Материалдар

Гиннес рекордтар кітабына енген сырбойылық зейнеткер

     Еңбек жолын мем­лекеттік қыз­метке арнап, осы саладан зейнет де­­малысына шық­­­қан сыр­бой­ы­лық Серік Құлмырзаев көпшілікке әдемі қартаюдың үлгі­сін көрсетіп ке­леді. Асқаралы алпыстың асуын­да биік белестерді бағындырған ар­да­гер спортшы гір тасын көтеруді зейнет жасына келгеннен кейін дағдыға айналдыра бастаған. 65 жастағы зейнеткердің спортпен шұғылданатын орны да қарапайым. Табиғат аясында жаттығуды қолға алған жанның осы бір хоббиі оны Әлем чемпионы етті.

Серік Қожанұлы бүгінде Қызылорда облы­сының Қармақшы ауданында тұрады. Ол 2013 жылы төрт дүркін Әлем біріншілігінің, Еуропа, Азия, Еуразия, Белорусь және Ресей чемпио­наттарында, Ф.Ушаков және М.Ломоносов атындағы халықаралық жарыс­тарда жеңімпаз атанып, бір емес, 11 алтын ме­даль­ды иемденді. Ал, үш жарым жыл бұрын Беларусь елінің Витебск қаласында гір триатлоны бойынша өткен екінші дүниежүзілік олимпиадада 16 келілік гір тасын 2 минут ішінде 78 рет жұлқа, 94 рет серпе көтеру арқылы үздік деп танылған бо­латын. Сол жарыс барысында "310 спар­тан­дықтар" жобасы бойынша Гиннес кітабына ену үшін 400-ге жуық спортшы жарты сағат бойы гір көтеру  жаттығуларын жасаған. Нәтижесінде қазақ­с­тандық спортшының есімі Гиннес рекордтар кітабына жазылды. Сонымен қатар, БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы Адам құқығы халықаралық федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық қауымдастығының және халықаралық аттестациялық Кеңесінің халықаралық "Қанатты арыстан" ордені табысталды.

Өткен жылдың жазында Петропавл қала­сында өткен әлемдік біріншілікте Серік Қожанұлы Ресей, Беларусь, Украина және елі­міздің мықтыларымен сынға түсті. Сайыста гір триат­лонынан Әлем чемпионаты, Еуразия чемпионаты және Қазақстанның бірінші ашық чемпионаты қатар өтіп, бірнеше кезең бойынша спортшылардың шеберліктері сыналды. Дүбірлі додада бақ сынаған Сыр өңірінің ардагер спортшысы жұлқа көтеру сайысы бойынша 10 келілік гір тасын 5 минут ішінде 190 рет көтеріп, жетінші рет Әлем чемпионы атағына лайық деп танылды. Сонымен бірге, 2 минут ішінде 89 мәрте жұлқа көтеру арқылы Қазақстан чемпионы деген атаққа ие болды. Чемпионат қорытындысы бойын­ша ардагер спортшы "Алтын гір көтеруші" орденімен марапатталып, халықаралық дәре­жедегі спорт шебері атағына ие болды.

-        Мен бұған дейін кәсіби тұрғыда спортпен ай­на­лысқан емеспін. Менің қызметтік жолым мемлекеттік жұмыспен тығыз байланысты болды. Зейнет жасына жақындаған сәттерімде алдағы уақытты қалай тиімді өткізу керектігі туралы жиі ойланатынмын. Сөйтіп, көкейдегі ойды спортпен байланыстырамын деген шешім­ге келдім. Халықтың денсаулығын жақ­сартып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шар­ты бұқаралық спортты дамытумен бай­ланысты екені белгілі. Осы орайда спортты жа­ныма серік ете отырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетсем деймін.  Жалпы, адамзат баласы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Сондықтан дене шынықтырып, спортпен шұғылданумен қатар рухани әлемімізді байыту жолындағы ізденіске басымдық беруді де жөн санаймын. Өйткені, адамның рухани дүниесі бай болса, оның ала алмайтын қамалы болмайды. Әлемдік додаларда үнемі жеңімпаз атануымның бірден-бір себебі де содан болар, - дейді гір тасын көтеруден әлем чемпионы, ардагер спортшы Серік Құлмырзаев.

Көксегені ел бірлігі болып, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған, пайдалы іс, өнегелі әңгімесін айта білген қазыналы қарттарға "әдемі қартайды" деген теңеу жарасады. Қарттыққа аяқ басқан шағында зілдей темірлерді ешбір қиналыссыз көтеріп, салмақты болмысымен жан-жағына өнеге нұрын төге білген Серік Құлмырзаевтың ғибратты жолы да әдемі қартаюға бастаса керек-ті.

Сағира УӘЛИ