Материалдар

ТӘЖІРИБЕ МЕН БІЛІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ШИРАЙДЫ

Күндіз-түні ақпарат майданында ысылып, халыққа қажетті жаңалықты елден бұрын жеткізетін журналистердің өз алдына мәселелері жетерлік. Қоғамның қызу ортасында жүріп, ішкі мәселелерін кейде ұмыт қалдыратын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, әсіресе жас журналистердің дүрмекке ілесіп, білмекке ұмтылуы заңдылық. Кейде сол ізденуге ұмтылатын әріптестерімізге бағыт-бағдар беретін арнайы оқыту алаңының жерде-жерде ашылуы тілшінің дамуына жағдай жасайды. Бірнеше жылдан бері журналистердің кәсіби білімін толықтырып, таным-көкжиегін арттыруға күш салған «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры жанынан құрылған «Сөз құны» журналистер клубы аз уақытта журналистердің басын қосып, ортақ мәселелерді шешуде ықпалы бар ортаға айналды. Өз кезегінде клуб маңына топтасқан журналистер «Сөз құны» клубында көтерілген тақырыппа ой білдіріп, саладағы өзекті проблемаларды көтеруде қалыс қалмайды. Мәселен, журналист жұмысын реттейтін БАҚ туралы заңға енген өзгерістердің журналист кәсібіне оң не теріс тұстарын түсіндіріп, аға буын мен жас буынның арасында ортақ тақырыпты ортаға салуы – журналистердің бір мақсатқа бірік-кенінің белгісі.

Уақыт арнасынан асып, құйыны қатты ақпараттық тасқынның күннен-күнге қарқын алуы ақпараттық қауіпсіздік мәселесін алға шығарып отыр. Ақпарат кейде сенімді болғанымен оның шынайылығын тексеру үшін бірнеше дереккөздерге сүйенуге тура келеді. Себебі бүгінде ақпаратты бұрмалау көріністері басым. Мұның қандай да бір себебін бейресми ақпараттың молдығымен байланыстыруға болады. Оған қоса әлеуметтік желідегі шала-шарпы ақпараттар жылт еткен жаңалыққа пікір қалдырып отырған оқырманның ойын екі жаққа бұрып жатыр. Міне, осындайда ақпараттық қауіпсіздік, журналистің жеке басының қауіптілігі басты орынға шықты. Мұндай жағдаймен жас журналистердің жиі кездесуі практикада баршылық. Осы себепті «Сөз құны» клубы жас журналистерге «Алматы» телеарнасы директорының кеңесшісі, белгілі журналист Ұлдай Ибадуллаеваның семинар-тренингін ұйымдастырды.

Білікті журналистің дәрісіне аймақтағы газет-журнал, телевидение тілшілері қатысып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде журналист білуі тиіс ақпараттарға қанықты. Белгілі бір тақырыпты көздеген журналистің мәселені түбегейлі зерттеу жолында түрлі ақпарат көздерін пайдаланатыны рас. Алайда, кейбір ақпа-раттардың өзі журналистің өзін жарға жығып береді. Тәжірибелі журналист Ұлдай Ибадуллаева мұндай жағдайда тек ақпаратқа ғана емес, лингвистикалық қауіпсіздік мәселесіне де баса назар аудару қажеттігін еске салды. Адамның бет-бейнесін ашуда қолданатын, күнделікті құлаққа сіңісті емес сөздерден аулақ болуға, барынша біреудің пікірін тықпалаудың орнына мәселені таразы басында ұстап, ортақ ой алуға шақырды.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен семинарда Ұлдай Ділімбетқызы жас журналистерге дереккөздерді орынды пайдалану, интернеттен алынған ақпараттың шындыққа толық сәйкес келмейтіндігін ескертті. Себебі нақты дәлелденбеген, атүсті ақпараттарға негізделген деректер оқырманды шатастырады.

Семинар барысында журналистер ақпараттық қауіпсіздіктің бүгінгі мысалдарын жан-жақты қарап, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Мұнымен қатар басқосуда Ұлдай Ибадуллаева журналистикадағы салмақты жанрлардың бірі сараптама жазудың жолдарын үйретті. Сараптамалық мақалалар әзірлеудің бүгінде қалыптасқан ережесі жоқ. Себебі қазіргі журналистика ақпараттық хабарларға негізделген, талдамалы-сараптамалық мақалаларға орын берілмейді. Себебі ақпараттық нарықта талдамалы көлемді ақпараттар мен репортаждар оқылымды емес. Дегенмен, тәжірибелі журналист оқылымды материалдың қашанда сұраныста болатынын еске салып, талдамалы тақырыптардың берілу формасы мен мазмұнын тілге тиек етті.

Семинардың екінші бөлігінде журналистер сараптамалық репортаждардың үлгісін лед экран арқылы талқылап, отандық арналардағы хабарларға шолу жасады. Ашық дискуссия жүргізіп, журналистер тақырыпқа қатысты пікірлерін орта-ға салды.

Алматыдан арнайы келген тележурналист Ұлдай Ибадуллаева білгенімен бөлісіп, тәжірибесін таратты. Семинарда журналистің жауапкершілігі мен этикасы да сөз болды.

Білімін толықтыруға келген журналистер тәжірибелі тележурналист дәрісінен алған әсерімен бөлісіп, білім қорының толыға түскенін жеткізді.

- Шынын айтсам, сараптама жазудың жолдарын меңгердім. Семинардың тек монолог түрінде өтпегені қуантты. Өзара ой бөлісіп, ашық сұрақтар қойып, білмегенімізді үйрендік. Меніңше, мұндай оқыту семинарлары жиі өткізілуі керек. Себебі журналист әрдайым жаңалықтардың бел ортасында жүреді. Ал, мұндайда журналистің сауаттылығы маңызды. Өзіме қажетті сұрақтарға жауап алдым,-дейді жас журналист Жұлдызай Қалиева.

Сырда туып, журналистиканың қазанында қайнаған, айтары бар, тәжірибесі толысқан ардагер журналистер мен жас буынның арасын жал-ғап, журналистиканың ортақ мәселесіне үн қосып, таразыға салу – «Сөз құны» клубының мақ-саты. Ендігі уақытта, клуб мүшелері түрлі деңгейдегі шаралар мен бағыты бөлек басқосуларда үн білдіріп, азаматтық журналистиканың қалыптасуына күш салмақ.

 

А.ҚАРАКЕСЕК