Материалдар

ҰЛТТЫҚ КИІМ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫН АЖАРЛАНДЫРА ТҮСЕДІ

    Стиль, соңғы трендтер, имиджді қа­лыптастыру, жарасымды киімдерді таңдау - қыздар қауымының басты мәселесі. Сұлулық пен әсемдікке жаны құмар жандардың сәнді киім таңдай білуі ешқандай қиындық тудырмауы мүмкін, десе де ерекше талғамды қажет етеді. Себебі, киім - адам көркі. Ал, көрікті болу - барлық қыз-келіншектердің қалауы. Сондықтан бүгінгі күні өзіне сай стильді таңдап, өзіндік имидж қалыптастыру әрбір адам үшін маңызды.

"Көйлек киген әйелге қараңыздаршы. Әйел жоқ болса, көйлек те болмайды" - деген екен Шанель. Әлемді нұрландырып, көңілге жылу­лық ұялататын нәзік жанды­лар - сұлулықтың символы. Алайда, сән қуамын деп, шектен тыс шығудың да қажеті шамалы. Тек талғаммен таң­дау жасап, сапа мен санаға қарайласуымыз керек. Сонымен көктем мен жаздың жайма шуақ күнінде құлпырып жүруді қаласаңыз, сымба­тыңызға мән беруді ұмытпаңыз. Әйелдер қауымының басты қате­лігі де осы тұста көрі­неді. Дене бітімнің ерек­ше­лігіне назар аудармай, көптеген қателіктерге жиі жол беріп қоятын жайы­мыз бар. Мұнымен қоса киім түсінің үйлеспеуі де сізді талғамсыз етіп көрсетеді. Бұл тұста сән маманда­рының кеңесімен бөлісуді жөн санадық.

 

- Көйлек ыңғайлы болуы керек. Егер бір жері тар болып тұрса немесе ұзындығы бойыңызға сай болмаса кеш бойы дискомфорт сізді қалдырмайды, кейін көңіл-күйіңіздің өзгеруіне әсерін тигізеді. Киім түсіне мән беріңіз. Егер сізге қандай түс әдемірек жараса­тынын анықтағыңыз келсе, күнге шығып қолыңызға қараңыз. Тамырларыңыздың түсі жасылға жақын болса, жылы түстегі киімдер таңдағаныңыз абзал. Ал, тамырларыңыз көкке жақынырақ болса, суық түстер өңіңізді ашады,- дейді сән әлемінің падишалары. Бұл тәсіл арқылы өзіңізді танып, жарасымды киінуге мүмкіндік аласыз.

Бойжеткендердің көпшілігі киім таңдау кезінде оның жара­сымды әрі ыңғайлы болуымен қатар, сәнді болуына мән береді. Олай болса, 2018 жылдың сәнді тенденцияларына сай түсті анықтап алғанымыз жөн. Ультракүлгін түсті киімдер - биылғы жылдың тренді. Бұл түс көзге бірден түседі және батылдық танытып таңдау жасауға бағыт­тайды. Сонымен қатар, ашық түсті киімдер де сәннен қалмайды. Мәселен, Pantone түстер институтының таңдауы бойынша "сарыторғай" мен "аркадия" және ақшыл көк, қоңыр, қанық қызыл, көгіл­дір, жасыл реңктері де - жыл тренді. Дизайнерлер нәзік­тікті айқындай түсетін алқызыл түсті киімдерді де гардероб іші­не орналастыра беруге шақырады. Түстердің ерекше­лі­гіне тоқталып, таңдау жасауға ой салдық. Енді әлі күнге дейін сәннен шықпай келе жатқан киім үлгілеріне тоқталайық.

Бүгінде сәнді джинси жас­тардың ыңғайлы киімі ретінде саналады. Джинсиден жасалған жейде, шалбар, сарафан және көйлектер сәннен қалмайды. Мұның бірден-бір себебі - сұраныстың көптігі.

Ыңғайлы трикотаж - керемет мүмкіндікке ие үлгілердің бірі. Кез келген трикотаж үлгідегі киім қарапайым әрі күнделікті тұрмыста киюге қолайлы көрінеді. Көп жағдайда серуендеуге шығатын болсаңыз, ойланбай-ақ осы үлгіні таңдасаңыз болады.

Классикалық стильде киі­нуді ұнататын болсаңыз, сізге аздап өзгешелік керек. Ол үшін құстың мамығы немесе қауырсыны арқылы ерекше бейне қалыптастыр­саңыз болады. Бұл осы көк­тем-жаз топтамасындағы ең өзекті әрі ерекше үлгінің бірі ретінде саналады. Мұндай сәнді көйлектермен мерекелік кештерде де өзіңізді батыл және ерекше сезінесіз.

Тік белдемшелер қай кезде де сәннен қалмайды. Себебі, клас­сика әрдайым трендте. Егер сіз іскер әйел болсаңыз, не киемін деп ойланып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Бар болғаны сәнді жейде мен белдемшені кисеңіз болды, жараса кете­ді. Барынша қара­пайым болғаны дұрыс. Ақ пен қарадан басқа өзге түсті де үйлесімді қолданып жүрген абзал.

Алдағы уақытта құрбы-құрдастарыңыз шашақты көйлек, жейде немесе сөмке ұстап, көздің жауын алатындай сұлу әрі сәнді көрініп жүрсе таңқалмаңыз. Олар бар болғаны биылғы тренд арқылы талғамын жаңартқаны. Шашақ - 2018 жылдың ерекше сәні ретінде ұсынылды. Ұзын әрі қабат-қабат тігілген шашақтар әрбір жанның сұлулығын арттыра түседі.

Соңғы уақытта отандық дизайнерлер ою-өрнектер мен қазақы нақыштарға бейнеленген киім-кешектерді заманауи үлгіде көптеп шығаруда. Қазіргі таңда жастардың талғамы бөлек болғанымен отандық өнімдерге сұраныс жоғары. Сән индустриясында орны бөлек сәнгер Салтанат Баймұхамедова сән әлеміне 2000 жылдары келген. Жастарға арналған киімдер тігіп биіктен көрінген. Бүгінгі күні "Salta" атты брендпен қолжетімді бағада әйелдер киімін саудаға шығарумен айналысады. Осындай ұлттық киімдерді жаңа үлгіде ұсынатын ақтаулық дизайнер Нұржамал Нұрпейсованың туындылары да көздің жауын алады. "Нұр-Шах" сән үйінен шыққан әрбір көйлек, керемет оюланған бешпент арудың ажарын аша түседі. Көбінесе қазақы нақыштағы киім үлгіні мейрамдарда немесе салт-дәстүр орын­далатын кезде ғана киіп қоямыз. Ал, дизайнер Нұржа­мал күнделікті тұрмысқа лайық­тап, қарапайым әрі сәнді киімдерді де халыққа ұсынуда. Жалпы сән өндірісінің қарқынды дамуы бүгінгі күні маңызды рөл атқарады. Шетел ұсынған киімге қарағанда, қазақтың қарапайым көрінетін сәнді көйлектері қыз-келіншектерге керемет үйлеседі. Ұлттық киіммен қазақ қыздары ажарлана түседі.

Сән өтпелі, стиль тұрақты. Сәннің соңын қуалап жүріп, өз стилін жоғалтып алмаудан сақтанған жөн. Бар болғаны талғаммен киіне білу керек. Өзіңізге лайықты образды ойластырып, имидж қалып­тастырсаңыз ғана нәтижелі жетістікке қол жеткізесіз. "Адам көркі - шүберек" дегенімізбен, құр матаның көмегімен өмірімізді мәнді ете алмаймыз. Бастысы, ішкі жан дүниеміз әдемі болса, сымбатымыз да сұлулана түсетіні анық.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА