Материалдар

ӘРБІР АНА ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН СӘБИІН ОЙЛАУ ҚАЖЕТ

Өмірге қалаулы және дені сау бала келуі үшін әрбір әйел өзінің ұрпақ жалғастыруға қабілетті денсаулығын қалай сақтау керек екендігін білуі керек. Ұрпақ жалғастыруға қабілетті денсаулық - бұл өмірдің барлық кезеңінде ұрпақ жалғастыруға қабілетті жүйке ауруларының болмаған кезіндегі толық физикалық, ақыл-ой және әлеует жағдайы. Сондықтан өмірге сәби әкелу отбасын жоспарлаудан және отбасын құрудан тұрады. Отбасын жоспарлау - қалаулы балалардың ғана тууын білдіретін әйел өміріндегі маңызды кезең. Ал, отбасын құру әдісі - отбасылық жұптарға алдын ала жоспарлау арқылы көп қиындықтардың алдын алады, мысалы, жүктілікті жоспарлау, бала күтімі, қажетсіз жүктілікті, бала көтеру уақытының арақашықтығын жоспарлау, ата-ананың жасына байланысты бала көтеру т.б.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің денсаулығы салыстырмалы түрде жақсы деуге болады. Босануға келген әйелдердің көп бөлігінде қаназдық (анемия) бар. Бұл әйел организміндегі қоректендіргіш, соның ішінде оттегіні тасымалдаушы қызыл түйіршіктің жетіспеушілігінен туындайды. Жүкті әйелдегі қаназдық ең алдымен құрсақтағы ұрыққа зардабын тигізеді. Сол себептен жаңа туылған нәрестеде, мүмкін әрбір екіншісі, немесе үшіншісінде перинаталды энцефалопатия анықталып жатады. Бұған басты себеп - анасындағы қаназдық.

Болашақ ананың жақсы тамақтануы маңызды. Ұрықтың даму барысына әсер ететіндіктен, витаминдер қажет мөлшерден аз болмауы керек. Сондықтан күнделікті тамақтануда көкөніс, жеміс-жидек шырындары болуы қажет. Жүкті әйелдің ағзасына қажетті ақуыз, майлар мен көмірсулардан басқа минералды заттар мен дәрумендер керек. Басты қағида - күнделікті тамағын неғұрлым түрлендіру, ас қабылдау режимін бұлжытпай сақтау, тамақты шақтап ішу, жайлы ас қорытуға арналған жағдай тудыру. Егер тамақтану режимін сақтап, пайдалы азықтарды шақтап жесе, жүктілік те табиғат заңдылықтарына сәйкес өтеді.

Қандай да болмасын, витамин, дәрі-дәрмек тек қана дәрігер бақылауында қабылданады. Тіпті бас аурудың, тұмау дәрілерінің немесе мазьдардың да плацентадан балаға өту қаупі болуы мүмкін, сондықтан дәрігерге көрінген жағдайда жүкті екенін ескерту керек. Дәрі міндетті түрде қабылдануы керек жағдайда ең қауіпсіз түрі тағайындалуы қажет.

Болашақ ана таза ауада көбірек серуендеп, көбірек қозғалу пайдалы. Бұл босанғаннан кейін ана сүтінің болуы үшін қажет. Бала денсаулығы жақсы болуы, жақсы өсуі үшін ана сүті маңызды.

Жүктіліктің ең қиын кезеңі - бірінші триместр. Бұл - ағзаның гармоналды ауысу кезіндегі әйелдің әсершілдігіне байланысты. Кейде себепсіз ашу қысып жатады, кейде токсикоз мазасын алады. Сол себептен үйде, жұмыста, қоғамдық орындарда ұрыс-керістер болып қалады. Осындай жағдайлардан сақ болу үшін ана өз-өзін сабырлы ұстау қажет. Жақын арада ана болатынын, сәбиін құшаққа алатынын көз алдына елестетсе, көңіл-күйі жақсарып, ашуын жеңе алады. Алдымен өз денсаулығының мен сәбиін ойлау қажет.

Жүктілік кезінде шамадан тыс шаршап-шалдықпағанның үлкен маңызы бар, ауыр салмақты көтеруге және алып жүруге, дененің сілкінуіне байланысты жұмысты атқаруға болмайды.

Жүктілік кезінде бірқатар арнайы жаттығуларды жасаған дұрыс. Ол, біріншіден, қан айналымын жақсартады, күш-қуатты арттырады және толғақ кезіндегі ауырсынуларға жақсырақ төзеді. Облыстық перинаталдық орталығы тиімді перинаталды технологиялар мен күтім бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл болашақ ана мен бала денсаулығының қауіпсіз жағдай болуына жағдай жасайды.

Босану орындарына босануға келген әрбір әйел серіктесімен бірге келеді. Әйелдің серігі ретінде оған босану кезінде психологиялық қолдау көрсететін, қажетіне қарай босандыру әдістерін таңдауда атсалысатын жақын туысы, құрбысы, кейбір жағдайларда толғатқан әйелдің анасы немесе енесі пайдалы серік бола алады. Серік толғатқан әйелге физикалық көмек көрсетеді (арқасын уқалау немесе бетін сүрту), дұрысы - толғатқан әйелдің көңіл-күйіне жақсы әсер беріп, мақтау айтуы.

Ең бастысы, толғатқан әйелге босану кезінде көмектесуге серік адамның құлшынысы жақсы болу керек. Босану бөлмесінде жақын адамның болуы (акушермен бірге) босану ағымы мен аяқталуына, ананың босанғаннан кейінгі бейімделуіне, ана мен баланың өзара қарым-қатынасына, емшек емізуіне және жұбайлық қарым-қатынасқа оң нәтижесін береді.

Босанатын әйелдің жеке босану бөлмесінде температуралық режим сақталып (25 градустан төмен болмауы), ары-бері еркін қозғалуына, жай-күйін өзгертуге функ­ционалды төсектер, кілемшелер, доптармен жабдықталу арқылы мүмкіндік жасалған.

Әйел босанудың бірінші кезеңінде жеңіл тамақ ішуіне болады. Босану барысы партограмма (босану ағымының графикалық суреті) арқылы онлайн режимінде жүргізіледі.

Нәрестені ерте босанғаннан кейін алғашқы жарты сағат көлемінде ана омырауына, емшекке салу нәрестеге жүргізілетін "бірінші екпе" болып саналынады. Одан әрі нәресте сұранысы бойынша, белгіленген уақыт кестесіз және түнгі үзіліссіз емеді, ему уақытын нәресте өзі белгілейді. Кіндік қалдығы құрғақ әдіспен, тазартусыз жүргізіледі. Кіндік қалдығы өзі түсуі керек.

Ананың саулығы - сәбидің амандығы. Жүктілік кезеңнің жеңіл өтуі сәбидің дүние есігін қиналмай ашуына мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір отбасының көбеюі, сапалы ұрпақтың туылуы шаңыраққа сәби сыйлайтын ананың жанұядағы көңіл-күйінің жоғары болуына байланысты.

 

Ляззат  Сапарбаева,

облыстық перинаталдық орталығының дәрігер неонатологы.

 

Қызылорда қаласы