Материалдар

ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕГЕН САПАР

   Тарихын түгендеп, тамырын ұмытпаған елдің ең­сесі биік болары хақ. Сырдың бойын­да өркениет жайған қалалар, өмір сүрген даналар, әруақты бабалар - бүгінгі ұрпақ үшін ашылмаған жұмбақ, ше­шімі та­был­­ма­ған шежіре. Олардың құпиясына қа­нық ар­хе­ология саласының мамандары талай күр­меуі қиын күрделі түйіндерді тарқатып, құм ас­­тындағы тарихты жарыққа шығарып жүр. "Бұ­рынын білмеген елдің болашағы бұлың­ғыр" дейтін данагөй елдің ұрпақтары ғылыми тұрғыдан тари­хи-мәдени ескерткіш­терге мән беріп, олардың ас­та­рында жатқан аңыз-әп­саналардың сырын ашуға бел шеше кіріскен. Сонымен қатар, халық мойын­дап, ғалымдар бас иген тарихи орындар Елбасы­ның бастамасымен түгенделіп, бір жинаққа ен­гізілген болатын. Бұл да бір болашақ үшін жасал­ған игі шаралардың бірі десек артық емес.

Осы мәселелерді қаперіне алған Қызы­лор­да облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкер­лері тың бастама көтерді. Олар Елбасының стра­тегиялық маңызға ие "Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақа­ласындағы "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында облыс бой­ын­­ша жалпыұлттық қасиетті ны­сан­дар тізі­міне енген тарихи-мәдени ескерт­кіштерді наси­хаттау мақсатында телеэкспе­ди­­ция ұйым­дас­тырды. Бұл жоба республи­каның барлық өңірінде қолға алынып жатыр. Ал, Сыр өңірінің сыршыл тари­хын тануға экспедиция өкілдері Жаңақорған ай­мағынан бастағанды жөн санапты. Сапардың келесі кезегі өңірдің батысына қарай ойыспақ. Әуелі Жаңақорғандағы көне ескерткіштер мен тарихи орындарға аяқ бастық.

- "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағ­дар­ламасы бойынша республика көлемінде үлкен алты жоба жүзеге асыры­луда. Соның бірі осы "Қа­зақстанның киелі жер­лерінің географиясы" жо­басы. Бұл жоба­ның басты мақсаты - Қазақстан бо­йынша киелі жерлерді анықтау, насихаттау, танымдық кітаптар шығару. Оған қоса, жастардың пат­риот­тық сезімін оятып, туристік орталықтар ашу - осы жобаның негізгі бағыты. Алғашқы бағ­дар­лама бойынша былтыр шілде айынан бастап то­лымды жұмыстар жүргізілді. Астана қаласын­дағы Ұлттық музейде "Қасиетті Қазақс­тан" ғы­лы­ми-зерттеу орталығы ашыл­ды. Респуб­ли­­кадағы музейлер осы орталық ар­қылы жұмыс жа­сап жатыр. Атқарылған ша­руалар нәтижесінде облыс бойынша 47 ес­керткіш қасиетті нысандар тізіміне кірді. Оның 12-сі республикалық және 35-і өңірлік деп танылды. Осы нысандарды зерттеп, зер­делеу үшін облыстық музейден арнайы штат құ­рылып, жұмыс жасауға кірісті,- дейді архео­логия және этнография бөлімінің меңге­ру­ші­сі Асхат Сайлау.

Шара барысында Жаңақорған ауданындағы өлкетанушылар және музей мамандарымен кездесу өткізіліп, "Қасиетті Қазақстан" жобасы бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыс­тар туралы мәселелер қозғалды. Кездесудің басты мақсаты - музей тарапынан жалпыұлттық қасиетті нысандарды халыққа кеңінен наси­хат­тау жұмыстарын жүргізу. Жобаны Жаңақор­ғаннан басталуының да өзіндік сыры бар. Себебі республикалық нысандар тізіміне Жаңа­қор­ған ауданынан ең көп нысан енген екен. Олар: Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты және Сығанақ қалашығы. Ал, өңірлікке Ақтас мешіті, Айқожа ишан, Қара сопы, Сунақ ата нысандары енген.

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен кездесуде көптеген мәселе­лер сөз болды. Соның ішінде "Құттықожа, Құмиян сынды нысандарды толық зерттеу, ескерт­кіш­терге апаратын жол мен инфра­құрылымның нашарлығы, Сығанаққа ашық ас­пан астында музей салып, оны дамыту сынды түр­лі мәселелер шешімін тапса екен" деген ұсыныстар айтылды. Тек бұл ғана емес, аудан орталығында орын тепкен музейдің де халі мәз емес. 1904 жылы бой көтерген ғимаратта жұ­мыс жасайтын қызметкерлер жаңа музей са­лын­­ғанын күтеді. Оның үстіне музейді 1959 жы­лы орта деңгейіне дейін су басқан. Алайда, "апатты жағдайда" деп танылған музейге әлі күнге дейін басқа орын берілмепті.

- Жаңақорған аймағында 265-ке жуық ескерткіш бар. 2003 жылдан бастап жер астында жатқан мұраларды қазып шығару басталды. Біздің музейде сол қазбадан алын­ған көптеген жәдігерлер сақталып, насихат­талып келеді. Алайда, апатты жағдайдағы ғима­ратта құнды тарихи жәдігерлерді сақтап, ұстап отыру қиын. Сондықтан бізге жаңа ғимарат са­лып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жағ­даймен әкімдіктегілер жақсы таныс, бірақ біз­дегілер апат орын алып, шығын шыққаннан соң қозғалатын әдеттері емес пе?!- деп назын жет­кізді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нәбихан Шалапов.

Бұдан бөлек, Елбасы мақаласында көздел­ген мақсаттарды орындау барысында "Қоғам­дық сананы жаңғырту" бағдарламасын іске асы­ру жөніндегі іс-шаралар жоспары да жүзеге асы­ры­луда екен. Осы орайда, "Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы" жобасы ая­сында жалпыұлттық қасиетті нысандарды на­си­хаттау мақсатында біздің сапарымыз Қорасан ата және Төлегетай-Қылышты ата кесенелеріне барумен жалғасты.

Телеэкспедиция Төлегетай-Қылышты ата кесенелеріне аялдады. Тарихи кешен аудан орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта ор­на­ласқан. Төлегетай ата - ХІІ ғасырдың ба­сын­­­дағы Күшілік ханның ұрпағы. Мұхамед-жан Тынышбаев баба туралы ең ал­ғаш зерттеу­шілердің бірі болып саналады. Төлегетай Сүйенішұлы ХV ғасырда өмір сүр­ген. Ол - қазақ даласында жеке ұлыс болып қа­­лып­тасқан наймандарды билеген өз зама­нының батыры, елдің қамын жеп, бірлігін ойла­ған қайраткер.

Қылышты ата да ерекше әулиелігімен ел есінде. Халық аузында жүрген аңыздарға сен­сек, аттылы адам көлігінен түсіп, бұл жерге зия­­рат етпесе өзі немесе тұлпары майып бола­ды екен. "Баба басына түнеп, перзент тілеген­дер мен кеселіне дауа сұрағандарға шипа бере­ді" дейді жергілікті тұрғындар. Қылышты ата мың бір бәлеге қарсы тұрарлық қауқары бол­ған. Уәзірлері мен билері алдында келгенде қы­­лы­шы күн сәулесіне шағылысып, қылы­шының жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты. Бұнысы "Кім­де-кім адал болмаса, осындай жаза алады" деген­ді меңзейді екен. Міне, осыдан бастап Қылышты ата атаныпты. Кесене басында сөз болған осы сынды аңыз әңгімелер өткеннен сыр шертеді.

Облыстық музей қызметкерлерінің келесі бағыты Қорасан ата кесенесі болды. Бұл жер тіптен ерекше. Абд-ал-Жалил баб Хорасан ата – «Насаб-нама» шежіресі бойынша, Али ибн Абу Талибтің, нақтырақ айтқанда, Әзірет Әлінің ұлы Мұхаммед ал-Ханафияның бесінші ұрпағы. Бұл киелі жердің өзгелерден ерекше-лігі, мұнда Меккедегі Қағбаның көшірмесі бар.

Кесененің шырақшысы Мейрамхан Нұрхожаұлы бізге көшірме қағба туралы аңыз әңгімені айтып берді. Аңызға сенсек, ертеде Қорасан атаның баласы ғұлама имам болған деседі. Әкесі Қорасан ата әр жұмада «Тоты-құс» аралынан Ақмаямен желдей ұшып, Меккеге барып, Бамдат намазын өтеп қайтады екен. Осыны сезген Хусаин әкесіне: «Рұқсат етіңіз, Меккедегі Қағбатілләні осында көшіріп әкелейін»,-депті. Сонда Әбдіжәлел баласын сынау үшін рұқсат етіпті. Баласы айтқандай, кілемге салып Қағбаны әкеледі. Қорасан ата баласының құдіреттілігіне сеніп, Қағбаны жерге қойғызбай, көлеңкесін сызып алады, кейін сол сызылған орынға құм үйіндісі жиналып, Қағба салынады. Бұрынғы орынның үстіне биіктігі бес метр болатын қағбаның көшірмесі 1995 жылы салынған. Көшірме қағбаның ішінде байырғы дуалдардың қабырғалары сақталған. Көшірменің солтүстігіндегі құдықтан зиярат етушілердің су алып ішуі де арнайы ғұрыптардың біріне саналады. Қорасан атаның кесенесі де биіктігімен алыстан көзді бірден баурап алады.

«Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл» деген сөзде үлкен астар жатыр. Сондықтан бабаларға құрмет көсетуде тұрған ешқандай әбестік жоқ. Қазақтың әрбір тау-тасы, сай-саласы, ой-шұқырына дейін киелі екені рас. Алайда, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне ең таңдаулылар ғана енгізіледі. Тарихтан тамыр тартқан, қазақтың алып тұлғасын құшағына жасырған жерлер де осы тізім арасына ілікпек. Облыстық музей қызметкерлері ұйымдастырған осындай игі шаралар болашақта да өз жалғасын табатын болады.

Айдар САЙЛАУОВ,

 

Қызылорда-Жаңақорған-Қызылорда