Материалдар

Сыр бойына тән сырлы өрнектер

    Тарихы бай, тағылымы мол өткенімізге ой жіберу, кешегі өркендеген мәдениетімізді танып-саралау, халқымыз дәріптеген ұлы шеберлерге құрмет көрсету бүгінімізді жарқын етіп, бола­ша­ғы­мызды нұрландыра түсетіні анық. Ата-бабала­ры­мыздың жоғары мәдениеті мен биік эстети­ка­лық мұраттарынан нәр алған, асыл мұра­ла­рымызды жас ұрпаққа жан-жақты зерт­теп-зерде­леп беру - алда тұрған асқарлы міндет. Халқы­мыз­дың көп ғасырлық күресі мен еңбе­гінің, ізде­ніс­тері мен тіршілігінің асыл көрністері болып та­былатын мәдени мұраларымызды қорғау және на­сихаттау ардақты іс. Сол ардақты істің басында кө­мескілене бастаған көнемізді жарқырата жаң­ғыр­тушы, тарихи құндылықтары­мызды көздің қа­рашығындай сақтайтын музейлер тұр. Себебі, бұл - ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін, болашақ игі мұраттарын сабақтас­тыратын баға жетпес қа­зына. Ал, осындай ұлы қазыналарды жинап, ұқсатып, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айнал­дыруды жүзеге асыратын музей қызметкерлері қай кезде де өте маңызды.

Өткен тарихыңды білмей, болашағыңды бол­жау қиын. Қазақ елі, оның ішінде Сырдың бойы өзінің бай тарихымен, мол мұрасымен ерек­ше­ленсе, сол тарихты танып-білу - біз бен сіз­дің, ке­лер ұрпақтың, баршамыздың міндетіміз. Ұлт­тық мұра бастауы халық болса, осынау халық жа­саған асыл мұраның бірегейі - қазақтың киіз үйі­нің жабдықтары мен жасауларының ою-өрнек­тері туралы айтпақпыз.

Қазақ даласында оюлар әр түрлі үлгіде дамы­ған. Еліміздің әрбір аймағының өзінің стильдік ерекшеліктері, үлгілері болған. Соған қарамастан, барлық оюлардың бастапқы элементінің негізі - "мүйіз" тектес ою-өрнек. Қазақ халқының тұрмы­сында жиі қолданылатын: өру, тігу, тоқу, құрау, еріту, балқыту, қию арқылы үй жиһаздарын, құ­рал-саймандарды, киіз үйлерді, зергерлік бұйым­дарды, кілем, алаша, сырмақ, терме алаша, қор­жын, ыдыс-аяқтарды, киім-кешектерді ою-өр­нек­­термен әшекейлеп, безендіріп отырған. Ға­лымдардың пайымдауынша, қазақ ұлттық ою-өрнектерінің әзірше 230-дай түрі анықталған. Біз солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған "мүйіз" тектес ою-өрнек туралы сөз етпекпіз.

Ою-өрнек (латын тілінен аударғанда әсемдеу, сәндеу) - әр түрлі заттарды, архитектуралық ғима­раттарды әшекейлеуге арналған жүйелі ырғақ пен қайталанып отыратын әр үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштар.

Ою мен сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюлас­тырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып, бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қош­қар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал, өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, жала­тып, бояп, батырып, қалыптап істеген көр­кемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспет­тес. Сондықтан ою-өрнек деп қосарланып айтылады.

Қазақ әйелдерінің қай-қайсысы да үй шаруа­шылығымен қоса қолөнермен айналысқан. Әжелеріміз өздерінің көрген-білгендерін, жиған-тергендерін, сондай-ақ меңгергендерін жастарға жалықпай үйретіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын баға жетпес дүниелерді өмірге әкел­ді. Қолда бар шикізатын ұқсатып, оны тұр­мыс кәдесіне жаратып, тұтынушыларға рухани ләззат беретін көркем туындыға айналдыру шебер әйелдің ғана қолынан келетіні анық.

"Мүйіз" оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа эле­менттер соның негізінде жасалып, тек атаулары ғана өзгеріп отырған. Мысалы: "қошқармүйіз", "арқармүйіз", "бұғымүйіз", "қырықмүйіз", "қос­мүйіз", "сыңармүйіз", "сынықмүйіз", "төртқұлақ", "түйетабан", "сыңарөкше", "қосалқа", "құсқанаты", "қазтабан". Қолөнер шеберлері осы элемент­тердің сан түрлі композициясын жасап, бұйым­дарға ұтымды пайдаланып отырған. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сү­йек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолда­нылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құры­лысқа қолданылады.

Музей қорындағы жергілікті халықтардан жинақталған киіз, алаша, текемет, кілем, сырмақ, қоржын, басқұр, дорба туралы айтатын болсақ, төмендегі суреттерге қарап әр бұйымның бетіне міндетті түрде "қошқармүйіз", "қырықмүйіз", "қосмүйіз", "сыңармүйіз", "сынықмүйіз" сияқты ою-өрнектерді байқай аласыздар.

   Ою-өрнектердің кейбір түрлеріне қысқаша тоқталып өтейік.

"Қосмүйіз" ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде "ырғақ", кейде "ілмек" деп аталатын оюларды "қосмүйіз" дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безен­діру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейне­лейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде "қосмүйіз" ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, ше­тіне, камзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

"Арқармүйіз" деп аталатын ою-өрнек - қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент "қошқармүйізге" өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді. (Кілем, тұскиіз, сырмақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).

"Сыңармүйіз", "қосмүйіз", "қошқар­мүйіз" деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңа­рын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Шебер орналас­ты­рылған "сыңармүйіз" өрнек ком­по­зициясында дараланып тұрмай, жымдасып ке­леді, үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне са­лынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және те­ке­мет, сыр­мақты әшекейлейтін, жиегіне жүр­гі­зі­ле­тін өрнектің бір түрі.

"Қырықмүйіз" ою-өрнегі біріне-бірі жал­ғаса, тар­мақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өр­нектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт­бұрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың аға­шы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеле­неді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мү­йізді оюлардан құралады. (Тұскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, архитектура сәулет өнерінде молырақ кездеседі).

"Сынықмүйіз" морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілем­дерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сон­дай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пай­даланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне үқсайды.

"Өркеш" ою-өрнегі түйенің қос өркешін бей­не­лейді. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салына­тын ою-өрнек композициясында көбірек кезде­сетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бей­нелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбею­дің символын білдіреді.

"Ботакөз" ою-өрнегі әшекейлі композиция­ның ортасына салынатын немесе бірнеше қай­таланып келіп, шетін көмкеретін жиектеме тү­зейтін ою. Сырт пішіні ботаның көзіндей дөң­ге­ленген ромб­қа ұқсайтын геометриялық ою-өр­нек. Бұл ора­малдың шетін көмкеретін жиектеме түзейді.

"Қошқармүйіз" ою-өрнегі - байлық пен мол­шылықтың нышаны. Қошқармүйіз онымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік пайдалану дең­гейіне қарай әр алуан жапырақ тектес бітпес ою­лар салынады. Бұл өрнектер "иірім", "шиыршық", "түйе­табан", "құсмұрын" т.б. аттармен аталған.

Ою-өрнек дәлдік, сәндік, үйле­сімділік, жарасым­ды­лық, көркем­дік, таза­лық, нәзіктік, сұлулық, ойлылық, ақыл­ды­лық, зеректік қасиеттерге ие. Көңілге шабыт, шаттық ұялатады, ша­быт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икем­ділікке баулиды. Ою ойған адамның жү­регі жылы, жаны нәзік болады. Бұл мыңдаған жылдар бойы қалып­тасқан ұлттық ою-өрнек­те­рі­мізді қазіргі жаһандық заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялата білу - біздің парызымыз.

Төремұрат Әлжан