Материалдар

ҚАЗАҚТЫҢ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ МӘСКЕУ МІНБЕРІНДЕ

 

Қылқаламның құдіретін тек сол әлемнің ішінде жүргендер ғана түсінеді. Өмір шын­дығын бейнелеу, қиял мен ойға ерік беру ар­қылы шығармашылық дүниелерді өмірге әкелу, іштен жарып шыққан туындыдан рухани шабыт алу кез келген адамның бойына біте бермейді. Бұл табиғат берген дарын мен қасиет арқылы қалыптасады. Әрбір туындының толыққанды аяқталып, көрерменге жол тартуына дейінгі аралықта суреткер шығар­маны ой өлшемі мен талғам биігінен өткізіп, жарыққа шығарады. Әрине, жансыз бейнеге жан бітіріп, сан түрлі бояуларға тіршіліктің тамырын сыйғызатын өнер иелері қандай да бір болмасын, құрметке лайық. Бірақ та, көптеген қылқалам шеберлері мақтаусүйер мансап­қор­лар секілді биліктің алдына түсіп, беделін тү­сірмейді. Атақ-абырой жолында ардан атта­майды. Өмірде шығарма­шылықтан нәр алып, бейнелеу әлемінің биігіне шыққан суретші Ералы Оспанов еткен еңбегі мен төккен терін салмақ қылып, атқамі­нер­лерден атақ сұрау үшін жаса­майды, қазақтың рухани мұрасын толықтырып, елге еңбек етеді.

Расында, саналы ғұмырын бейнелеуге арнаған, қарапа­йымдылықты қағида еткен Ералы Оспанұлының қо­лы­нан шыққан графикалық туындылар бүгінде ел ішінде ғана емес, алыс-жа­қын мемлекеттердің көр­меле­ріне қойылып, шетел­діктердің назарына ілікті. Бейнелеу өнерін биік өнерге балайтын шетелдіктерге бір реттік суреттермен танылу мүм­кін емес. Шығармашылықта шек бол­майды деген жер-әлемді шарлаған түсінікке салсақ, Ералы Оспанұлының суреткерлік шеберлігі көптің ықыласын өзіне аударды. Мұның астарында ұлтқа деген қызмет, өткенге деген сағыныштың лебі жатыр. Себебі біз сөз еткелі отырған Ералы Оспанұлы қазақтың әлімсақтан бергі тарихын көз алдына әкелетін, көшпелі қазақтың байырғы тіршілігін қылқа­ламның құдіретімен бейнелеген суретші. Бұл әдеттегідей тапсырыспен жасалатын туын­ды­лар емес, аса бір ізденіспен, тарихи себеп­тердің шындығын іздеумен өмірге келеді.

 

Рухани мұраға мән беріп, өткенге шегініс жасайтын уақыттың күні туды. Ортанқол дүниелерден ада, әр шығармасын бауыр еті баласындай баптайтын Ералы Оспановтың бүгінге дейін жеткен биігін сөз етпес бұрын, өмір өткеліне аз-кем аялдасақ. Шымқалада туып, өнер ордасында еңбек жолын бастаған Ералы Оспанов өзі білім алған Шымкент көр­кемсурет училищесінде мұғалімдік қызметке алынады. Ұстаздық жолда шәкірт тәрбиелей отырып, түрлі сурет фести­вальдеріне қатысып, туын­дыларын көпке таныс­тыра бастайды. Жастық­тың жалын оты болар, суретші әуелгі кезде карикатуралар салып, өзінің шығарма­шы­лық қабілетін шыңдайды. Ізденіс жолында жүрген ол "СОРОС-Қазақстан" қоры өткізген "Адам құқы­ғы" карикатуралар конкур­сына қа­тысып, жеңімпаз ата­нады. Араға бір жыл салып, "СОРОС-Қазақстан" қорының "Қазақстанның бүгінгі күнгі 10 пьесасы" айдары аясында өт­кіз­ген конкурсында "Таңатар" пьесасымен же­ңімпаздар қатарын толықтырды. Соңынан Алматыда конкурс нәтижелері бойынша "Таңатар" атты жинағы жарыққа шығады.

Көптің алдына таныла бастаған Ералы Оспанов ел атынан шетелге шығуға мүмкіндік алады. 1999 жылы Түрік Республикасының Мә­дениет министрлігінің шақыруымен Түрік карикатурашылар одағының 30 жылдық мерейтойына Қазақстан атынан қатысады. Көп уақыт өтпей, өнер адамы ретінде жеке көр­месін өткізеді. Жылдар өте "Төрт мүшел" атты графи­калық альбомын шығарады.

Ералы Оспанов графика стилінде салынған суреттерге аса сезімталдықпен, өзгеше реңкке салмай, табиғи қалыпта беруге тырысады. Әсі­ресе, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті әс­петтелген тарихи суреттерінде шебердің дүние­танымы байқалады. Мұны замандас әріптестері мен кейінгі толқын өнер жана­шырлары жиі айтады. Жалпы әрбір өнерлі адам­ның туынды­ларында шоқтығы биік, өзіне ыстық шығарма­лары болады. Ералы Оспан­ұлының әр жылдары салынған суреттері бір арнада толығып, 2009 жылы ҚР Тұңғыш Пре­зиденті мұражайында "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" атты кітабы­ның тұсаукесері ұйым­дастырылды. Ал, 2015 жылы кітап қайта толығады. Жалпы суретшінің бүгінге дейін жеткен биігі мен шығармашылық өрлеу жолындағы табыстары жетерлік. Әрқайсы­сы­ның да құны биік. Айтпағымыз, бұл емес. Ералы Оспановтың бейнелеу өнеріндегі маң­дайалды туындылары Мәскеу мінберіне шық­ты. Көрші елдің құрметіне бөленген суретші қазақты тарихи болмыс-бітімімен жақынырақ таныс­тыруды мақсат тұтқаны байқалады.

"Қазақ халқының салт-дәстүрлері" тақы­рыбында ұйымдастырылған сурет көрмесі Қа­зақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қаты­настың 25 жылдығына бағытталыпты. 90-ға жуық түрлі жанрдағы суреттер көрмеден орын тауып, мәскеуліктердің назарына ұсынылған. Баса айта кету керек, шебердің қолынан шыққан сурет көрмесіне Қазақстан­ның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағанбетов арнайы келіп, қазақтың тамырлы тарихын бейнелеген Ералы Оспановқа қолдау білдіріп, көрменің екі ел арасындағы мәдени дәнекер екенін тілге тиек еткен.

Мәскеу төрінде орын тепкен Антикварлық орталықтың залында бір айдан астам көрмеге қойылған Ералы Оспанұлының шығармашы­лы­ғын мәскеулік әріптестері де жоғары баға­ла­ған. Бейнелеу өнерінде қолтаңбасын қалдырған шебердің әрбір туындысы тек қазақтың арғы тарихын ғана қамтымайды, өмірдің әрбір кезеңдерін суретпен ұғындырады. Мұны бүкілресейлік антиквар орталығының дирек­торы Карина Корольдің берген бағасынан да аңғару қиын емес.

- Мен бұрын-соңды шебер суреткердің туындыларын көрмеппін. Әрбір шығармаға қарай отырып қазақ халқының бұрын өзім білмеген салт-дәстүрлерімен таныстым. Суретшінің білімді, көп оқығаны көрініп-ақ тұр. Маған Ералы Оспановтың дәл осы байырғы тарихқа қызығушылық білдіргені көңіліме қонды. Туындылардың шебер қолдан шыққаны байқалады. Суретшінің көрерменге айтар ойы да, жеткізер идеясы да бар. Ал, бұл суретші үшін маңызды,-дейді Карина Король.

Көрмеге қызығушылық білдіріп, қазақтың көшпелі дала философиясының түпкі мәнін ұғынуға келген студенттердің көңіліне қазақ суретшісінің талғамы жаққан.

Бойына дарыған қабілет пен ізденістен туған шығармаларды ел-жұрттың назарына ұсыну үшін Ералы Оспанов ұзақ жыл дайындалған. Қазақтың салт-дәстүрлерін бейнелеуде суретші қос ғасырдың арасын жалғайтын ескі гравю­радағы суреттерді пайдаланған. Шебердің қа­зақты әлемге танытудағы жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Көрме аяқталғаннан кейін әсерімен бөліскен ол қазақтың мәдениетіне мойын бұрған шетелдіктердің ықыласына тәнті болғанын жасырмады.

- Менің бұл жобаға 5 жылдан астам уақытым кетті. Қазақтың ескі дәстүрін өн бойымнан өткізіп, сол кезеңдегі өмірді ұғыну үшін біраз кітаптарды оқып шықтым. Қазақ халқының өзге жұртқа ұқсамайтын дара қасиеті, даналығы мен өмірлік философиясы жұмыр жердегі әрбір пендеге ой салады. Біз бұрыннан бар тарихымыз бен дәстүрімізді дәріптеп, оны жаңғыртуымыз керек. Қазақтың кешегісі ұмытылмауы тиіс,-дейді қылқалам шебері.

Ералы Оспановтың Мәскеуге сапары сәтті аяқталды. Өнерді құрмет тұтатын кәсіби мамандардың жоғары бағасын алған ол сурет көрмесі арқылы қазақтың салт-дәстүрін наси­хаттап, келешек ұрпаққа ой салды. Ұстанымы да сол, қазақтың дана дәстүрін бұзып алмауды өзіне парыз санайды.

Қара бастың қамын күйттеп, табыс табудың жолына түсуді мақсат тұтпаған Ералы Оспанов салмағы басым шығармаларға жанын берді. Себебі тұтас ұлттың тарихы, мәдениеті мен өнерін суреттеу жеңіл-желпі, жүрдім-бардым қарай салатын дүние емес. Нағыз өнердің шыңына шыққан шебердің арман-мақсаты да осы - қазақтың қасиетін сақтап, ұлылығын ұлықтау.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН