Материалдар

ҚАЗАҒЫМ ЫРЫМ ЕТЕР...

Ұлы дала елінің өзіндік жазылмаған заңдары бар. Алайда көшпенді мәдениеттің тоқырау тұ­сында ол да түбегейлі жойылып біткен. Әйтсе де, сол саф ал­тын­дай салттың бүгінгі сарқын­ша­ғы еміс-еміс қана бой көрсетіп жүр. Қазаны от­тан, өздері аттан түспе­ген ел бала тәрбиесіне де аса ыждағаттылықпен қарап, болашақ үшін алаң­дағаны бізге мәлім. "Ұят, обал, жаман болады" деген үш сөзді санаға сіңдіруге ат­салысқан екен біз­дің дана бабаларымыз. Соның ішінде ырым-тыйымдардың да қазақ өмірінде ала­тын орны ора­сан. Кейбір қазақы адамдар ырымды тәрбие құра­лы ретінде де пайдаланады. Осыған орай ел арасында жиі айтылатын, алайда оның көпшілік сы­­рын біле бермейтін ырымдардың құпиясын аш­пақ­пыз. Үлкендер балаларға "есікке керілме, таба­ныңды тартпа, үйдің ішінде ысқырма" деп жатады. Бәрінің өз себебі бар. Сондықтан ана мен балаға қа­тыс­ты ырымдардың құпиясын көне­көздердің көз­қа­расы бойынша тарқатып көргенді жөн санадық.

Ең әуелі қазақ баланы санамайтыны және санын не үшін айтпайтыны хақында. Бұрын "ата­дан жалғыз ұл болса да, әкеден он перзент қалса да, бала санын атап айтып, санауға болмайды" деп санаған. "Көз тисе немесе жау жағадан ал­ған­да айырылып қала­мыз" деп қорқасоқтап, осын­дай ырымды өмірде жиі қол­даныпты.

Келесі ырымдар тағамға байланысты. Қалжа же­меген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икем­сiз болып өседi. Оған қоса "Толғағы қатты бола­ды" деп екiқабат келiншекке толарсақ жегiзбейдi. Ауыл қа­риялары балаға асық етiн мүжiтпейдi. Се­бе­бі "Алты жы­л аш болсаң да, асық етiн мүжiме" деген бар. Ол аз ­десеңіз, "Аты сүрiншек болады" деп балаға төстiң сүрiн­шегiн жегiзбейдi. Мұның бәрі әрине, бүгінгі көзқараспен санаға сыймай­тын сөздер болар. Де­ген­мен бұл қазақ елінің тари­хы. Қазақылықты ұстан­ған отбасылар бұл ырым­дарды әлі күнге дейін "кәде­ге асырып" жүр.

Сәбилерге қатысты ырымдар да өзінше қы­зық. Есіңізде болар, бұрын аналарымыз бесікке бала бөлеп жатқанда "отырыңдар, баланың ұйқы­сын алып ке­те­сіңдер" деуші еді ғой. Сонымен қатар баланы бесiк­ке саларда ешкiм сөйле­мейдi. Егер бiреу сөйлеп қойса, "бала жы­лауық, өскенде өсекшi болады" деп ба­жай­лаған. Бө­бек­терге байланысты мына қызық ырымды ес­тіп тағы таң қалдым. Сәби шалқасынан жатып баш­пайын тiстесе, оны "үйiрiн шақырып жатыр" деп ырымдайды. Яки, оның соңынан тағы бiр ба­ла келедi деген ұғым бар. Ол ол ма? Қазекең сәби­­дiң қырқынан шыққанда қарын шашын ал­маса, "қар­ғысы қатты болады" деп есептепті. Тіп­ті, қарғыс өтпеу үшiн оны үш кемпiрдiң екі аяғы­ның астынан өткi­зiп алған әңгімелерді көркем әдебиеттерден оқи­тынбыз. Енді мына ақпарға қа­раңыз. "Сәби шалқа­сынан жатып ұйықтаса, елге белгiлi азамат болып өседi, бүк түсiп ұйық­таса, уайымшыл, жiгерсiз болып шығады, етпе­тi­нен жатып ұйықтаса, ойшыл болады" деген сын­ды ырымдар да бар. Оның қаншалықты шын­дыққа жанасатыны белгісіз. Бірақ, бұғанасы бекімеген бөбек жайындағы таңқаларлық ырым­дар толып жатыр. Соның бірі үйге кiрiп келе жат­қан бала есiк алдына құлап қалса, "үйге береке, ырыс, байлық ке­ледi" деп топшылап, ол баланы төр­ге апарып, үш рет аунатса, құт сол шаңыраққа тұ­рақ­тайтын көрі­неді. Қазақтың қара дома­лақ­тары бұғана ұстамай-ақ кеткен шығар. Себебі бұ­ға­на ұстаған баланың бойы өспей қалады екен. Осы ырымға ұқсас "мал­дың бас сүйегін ұстаған ба­ланың ата-анасы марқұм бо­лады" деген де ырым ел ішінде етек жайған.

Бабаларымыз баланың бас амандығына баса на­­зар аударса керек. "Есiктiң тұтқасын жуған су­мен көз тиген баланың бетiн, екi алақанын, екi та­ба­нын жу­са, тәуiр болып шығады" деп есеп­теген. Содан соң қыз баланың да тәртібіне аса назар аударған. Қыз­дың басына ақ, қара орамал тарт­пайды. Ақ - жау­лықтың, қара - қайғының бел­гiсi. Қыз бала есейіп, ана болған шақта да түр­лі ырымдар алдынан шығып отыр­ған. Соның бірі "жүк­тi әйел шашын кессе, iштегi бала кемтар болып туады, бақыты кесiледi" деп, тыйымдарды қа­таң түрде қадағалауда ұстаған. Сонымен қатар "әйел итке тас лақтырса, үйдiң ырысы кетедi, әйелдiң бағы шау тартады" деген де түсінік көп айтылады. Келiндер бұл міндеттерге қоса атасы мен енесiнiң төсегiне отырмайды.

Келіні сәби сүйгеннен соң 40 күнге дейiн қо­лын суық суға малса, "баласы тас бауыр болады" деп, енелер келінін бір сәт болсын көзден тасада қал­дырмаған. Сәбидiң тiлi мезгiлiнде шықпаса, на­ға­шысының үйiнен апарып, бiр қойды сой­дырып, соның көтеншегiмен буындыру сынды жоралғылар балғындар үшін үлкен сынақ секілді.

Сенімі күшті болған қазақ елі жатталып қал­ған, дәстүрлі салттардың өзін ырымға айнал­дырып жіберген оқиғалар да бар. Бұның бәрі бұ­рын­ның бүкпесіз көріністері. Ақыл тісіне құрт түс­пейтін қазақ сынды текті елдің мықтылығы осы тектес тәрбиенің астарында жатса керек.

 

Айдар САЙЛАУОВ