай қарай алмайтын азаматтар киіз үйдің сүйегі, жас шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар, соғыс және тыл арда­герлерінің медаль-ордендері мен латын қарпін­дегі құжаттарды бізге сыйлауда. Ертең осы музей қорына мұра қалдырған азаматтар келешекте не­мерелерін ерте келіп, өзінің арғы ата-бала­ла­рының мұраларын насихаттай алады,-дейді Бақыт Бекмамбет.

Кешқұрым музей мамандары мерекені ашық аспан астында атап өтуді жөн көріпті. Осылайша жақында ғана халық игілігіне бағытталған өнер арба­тында "Музей түні" мерекелік шарасы жал­ғас­ты. Салқын самал аясында қаз-қатар орын теп­кен қолөнер бұйымдарының бұрышы, сырлы суретші­лердің мекені қызылордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, шарада Қызылорда қаласының 200 жылдығы, облыстың 80 жылдығы, Астана қаласының 20 жылдығына арналған "Тарих белестері" атты фотокөрме және "200 жәдігер" атты музей қорындағы экспонат суретінен дайындалған фотосушка халық назарына ұсынылды.

Көптің назарын аударған жергілікті қолөнер шеберлерінің «Ұлы жібек жолының ізімен» атты көрме-жәрмеңкелері халықтың мәдени де-малысын жақсарта түсті.

Музей директорының орынбасары Жаннат Ахметова «Музей түні» маңызды шарасының өнер арбатында өтуінің өзіндік мәні бар деп есептейді.

- Музейді құнды заттар тұратын қойма деп қарамау керек. Тарих пен мәдениетті сабақ-тастыра отырып, өткен мен бүгінді жалғайтын музей ісі кез келген тұрғынға рухани әрі мәдени серпіліс сыйлайды. Өнер арбатындағы думан-ды кеште жастардың қолдауымен түрлі деңгей-де мәдени шаралар, «Жайдарман» ойындары мен сырлы вокалды аспаптар ансамблінің кон-церті шараны қызықты етіп өткізді. Сонымен бірге қоғамдық музейлермен бірге «Мобильді музей» атты жылжымалы көрме де келген адамның назарын аударып, бір сәт тарихи сәтке көңіл бұрғызды,-дейді Жаннат Дәуренқызы.

Музей түні барлық жастағы тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Тарихи таңбалар мен мұралар бейнеленген тарту сыйлар, музыкалық думанды кеш, мектеп оқушылары арасындағы «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Ар-қан тарту» сынды «Ой сергітер» атты ұлттық ойындар көрінісі, «Үкілі домбыра» оркестірінің халық әндері, «Тарихынды таны» тарихи квест ойыны тұрғындардың көңілін бір сәт аулады.

Қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау, музейге келушілерді көптеп тарту, музей қорындағы туындыларды насихаттауды мақсат тұтқан музей қызметкер-лері бұл күні марапат төрінен көрініп, халық-тың ыстық ықыласына бөленді.

Өткен мен бүгінді жалғап, аға буын мен жас-тардың басын қосқан «Музей түні» шарасынан қызылордалықтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Мәдени шара арқылы халық музей-лер күнін тек кәсіби мамандардың ғана емес, музейдің мәдени институт екендігіне көзі жетті.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН