Материалдар

СЫР ӨҢІРІНІҢ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫ

Елбасы "Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру" атты бағдарламалық мақаласында жұрттың санасына жалпыұлтқа тән қасиетті және киелі орындар ұғымын мықтап сіңіру үшін "Қа­зақ­стан­ның рухани құндылықтары" немесе "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Жобаның негізгі орындаушысы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан "Қасиетті Қазақстан" орталығы құрылды. Осы жоба аясында облыс бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 2017 жылдың 17 тамызында ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында Қазақстан­ның жалпыұлттық маңызы бар қасиетті орындары тізімінің жобасы таныстырылып, облыс бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары тізіміне 12 тарихи нысан, өңірлік қасиетті орындардың тізіміне 35 тарихи нысан енгізілді. Қазақстан бойынша ен­гізілетін қасиетті нысандар бес топқа жіктелді.

1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері.

2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар.

3. Діни және ғұрыптық орындар.

4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар.

5. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар.

Тарих және мәдениет ескерткіштері "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының талаптары бойынша ұсынылды. Нысанның атауы, төрт жақты фотосуреттері, географиялық координаттары, тарихи нысанның зерттелуі және аңыз әңгімелер бойынша мәліметтер жинақталды. Бұл жұмыстардың атқарылуына Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемле­кеттік мекемесінің қызметкерлері зор үлесін қосты.

 

Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д. ІҮ-ІІ ғғ.) Қармақшы ау­данында Жаңадария көне өзенінің арнасында, қа­лың сексеуілдің арасында орналасқан. Қала­жұрт жоспары төбенің сүйір нысанына сәйкес келеді, ұзындығы 850 м, ені шамамен 600 м. Қа­ла­жұрт алаңында әр түрлі кезеңдерге жататын бекініс­тер­дің қалдықтары табылды. Көне қа­лажұрт алаңының үлкен бөлігі (41,16 га) сүйір­леніп келген және бекіністің қосалқы белбеуімен қор­шалған. Ескерткіштің орталық бөлігінде осы уа­қытқа жататын және көне қалажұрттың қама­лына жатқызуға болатын төртбұрышты бекініс орналасқан (12,4 га). Ескерткіштің орталық бөлігінде осы кезеңге жататын көне қалажұрттың қамалы болып табылатын төртбұрышты бекініс орналасқан (112,4 га). Көне қалажұрттың оң­түстік бөлігін (шамамен 20 га) осы күнге дейін толығымен сақталынған кейінгі қоныстардың қабырғасы бөледі. Қалажұрт ені 40 м және тереңдігі 4,5 м (бекініс қабырғаларының іргета­сына дейін) ормен қоршалған. Бекіністің сыртқы беті қатты қираған, ал қалыңдығы 4,5 м ішкі қабырғада ені 1,8 м атыс ойыстары орналасқан. Бұл қабырға төртбұрышты бұрыштары жұмыр­ланған мұнаралармен қорғалды, мұнаралар қабырға бетінен 6 метрге шығып тұрды және ішінен атыс ойыстарымен байланысты. Кейінгі қоныстардың қабырғаларының ұзындығы 100-130 м. Осы кешеннің ең көне ескерткіштер тобы қорғандар болып табылады. 6 қорған табылды, оның 4 көне қамалдың шекарасында орна­ласты. Диаметрі 60 м, қоршаған жазықтықтан 3,5 м биіктікте орналасқан. Аталған қалажұр­тының жерлеу салтына арналған бөлмелері (қабырлар), кесенелер және ғибадатханалар зерттелді. Та­былған заттар Шірік-рабат қала­жұртының ны­сан­дарын б.з.д. V-IV ғ.ғ жатқызуға мүмкіндік берді. Кейінгі қонысты б.з. ІХ-ХІІ ғ.ғ. жатқызуға болады.

Ортағасырлық Жанкент қалашығы (ІХ-ХІ ғғ.) Қазалы ауданы, Өркендеу ауылынан оң­түстік-шығысқа қарай 500 метрде орналасқан. Жанкент қалашығы республикалық маңызы бар тарих жә­не мәдениет ескерткіші. Сондай-ақ, Жанкент - ортағасырлардан сақталған көне қала орны. Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсында ор­на­ласқан. Жувейнидің, Несевидің және Ома­ридің кейбір еңбектерінде ол "Шаркент" деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша, 10-11 ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған. Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерх және М.К.Приоров кішігірім қазба жұмыстарын жүргізіп, жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы (1868) В.В.Верешагин жалғастырды. Ал, 1946 жылы Хорезм археоло­гия-этнографиялық экспедиция (жетекшісі С.П.Толстов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Қаланың жобасы шығыстан ба­тысқа қарай созылған, бұрыштары тік келген, көлемі 375х225 м. Солтүстік батыс бұрышында орналасқан цитаделінің көлемі 100х100 м, биіктігі 8 м, оның бұрыштарында орналасқан күзет мұ­нараларының оқ ататын қуыстарына дейін бұзылмаған.

Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ, араб географы Ибн-Хаукал оғыз­дар­дың басты қаласы Жанкент болды, оны иран­дықтар Нау-Керде, арабтар Эл-Харият, сар­маттар Дахи Нау деп атаған дейді. Жанкент ата­уының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі - ІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі.

Бүгінгі күні Жанкент қалашығы туристік ны­сандардың бірі болып табылады. Қалашыққа 2005 жылдан "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап облыстық бюджет есебінен кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситеті орындауда. Қазба жұмыстарының нәтижесінде маңызды құрылыс нысандары ар­шылып, консервациялық жұмыстар қолға алынды. Қазақ тарихында маңызды орын алатын оғыз мәдениетінің орталығы Жанкент қала­шы­ғын ЮНЕСКО-нің Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік тара­пы­нан оның қорғау аймағы, менеджмент жоспары мен ғылыми құжаттамалары әзірленді. Қазіргі таңда ескерткіш ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізі­міне алынған.

Ортағасырлық Жент (Жанқала) қалашы­ғы (Х-ХІҮ ғғ.) Жалағаш ау­даны, Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда, Жаңа­дарияның негізгі арнасының оң жағала­уынан 4 шақырым жерде, оның бүйірлік көне тармағында орналасқан.

Жент - ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы адамдар тығыз қоныстанған орасан зор аймақтың орталығы. Орта­ғасырлық суландыру жүйелерінің іздері, үй-жайлар, бекіністер бұл жерден шығысқа қарай, Жаңадарияның оң жағалауын бойлай Сырда­рия­ға жанасып мәдени белдеуге дейін 40-50 ша­қырымға созылып жатыр. Жент осы шұ­раттағы ең үлкен және ең қызықты қалашық болып табылады.

Жент туралы кезінде көптеген ортағасырлық ав­торлар айтып өткен. ХІ ғасырда моңғол шап­қын­­шы­лығына дейін оның маңызының зор бол­ған­ды­ғы сондай, Арал теңізін кейде "Женттік" деп атаған.

1219 жылы Шыңғысхан әскері Сыр бо­йындағы оғыз қалаларын қиратып, елін қырады, 400 жыл бойы мәдениеті қалыптасқан оғыз-қып­шақ тайпаларын тағы да көшпелі өмірге душар етеді. 1220 жылы Жентке Жошы келіп, ұзақ уақыт бойы өзінің ордасы етеді.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысында орта­азиялық оқымысты Жемал Карши Жентте болып, бұрындары өте бай болған қаланың "бейшараға" айналғандығын, яғни қаланың құлдырауын жазған. Бірақ сол кезде Жентте жанданған базар болды, көпестер пайда табу үшін оған баруларын тоқтатпаған.

Археологиялық зерттеу тұрғысынан Жентті П.И.Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. атағанымен орнын нақтылай алмаған. С.П.Толстов алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХҮІ ғғ. мерзіміне тұжырымдады. Зерттеу­ші­нің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғғ. Жент Хорезм мемлекеті дүниежүзілік державаға айналу барысында тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерт­кіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді. 1960-70 жылдары ғалым Ә.Қоңыратбаев зерттеу жүргізген.

Ортағасырлық Сығанақ қалашығы (Х-ХҮІІІ ғғ.) Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданы, Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 км жерде орналасқан. Жалпы, Сығанақ - ортағасырлық қала орны. Қала 982 жылы түзілген "Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб" ("Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары") атты авторы белгісіз еңбекте "Сунах" атымен алғаш белгілі болған.

Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырар мен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). "Сығанақ" атауы ежелгі түрікше "қамал, қорған" деген мағынаны білдіреді. Ол - ежелгі түркі қала­ларының бірі. Мұсылман деректерінде Сығанақ "Дарь-уль-Куфр" немесе "дінсіздердің ордасы" атанып келді. Өйткені Сығанақ ХІІ ғ. соңы - ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хан­дығының шығыс астанасы болатын. Абдул­ла-намеде Сығанақ туралы "Ол ежелден бері қып­шақ (қазақ) хандарының астанасы" деп жазады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың ба­сында орыс ғалымы П.И.Лерх (1867 жылы) одан кейін И.А.Кастанье (1906-1907 жж) зерттейді. Археология әуесқойларының Түркістан үйір­ме­сінің белсенді мүшесі, генерал-майор В.А.Кал­лаур­дың (1898 жыл), А.Якубовскийдің (1907 жыл) еңбектерінде кездеседі. 1947 жылы орыс­тың көрнекті ғалымы А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Оңтүстік Қазақстан экспедициясы (ЮКЭ) Сығанақ қаласын зерттейді. Одан кейін 70-жылдары қалаға тек топографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген Отырар археологиялық экспедициясының (ОАЭ) мамандары (жетек­шілері К.А.Ақышев пен К.М.Байпақов) орта­ға­сырлық Сығанақтың Дешті Қыпшақ даласын­дағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала екен­дігіне анықтама берген.

Қаланың алғаш рет географиялық коорди­нат­тарын 2003 жылы археолог М.Елеуов анық­тайды. Қаланың жоспары бесбұрышты болып кел­ген. Солтүстік бөлігі - 275 м, солтүстік батыс­тан батысқа қарай - 175 м, оңтүстік-батыстан батысқа - 190 м, оңтүстігі -175 м, оңтүстік шы­ғыстан шығысқа - 320 м, оңтүстік-шығыста ор­на­ласқан қала қақпасының дәлізінің аумағы - 20 м, қала бекінісінің кей жерлерінің биіктігі 6-7 м, шахристан мен рабаты бесбұрышты солтүстік бөлігі - 250 м, батыс бөлігі - 650 метр, оңтүстік бө­лі­гі - 250 м, оңтүстік-шығыс бөлігі - 450 м, солтүстік-шығыс бөлігі - 350 м.

Сығанақ қаласын ауқымды зерттеу жұмыс­тары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасының өзі қолдау көрсеткен "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. 2003 жылдан бастап қаланы Қ.А.Йассауи атын­дағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің "Археология" ғылыми-зерттеу орталығының археолог мамандары тарих ғылымдарының кан­дидаты С.Жолдасбековтың жетекшілік етуімен археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Әртүрлі кәсіппен шұғылданған қала тұрғын­дары суармалы егіншілікпен де айналысқан. Егіншілер үшін судан ешқандай кедергі болмаған. Себебі Сырдария өзенінен 20 шақырымға со­зылған Төменарық каналдары тартылып, егістік негізінен осы канал арқылы суарылған. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар қосымша Қаратаудан ағатын Мыңбұлақ, Шолақ, Арпеншанд, Қызылтам өзендерін пай­даланған. Әйгілі шығыс тарихшысы Фаззалах ибн Рузбихан қала туралы "Сейхуннан тар­тыл­ған каналдардың жағасында орналасқан Сығанақ қаласының қорғаны биік әрі өте керемет көрінеді, қала жердегі жұмақ тәрізді" деп жазады.

1219-1220 жылдары Шыңғысханның негізгі қолы Отырарды алуға аз қалғанда, Үлкен ұлы Жошы әскері Сығанақты келіп қоршайды. Моң­ғолдар арнайы елші жібереді. Бұл туралы араб саяхатшысы Джувейни Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының әскері Сырдарияның бойында орналасқан қалалардың бірінен соң бірін бағын­дырып, Сығанаққа келіп тоқтайды. Жошыға жол көрсетуші екі көпес Әлиқожа мен Хасан қожаны елші ретінде қалаға жібереді деп жазады.

Қала тұрғындары елшілерді өлтіреді. Өз еркі­мен берілмеген қаланы бір аптаға жуық моң­ғол­дар қоршап, толассыз шабуылдан кейін қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастаған.

20 жылдан кейін келген еуропалық саяхатшы Плано Карпини Сырдарияның бойынан аяусыз қиратылған қалалардың орнын көргенін жазады. Өркендеген қала моңғолдар шапқыншылығынан кейін тек ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында ғана қайта жандана бастайды. ХІІІ ғасырда Сыгнах атауымен Қарақорымға барған армян патшасы І Гетумның қалалар тізімінде кездеседі.

Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұлысына қараған қала ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІV ғасырда  Алтын Орда мемлекетінің саяси-маңызы бар орталықтардың бірі болды. 1328 жылы Жошы ұрпақтары алғаш рет Сығанақта өз есімдері жазылған теңгелер соққан.

ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Сығанақ қаласы Қазақ хандығына қарайды. Алғашқы уақытта Қазақ хандығының астанасы болады. Қаланың үлкейгені сонша, ортағасырлық парсы деректерінде Сығанақ базарында күніне 500 түйе сойылып өтетін болған.

Сығанақты астана еткен Ақ Орда мемлекеті -  қазақтың алғашқы мемлекеті ғана емес, қазақ халқы оның ұлттық ой санасы қалыптасуының ұйытқысы.

Соңғы орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, XVII ғасырда салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналған.

А.САЙЛАУ,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі