Материалдар

Сыр сардары - Жаназар батыр

Қазақтың үш жүзінен бө­лек, қырғыз, құрама және қа­рақалпақ кіретін алты алашты соңғы рет бір тудың астына біріктіру Абылайдың үлесіне тиген еді. Абылай өз жұрты­ның ішкі-сыртқы қордаланған мәселелерін билер және ба­тыр­лар институттары арқылы оңтайлы шеше отырып, уа­қытша болса да қазақтың ел­дік негізін нығайта алды. Алай­да, Абылайдан кейін қазақ мемлекеттілігінің уығы нашарлап, күшейіп келе жат­қан жаңа Қоқан хандығы қыр­ғыз бен құраманы өзіне оңай қосып алып, қазақ жүздерінің өзіне тікелей үстемдік орна­туға кіріскен еді. Мемлекет­тіктен айырылған халықтың барлық ризығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жағдайда, қазақ қоға­мының таянар сүйеніші мен қорғаны батырлар институты болды. Елдіктің жоқ жағ­дайында қазақ қоғамының бас көтерлері - батырлары болып, олардың арасында көлбеу жеке байланыстар жүйесі орнатылды. ХІХ ғасырдың өн бойындағы осы батырлар институтының қатарынан Сыр бойы батырлары жарқырай көрінеді. Солардың бірі Сыр сардары Жаназар батыр Дос­қанаұлы (1818-1881). [Сыр елі. Қызылорда облысының энци­к­лопедиясы: Энцикло­пе-дия. Бас редактор Б.Ғ.Аяған - Алматы: "Қазақстан энцик­ло­педиясы" ЖШС, 2005.-244б.].

Батыр әулетінің шежіресі толық белгілі. Жаназар тура­лы ауызша және жазба дерек­тері жеткілікті. Ақын М.Беке­жан­ұлы "Иманжүсіпке хатын­да":

Жаназар - Шағыр қыпшақ бір жүзбасы

Қазақтың найза ұстаған батырынан",- деген өлең жол­дары бар.

Батырдың ұрпағы белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетов оңдаған жылдарға созылған тынымсыз іздестіруінің нәти­жесінде бабасының жерлен­ген орнын Сұлутөбеден 10 шақырым жердегі "Құлжан түбегінен" тапты. Араб әріп­терімен жазылған "Жаназар батыр" жолдарын өз көзімен оқыды. Сондай-ақ, Жаназарға қатысты көнекөз қариялардан естіген білгендерін жинақтап, кітап етіп шығарып, перзент­тік парызын түгел орындады.

Батырдың есімімен байла­нысты Сарысу-Сұлутөбе өңі­рінде жер-су аттары да молы­нан кездеседі: "Жаназар қырғыны", "Жаназар құдығы", "Жаназар көлі", "Жаназар тауы" т.б.

Қыпшақ Шашты руы, Малай батырының шөбересі Жаназар Досханаұлы бұрын­ғы Ақмешіт уезі Шиелі болы­сына қарасты Сұлутөбе елді мекенінде 1818 жылы дүние­ге келген. Алғашқы ерлігін 18 жасында ел ішіндегі барым­та­шылдыққа қарсы жасаған. Қазақ қоғамын жегідей жеген ішкі қайшылықтары - барым­та, жер дауы, жесір даулары т.б. Жоғарғы биліктің жоқты­ғы ішкі алауыздықты күшей­тіп, сырттан жау шақырумен шектелмейді, қазақ қоғамы­ның ішкі дерттерін де қозды­рады. Әлді рулар әлсіз рулар­ға, үлкен рулар кіші руларға әлімжеттік жасап, күш көр­сет­кен, озбырлық жасаған. Ел болған соң тентек содыры, ештеңенің парқын білмейтін дүмбілезі, өз заманының ан­тұрған сұрқылтайы болады. Осындай жағдайда жоғарыда айтқандай сыртқы жауға ты­йым, елге пана болу тек ба­тыр­лар институтының қолы­нан келетін. Орта ғасырлар­дағы Батыс Еуропа рыцарла­ры­ның девизіне ұқсас қазақ батырларының жауға шабар ұраны болған. Қазақ батырла­рыны­ң ерекшелігі, ата-баба­ларының әруағын көмекке шақырып, атын атап атой салған. Жаназар да түп атасы "Торы", "Торы", "Торы" деп ұрандатып, қаруды "Әділет" деп шабады екен. Ал, "Әділет" - барлық құндылықтардың бастауы екені белгілі.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ батырлар инстиутына да нақты қауіп төне бастады. Сыр бойындағы елді мекендер мен ресурстар үшін Орта Азия хандықтары мен патшалық Ресей күрес жүргізді. Оған К.Қасымов бастаған қайшылықты қозға­лысы қосылды. Сондықтан Сыр бойы батырлары мен билері үшін геосаяси жағдай оңай қалыптасқан жоқ. Күші басым тараптар өктемдігі жағ­дайында олар қазіргі тілмен айтқанда, "көпвекторлы сая­сат" ұстануға мәжбүр еді. Сыр бойы батырларының қай-қайсысы болса да, азды-көпті орысқа, Қоқанға және Кене­са­рыға да қызмет еткен­діктері сондықтан. Бұл уақыт­та Ресей мен Қоқан әскери технологиялық жағынан да Сыр бойы батырларынан ар­тық­шылық жағдайда еді. Оларда зеңбірек, атылатын мылтықтар және дүрбі, карта, компас т.б. сияқты заманауи әскери жабдықтар болды.

Жаназар Сыр бойындағы бес датқа - Торғай, Әжібай, Тұрсынбай, Досбол, Баубек және пансат Тұрғанбай, батыр­лар Жанқожа, Бұхарбай, Бас­пақ, Шахиман, ағайынды Өтеп пен Жақап және Жүзбай тұсында өмір сүрген. Қоқан зама­нында өмір сүрген дат­қалар мен батырлардың тағ­дыры да қилы болды. Өз ажа­лымен өлгендері сирек-тін. Жазушы З.Ақышев "Шынар­дың шыбығы" атты рома­нында Тұрғанбай пансатпен оның ұрпағы Иманжүсіп тағдыры шынайы берілген. [З.Ақышев. Шынардың шы­бы­ғы: роман. Алматы: жазу­шы. 1987.- 352 б]. ХІХ ғасыр­дың 40-жылдары Сыр бойы ба­тырларының бір бөлігі Кене­сары қозғалысын қолда­са, енді бір бөлігі бойын аулақ ұс­тады. Әуелгіде қолдап, кейіннен бас тартқандар көп­шілікті құрады. Жаназар Кене­­сары қосыны құрамында Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жөлекті қоқандықтардан азат етуге қатысты. Көтеріліс­ші­лер­мен Әулие атаға дейін бар­ды. Ағасы Бекназар 1847 жы­лы Кекілі тауда болған шай­қаста қаза тапты. Кенеса­ры­дан кейін, шамамен 50-жылдарға қарай Сыр батырлары бірі орысты қолдаса, екіншілері Қоқан жағында соғысуға мәж­­­бүр болды. Айталық, Бұхар­бай батыр орыс жағын­да, Жаназар Қоқан жағында жүріп, бір-бірімен табысты. Соған қарамастан датқа мен батырлардың арасында туған жер мен ел тұрғысынан алған­да өзара түсіністік, өзара ын­тымақ сезімі жоғалған емес. Олар ұрыс алаңдарында талай рет қарсы кездесті, бірін-бірі мертіктіруі де әбден мүмкін еді, бірақ Сыр батырлары әпер­бақан әрекетке барған жоқ. Осыған орай батырлар­дың бірін-бірі алғашқы кез­дес­­тіруі, сынауы, күш ар­басуы жөніндегі естеліктер Сыр өңірінің айтылған тари­хында молынан кездеседі. К.Бердаулетовтің "Бұхарбай батыр" кітабында Жаназарға қатысты сондай деректер бе­рі­­леді [К.Бердәулетов. Бұқар­бай батыр. Өмірі мен ер­лік жо­рықтары. Қазақ уни­верси­теті. 1992. - 50-52бб].

Жаназар қатысқан шай­қастар мен жорықтарын түгел тізбелеу мүмкін емес, ел аузында анық-қанығы айқын­далғаны - оның Бұхарбайдан бөлек, қаһарлы хан Кенеса­рының інісі Наурызбаймен үш-төрт рет және Ерден ба­тыр Сандыбайұлымен күш сынасып, олардың мысын басып орнына қойғандығы. Әрбір жекпе-жектің өз тарихы бар, алайда халқының бақыты­на орай және нақ Жаназардың күш салуымен бұл жекпе-жектер қан төгіссіз аяқталып, батырлар пәтуаға келе білген. Бірі шешендіктен, екіншісі жекпе-жек найзаласудан ал­дына жан салмаған Досбол би мен Жаназардың даңқы Кене­сарыға да жетеді. "Жана­зар ба­тырды жауға салсам, Досбол шешенді дауға сал­сам" деген ниетінің болғаны жасырын болмаса керек. Сөйтіп, Бұхарбай батырдың кеңесімен Кенесары орда­сына - Жаназарды алдырады. Інісі Наурызбаймен күш сынастырады. Жаназар жеңіс­ке жетеді. Алайда, Жаназар батырдың хан мен оның інісі Наурызбаймен қарым-қаты­насы әуел бастан күрделі қалыптасты. Ханның кейде әділ, кейде әділетсіз шешім­дері Жаназарға жақпайды. Ханның "қосын басқар" деген ұсынысына да келіспей, біріккен бірнеше жорық­тар­дан кейін қозғалыстан іргесін аулақ салады. Кетерінде хас батыр: "Уа, Кенехан, айтпасам қашып кетті дерсің, жекпе-жекке шығатын еріңді үш күнге дейін "Тасбұлақтың Нұрасында күтемін" (қазіргі Қызылорда-Жезқазған автот­рассасынан көрініп тұратын Тасбұлақтың Нұрасы Д.С.) деп, Сарысу өзеніне қарай шауып кетеді. Артынан қуғы­сы келгендерге айтқан Бұ­харбайдың "Сендер қуып жеткен күндеріңде де іште­рің­де Жаназарды алатының жоқ, оның үстіне жолай қалың қыпшақ ауылдары істен ха­бар­сыз отырмайды. Елдің ты­ныштығын кетірмеген дұрыс" [М.Үмбетов. Жаназар батыр. Қызылорда. "Полигра­фия Бас­па үйі" ЖШС. 2017.- 24б] деген уәжіне хан да тоқтайды.

Хан мен Сыр елі батыр­лары және билерінің арасын­дағы негізгі қайшылық Кене­са­рының "Қырғызды шабуға адам бер, малдан зекет, қар­жы­лай ақша бер, бермесең өзің шабыласың" [М.Үмбетов. Жаназар батыр. Қызылорда. "Полиграфия Баспа үйі" ЖШС. 2017.- 26б] деген өктем тала­бы болды. Осындай желеу­мен 1844 жылы Кенесары мен Наурызбай Сыр бойындағы елді шауып, малдарын айдап әкетеді. Осы сапарда Нау­рыз­­бай батырмен жекпе-жек­те Жаназардың туысы Биікбай батыр мерт болады. Осы оқиғадан кейін Жаназар­дың Наурызбаймен ұрыс дала­сында екінші рет жекпе-жек шай­қасқа шығудың сәті түсе­ді. Ауызша деректерге қа­ра­ғанда, жекпе-жек Қара­таудың теріскей баура­йын­да­ғы мал қыстауға жайлы Айна­көл, Ащыкөл қоныстарында бол­ған. Наурызбай басқарған хан­ның жортуылшы тобы мен Жаназар басқарған Сыр елі қыпшақтарының жортуылшы тобы қараңғы түнде кездей­соқ мұз үстінде кездесіп қа­ла­ды. Жаназар Наурызбайдың астындағы ақбоз атынан та­нып, салған бойдан найзаласа кеткенде Наурызбайдың аты мұздан тайып жығылады. "Он­сыз да аты мұзға жығы­лып, күш ала алмай жатқан Наурызбайдың найзасын оңай қағып жіберіп, өз найзасын оның иығына үш рет сүйкейді, бұл осымен тоқталық, енді "жау­ласпайық, елдесейік" де­ген белгі еді. Одан әрі қас ба­тыр істі насырға шаптыр­май, екі жақ бейбіт тарқасып кете­ді. Жаназардың сарбаз­дары бы­лай шыққан соң "Нау­рыз­байды неге ыңғайы келіп қал­ғанда өлтірмедіңіз, ажал ау­зына құдай айдап әкеліп-ақ еді ғой" дегенде, "Сендер Алаш­тың Наурызбайын әлі танымай жүр екенсіңдер. Сендердің қатындарың Нау­рыз­байдай ұл туса, қой демей­мін. Аз күн Қоқан­ның қосын жектің деп жүнді к... сарт үшін қазақтың Наурызбайын қандай көз өлім­ге қияды? Қазақтың маңдайына Наурыз­байдай ба­тыр біте береді деп пе едің­дер?!" деп, біраз уақыт үнде­мей түйіліп қалады. "Өлім­­­ге қимағанмен осы Наурызбайға батырдың өкпе­сі қара қазан­дай еді",- дейді М.Үмбетов.

Наурызбайға ақыреттік үкім шығарып, өлтіруге уәжі мен дәйегі жеткілікті болса да, Дала заңына, жекпе-жек ережелеріне берік Жаназар ашуын ақылға жеңдіріп, мәселеге ел бірлігі тұрғыс­ы­нан қарап, оны бұл жолы да дін-аман босатып жібереді. Мұндай кеңдік пен биіктік Жаназардың даңқын онан әрі асырып, дәрежесін өсіре тү­се­­ді. "Батырлар жекпе-жегі­нің мақсаттары - аз қан төгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгер­лер­дің жеке айқас­тарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету... Бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда, қар­сы жақ кейде соғысты жал­ғас­тырмай, кері шегініп кете­тін де болған [Ұстағалиев Ернар. Әскери өнердің шың­дал­ған шыңы - жекпе-жек. // Қа­зақс­тан тарих­шылары қа­уым­дастығы Бюл­ле­теньі. 2006. №1 78 б] дейді тарихшы Е.Ұста­ғалиев.

Сөйткен Наурызбай Сыр қыпшақтарын "қырғыздан қайтып келген соң жазалауға" уәде береді. Бұған Досбол бидің берген жауабы "сендер алдымен ол жақтан аман келіп алыңдар, сүйектерің шашы­лып, тау-тастың арасында қал­масын" дегені болды және айтқаны келді де... Қалып­тасқан жағ­даяттарға байла­нысты Сыр қыпшақтарының "көпбағытты" саясат ұстануға мәжбүр бол­ға­­нын айттық. Кенесары­дан кейін Түркістан-Ақмешіт ай­мағында қайтадан қысқа мер­зімдік Қоқан үс­тем­дігі орна­ды. Қоқанға қарсы шамамен 1850 жылы Тұрған­бай пансат басқарған азаттық қозғалысы сәтсіз­дікке ұшы­рады. Көп ұза­май Тұрсынбай датқа Бүркітбай­ұлы мерт болды. Осы жағдай­да Жаназар батыр өз айбыны­мен Сыр қыпшақ­тарына қорған болды. Байсары мен Көзей қыпшақ руларының түгелдей қоқан қылышынан қырылып кетуі­нен аман сақтап қалды және бұрынғысынша елішілік ба­рым­ташылыққа тосқауыл болды.

Солардың ішіндегі ең ірі­ле­рінің бірі "Ерден қашқан" не­месе "Жаназар қырғыны" оқиғасы. "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін ат болмайды". Осы уақытта Ерден батыр Сандыбайұлы "Түркістанға зиярат етуге" Арқадан Сыр бо­йына бір топ мінәжат ету­шіле­рімен түседі. "Мінә­жат етуші­лерді қорғау" мақ­сатында олар­мен бірге қарулы 70-80-дей сарбаз және қо­сымша орыс барлау экспеди­циясы­ның мүшелері бірге жүреді. Түркістанда үш күн "қажы­лық" етіп, қайтар жолда Тө­мен­­арық арқылы Қаратау жотасын жағалай жүріп, Арқа­ға асар жолдағы "Май­шы" де­ген жерде кідіріп, "бос қайт­пау" пендешілік ниетімен Сыр еліне барымташылық жасау жоспарын құрады. Кез келген батырдың қуаты да пырағы, тіп­ті кеңесшісі де астындағы жа­­раулы аты екенінен әккі Ер­ден хабарсыз емес. Сон­дық­тан Ерден Жаназардың осал тұсын дөп басып, жа­йылымға жі­бе­ріл­ген оның аңызға айнал­ған сәй­гүлігі "Қыл­құйрықты" қол­ға түсіреді де, бір уақытта бей­­­ғам жатқан елдің малын ша­­уып алып кетеді.

Қапыда қалған батыр ел­мен кеңесіп, артық адам ал­май, 40 жігітті таңдап, күші ба­сым, оның үстіне атылмай­тын мылтықты орыс әскер­лері бар жаудың соңынан төр­тінші күн өткенде қуады. Ара­ға он күн салып қуып жете­ді де, енді орын алмасып, апта­лап қуғыншы көрмеген Ерден жа­ғы өз еліне жақын­даған са­йын сенімдері мола­йып, үш шатыр тігіп қамсыз қалың ұй­қыда жатқанда Жана­зар жі­гіт­терімен қарақшылар­дың көп бөлігін дыбыс шы­ғармай қыл­ғындырып өлтіре­ді. Үшін­ші шатырда жатқан Ерден соң­ғы сәтте сезіктеніп, ша­тыр­­­дан шыға бөлек орна­лас­қан орыстарға түн жамы­лып қа­шып, дабыл көтереді. Орыс­­­­тардың зеңбірекпен ат­қан оқтарынан Жаназар жі­гіттері қатты сасады. Деген­мен орыстар Жаназардың со­ңынан қуудан бас тартады, Ер­ден аман қалған жігітте­рі­мен қуғанымен үлкен шығын­ға ұшырайды. Өзі де жарал­а­нып, кері қайтуға мәжбүр бо­лады. Елінде үлкен абырой­сыз­дық­қа ұшырайды. Тіпті Ерденнің шешесі керегенің басында ілу­лі тұрған баласы­ның қылы­шын қынабынан суырып алып: "Өз халқыңды ша­уып, өз қосы­ныңды қырғы­зып, не бетіңмен келіп тұр­сың, қара бет. Жаназарда нең бар, қалай ұмыттың сен, әкең Сан­ды­бай­дың кезінде Жаназар батыр­дың Найманды Қоқан­ның қы­лы­шыннан құтқарып қалға­нын!" - деп баласына тура ұм­ты­лыпты деседі. М.Үмбе­тов "Жа­назар қырғыны" не­месе "Ерден қашқан" деген жер­­­­лер­ді анықтап отыр.

Біз 1881 жылы Сыр бо­йындағы Ашата жайлауында (Күлжан түбегі) қайтыс бол­ған Жаназар батырдың күллі қазаққа мәшһүр үш батырмен текетіресуін ғана тілге тиек ет­тік [Б.Жубекешова. Жана­зар батыр. //Сыр ардагері. 2010-3 нау­­­рыз №5]. Үлкенді-кіші жүздеген батырлар және ел­бұ­зар қарақшылармен шай­қасы өз алдына жарқын баян бол­са, бес қаруы, сәйгүлігі "Қыл­құйрық", жауынгер се­рік­­тері Ерке және Серке сар­баздары, Қожас мерген жайлы ел аузындағы деректер әлі зерт­теулерін күтіп жүрген тың "киелі" тақырыптар. "Киелі" сөзінің мән-мағынасы өте күр­­­­делі. Халқымыз осы ұғым­­­­мен зорлық-зомбылық­қа, әділетсіздікке қарсылы­ғын, адамның, табиғаттың, қо­ғамның арасындағы жара­сым­дылық пен үйлесімді сақ­тауға құштарлығын білдірген" [Х.Әбжанов. Сакральды геог­ра­фия. Ол не? //Егемен Қа­зақс­тан. 28 ақпан 2018 жыл.],- дей­ді профессор Х.М.Әбжа­нов. Жа­назардың халыққа қыз­меті ел қорғаған батырлы­ғымен шек­­телмейді. Батыр қо­ғам­дық қызметінің құрам­дасын ағайын татулығы, шаруашы­лық өмірді жолға қою, қазақ қо­ғамының адам­ге­ршілік не­гіздерін қорғау т.б. құрайды. Ол өзінің халық алдындағы аза­­маттық боры­шын былайша түсіндіреді: "Мен еш уақытта бейбіт жат­қан халыққа барып тиіскен емен. Менің тиісетін жауым - қарусыз, қамсыз ауыл­­­дарға содырлықпен соқ­ты­ғы­сып, халыққа тиіп, ада­мын өл­ті­ріп, адал дүниесін арам пи­ғылды әрекеттермен тар­­тып алып кеткендер. Осы­лар­дың артына қуып барамын, осы­ларға тиі­се­мін, жауыма қы­­лышымды сілтегенде "әді­лет" деп сіл­тей­­мін. Най­зам­ды сал­ғанда "әділет" деп сала­мын, жаумен арпалысып ара­сында жүрге­німде, жы­лаған халық көз ал­дымда елестеп тұ­рады. Кү­йеуі өлген жесір көз алдымда жылап тұ­рады. Әке­сіз қалған жас бала, «ата!» деп жылайды. Мен бұл кезде қорқу­ды да, өлімді де ұмы­тып кете­мін [М.Үмбе­тов. Жа­на­зар ба­тыр. Қызыл­орда. "По­ли­г­рафия Баспа үйі" ЖШС. 2017.- 70б]- де­се, енді бірде "Ме­нің атым­ды неге ғана Жаназар деп қой­ды екен, есімді жиып елім үшін" деп атқа қонғалы жаным азар көріп келеді, не қанып ұйықтап, не тойып тамақ жеу­ге уақытым болмайды". [М.Үмбетов. Жа­на­­зар батыр. Қы­зылорда. "По­лиг­рафия Бас­па үйі" ЖШС. 2017.- 108-109 бб]- деп аһ ұрады.

Сыр бойының бірде бір батыры осылайша назаланған емес. Бұл да батыр тұлғасын ерекшелендірсе керек.

Түйіндей келгенде, Жана­зар Сыр бойы батырларының қасиетті тізімінде өзіндік ор­ны бар даңқты батырлардың бірі. Болашақта Жаназарға қа­тысты отандық және шетелдік архивтерден деректер тауып, ғылыми айналымға енгізу - Сыр тарихшылары мен өлке­та­­нушыларының азаматтық парызы.

Дастан Сәтбай,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы