Материалдар

«Соңғы рет қабылданған латын алфавитінде де қателіктер толып жатыр»

- Әріп таңдауда тарихта түрлі талас-тартыстар орын алған. Соның аражігін ажыратып айтып берсеңіз.

- Өткен ғасырға көз жүгіртіп, әріп тарихын зерде­­леген дұрыс. Қазақ халқын сауаттандыруды ең бірінші қолға алған Ыбырай Алтынсарин еді.

Ол Ильминскиймен бірігіп, кирилл алфавитін жаса­ған. Содан соң мектеп ашты. Бірақ, Ыбырай­дың ашқан мектептеріне қара қазақтың ұғым тү­сі­ніктері сай келмеді. "Орыстың алфавитімен оқы­­са шоқынып кетеміз" деп ойлаған қазақ елі Ыбырай ашқан мектептерге балаларын бер­ме­ген. Жалпы, Ыбырай ашқан мектептердің идея­сы дұрыс болғанмен, бүкіл қазақстандық си­пат ал­мады. Тек Торғай мен Қостанайдың төңі­ре­гінде екі жыл ғана жұмыс істеген. Екі жылдан соң оның бәрі орыс мектебіне айналып кеткен. Өйт­кені Ильминскийдің жоспары сондай бол­ған. Ол Қазақстанды отарлаудың алпыс жылдық жос­па­рын жасаған адам екен. Соның бір бағыты Ы.Ал­тынсарин секілді қазақ алыптарын жанына тар­тып алып, қазақты мәдени отарлауға күш салған.

 

Осы тарихты біле тұра сол заманда орыс, ла­тын және араб алфавитін ұсынушылар болған. Бі­рақ ол кезде араб графикасының сонау ерте­рек­те қолданылған нұсқасы ұсынылған. Ал, А.Байтұрсынов төте жазу нұсқасын ұсынды. Сон­да барлық адамдарды Байтұрсыновтың сөзі жең­ген. Өйткені оның дәлелдеулері мықты еді. Сол заманда латын әліпбиін ұсынса, халық тағы қа­ша­тын еді. Себебі «латынданып, еуропала­нып, шо­қы­нып кетеміз» деп ойлайтын қазақтар көп болатын. Сонда арабтың жазуы мұсылман­дыққа апаратын жол деп түсінеді. Сауатсыз қазақ бір жаңа сөз жазып, жерге тастай салса, көтеріп биік­ке қояды. Бұл құранның сөзі деп ойлаған­дықтан. Сонда ол қағазда не жазылғанын ұқпаса да, араб әрпі­нің суретін танып, оны құрметтейді. Араб гра­фикасына негізделген Ахмет Байтұрсы­новтың алфа­виті халықтық қолдау тапты. Себебі ел "балам әріп таныса, басыма құран оқиды" деп түсі­ніп, балаларын Ахметтің әрпімен жапа-тармағай оқытты. Ахметтің латын әрпін қолда­нуға қарсы шыққандағы басты себеп осы.

- Әріп алмастырудың саяси салмағы, себеп-салдары қандай?

- Араб алфавитімен оқу қазақ даласында қар­қын ала бастады. Кейін қазақ елі 1929 пен 1940 жыл­дар аралығында латын графикасына көшті. Сол кезеңде латынға қарсы болғандар жетіп ар­тыл­ды. Бірақ, Лениннің өзі: "Кеңес халқының бәрі латынға көшкені дұрыс" деп айтқан екен. Ла­тын графикасы - жазудың ең таза түрі. Ленин сол заманда тіл мамандарына тапсырма беріп, олар алфавит құрастырып, түрлі мақалалар жа­рия­лауға бел шеше кіріскен. Күн көсемінің сөзі жерде қалмас үшін де түрлі шаралар жасалынған. Оның ішінде тек түркі халықтарын латын алфа­витіне көшіру қарқын алған еді. Себебі бұл діни көзқарастан арылту, орыстандыру саясаты белең алған кез. Орыстардың Орта Азия халықтарын араб графикасынан арылту басты мақсаттары бол­ды. Сол кезеңдерде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан елдерін ла­тын­ға көшірген. Қалған ұлттар өздерінің жазуында қалған. Мысалға: армяндар, грузиндер өздерінің жазуында қала берген. Тек түркі халықтары ғана тәжірибе алаңына айналды. Осы кезде Түркия да латын алфавитіне ауысып жат­қан еді.

1929 жылы жасалынған латын алфавиті өте мінсіз болғанына қуанам. Ол кезде ешқандай апостроф та, диаграф та жоқ. Қазіргі алфавиттегі қалам сілтеу жүйесіне келгенде қиындықтар туғы­зады. Бір ғана Ә әрпін жазу үшін үстіне тағы екі нүкте саласың. Ә, Ө, Қ сынды қазақы әріп­терді Байтұрсынов жасаған болу керек. Себебі бұ­рын бұндай әріптер болмаған. Бұл әріптер әлем­­­дік транскрипцияға кейіннен енген. Таң қа­лар­­лығы, олардың жазылуында ешқандай мін жоқ. Қалам сілтеу жүйесі де мінсіз.

- Қазіргі кезде ең көп дау туғызатын және ха­лық міндетті түрде біліп жүруге тиіс әріп төңірегіндегі кемшін тұстар қандай?

- Мен төл дыбыс төңірегінде айтқым келеді. Төл дыбыстарды атау барысында да шатаспа­уы­мыз керек. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Бұ­ның бәрі дерлік төл дыбыстар. Бірақ қазіргі қо­ғам­да А де­ген орыстың дыбысы деп айтады. Ағыл­шын бол­сын, француз болсын бәрінде А деген дыбыс бар ғой. Біз бұны төл дыбысымызға қоспаймыз да, Қ, Ғ дыбыстарын қосамыз. А деген таңба ғана өзгенікі шығар, оның дыбысы - өзіміздікі. Осыны жақсы түсіне білуіміз керек. Сондықтан 28 ды­быс­тың барлығы қазақтың төл дыбысы деп атал­ғаны жөн. Ал, қазіргі төл дыбыстар деп жүр­геніміз - қазақтың қолдан жасап алған әріп­тері.

Оған қоса, осы уақытқа дейін қазақтың емле ережесі бұзылып, тілімізге жат дыбыстар кірді. Әлем елдері өзге тілден сөз алып отырады. Ол заң­дылық. Бірақ, бір тіл екіншісінен сөз алса да, дыбыс алмауы керек. Мысалға, орыстар біздің Қ деген дыбысты жазу үшін ол әріпті мүлдем ал­­ған емес. Ал, неге біз ол елдің циркуль деген сө­зін жазуымыз, не үшін олардың Ц әрпін алуы­мыз керек. Орыстандыру саясатынан осы ды­быс­тар біздің тілімізге еніп кеткен. Негізі бізде 28 дыбыс болатын болса, қазір 38 дыбыс, 42 әріп қол­данып жүрміз. Біз тілімізді жат дыбыстардан арыл­туымыз керек. Бұл біздегі үндестік заңын бұзып, әбден тұншықтырып келеді.

Екінші, жат дыбыстармен қоса жат ереже қол­да­нысқа енді. Бірі арнайы енді. Осы ережелерден құтылу керек. "Өзге тілден сөз алынса, оның түбір нұсқасы сақталынып алын­сын" деген ере­же кірген. Осыдан кейін орыстың сөзін еш бұз­бай айтамыз. Бұрын қазақтар самоварды самау­рын, ботинканы бәтеңке, ярмарканы жәрменке, мячті мәшік, ящикті жәшік деп айтып келген. Ал, мына ереже осы күнге дейін біздің тілімізді бұзып бітті. Өзге елдің тілін өз тілімізге икемдеп алып сөй­леген дұрыс. Өзге мемлекеттердің барлығы осы­лай жасайды.

- Әріп ауысқаннан кейін ереже мен тіл заңды­лықтары да өзгеретіні сөзсіз. Әріп алмастырудан кейінгі ереже қайшы­лық­тары туындамас үшін не істеу керек?

- Иә, ереженің дұрыс болғаны - басты мәселе. Ең бірінші латын алфавитіне кіргеннен соң біздің бас­ты ұстанатын қағидамыз айтылу бойынша жа­зы­луды орнықтыру. Себебі, сөзіміз қалай дыбысталса, қалай айтылса, солай жазылуы тиіс. Кейін графиканы осыған сәйкестендіру ке­рек. Қазіргі емле мүлде қайта жасақталып, тіл заң­дылығын ескеріп отырып жазылғаны ләзім. Әуе­лі ереже жасап алып, тілді оған бағындыру үл­кен қателік.

