Материалдар

ТАҒДЫРЫ ТЕҢІЗБЕН ТАҒДЫРЛАС ЖАЗУШЫ Облыстық кітапханада оқырмандармен кездесті

Ақпан айының басында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері С.Жұбатыровтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тағдырым теңізбен тағдырлас» атты кездесу кеші болып өтті. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова жүргізді.

Мерейтойлық шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов арнайы келіп, жылы лебізін арнап, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жазушы Айжарық Сәдібекұлы мен ақын Толыбай Абылаев, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, суретші Қайырбай Зәкірұлы, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Әмір-Темір Хұсейін, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, филология ғылымдарының кандидаттары Шанжархан Бекмағанбетов, Алдажар Әбілев және «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмахан, «Кездесу» клубы мүшелері, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты. Шара қонақтары Сайлаубай Жұбатыровтың шығармаларын азаматтық, патриоттық, отаншылдық, психологиялық, философиялық терең толғанысымен берілгені туралы өз пікірлерімен бөлісті, қаламгердің баға жетпес мол мұраларын оқуға шақырды. Кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратқызы жазушыға ыстық ықылас танытып, сый-сияпат табыстады. Оқырманмен кездесуде әуелеген әндер шырқалып, кеш қонақтары «Табиғат тамыршысына айналған талант» атты кітап көрмесін тамашалады.

Сайлаубай Жұбатыровтың шығармалары өзіндік жазу стилімен, өз қолтаңбасымен, қаламының көркемдік бояуымен, бай сөздік қорымен ерекшеленеді. Жазушы алғаш 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен публицист ретінде көрінсе, қаламгерлігімен «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған «Боз айғыр» әңгімесі арқылы танылды. Оның «Алыстағы аралдар», «Отты өткел», «Бумеранг» повестері қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, оқырманды бір сілкіп алса, «Абыржы» трилогиясы экологиялық тақырыпты әлемдік масштабта жаңа қырынан танытып, көркемдік шеберлікпен оқырманын ойландыруға жетелеген кесек шығарма болды.

С.Жұбатырұлының «Алақандағы ұя» әңгімесінің әлемнің бес тілінде жарияланғаны, елуге тарта шетел көркем фильмін аударғаны оның дүниетанымының кеңдігін, шығармашылық қуатын байқатса, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге бел шеше кірісіп, өзекті пробле-малардың шешілуіне араласуы С.Жұбатырұлының қайраткерлігін танытады. Жазушы өзінің өмірін арнаған Кіші Арал идеясының жанданып, биыл САРАТС жобасының екінші кезеңінің тамырына қан жүгіріп, Арал халқының қуанышымен жазушының жетпіс жылдық мерейтойы сәйкес келуі кездейсоқтық болмаса керек.

Кітапханадағы кездесу - жазушы мерейтойының бастамасы. Маусым мен шілде айларында Сайлаубай Жұбатырұлының жетпіс жасы Қызылорда облысында кең көлемде аталып өтілмек.

 

Н.МЕҢДІБАЙ