Материалдар

Сыр өңірінің қасиетті орындары түгенделуі тиіс!

     "Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды". Жүрек елжіретер осы қанатты сөз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласына жан бітір­гендей. Туған өлкесіне жыр арнаған жанның жүрек түкпірінен тебірене шығуы заңды да. Талай мін­белерде Елбасы мақаласы талқыланып жүр, бірақ Елбасының еліне деген жүрек лүпілін, мақтаныш сезімін ешкім сезіне қоймағандай. Құр сөз, жалаң баяндама жалықтырып жібереді.

Жақында Қызылорда қаласында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен "Қа­зақстанның киелі жерлері географиясы" жобасының "Қасиетті Қазақстан" базалық бағыты аясында ұйым­дастырылған тарихшылар мен өлкетану­шы­лардың форумы Елбасы сөзін жандандырып жі­бергендей әсер қалдырды. Әуелі музейде "Қасиетті Қазақстан және Археология" залы ашылды. Зал экспозициясына Қызылорда облысы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген облыс көлеміндегі 12 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген 35 тарихи-мәдени ескерткіш туралы мәліметтер орналас­тырылғанын көзіміз көрді.

Ауқымды шара А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстың киелі жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін насихаттау мақса­тында тарихшылар мен өлкетанушылардың облыс­тық форумымен жалғасты. Форумға "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы топ, зиялы қауым, жастар қатысты. Форум аясында "Рухани жаңғыру" бағ­дарламасы бойынша шыққан кітаптардан, архивтік құжаттардан және өлке тарихына қатысты құнды жәдігерлерден "Өлкетану - мәңгілік ел мұрасы" тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

 

Форумды көзбен көрген бір бөлек. Көкейде ойлар қалды, ұсыныстар алға шықты. Әрине, бәрі Елбасының мақаласынан туған ойлар. Оның "Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыс­тарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі" дегені ұрпақ үшін көп жұмыс жасау керектігін нақтылап тұр. Біз бұл ойды терең түсіне алдық па? Мәселе сонда!

Бір кездері қаладағы екі жоғары оқу орны сту­денттерін өзара сайыстырғанда болашақ тарих­шылар қаладағы тарихи орындар мен ескерткіштерді білмеген. Жергілікті қайраткерлерді өскелең ұрпақ танымайды. Сонда балаларға мектептен бастап барлық оқу орындарына өлкетану сабағын оқытуды, тек сыныпта яки аудиторияда отырып ғана емес, қаланы аралатып, әрбір тарихи орын, орнатылған ескерткіштер мен бюсттердің тарихына үңілу керектігін ұсыныс ретінде айтқанбыз. Қазір соған бетбұрыс жасала бастағанына қуанамыз.

Осы ойға жалғас ретінде "Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс" деген еді Елбасы. Біле білген адамға, сай дегеніміз - арналар, қыр дегеніміз төбелер емес пе?! Қазақтың әрбір төбесі қастерлі, қасиетті. Оны ұрпақ біліп өсуі керек. Оның жүзеге асу жоспары жүйелі түрде жасалуы тиіс!

Қасиетті нысандар тізіміне енген Қызылорда облысы бойынша 47 киелі орын! Қазақ тарихында үш рет астана болған, тарихи орынға бай, әулие-әмбиеге тұнып тұрған, Алаштың анасы атанған Сыр өңіріндегі қасиетті орындар бұдан бірнеше есе көп. Форумда Арал, Қазалы, Қармақшы өңірі көп айтылды. Оған дау жоқ. Сырдың өзге аудандары да тереңірек зерттелуі керек. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы Хорасан атаның жанында қасиетті тұлғалар ашылмай жатыр. Қасым ата, Қылауыз ата, Қылышты ата мен Төлегетай, Сабылт, Шах Бұзырық, Қырық садақ, Қожа Ахмет Яссауидің туған ағасы Сәдір ата, Қойлақы ата, Жалаңаш әулие, Бақсайыс, Пайғамбарымыздың көзін көрген Құттықожа сахаба, одан қалды Ақүйік тауында Ақ ата, Сам ата, Қатын қамал, Өзгент, Көккесене, айта берсе киелі орындар жетерлік. Ал, Сырдария ау­данындағы Сырлатам кесенесі, Заңғар қаласы, Асанас, Мүлкәлан әулиелер, Қожжан баба, Қалжан ахун, Тапал ахун, Құлболды ишандарды ұмыт қал­дырмауымыз керек. Бұл қасиетті орындарды ұрпақ жадында жаңғыртып, тарихи туризмнің көзіне айналдыру үшін үкіметтік емес ұйымдар  арқылы жо­балар жасалып, қаржыландыру керек деп есеп­тейміз. Әуелі ішкі туризмді дамыту үшін инфра­құ­рылымды ретке келтіріп, маршруттар жасау, та­ғылымды шаралар ұйымдастыру аса қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақ туған жердің қадірін ұғына алады.

Н.Көбегенұлы