Материалдар

МУЗЫКА ӘЛЕМІНІҢ МУЗАСЫ

Дүниеден озғанына бірнеше жылдар өтсе де, талай жанның жүрегіндегі қара мұң әлі сейілген жоқ. Себебі, қазақ деген ұлы халық құрметті азаматынан, талантты тұлғадан айырылды. Бұл өнерді сүйетін, өнермен өсетін өр халық үшін ауыр қайғы еді. Сыр жұртының маңдайына біткен жарқын жұлдыз, қазақтың бір туар азаматы, өнерімен өзге ұлттың наза­рын аудартқан әнші Батырхан Шөкенов ел есінде мәңгі қалды. Батырханның есті әндері тың­даушыны елітіп, ерекше бір сезімге бөлей­тіні ақиқат. Ол қазақ өнерінің кеме­л­денуіне айтарлықтай үлесін қосты, әндерін қазақ, орыс тілдерінде шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене білді. "Жылуын жүрегінің аямаған, сенсің ғой маған пана аяулы анам" - деп Батырхан барша анаға әуелете ән арнаса, тағы бір туындысында елінің келешегіне сенім білдіріп, жарқын өмір мен жарқын күндерге сәлем бергенін байқаймыз. Орындауындағы қай әнді алып қарасақ та, адам жанына жылулық сыйлайды. Мүмкін жүректен шыққан әннің жүрекке жететіндігінен болар.

Ұмытылмас есімнің мәңгілік мұралары бүгінгі жастар үшін маңызды. Себебі, өнер арқылы өзін түзейді, сахнаның қасиеті мен қадірін бағамдайды. Өткен мен бүгінгінің ән өнерін сабақтастыра отырып тәлім алады. Музыка деген нәзік ұғымды түсінуге тыры­са­ды. Бүгінде шығармашылықтың биігіне шық­қан жерлесіміз Батырханның дара жолы көпке үлгі. Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­ма­сының ұйымдастыруымен киелі Сыр өңірінде талантты жастардың басын біріктірген "Отан-Ана" республикалық әншілер конкурсы өтті. Конкурстың негізгі мақсаты - Батырхан Шөке­новтің жоғары орындаушылық шеберлігі, қайталанбас әртістік тұлғасы, элитарлық мә­дениетін өске­лең ұрпақтың жадында жаңғырту, музыканттың ән мұраларын, шығармашы­лы­ғын насихаттау. Байқауға арнайы келген мәде­ниет саласының майталмандары, Өзбекстан және еліміздің өзге де облыстарынан жинақ­талған 25 үміт­кердің қатысуымен баспасөз отырысы ұйым­дастырылды. Баспасөз конфе­рен­циясында Батырхан Шөкенов жайлы есте­ліктер, өнер жолындағы жетістіктері сөз бол­ды. "Оның жұлдызды ғұмыры Отанға адал қыз­мет етудің жарқын үлгісі болды. Әлбетте, әріп­тестерінің жүрегінен ойып тұрып орын алған абзал дос муза жылнамасында алтын әріппен жазылып қалатыны ақиқат. Оның өмір­лік жолын бәрі біледі. Болмысынан сазгер, туа біткен талант. Батырханның еңбексүйгіштігін өнер тарландары үлгі тұтады" - деп композитор Ринат Гайсин өз пікірін білдірді. Сонымен қа­тар әншінің біз білмейтін "В нас вселяют любовь" атты альбомы, яғни еш жерде орын­далмаған 11 әні жарыққа шығатындығы жөнін­де Б.Шөкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Олжас Байканов айтты. Брифинг соңында қатысушыларға сәттілік тілеп, бо­йындағы бар талантын көрсетуге тілектестігін білдірді.

Адамзатқа тән ерекше бір жақсы қасиет - өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету деген екен. Сол сияқты үміткерлер бойдағы дарыны мен талантын көрсету үшін конкурстың алғашқы кезеңінде өзі қалаған әнді орындады. Тыңдар­ма­нын тамсандыру арқылы жүрек түкпірінен орын алу кез келген өнер адамы үшін маңыз­ды. Ол үшін қажырлы еңбек керек. Музыканы түсіну ерекше сезім. Музы­каны ұқпайтын құлақ ең тамаша әуенге де елең етпейді. Десек те, Сырдың өнерсүйер қауымы қатысушы­лар­ды қолдап, қошеметпен қол соғып, құрмет көр­сетті. Ал, олардың ән таңдауы мен әуенді тын­дар­манына жеткізе білу ерекшелігіне облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Абдрахманов, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дильназ Ахма­диева, композитор, продюсер Ренат Гайсин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сағынай Абдуллин, продюсер, Б.Шөкенов атындағы қордың директоры Олжас Байканов және әнші Рүстем Нұржігіт төрелік етті. Батырханның жүректен кіріп, бойды алар әсем әндерін орын­дау қай қатысушыға болмасын жауапкер­шілікті жүктейді. Ыждағаттылықпен әнді таң­дау орындаушы үшін маңызды. Өйткені талға­мы биік, түсінігі мол әнші ғана музы­каның мазмұнын тыңдаушыға ұғындырады. Ал, байқауда бақ сынаған қатысушылардың барлығы өнер әлемінде өзіндік ерекшелігімен дараланып жүрген дарын иелері.

Сайыс қорытындысы бойынша ән бәйгесінде топ жарған Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленов жеңімпаз атанды. Соны­мен қатар, жүлделі бірінші орынды қараған­дылық Гүлнара Көшенова, екінші орынды Батыс Қазақстаннан келген Айымбек Сартуков алды. Ал, үшінші орынға Сыр өңірінен Индира Баимбе­това және астаналық Күлаим Қайырбаева лайық деп танылды. Сондай-ақ, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесімен Сырымтай Еңсепов, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма­сының арнайы жүлдесімен Арайлым Махан­бет­жанова және Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған қала әкімінің арнайы жүлдесімен Нұртас Омаров, Тұрғанәлі Шарапов марапатталды.

Музыка әлемінің музасын еске алу шарасы барысында Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа оның ескерткіші орнатылып, аллея­сында қонақтар мен жастар ағаш отырғызды. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкі­мінің орынбасары Руслан Рүстемов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, "А студио" тобының жетек­шісі Байғали Ермекұлы Серкебаев, ана­сы Диляра Шөкенова және эстрада әншілері, қала тұрғындары келді. Б.Шүкеновке арналған ескерткіштің жалпы биіктігі 3,6 метр, мүсін­нің биіктігі 2,2 метр болса, тұғырдың биіктігі 1,6 метр. Қызылорда облысы әкімді­гінің тапсырысымен жасалған ескерткіштің авторы Мұрат Мансұров. Шарада анасы Диляра Шөкенова облыс және қала әкімдігіне өз алғысын айтып, ақ батасын берді. Саябақта Батырхан Шөкеновтің әндері орындалып, қонақтардың естелік суретке түсуімен аяқталды. Екі күнге созылған шараның қоры­тын­дысы ретінде орталық алаңда гала концерт өтті. Сыр елін әсем әндерімен тербеткен әншілер көптің қошеметіне бөленді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА