Материалдар

БАСАЛОВ ПЕН ШАШАЛОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Басалов пен Шашалов және басқалар

Бұйрық алса Басалов,

Болсын кәрі-жас анық,

Сол бұйрықпен бірден-ақ,

Біреудің кетер басы анық.

 

Шатаққұмар Шашалов,

Қайрақта біткен қашалып.

Қаперсіз тұрсаң қолына,

Тасадан атар тас алып.

 

Дүйім жұртта Бөскенов,

Домкратпен Өскенов,

Құдайдан да, кісіден,

Көрген емес сескеніп.

Жөн сөз айтсаң Ақыров,

Бірден кетер атылып...

Ұшып тұрып үстіңе,

Жібереді қақырып.

 

Алдына барсаң Дәметов

Алақтап тұрар дәметіп...

Қолына қыссаң ісіңді,

Орындайды "заң" етіп.

 

Жайынауыз Жемқоров,

Жүргені ылғи жем торып...

Пісілей де шикілей,

Семірген әбден жем сорып.

Бұзық - бірді жығады,

Мылжың - мыңды жығады.

 

Артық асаған сытылар,

Сарқыт асаған тұтылар.

 

Жемқор қайда деме,

Жаныңда жүр...

Сыбайласы қайда деме,

Маңында жүр...

 

Құтылады ЗОР маңдай,

Тұтылады сормаңдай.

 

Күшті болса тірегі,

Есікті теуіп кіреді.

 

Жарлы - жалтақтап жүрер,

Жағымпаз - жалпақтап жүрер,

Қалталы - шалқақтап жүрер...

Баға бағамдары

1 (бір) - ауыр баға,

2 (екі) - жауыр баға.

3 (үш) - демеуші күш,

4 (төрт) - тәуір баға.

Үлгілі іс көп 5-те...

Ұмтылған жөн 5-ке!

ххх

Арзан - көзден ғайып болды,

Қымбат - қанат жайып болды...

ххх

Барлық істің белгісі,

Байқасаң жақсы-жаманы.

Білінер артық-кемдігі,

Осылай баға бағамы.

Бар салада бағалар,

Ұстатып тұр жағаны...

Таймастай етіп қаққан ба,

Табанына тағаны?!

Интернеттегі игі іс

- Ойланбай ойнайтын өмірден оңды-солды ойлайтын өмірге аяқ басқандарыңа да бір-екі жыл болды. Хал-жағдайларың қалай?

- Иә, алғашында басын иіп бағынды, жасады істер жағымды. Кешіксем іздеп сабылды, сәл көрмесе сағынды.

Келе-келе орынды тірлік айтпады, айтқанынан қайтпады. Бар ма, жоқ па демейді, ультиматум көбейді... Күн сайын талап күшейіп, көлемі мүлде кеңейді... Күн өткен сайын қабынды, қарғап-сілеп қағынды... Сырласына шағынды, шаң да талай қағылды... Төркінге де ағылды, сапырды судай шағымды... Алтын, гауһар тым қымбат алып бер деді лағылды. Ойпырмай, мынау заманда, осылай таптым "бағымды".

- Бір-біріңді көріп біліп қосылған жоқсың ба, сол кезде одан шошынған жоқсың ба?

- Көке-ау, өзін бұрын көріп білген емеспін, келешегімді қаперге ілген емеспін. Ол кезде бір-бірімізден алыстамыз, интернет арқылы танысқанбыз.

- Алдағыңа алаңдамаған, болашағыңды бағамдамаған, үйленуді тойынға айналдырған, үй болуды ойынға айналдырған өзің екенсің ғой. Иә, бұл басқаға сабақ болғай!

Қазыбек Әшірбекұлы