Материалдар

Компьютерді жақсы білген адам емес, кітап оқыған адам оны басқаратын болады

        Кітап - рухани азық, адам өміріндегі оның маңызы жайында көптеген мысалдар келтіруге болады. Кітап арқылы дүниені танып, ой-өрісіміз, білім көкжиегіміз, рухани әлеміміз дамиды. Әркімнің ішкі мәдениетін, айналасындағылармен қарым-қатынасын қалыптастыруда да кітаптың пайдасы зор. Дана халқымыздың "Кітап - білім бұлағы" деп айтқаны да бекерден-бекер емес.

Тегінде кітапқа деген құштарлық бала кезден қа­лыптасады. Сонау балалық шағымызда қолға ал­ған кітаптардың өзгеше бір өзіне тән иісі бо­лушы еді, әр бетін парақтаған сайын кейіпкер­ле­рімен жүздесіп, сонымен бірге автормен сыр­ла­сып, соның жетегінде әдемі әлемге кіріп кет­кен­дей болушы едік. Кейінірек кітап оқу сүйікті хоб­биге айналып кетті, қолымыз қалт етсе, соны қол­ға ұстағанды, онымен оңашалықты әдетке айналдырдық.

Ал, қазіргі жастар арасында кітапқа деген көзқарас қандай? Олар кітап оқи ма, қандай та­қырыптарға қызығады, нені таңдайды? Осындай сұрақтар шағын ауылдың кітапханасына же­телеген.

 

Біраз жылдардан бері ауылдағы кітапханада қызмет ететін, өз ісінің білікті маманы, әр іске ұқып­тылықпен қарайтын Рая Тілеубергенова біздің сұрағымызға мынадай жауап берді:

- Ауылдық кітапханадағы кітап қоры 9700 болып есептеледі. Мұнда әр түрлі тақырыптағы кітаптар бар. Кейбір кітапханалардағыдай ана бір жылдардағы оңтайландыру ұраны кезінде қоры­мыздан айрылып қалмай, сақтап қалдық. Қазір мұнда көбіне мектеп оқушылары келеді, өздеріне керектілерін алады, бірақ оқу залына отырмай, әр бетті ұялы телефондарына суретке түсіріп ала­ды. Бұлардан басқа бірлі-жарым ғана үлкендер кітап алады.

Кітапқа деген қызығушылықтың бүгінгі күн­дері төмендеп кеткені шындық. Бір кездері бүкіл Одақ көлемінде қазақстандықтар кітапты ең көп оқи­тындар қатарында болған еді, онда қой бақ­қан қойшының да, жер жыртқан механизатордың да, мұғалім мен оқушының да қолтығында әдеби кітаптар жүретін. Ал, қазір мүлде басқа жағдай қалыптасқан, бұны бір жағынан қорқынышты деуге болады, себебі "жан дүниесінде кітап қа­лып­тастыратын мейірімділік, қайырымдылық, жа­нашырлықты білмейтін қатыгез ұрпақ қалып­тасуда емес пе?" деген ойға келеміз.

Ойымызға адамзат тарихында өз орындары бар ілгеріде өткендердің айтқандары оралады. Данышпан Абай: "Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге" дейді. "Ештеңе оқымаған ештеңені ой­ла­майды" депті енді бір кемеңгер Дидро. Ға­рыш­қа ең алғаш қадам жасаған Ю.Гагарин: "Кітап - досың, ақылшың, ол көптеген ізгі ойдың, се­зімнің, білімнің қайнар көзі. Кейде тіпті қай кі­тапты не үшін ұнататыныңды өзің де білмейсің. Белгілі бір жасыңда, белгілі бір жағдайда бір кітап ұнаса, ол адам кемелденіп, көзқарасы, түсінігі, өмір жағдайы өзгерген кезде оған екінші бір кітап қажет болады",- дейді.

Аға буын соңындағыларға қарап ойға қалары сөзсіз, себебі кітап оқуға талпынбайтын, оған деген қызығушылығын жоғалтқан ұрпақтан не кү­туге болады? Олар елінің тарихынан, мәде­ние­тінен, салт-дәстүрінен, тұрмыс-тіршілігінен мақұ­рым қалмай ма? Ата-бабаларының ісін жалғас­ты­рып, тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін бойына сіңіре алмай қалса ше? Күдікті ойлар көп-ақ.

Бүгінгі заман жаңа технологиялардың өркен­деген уақыты, қолымыздағы қалта телефоннан бас­тап, ғаламтор кеңістігі, әр қилы байланыс желі­лері, ғылымның озық жетістіктері өмірімізге сәт сайын енуде. Бұл қуанарлық жайт, ал күдікті көбейтіп, үмітті үздіретіні кітап оқитындардың азайып бара жатқаны.

Жас ұрпақ құлағына құлаққап тығып алып, жан-жағында болып жатқан дүниеден бейхабар, кө­шеде көлік астына түсуге бейіл болып бара жа­тады немесе кітап оқығаннан гөрі ғаламторға кі­ріп, сан алуан ойын ойнағанды ұнатады. Әлгі ойын­дар қырғын соғыс, алапат қантөгіс, адам сана­сын улайтын қатыгездікпен, мейірім­сіз­дікпен, қанқұйлылықпен улайтын болып келеді. Осыны көріп өскен баладан қандай кішіпейілділік пен қайырымдылықты, үлкенге құрмет көр­се­туді, ата-анасына қамқоршы, өзінен кішілерге ізет­тілік танытатын адам қалыптасады? Ертеңгі күні өз ұлтының тілін, дәстүрін құрметтемейтін, өт­кен тарихын мансұқтайтындар осындай­лар­дан шықпай ма? Компьютерге таңылып, ұялы телефонға бағынғандардың ой-қиялы шектеліп, таным-түсінегі таязданатындығы жиі айтылып жүр, ал кітапқұмарлар туралы бұлай дей ал­маймыз. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін озық технологияның жетістігін көріп, әлеу­меттік желіге шығып жатқанда, олай істеуге бол­майды деуіміз жарамас, әйтсе де ұлы мәртебелі кітаптың елеусіз қалуы көңілді алаңдатады.

Ана бір жолы теледидардан болып жатқан тал­қылауда белгілі жазушының әр түрлі жай­ларды айта келіп, "Сириядағы жағдай әуел бас­тан ешбір кітап ұстамайтындардың әрекетінен басталған" деген ой айтты, таңырқап қалдым, демек әлгіндейлерден адамзатқа қатер төндіретін қадамдар да табылап қалады екен-ау.

Елбасымыздың айтқаны бар-ды: "Компью­терді жақсы білген адам емес, кітап оқыған адам оны басқаратын болады" деген. Бұдан шыға­тыны ой-өрісі кең, білім-білік көкжиегі ауқымды адам санасы шектеулі жанды өз дегеніне көн­діретін болғаны ғой.

Әйгілі жазушы М.Горькийдің кітап оқуға құштарлығына таңдай қағамыз. Өзі жалданып жүріп, қожайынның май шамын пайдаланып не­месе айлы түнде шатырға шығып, легеннің тү­бін ай сәулесіне шағылыстыра кітап оқыған жас­өспірім көз алдымызға келеді. Сол кітапқұмар­лы­ғы арқасында үлкен жазушы болып шықты.

Белгілі жазушы М.Байғұтовтың "Қош бол, кітап" деген әңгімесі бар. Кітапқа деген бүгінгі па­йымымыз әңгімеде шебер сипатталған. Жиені нағашысына ауыл кітапханасынан алысқа апа­рылып кітаптардың өртелгенін, ешкімнің оған ара­ша түсе алмағанын жүрегі қан жылап отырып жеткізеді. Әңгімені оқи отырып, өзіңнің де жү­регің езіліп кеткендей болады. Кітапқа деген мұндай қатыгездікті байқап отырып, оның үлкен трагедия екенін ұғынғандай боласың.

Біздің балалық шағымыз кітапқұмарлықпен өтті. Ауылдағы сонау Қазан төңкерісінен кейінгі Ильич шамы атанып кеткен жарығымыз түн ортасына дейін ғана болады. Сонан кейін керо­син шамның жарығымен қызықты кітаптың ішіне кіріп, таңның қалай атқанын білмей қалушы едік. Оқығанымызды бір-бірімізге айтып, ой талас­тыр­ғанның өзі неге тұрады?! Солардың бәрі кейін­нен тәп-тәуір мамандықты игерді, ел игілігі үшін қызмет ететін азаматтар болды. Соның бәрі үлкендердің аузынан естіген ертегілерден, аңыз­дардан басталған еді.

Сонымен кітап оқу жайындағы ойымызды тұжырымдасақ, қандай қиыншылықты жағдай болмасын түйінін шешуге, тығырықтын шығуға жол табуға болады. Қазіргі қоғамның бетін қалай­ша кітапқа бұра аламыз? Бір кездердегідей кітап­құмарларды қалай қалыптастырамыз?

Кімнің болмасын, кітап оқитын кезі мектеп­тегі кезең деп ойлаймын. Бала сабағымен бірге әде­би кітап оқуға да уақыт таба алады, тек оның бойында кітап оқуға деген қызығушылықтың нүк­тесін дәл тауып, оята білуіміз керек. Бұл оқу­шыға күнделікті сабақ беріп жүрген ұстазынан басталады. Мұғалім оқыған көркем әдебиетін шәкірттеріне шеберлікпен айтып берсе, бала қиялында да оқуға деген ұмтылыс пайда болады, соны әрі қарай дамыта білсе, нағыз кітапқұмар шығады. Бұл арада ата-аналардың да баласына ықпалы зор болады. Кей ата-аналар кітап оқыған баласына кейіп: "Қай кітаппен ұшпаққа шығайын деп жүрсің? Таста кітабыңды, шаруаңды істе, кіта­бың құрысын" деп жатады. Бұл бала психоло­гия­сына теріс әсер етеді, үйдегі тәрбиенің ма­ңызы зор дейтініміз сондықтан. Заманауи жаңа­лықтар көркем әдебиетті де дискілерден тыңдап, құлақ құрышы қандыруға болатынын көрсетуде. Сазды, қоңыр дауыспен оқылған шығармалар да, мүмкін, жастарды кітап оқуға тартатын амал болуы. Болашақтан үміт үзбейік. Кітап оқи­тындар саны көбейе бергей!

Өтебай СЕРӘЛІ,

 

Арал ауданы