Материалдар

АҚЫН - ХАЛЫҚ ПЕН ТОПЫРАҚ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР

Қай автордың шығармасын оқысаң да, тіліңмен таңдай қақтырып, еріксіз иландыруы өз мекенінің тұрақты мен­та­­литетін шығармасына қосуы деп білеміз. Себебі өзі туып өскен өлкенің диалектикалық және эстетикалық алғышарттары өнер адамының іштей тілдесетін әлемі деп айтуға толық мүмкіндік бар, мысалы, өнер адамы ылғи сананың әрекетінде жүруі. Шы­ғар­машылық адамы саналық тұрғыдан белгілі бір ойдың (идея) жетегінде жүрсе, туған жерінің әдет-ғұрпы, салты секілді дәстүрдің жұрнағы бейсаналық тұрғыдан алдыңғы планға шығып кетуге толық мүмкіндігі бар. Бұл - өз елінің тамырынан айырылмай, керісінше тамырды бойлай тереңдеп бара жатқан адамдардың ғана қолынан келетін іс. Ежелгі антикалық заманның ақындарынан бастау алатын осы бір қулық бүгінгі біздің ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркениетке апарар сара жолы деп алуымыз керек.                                         

Ақын өзі туып өскен мекеннің халқы мен то­пы­рағы арасындағы көпір, поэзияның құді­реттілігіде осында...

Поэзия тілі дүниені суреттеу мен сипаттау ар­қы­лы автордың шығармасына ерекше нәр беріп тұрады. Ол - ақынның сол сәттегі, шабыт үс­тін­дегі ой орамының ұйқасы мен мағынаның шие­ле­нісуі. Алайда, шабыт үстінде туған шығар­ма­лар­дың көбісі оқырманға құшақ ашуы екіталай, құ­шақ ашқаны былай тұрсын, тіпті мәні мен мағы­насын ішіне бүгіп, сыр ашпай қояды. Осы орай­да Сыр өңірінің белгілі ақыны Оңталап Нұрма­хановтың өлеңдеріндегі сымбаттылық пен сиқырға толы шығармаларына сапар шегіп кө­рейік. Ақынның "Қорқыт - қобыз" атты өлеңдер топ­та­масын қолымызға ала отырып, ой түйдік.

Ақын өз ойын еркін басқарып үйренгені көрі­ніп тұр. Бұлай дейтініміз, О.Нұрмахановта кәсі­би­лік басым. Күн астында шашылған лағыл тас­тай көрік беретін бұл "ой орамда" ақын өмірден көр­ген-түйгендерін жазған. Арал мен Сыр­дарияның ортасында өскен ақынның өлеңдері ал­ғаш оқығанда теңіздің ерке толқынындай сана деген жағаға соғылып жататынын байқаймыз. Жо­ғарыда айтып өткен ойымның анық дәлелі ре­тінде мына өлең жолдарын ұсынамын.

"Тыңдашы, Тәңір,

Өлеңім - өмір.

Құдая, тәубә,

Иманың кәміл.

Көк ие - кием,

Өзіңді сүйем.

Періште емес,

Пендемін, Ием".

Бұл жерде біз тек ақынның поэзия арқылы тәңі­­рімен тілдесуін емес, оңай оқылатын сөздерге аса мән аударсақ, туған жерінің менталитеті анық бай­қалады, ақ көңілді, ақ жарқын теңіз жағасында күн кешіп, кең даланың жазықтығы, самал соққан же­лі сезіледі. Мекені жазық болғасын, ойының ора­­мы да жазық екені білініп тұр. Бір қарағанда, ай­тар ойы бетіне шығып тұрған секілді көрін­ге­німен тереңдігін жасырып жатқан судың ерке тол­­қыны секілді ғайып болып кетеді. Ақынның өлең­­дерінде жазба емес, көбінесе суырып сал­малық, айтыскер ақындарға тән мінез көрінеді. Өйт­­кені бір ойды еркелеп бастап келіп, тез ши­ры­ғып, жұлқынып ала кететінін өлеңдерінен бай­қауға болады. Темпоритм мен динамикасы жоғары өлеңдер оқырманға бір уақытта әр түрлі мінез сыйлайды. Ақынның тағы бір өлең жолы­нан байқағанымыз, символикалық метафо­ра­лар­ға сүйене отырып, табиғаттың тылсым құдіре­ті­не сапар шегеді.

Мысалы:

"Игіліктің

Жыртығына ілдім біз.

Түн нағашы,

Жиеніңе жыр мінгіз.

Назар көкте,

Сұлу мүсін, ақ маңдай,

Түсір жерге

Баданадай бір жұлдыз",- деп сипатталатын өлең жолдарында ақын өзін табиғат ананың ұр­па­ғымын, өзін жердің баласымын, "аспан, сен менің нағашымсың" деп, ғаламның тылсым кү­шіне еркелегені білінеді. Бұл жерде тек еркелеу емес, қазақ халқының салт-жоралғысын, ырым-тыйы­мын, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі кә­де­сін тілге тиек етіп отыр. Ол кәде - жігіттің на­ға­шы жұртынан алатын сыйы, яғни анасының тумалары балаға ат мінгізетін болған. Ақынның осы өлеңдегі қиялы "маған ат емес, жыр мінгізсең болғаны" деп, қасиетті қара өлеңді мүсие тұтып тұрғанын байқаймыз. Ұлттық құндылықтың астары­нан аңыз бен әфсананы көреміз, ол - түркі халқының дүние танымындағы жер мен көктің қалай жаратылғаны туралы. "Ең бірінші жердің бетін топан су басқан кезде, судың ішінен жұ­мыртқа қалқып шығады. Күндердің бір күнінде ол жұмыртқа жарылып, үстіңгі қабаты аспан, астыңғы қабаты жер болады". Осы аңызды арқау ету арқылы ақын жер мен аспаннның ағай­ынды болғанын айтады. Бір шумақ өлеңге бір ұлт­тың емес, әлем халықтарының аңызын сый­дырып, одан әрі өз ұлтының салтымен сурет­теу бұл әдебиет әлеміндегі ай күнін айқындаған сипат.

Арал теңізінен айырған ақынды тәңірісі жыр ұйқастарымен сусындатып тұрады. Жазық далада сайран салып, теңіз толқынына еркелеп өскен өнер адамына сай мінезге ие ағамыздың өлеңдерінен ескі сөздерді жиі байқап қаламыз. Теңіздің астында көміліп қалған байлықтай қазақтың байырғы сөздерін көп адам мағынасын біле бермесі анық, алайда, байлық бізге керектігін ұмытпауымыз керек!

Өзгеге ұқсамас ерекше өлең өрбітетін ақынның метафоралық символдары ай мен күн, жарық пен түнек. Абайдан бастау алатын даңғаза жолға ат артып жүрген ақынға қаламыңыз жұқармай, жазарыңыз көп болсын деп тілейміз.

Оңталап ағайдың режиссерлік қыры да қазақ сахнасына ерекшелік алып келгенінен дүйім жұрт хабардар. "Өлең де, қойылым да көрермен мен оқырманға ой салмаса, атқарған ісіңнің не мәні бар?" - деп, өз-өзін қайрайды ағамыз. "Ол рас" дедім мен де басымды төмен салып. Ағаның бір сөзді айтып алып, "осыны түсінді ме екен осы бала?" деп, көзіңе тіке қарайтын көзқарасынан жанарымды тайдырып алып кеттім.

"Адамдар!" деді, оң қолының сұқ саусағын жоғары көтеріп алып, "үйіне барамын дегенше сенің шығарған спектакліңді талқылап, талдап баруы керек, олар үйіне барар жолда таласуы керек, бір-бірімен келіспей ұрысып, кейін көрген кезде "е, сенікі дұрыс екен ғой, мен алдында ана қойылым туралы зерттеп едім" десе, "онда сенің өнеріңнің өмірі ұзақ болады" деді. Мен басымды еріксіз изеп, ағайдың әр қимылын аңдып отырмын. "Сенің шығармаң жаман болса, адамдар "е, жақсы екен мынауың" деп айта салады. Нашар жұмысқа "жақсы екеннен" басқа не әңгіме керек. Ал, жақсы бір қойылым қойсаң, әлде, жақсы туынды жазсаң, оны сынайды жұрт. "Неге мына жері мынандай емес, мынау былай тұрса жақсы болатын ба еді?" - деп", - деді ағай.

Ол басқарып отырған Қызылорда жастар театрында кезекті бір қойылымның сахналануына куә болдым. Труппада кіл жастар, оңы мен солын ажырата алмайтын оқушылар да бар екен. Қойылым барысында әкесі жоқ, анасымен тұратын бір қыздың мизанценасын дайындап жатыр, қыз еркелеп анасының тізесіне жатуы керек. Жерде отырған қыз қос тізесін құшақтап отырып жатыр, сахнаға жанбас қойып орналасып болғасын ағай ол қызға "бір тізеңді көтер, екіншісін жерге жатқыз" деп пәрмен берді. Ол қыз да ағайдың айтқанын лезде қағып алды, бірақ түсінген жоқ, ағай да түсіндірген жоқ неге олай істеткенін. Партердің орындығында отырып ағайдың мизанценаның символына мән беріп қарағанына қуандым іштей. Сондағы айтқысы келгені адамды алып жүретін тіреніші екі аяғы, яғни ата-анасы, қайтыс болған әкесін жерге қойып, екінші тізесіне қыздың қолын асылдырып қойғаны анасына арқа сүйеді дегені болатын. Аяқ астынан осындай таңғажайып ойларды терең түсіне қойып, оны көрермен назарына ұсынудың астарында тек қана режиссердің фантазиясы емес, ақынның санасында суреттелген керемет поэзия жатты. Міне, ұйқас, ақын айтқыштығымен емес, дөп басқыштығымен ерекшеленеді. Тек өлеңін емес, өмірін, өнерін буын ырғағына бағындырып, әдемі ұйқас шығара білетін ақынның шабыты қай жолда да алшысынан түскенін байқаймыз.

Өмір деп сені атай ма,

Жағама

Күнде жармасам.

Өлеңім

Сенен не пайда,

Ұрпаққа

Үлгі болмасаң.

Ақын ол - қасиетті жырдың иесі, ол ешқандай ұлтқа бөлінбей, тек ардақтыларына сый ғып берер тәңірден нәсіп. Мекен мен мекен иесін жаратқан тәңір сол топырақ пен адам арасына көпір етіп ақынды жіберген.

Хан Асанов,

Жастар театрының әдебиет

бөлімінің меңгерушісі