Материалдар

«Тар заман» телехикаясы және Алаштық ой

     ХХ ғасыр сан қыр­лы саясат пен тартыс­ты оқиғаларға толы екені анық. Осы шы­тыр­ман оқиғалар ішін­де ұлттық автономия құруды мақсат еткен ұлт зиялыларының қайраткерлік іс-әрекеті мен идеясы да жатыр.

Патша үкіметінің сұм саясатынан жас­қаншақ боп, "өмір сүруі­нің өзі проблемаға айналған" қарапайым қазақ халқы үшін ХХ ғасыр аса зор үмітті ғасыр еді. Ақпан төңкерісі мен патшаның тақтан түсуін қуанышпен қабылдаған елдің ертеңінен күткені де көп болды. Алайда, отарлаудың соңғы ғасыры қазақ халқына орасан зор қайғы алып келді. Осындай қысылтаяң уақытта елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен, ел мұратын өз басының мүд­десінен жоғары қойып, ерен ерлік пен патрио­тизмнің жарқын үлгісін көрсете білген Алаш зиялыларының орны ерекше. Олар, алашор­дашылар, өз заманының біртуар перзенттері, бір-бірінен бөліп жарылмайтын біртұтас қоғам құрушылар, біздің тарихтың мақтанышты беттері. Олар, алашордашылар, елі үшін туған ерлер, елі үшін етігімен су кешті, халық үшін түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеді. Халық үшін азапты өлімге душар болды...

Сол айтулы қозғалыс негіз болған - Алаш үкі­метіне былтыр 100 жыл толды. "Ұлттық үкіметі­міздің жүзжылдығында біраз шындық пен қылмыс, шаң басқан архивтегі НКВД-ның құжат­тары әшкере болар" деп тарихшы мен әдебиетші ғалымдардың мойын созғаны рас. Дегенмен де, осы өткен жүз жыл ішінде "ардақты арыс азамат­тарымызды қастерлеп, жоғын жоқтай алдық па?" деген ой жүрегі "қазақ" деп соққан қай азаматты да ойландырары анық.

Биыл, наурыз айының соңында көпшілік назарына осы арыстардың тағдыры туралы "Тар заман" телехикаясы ұсынылды. "Қазақстан" теле­радио корпарациясының қолдауымен түсірілген Ерлан Қарин мырзаның идеясы режиссер Мұрат Бидосовтың суреткерлігімен ұштасқан 12 сериялық тың туынды тарих пәнінің мұғалімі ретінде өзіме қатты әсер етті. Әр бөлімін үзбей тамашаладым. Он екі күн бойы алаштықтармен үндестік таптым. Отандық киноның жетіле түскендігі ме әлде киноға азық болар тари­хымыздың молдығынан ба, телехикаяның әр сәті, кейіпкерлердің мән-мағынаға толы сөзі мен ісі қайран қалдырды. Киноға таңдап алынған актерлердің бойынан Әлиханның бекзаттылығы, Ахметтің салмақтылығы, Міржақыптың қайсар­лығы, Жүсіпбектің адалдығы, Мағжанның нәзік лирикасы, Сәкеннің көркем мінезі, Смағұлдың табандылығы, Шәкәрімнің ойшылдығы анық байқалды. Бұл киноның жастарға берері мол екеніне көзім жетті. Туындының бас-аяғы бүтін, тіпті музыкасына дейін сәтті таңдалған. Кинодағы зиялылардың ісіне сүйсінсең, кей жерінде сол заманға тән "шолақбелсенділердің" әрекетіне күйінеді екенсің... Жалпы, "Тар заман" телехи­каясы - оқушыларды патриоттық рухта тәрбие­леуге септігін тигізетін кино. Сондықтан оны барлық адамның көруіне, тіпті бірнеше қайталап көруіне ұсынар едім.

Тарих бетінде ойып тұрып із қалдырған, Кеңес үкіметі халық санасынан өшіргісі келсе де өшпеген алаштық идея мен қозғалыс 1905 жылы бастау алған еді. Қазақстан тарихын дүниежүзілік тарихпен байланысты деп қарастыратын болсақ, ХХ ғасырдың басындағы елімізде болған мұндай тың идеялар "Азияның оянуымен" тікелей бай­ланысты. Қозғалыс түрінде қанат жайған алаш­тық идея кейін партияға, үкіметке айналды. Осы­лай прогресті түрде жасалған жарқын да жасампаз істер жалғасын таба бергенде қазіргі қазақ халқы мен қоғамның жай-күйі бұдан да керемет болар ма еді, бәлкім? Алайда, кесапат Кеңестік идеоло­гия ұлтын сүйетін мұндай жандардың іс-әреке­тіне бей-жай қарамады. Үш жылға жуық ғұмыр кешкен Алаш үкіметі 1920 жылдың басында өмір сүруін тоқтатты. ХХ ғасырдың 30-жылдары жаппай репрессияға ұласып, сол қырғында 101 мың қазақстандық қуғынға ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылды. Ұлт зиялыларымен бірге "ұлт­тық үкімет" туралы идеялар да келмеске кеткендей еді.

Әйткенмен, тәуелсіздік таңы атып, өз еркімізге ие болдық. Тәуелсіздікпен бірге өшкеніміз жанып, жоғымыз түгелденді. Осы орайда ұлт үшін өмірден баз кешкен ардақты азаматтарымызды абы­роймен қастерлеу - біздің адамдық боры­шымыз. Жас ұрпаққа үлгі ететін - шетелдің қойыртпақ қоғамы емес, ұлт зиялыларының өмірі мен қайраткерлік жолы екендігі әрдайым есте тұруы тиіс.

Досхан Ахметқалиев,

№ 39 "Қызылөзек" орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Қызылорда қаласы