Материалдар

ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-40 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІНДЕГІ САЯСИ-ҚУҒЫН СҮРГІН ҚҰРБАНДЫҒЫ

Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғау­шы­ларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдау­шы­ларға "тап жаулары", "ұлтшылдар", "жат пікір­дегілер", "әлеуметтік қауіпті элементтер" деген жала жауып, оларға деген теріс көзқарастарды қалыптастырды. Жазалау органдарының қызметі күшейтілді. Қазақстан территориясында саяси қуғын-сүргін 1928 жылдары Алаш қозғалысына қатысқан қайрат­кер­лерді тұтқындаудан басталды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Қоңырқожа Қожықов және басқа да ұлт зиялы­ларына "халық жауы" деген айдар тағылды. Сталиндік зұлмат жылдарында қазақ зиялы­ларының 70%-ға жуығы атылды, қалғаны абақтыға жабылып жазаланды.

Сол кезеңде Қызылорда облысында да жеке адамдарға бағытталған қуғын-сүргін өте қатал түрде жүргізілді. Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, 1930-1939 жылдары ОГПУ-НКВД органдары 4 мыңға жуық адамды жазалаған. Олардың ішінде 300-ден астам адам ату жазасына кесілген, қалған­дары бас бостандығынан айырылып, арнайы лагерьлерге жөнелтілген.

 

Облыстық партия ұйымының қызметі Сталиннің жеке басқа табыну саясаты ықпалы­мен жүріп жатты. Сталиннің Кеңес қоғамының социализмге қарай қадам басқан сайын таптық күрес барынша шиеленісіп, ақыры негізсіз жаппай қуғын-сүргінге әкеп соқтырды. Халық жауларын іздеу партия қатарынан басталды. Ол саяси жұмысқа үлкен зиян келтірді. Тек қана Қызылорда облысы бойынша БК(б)П қатарынан халық жауы ретінде бір жыл ішінде 113 адам шығарылып, сотталды.

 

Саяси жағдай мынаны айқын көрсетті. Облыс­тық партия конференциясында Сталин­нің нұсқауында көрсетілгендей, коммунистер арасындағы халық жауларын анықтау мәселе­леріне басты назар аударылғаны тегін емес. Конференцияға дайындық барысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ұйымдастыру бюросының көптеген мүшелері "халық жауы" деп танылды.

Сыр өңірі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар саны аз болған жоқ. Көптің білетіндері бар және әлі де зерттеле қоймаған, есімдері атала бермейтін қуғын-сүргін құрбан­дары да баршылық.

Мұстафа Темірбаев 1907 жылы Жаңақор­ған ауданы, қазіргі 15 ауылда дүниеге келген. Орта білімді. 1926-1930 жылдары Қызылорда мұғалімдер дайындайтын институтта оқыған. 1930 жылы Шиелі қыстағындағы 7 жылдық мек­тептің бастығы, 1930-1934 ж.ж. Шиелі аудандық ағарту бөлімінің инспекторы, 1934-1938 ж.ж. Жаңақорған орталау қазақ мекте­бінің директоры болған. 1938 жылы "мемле­кеттен мектеп салуға бөлінген қаржыны жұм­са­маған, салынған мектептер сапасыз" деген айыппен НКВД тара­пынан тұтқындалған. 1938-1940 ж.ж. қамауда болған.

Қалмағанбет Жайлыбаев 1910 жылы Жаңа­қорған ауданында дүниеге келген. Тұт­қын­далар алдында Жаңақорған аудандық ағарту бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 1938 жылы "мемле­кеттен мектеп салуға бөлінген қаржы жұмсал­маған, салынған мектептер сапасыз" деген айыппен НКВД тарапынан тұтқындалған. 1938-1940 ж.ж. қамауда болған [Қызылорда облыстық музейі. Қордағы архив құжаттары. КЗМ КП 4683/12, 1-3 б.].

Сейітбек Кембаев 1897 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Шымкент қалалық кеңесінің төрағасы болған. 1937 жылы 12 мау­сым­да тұтқынға алынған. 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілген. 1958 жылы 17 сәуірде ақталған [Қызылорда облыстық музейі. Қордағы архив құжаттары. КЗМ КП 4683/24, 1-2 б.].

Ахмет Бақтығұлов 1898 жылы дүниеге келген. Әлеуметтік жағдайы - орташа, білімі - орта. 1925 жылдың 4 маусымынан ҚКП(б) мү­ше­сі. Партиядан шығарылған уақытта Қызылор­даның аудандық әскери комиссариатының басшысы қызметін атқарған. 1937 жылдың 9 қарашасында Қызылорда облысының ҚКП(б) қаулысымен "Халық жауларымен" қарым-қатынас жасағаны және оларды қамқорлығына алғаны үшін ҚКП(б) мүшелігінен шығарылған. 1937 жылдың 14 қарашасында А.Бақтығұловтың ісі қайта қарауға берілді. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында өткен партколлегияның отырысында А.Бақтығұловқа тағылған айыпқа қарсы дәлелдердің табылма­ғандығы анықталады. Отырыс соңында А.Бақтығұловтың Қызыл Армия қатарында ұзақ жылдар қызмет атқарғаны және аудандық әскери комиссариаттағы жұмысына берілген оң пікірлерді ескере отырып, партияда қалдырып, саяси соқырлығы және партиялық қырағылығын жоғалтқаны үшін қатаң сөгіс жариялайды [Қызылорда облыстық музейі. Қордағы архив құжаттары. Выписка из протокола №14. Сек­ретно, 1 б.].

Қармақшы ауданы бойынша репрессия құрбандары. Қармақшы аудандық ОГПУ бөлімінің қаулысымен барлығы 1930 жылы 11 азамат қамауға алынып, РСФСР ҚК 58-бабының белгілі тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалған, оларға негізінен құмдарға барып "қарақшылық топтар құрған", сөйтіп "Кеңес өкіметін құлату мақсатында әрекет жасаған" деген айыптар тағылған. ОГПУ сенімді өкілі жанын­дағы үштіктің тергеу қорытындысында оларға тағы да "қарақшылар қатарына қосылуға жұрт­шы­лықты үгіттейді, қызыл отрядтарға қарсы ұрыста белсенділік көрсетті: Ақмырза молда бас­қар­ған қарақшы­ларды азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етіп отырды, қарақшылар талқан­далғаннан кейін құм арасына барып тығылып, қызыл отрядтардың қолына түспеу шараларын жасады" деген айыптар тағылып, РСФСР ҚК 58-2, 59-3 баптары бойынша оларды Шымкент ОГПУ-ы оперативтік секторының қарауы­на бе­ре­ді. 1930 жылғы 15 қарашадағы сол оперсек­тор­дың шешімі бойынша, Аймағамбет Ақшолақов, Молдақожа Наурызбаев, Кенжебай Үмбетбаев, Төлеген Тоқжанов, Смағұл Наурызбаев, Майқұт Көпешбаев, Өтей Кәрібаев, Қанкебай Есенбаев - қылмыстық жазаның ең ауыры - атуға, Құмабай Тоқсейітов, Мәлік Ізбасаров, Елубай Данашүрінов, әрқайсысы 5 жылдан түрме жазасына сотталған. Ату жазасы берілген сегіз азамат іле-шала атылған. Есімдері аталған он бір азамат 1993 жылғы 5 қазанда КСРО Жоғары Кеңесі Прези­диумының қаулысы бойынша толық ақталған [Аза. Қызылорда облы­сы.  1 кітап. Қызылорда, 2000. 135 б.].

Ыбырай Қалағанов Қармақшы ауданы №7 ауылда 1896 жылы туған, ірі саудагердің баласы, интеллегент, қызметкер, қалалық училищені бітірген. 1918 жылдан 1923 жылға дейін БКП(б) мүшесі болған, партия қата­рынан топ құрғаны үшін шығарылған. 1927 жылға дейін кеңес және қоғамдық қызмет­терде болған, атап айтқанда, 1918-1919 жыл­дары Қызылорда қаласында уездік ЧЕКА-ның коллегия мүшесі, 1920 жылдың наурыз айынан маусым айына дейін БКП (б) Угоркомның жауапты хатшысы, сол жылдың шілде айынан қазан айына дейін "Ақжол" газетінде шаруа­шылық меңгерушісі, сол жылдың маусым айынан қыркүйек айына дейін Түркістан уезінің Политбюро бастығы, 1925 жылдың тамыз айынан 1926 жылдың қыркүйек айына дейін Қазақстан Наркоматында инспектор, 1927 жылдың наурыз айынан 1928 жылдың қаңтар айына дейін Қазақстан НКВД-сы жалпы бөлі­мінің меңгерушісі, 1928 жылдың қаңтар айынан қызметтен босатылып, №7 ауылда тұрған. Кейін "Күзгі астық дайындау жұмысына кедергі жасаған" деген айыппен тергеуде жүрген [Аза. Қызылорда облысы.  1 кітап. Қызылорда, 2000. 134 б.].

Жаңатай Бақанов Қармақшы ауданының №13 ауылында 1880 жылы туған, ірі бай болған, сауатсыз, партияда жоқ, саяси құқы жойылған. Бұларға "Бұл ірі байлар 1928 жылы конфискация жүргізілгенге дейін кедей шаруалар арасында бай ретінде өздерінің бұрынғы беделдерін сақтап келген, бұрын зорлық-зомбылық көрген кедейлер байлардың әрекетіне қарсы тұра алмаған, тек қана конфискация жүргізілген шақта ғана байлардың қанауынан шыға бастаған. Кеңес үкіметінің жүр­гізіп отырған шараларына қарсы болған, конфискациядан және жер аударудан қашқан бұл ірі бай қанаушылар Кеңес үкіметіне қарсы ашықтан-ашық күрес жолына түскен, өздерінің малдарын аяусыз қыра бастаған, сөйтіп кон­трре­волюциялық әрекетке көшкен, ауыл жұрт­шылығы арасында Кеңес үкіметіне қарсы үгіт таратып, жүргізіліп жатқан саяси-шаруа­шы­лық науқанды бұзуға тырысқан, ауыл активтері мен басшыларына террор жасауға барған" деген айыптар тағылып, ОГПУ-дың Қызылорда ок­ругтік бөлімінің 1930 жылғы 2 наурыздағы қау­лы­сымен Бисембай Күйіков, Мәди Бисем­баев, Қарабала Өтеков, Қарымсақ Өтеков, Қойшығұл Теберіков, Нұржан Кәрібаев, Жаңатай Бақанов тұтқынға алынып, РСФСР ҚК 58-бабының 10-тармағымен, 133, 143, 60, 62 және 199-бап­та­ры­мен қылмыстық іс қозғаған. Қаралау қоры­тындысы бойынша, тергеу ісі Қызы­лорда ок­руг­тік сотына жіберілген, бірақ архивтік-қадағалау ісінде басқа мәліметтер жоқ.

Қызылорда облыстық прокурорының 1997 жылғы 22 қыркүйектегі қорытындысымен жоға­рыда аталған қуғын-сүргін құрбандары КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтар­дағы жарлығы негізінде толық ақталған [Аза. Қызылорда облысы,  1 кітап. Қызылорда, 2000. 138 б.].

Ержан Керімбаев Қармақшы ауданының №4 ауылында 1894 жылы туған, шала сауатты, партияда жоқ, молда болған, қамауға алғанға дейін осы ауылда тұрған. Е.Керімбаев жұртшы­лық арасында Кеңес үкіметіне қарсы контрре­волюциялық діни үгіт жүргізген, осы мақсатта олар діни салт-дәстүрді, діни мереке­лерді өткі­зуді бетке ұстап, өздерінің құпия жиынында үнемі бас қосып, ел арасында контрре­волю­циялық әрекет­терді ұйымдас­тыруға келісіп алатын болған, мұндай құпия басқосу 1936 жылдың аяғынан бастап үнемі өткізіліп тұрған, колхоз құрылысына қарсы шығып, колхоз­шыларды жұмысқа шық­пауға үгіттеген, бұлардың көбіне "Мешіт ұстаған, жұртшы­лықты өздерінің тобына қосумен айна­лысқан" деген айып тағылып, Қармақшы аудан­дық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғалған. Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД Басқармасы жанындағы үштіктің 1937 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен Сүйіндік Бекмұр­заев, Оспан Сүлейменов, Тыныштықбай Жайшы­лықов, Ахмет Тұрғамбаев, Табынбай Сариев, Смайыл Жұмырбаевқа ең жоғарғы жаза - ату жазасы берілген, үкім осы жылғы желтоқсан айының 3 күні сағат 24.00-де орын­далған. Ал, Ержан Керімбаев 10 жылға конц­лагерьге жібе­рілген. Қызылорда облыс­тық соты Прези­диумы­ның 1961 жылғы 3 тамыз­дағы Қаулысымен Оңтүс­тік Қазақстан облыс­тық  НКВД Басқармасы жанындағы үштіктің 1937 жылғы 19 қарашадағы қаулысы бұзылып, оларға қойылған айыптың анық­тал­­мағанына байланысты іс қысқартылған. Облыс­тық проку­рордың наразылығы қанағат­танды­рыл­ған. Сот арқы­лы олар толық ақталған. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Бас прокура­тура­сы­ның саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бөлі­мінің 1995 жылғы 14 сәуірдегі заңына сәйкес жоға­рыдағы азаматтар толық ақталған [Аза. Қызы­л­орда облысы.  1 кітап. Қызылорда, 2000. 146 б.].

Жұқа Төребаев Қармақшы қыстағында 1893 жылы туған, кейін осы ауданның №5 ауылдық кеңесі, "Бірлестік" колхозында тұрған, негізі - кедей шаруа, сауатсыз, партияда жоқ, колхозшы. Бұрын сотталмаған, әйелі - Заубай, қызы - Раушан. Ж.Төребаев 1933 жылы Қар­мақшы ауданында НКВД бөлімінің 3 түйесін жайы­лып жүрген жерінен ұрлап, №13 ауылдық кеңеске, "Қызыл жарма" колхозының төрағасы Алпысбаевқа келген. Алпысбаев және тағы бас­қа­лармен келі­сіп, ұрланған түйелерді сойып, етін өзара бөлісіп алған. Ұрланған түйенің сой­ыл­­ғанын ауылдық кеңес төрағасы­ның орын­басары Қожақұлов біліп қалады да, ол бұл жағ­дайды аудан орталығына хабарла­мақшы болған. Алайда, Алпысбаев және бас­қалар Қожа­құловты ұстап жібермей, Ұзақ­баев­тың үйінде бір түн күзетпен ұстаған. Ке­ле­сі күні Төре­баев­тың, Үсентаевтың, Өтебасов­тың жә­не бас­қа­лардың басшы­лығымен Қожақұ­лов­пен бірге Үсентаевтың әкесін жерлеу намазына барамыз деген сылтаумен жолға шыққан, жолда келе жатып Өтебасов пен Қожақұловты мылтық­пен атып өлтірген. Олардың осы қылмыстық әре­кетін әшкерелеген Раисованы да өлтіруге олар ті­келей қатысқан. Бұл екі адам­ның өлтірілуі Үсен­таевтың тікелей тап­сырмасымен жүзеге асырыл­ған. Бұл қылмыс­ты әрекетке Төребаев пен Жайлау­баев та тіке­лей қатысты болған.

1914 жылы Үсентаев колхоздың мал-мүлкін талан-таражға салып, ішіп-жеп қойғаны үшін 6 жыл­ға бас бостандығынан айырылған, кейін қа­мау­дан босатылып, қаладан қашуға мәжбүр болған.

Көшен Алматов 1898 жылы Қармақшы ауда­ны­ның №14 ауылында туған, БКП(б) қатарынан шығарылған, аудандық "Екпінді" газетінің редак­торы болып қызмет атқарған, Қармақшы аудан­дық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен тұтқынға алынып, РСФСР ҚК 58-бабының 9, 11-тармақ­тарымен қыл­­мыстық іс қозғалған, оған контрре­­­волюциялық ұлттық ұйым­ның мүшесі, Совет үкіметін құлату, сөй­тіп, Қазақс­танда буржуазиялық-ұлттық мемлекет құру міндетін қойған деп айып тағылған, Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД Басқармасы жанын­дағы үштіктің 1937 жылғы 30 желтоқсан­дағы қаулысымен 10 жылға концлагерьге соттал­ған [Қызылорда облыстық музейінің қоры, № 9 кітап, 233 б].

Дастан Түшкеев 1912 жылы Қармақшы ауда­ны­ның №11 ауылында туған, негізі кедей шаруа, шала сауатты, партияда жоқ, қамауға алынғанға дейін "Томарбөгет" колхозында табель толтырушы болып жұмыс жасаған. ҚазКСР НКВД әскерле­рінің Әскери трибуналы үкімімен 1938 жылдың 14 қарашасында РСФСР ҚК 58-бабының 2,7-тармақтарымен 12 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Әйелі - Ақбала, қызы - Деляфруз [Қызылорда облыс­тық музейінің қоры, № 9 кітап, 234 б].

Ишанқұл Досымбаев 1865 жылы дүниеге кел­ген. 1907-1918 ж.ж. Шиелі ауылында тұрып, бай қарамағында батырақ болған. 1918-1921 ж.ж. жұмысшы, 1922-1925 ж.ж. шаруа болған. 1927-1928 ж.ж. Аламесек аудандық атқару комитетінің председателі қызметінде болған. 1928-1929 ж.ж. Шиелі Кедейлер комитетінің аудандық одағының председателі болған. 1929-1930 ж.ж. Қызылорда аудандық атқару комитетінің председателі, 1930-1931 ж.ж. Қармақшы аудандық атқару комитетінің председателі қызметтерін атқарған. 1931-1934 ж.ж. Ақтөбе облысындағы Ырғыз аудандық атқару комитетінің, 1934 жылдан 1937 жылдың 3 қазанынан Қазалы аудандық атқару коми­тетінің председателі қызметтерін атқарған. 1937 жылдың 3 қазаны мен 1938 жылдың 19 ақпанында тергеуде жүрді. 1938 жылдың 19 ақпанында сотталып, 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жөнел­тілген [Қызылорда облыстық музейінің қоры, №01150 тергеу ісі бойынша архивтік анықтама, 1-2 б].

Ақбала Күнтуарова 1902 жылы Қармақшы ауда­нындағы №10 ауылда туған. Партия мүше­лігіне 1932 жылы өтеді, шала сауатты. 1930 жылдан колхозға мүше, тегі кедей. 1937 жылы Ленин атындағы колхозға басқарма етіп сай­ланған. 1938 жылы көпшілік дауысымен қайта сайлан­ған. Осы қызметте жүргенде 1938 жыл­дың 15 қазанында тұтқынға алынған. Ақбалаға "колхоз бастығы болған уақытында 40 га жерге бидай егіп, суы аз болып, өнімді аз алған, 7 га бидай суы болмағандықтан шықпай қалған, 5 га жерді тазартып, трактор айдамаған. Жосалы станциясына барып қой сойғыз­ған,1938 жылы өкіметтің екі жоспары орындал­маған" деген айыптар тағылады [Қызылорда облыстық му­зейі. Қордағы архив құжаттары. КЗМ КП 4683/24, 1 б].

Сонымен бірге, Қызылорда облыстық ішкі істер мемлекеттік архивінен алынған дерек­терге жүгінсек. "Қызыл кедей" колхозының төра­ғасы Мұстафа Әуесбаев, партячейка хат­шы­сы Асқар Жаппасбаев, тұқым базасының мең­герушісі Ахмет Нұрашев, басқарма хатшысы Жұмаділдә Омарбеков пен қойма меңгерушісі Бейсембай Айтуаров сынды боздақтар РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 7 және 11-тармақтары бойынша 1933 жылдың 26 қараша күнгі ҚазАКСР ОГПУ Колле­гиясының үкімімен ату жазасына кесіліп, үкім сол күні Алматы қаласында орындалды [Қызылорда облыстық музейі. Қордағы архив құжаттары. КЗМ КП 4683/24. 2 б].

Саяси қуғын-сүргін жылдары мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді, еңкейген кәріні, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі борышымыз - осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбандары болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

М.С.Қараманова,

 Қорқыт ата атындағы ҚМУ,

т.ғ.к., доцент,

А.С.Беккулиева,

магистрант