Аударма мәселесін де бір жолға қойған жөн. Цир­куль дегенді қазақ тіліне біреу шеңбер сыз­ғыш деп аударады. Ал, мен оны құптамаймын. Екін­ші біреу тағы бір нұсқа ұсынады. Астана қала­сынан бір хат келер болса, оны орыс тіліне қай­та аударып барып, әзер түсініп жатамыз. Бей-бере­кет аударылған терминдер, сөздер адам­дар­ды шатастырады.

Әлемнің үздік тілі саналатын ағылшын тілінің тоқ­сан пайызы кірме сөзден тұрады екен. Сол се­­кіл­ді біздің де әдебиет, мәдениет, білім, ғылымға бай­­ланысты сөздерді қарасаңыз, оның да тоқсан пайы­зы кірме сөздерден енген. Нақтысы, араб-парсы тіл­де­рінен алынған сөздер. Ол сөздердің бәрі бүгінде қазақтың сөзі болып кеткен. Кітап, мектеп, шәкірт де­ген сөздің бәрі өзге тілден енген. Біз бұл сөз­дер­ді араб дыбысымен айтпаймыз, өз дыбысы­мыз­бен айтамыз. Сол секілді қазір біз қолданып жүр­ген орыс сөздері де қазақтың сөзі болып кете­ді. Сондықтан оны өз дыбысымызбен айтқан жөн.

Біз латынға көшсек, өзге тілден сөз алу мүм­кін­дігіміз көбейеді. Аудармамен сөз алу ол - жа­сан­ды. Жүз сөз алып аударып қолдансаң, оның тек бесеуі ғана дұрыс болуы мүмкін. Мысалы, дү­ние­жүзі аэропорт деп атайды. Ал, неге қазақтар әуе­жай деп өзгертуі керек. Оны аударғаннан не өз­гер­ді? Терминмен қолданылатын сөзді мүлде ау­даруға болмайды. Президент Н.Назарбаев "тер­мин қалай енсе, солай аталу керек" деп еді, әнұран гимн­ге айналып, қаз-қалпына қайта келді. Прези­дент айтса ғана жасалынады. Ғалымдар талай рет дабыл қаққандай айтты. Ол орындалмады.

- Елбасы қол қойып қабылдаған соңғы қа­зақ тіліне негізделген латын алфавитін қол­дана беруге бола ма? Қазіргі ресми БАҚ-тың латын әрпін қолдануға көшкенін мақұл­дай­сыз ба?

- Жоқ, қолдануға болмайды. Оны басынан бас­­тап қайта құрастырып шығу керек. Соңғы рет қабыл­данған латын алфавитінде де қателіктер толып жатыр. Өзіңіз айтқандай, баспасөзде, теле­арналарда және оқу орындарында латынша жазу белең алды. Қазіргі әріппен әрең қатесіз жазып жүр­­генде толықтай қабылданбаған алфавитті қол­­данған дұрыс емес. Тіпті оның емле ережесі де жарияланған жоқ. Жазу заңдылық­тарында да ол­­қы­лықтар көп. Мысалға: И, Қ дыбыстарың таң­балары қайта жасалынуы керек. У, Ү, Ұ ды­быс­тарының да таңбалануында да жүйе жоқ. Ы мен І мүлде сәйкес емес. Жуан не жіңішке болып келе­тін дыбыстар бірдей болып келеді де, тек осы Ы бас­қа таңбамен белгіленеді. Соңғы альфавиттен С таңбасын мүлдем жолықтыра алмайсыз. Әлем ал­фа­витінде бар да, бізде неге жоқ?

Менің пікірімше, біздің алфавит 28 әріптен тұ­руы керек. Қалған керек таңбаларды қосым­ша­мен беру керек. Өзге артық таңбаларды негізгі ал­фа­­витке жолатпаған дұрыс. Бұл әлем тәжі­рибесінде бар дүние.

- Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат құрған

Айдар САЙЛАУОВ