Материалдар

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ МАРҒАСҚАСЫ

Сыр елінен шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білімді азаматтар баршылық. Олар әр түрлі салада маңызды да жауапты қызмет атқарған аяулы да, абзал аға­лар, азаматтар. Солардың бірі - Оразбек Мырзабеков.

Оразбек Мырзабеков 1941 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданы, Жаңа арық қолхозында (қазіргі Қараөзек ауылында) өмірге келген. 1948-1958 жылдар аралығында сол ауылдағы №39-шы Қызылөзек орта мектебінде оқып, бітір­ген. 1960 жылы Алматы мемлекеттік ме­ди­цина институтына оқуға түсіп, 1965 жылы тәмамдағаннан кейін Алматы облысы, Жамбыл ауданының медициналық бірлестігіне дәрігер-стоматолог болып жолдамамен жіберілген. 1967 жылы бас дәрігер болып тағайындалады. Сала басшылары Орекеңнің дарындылығы мен дәйектілігін қаперге алып, келешегінен көп үміт күткендіктен 1975 жылы Алматы қаласы Республикалық стоматологиялық емхананың (РСЕ) ортопедиялық бөлімшесіне меңгеруші, ал 1976 жылы бас дәрігер етіп тағайындайды. Ол 1990 жылы директор лауазымында, содан кейін бас директор болады. Ал, 1995 жылы аты "Стоматология" республикалық ғылыми-клини­калық орталығы" болып ауысқан РСЕ базасындағы "Стоматология" Бүкіләлемдік ғылыми-өндірістік бірлестігінің Қазақ фи­лиалын басқарады. Отыз жыл ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласын ұйымдас­тыру­шының бірі ретінде медицина ғылымдарының докторы, профессор О.Мырзабеков еліміздің медицина сала­сындағы стоматологиялық қыз­метін басқар­ған. ҚР Денсаулық сақтау ми­нистр­­л­ігінің бас стоматологы қызметін атқара жүріп, сала қызметін жақсарту мақсатында түрлі тиімді ұсыныстар енгізген. Олардың ішінде стоматологиялық мекемелерде жұмыс жасау­дың өндірістік механизмі, стомато­логиялық сырқаттарды емдеудің медици­налық-эконо­микалық стандарттары сияқты өзге де әдістері ҚР-ның стоматологиялық қызметін дамыту стратегиясының ғылыми негізі болды. Оразбек ағамыз 1987 жылы кандидаттық, 2002 жылы докторлық диссер­тацияны қорғаған. Оның ғылыми еңбектері жоғары бағаланған. 2003 жылы Орекеңе профессор деген жоғары дәрежедегі атақ берілді. О.Мырзабеков өзінің педагогикалық қызметін 1975 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институттың ортопедиялық стоматология кафедрасының ассистенті қызметінен бастаған. 2001-2006 жылдар арасында стома­тологиялық факультеттің деканы, 2007 жылы С.Асфандияров атындағы Ұлттық мемлекеттік университеттің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалады, 2009 жылы қайта құрылудың және өкілдігінің кеңеюіне байланысты ғылыми және клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры болды.

ҚазҰМУ-дағы қырық жылдан астам педагогикалық, ұйымдастырушылық және шаруашылық жұмыстарды атқару кезінде, қайта құрылуда, университетті жетілдіру және дамытуда Орекеңнің сіңірген еңбегі зор болды. ҚазҰМУ-дың клиникалық базалары нығайды, медициналық ұйымдармен келісім-шарт жасасу бірнеше есе артты. О.Мырзабековтың басшылығымен С.Д.Асфандияров атындағы ҚазҰМУ-дың зерттеу бөлімшелерінде Б.Атша­баров атындағы іргелі және қолдан­балы медициналық ғылыми-зерттеу инсти­тутында стоматология және жақ-бет хирур­гиясында тіндік инженерияны тағы жасушалы технологияларды қолдануды негіздеу мақсатында "Хирургия", ана мен баланың перинаталды патологиясының барысында құрсақішілік жұқпаның рөлін анықтау бойынша "Ана мен бала мәселелері" Х.Досмұ­хамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде қартаюға қарсы және үлкен жастағы қарттардың белсенді ұзақ жасауының үлгісін өңдеу бойынша "Геронтология" зертханасы ұйымдастырылған. О.Мырза­бековтың білікті жұмысының нәтижелері 2013 жылы университетке Қазақ­с­танның тұтыну­шылар лигасымен берілген "Мінсіз" атты халықтық сапа белгісі, ҚазҰМУ-дың Сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) ISO-9001 стандарты бойынша SGS Group сертифи­катталған. Қазақстан ұйымдарының арасында және Каспий аймағындағы университеттердің арасында үздік болып танылған. Орекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті мен қызметінің нәтижесі ҚазҰМУ-дың саралау кезінде айқын көрінген. Университеттердің рейтингісінің қорытындысы бойынша 2013, 2014, 2015 ж.ж. білім сапасын көтеру жөнінде С.Д.Асфан­дияров атындағы ҚазҰМУ еліміз­дің медици­на­лық жоғарғы оқу орындарының қата­рында алдыңғы орындарға ие болған, халықаралық рейтингісінде ҚР универ­ситеттерінің арасында көшбас­шылардың үштігіне енген.

ҚазҰМУ-дың университетті дамыту институтын басқарумен қатар О.Мырзабеков  университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі, тәртіптік және жемқорлықтың алдын алу бойынша комиссиялардың, сапа бойынша кеңестің мүшесі. Ардагерлер кеңесінің төраға­сы, тарификациялық комиссияның және түлектерді тәуелсіз бағалау, аттестаттау сияқты тағы басқа жауапты іс-шараларға белсене араласады. Оның есімі ҚазҰМУ-дың Даңқ Галереясына және университеттің үлгілі түлектерімен, ұйымдастырушыларына арналған "Жанашыр" мемориалды кешеніне жазылған.

Профессор О.Мырзабеков 7 моногра­фияның, 2 оқулықтың, 150 ғылыми мақаланың, 5 оқу әдістемелік оқу құралының, 10 әдісте­мелік нұсқаулықтың, ҚР зерттеуінің 1 патен­тінің авторы. Оның басшылығымен 4 доктор­лық және 3 кандидаттық диссертация қорғал­ған. Клиникалық тәжірибе және меди­циналық білім беру бойынша халық­аралық және ұлттық сертификаттардың иесі. О.Мырзабековтың медицина саласына сіңірген ерен еңбектері елеусіз қалған емес. Ол "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері. Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген Құрметті дәрігері деген атағы тағы бар. "ҚР Денсаулық сақтау үздігі" төсбелгісімен марапатталған. Бірнеше рет ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Алматы қаласының әкімшілігі мен ҚазҰМУ ректоры тарапынан Грамота­лармен, Дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталған азамат. Бүгінде Оразбек ағамыз университет ректорының кеңесшісі және басқа да қоғамдық қызметке белсене араласуда.

Иә, Сыр өңірінен шыққан осындай сырбаз ағаларымызбен қалай мақтансақ та жарасатын сияқты. Себебі, Орекең секілді басқа да ардақты азаматтарымыз өңіріміздің мерейін өсіріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүр емес пе?!

Қазыбек Әшірбекұлы,

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері,

Қазақстан Журналистер одағы мен

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі