Материалдар

Өткен оралып, өшкен қайта жанданды

     Ұрпаққа өткеннен өнеге алуды, келешекке тура қарау-ды үйрету әрбір игі істен бастау алады. Ұлт руханиятына үлес қосып, қазақтың жанына дем берген ұлы тұлғаларды ұлықтау арқылы елдің идеологиясы қалыптасады. 1983 жылдан бері ЮНЕСКО-ның шешімімен 18 сәуір – тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні деп бел-гіленген. Бұл айтулы дата тек сала мамандарының бел-сенділігін қана байқатып қоймайды, жалпы қоғамның көзқарасын танытады. Сол себептен де бұл күні ұлтқа қызмет еткен қайраткерлердің ескерткіштері жанында мәдени шаралар бастау алады. Биыл да жергілікті билік пен құзырлы мекемелер бағытынан жаңылыспады.

Бүгінгі күні облыс бойынша 517 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар. 231 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұ-ра нысандарының тізіміне енгізілген.

- Өңірден шыққан тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында өңірімізде Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Бұқарбай батырлар, Мұстафа Шоқай ескерткіштері және Кеңес Одағының батырларына, Социалистік Еңбек Ерлеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ақын-жазушыларға арнап мүсіндер орнатылды. Мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің әрқайсысына қолда-ныстағы заңдылықтар шеңберінде қорғау шаралары ұйымдастырылады,- дейді Қызылорда облыстық тари-хи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме директоры Сапар Көзейбаев.

Осы айтулы күні аталған мекеменің ұйытқы болуы-мен Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана-сында «Тарихи мәдени мұра: тәжірибелер, мәселелер жә-не даму болашағы» республикалық семинар-кеңес бол-ды. Еліміздің жеті облысынан келіп қатысқан мекеме басшылары мен мамандары ортақ мәселе төңірегінде ой бөлісті, пікір алмасты. Ал, Қызылорда қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі шаһардағы бірнеше ескерткіштердің алдына жиналған жастарға тұлғалар тағылымын сөз етіп, салмақты іс-шараға ұйытқы болды.

Қызылорданың қатпарлы тарихында елдің мәдени өміріне үлес қосқан азаматтар аз емес. Тіпті қазақ әде-биетінің сом тұлғаларының өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен қалдырған еңбектерінің өзі қала тарихының салмағын саралайды. Соның бірі - Асқар Тоқма-ғамбетов. Сатира сарбаздарының қолбасшысы, қырғи тілді ақын ескерткішінің алдында Жастар театрының актер-лері «Қызылорда» поэмасынан үзінділер оқып, көрермен қауымға сол дәуірдің лебін сезіндірді.

Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мира Қазбекова, қалалық мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар мемлекеттік кәсіпорны директоры Эльмира Қанатбаева елдік белгісі саналатын ескерткіштерді қорғау күнінің маңыздылығын сөз етті. Ал, ақынның ұрпағы Аягөз Асқарқызы мен ҚР Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова ақынның мұрасы мен азаматтық келбетін дүйім жұртқа көркем тілмен бейнелеп берді.

- Еліміздің барлық өңірлерінде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау күнін атап өту үрдіске айналып келеді. Біздің қала және қалаға қарасты кент, округтердегі барлық тарихи ескерткіштерінің алдында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Келесі ұрпаққа тарихты тұлғалар арқылы таныту, олардың әдебиетке қосқан үлесін насихаттауды негізгі идея ретінде алып, шаралар циклын қолға алдық. Айта кету керек, қаладағы мемлекеттік тізімге енген 83 ескерткіштің барлығы да теңгерімге алынып, олардың қорғау шаралары толық жүргізілуде,- деді Мира Жомартқызы.

Бұл күні қазақ жастарының қайратын жанған Ғани Мұратбаев ескерткішінің алдына мектеп оқушылары мен белсенді жастар топтасты. Шығыстың жарық жұлдызы бола білген кемеңгер тұлғаның жарқын бейнесін қоғам қайраткері Алмагүл Божанова айрықша аша түсті. Рухты жырдан құралған отты өлеңдер мен сахналық көріністер де жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім алауын жақты.

Ал, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен "Үш кемеңгер" ескерткішінің маңында әдеби-кешпен ұласты. Өз заманында жасындай жарқыраған, дәуір тынысын қаламға арқау еткен Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов пен Зейнолла Шүкіровтің құрметіне жастар жыр оқып, белгілі ақындар арнауын ала келді. Қаламгерлердің ізбасарлары мен мұрагерлері әдеби-кеште тебірене сөз сөйледі. Мәдени шарада әдебиет алыптарының жыр жинақтары мен тырнақалды туындылары көрме ретінде топтастырылды.

Атаулы күнде Мұстафа Шоқай бюстінің алдында мәдени шаралармен толықты. Қазақ ойшылының құрметіне арналған мәдени кеш өнерлі жастардың шабытынан туған өлең-жыр, ән-думанмен үйлесті. Шара барысында Алаш зиялысының өткен өмірі мен қызметін, ел алдындағы өнегелі жолы сөз етілді.

Мәдени шаралардың циклы Жалаңтөс баһадүр атындағы ескерткіштегі думанмен қорытындыланды. Жалаңтөс баһадүр алмағайып, аласапыран кезінде елдің саяси-әлеуметтік жағдайына тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы ретінде тарих сахнасына шықты. "Бекзат мүсінді - баһадүр" атауында өткен көпшілік шара С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарының баба рухына арнаған патриоттық жырларымен әрленді. Шарада Жалаңтөс баһадүрдің ұрпағы Серік Қалиев келіп, жас ұрпақтың санасына бабаның ерлік мұраларын тілге тиек етті. Кеудесін оқ пен найзаға төсеген Жалаңтөс Сейітқұлұлының ерлігін насихаттау - баба ұрпақтарының ғана емес, тұтас қазақ жұртына парыз.

Тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнінде қаладағы 20-дан аса тас мүсіндердің жанында тағылымды кештермен сабақтасты. Басты мақсат - елге қызмет еткен, ұлтқа жанашыр қайраткер­лерге тағзым ету. Себебі ұлт мұрасын асқақтатқан арда азаматтарға арнап қойылған еңселі ескерткіштер бүгінде тек тас мүсін ретінде ғана емес, ел руханиятының белгі­сіне айналды.

 

Абай ТАҒЫБЕРГЕН