Материалдар

АЛМАС АЙТҚАН АСЫЛ СӨЗДЕР

Бала кезімізде таң намазына азан шақырғанда әкеміз бізді оятып жүрелетіп отырғызып қоятын. Азан оқып болысымен біздер қайтадан көрпенің астына қойып кетеміз. Содан таңғы намазға тұру әдетке айналды. Балаларының таң ұйқысы бұзылғанына жаны ашыған анамыздың ренішіне: "Аллаһу-акбар" деген сөзді үш қайтара естігеннен артық сауап жоқ" - деп жауап берді жарықтық. Содан әкеміздің  көзі кеткенше таң намазының азанымен бірге оянып жүрдік.

***

Елде отырғанда малының көптігінен ба, есер­леу келген Сансызбай дейтін көршіміз болатын. Перзентсіз еді. Адамның тілегінен ғой, бірде Сансызбайдың әкем намазға тұрғанда зіркілдеп келмесі бар ба?! "Әй, қожеке,- деді есікті теуіп ашып, - Аллаңнан сұра, маған көзі соқыр, ауру, есі дұрыс емес қыз берсін". Әкем намазын оқып болғанша шыдамай, қайта шығып кетеді. Дәл осы әңгіме үш күн қатарынан қайталанды. Ақырында анамыз шыдамай, "Құдайдан жақсы тілек сұра­майсың ба?" деп сөкті. Содан не керек, Сансыз­бай жасы елуден асқан шағында қызды болды, өзі сұрағандай көзі соқыр, науқас болды. Ол апамыз әлі бар.

***

Қыс түссе ауылдағылардың айнымас кәсібі бар. Мұз ойып, нәрете құрып, балық аулаймыз. Өзге жұрттың нәретесі шоршыған балыққа толы болса, біздің күні бойына аулаған балығымыз оннан аспайды. Оны қойшы, үйге келген соң, "мына балықты көкеңе, мына балықты бөкеңе бер" деп бөлгеннен кейін екі шабақ қалса, қуа­намыз. Бірде балықты аршып жатып анамыз: "Бір-екі балықты қақтап қойсақ, балаларға нәпақа болар еді" деді. Әкем көпке дейін үнсіз отырып, әлден уақытта: "Жерге егін еккен егінші, қақпан салған аңшы, ау салған балықшы кәсіптің егесі ғой. Әу деп, жерге дән сеуіп, қақпан құрып, ау салып жатқанда "халықтың несібесі" деп салады. Алла соны қабыл етті ғой, Аллаға берген антым бар, халықтың несібесі дегеннен кейін халық ауыз тиюі керек. Балық бәсін алады, артық пайда бала-шағаңа кесірін тиігізеді. Оттың басының аман болғаны жақсы" деді. Апам үндемей қалды. Үйге келіп жатқан дүниенің өзгелерге де теңдей бөлінетін себебін енді ұқтым.

***

 

Арқаның суығынан ыққан киіктер Қызыл­дың құмында отырғандарға несібе болатын. Аяз күшейсе, қақпаншылар қамдана бастайды. Бір жылы әкем де 13 қақпан сайлап аңға шықты. Ап­та­дан асқан уақытта киікшілердің де қарасы көрінді. Біздің қақпанға түскені - жеті киік екен. Оған да шүкір! Әкемізді ортаға алып, үйге де жеттік-ау. Ыстық шай ішіп, бойы жылынған соң әкем: "Балам, шанаңды ал, ағайынға сыбаға берейік",- деді. Әкем ақбөкеннің үлкен ешкісін на­ғашы көкеміздің үйіне апарып беруді тапсырды. Одан өзге, ауылда Боқаң деген кісі бар еді. Кемпірі екеуі тұратын, баласы жоқ. Соларға текені жөнелтті. Шанамен үлестіріп жүрмін. Анаған бердік, мынаған бердік. Бір кезде бір ешкі, бір лақ қалды. "Осы екеуін сойып алсақ та, біразға дейін жетеді ғой" деп қоямын ішімнен. "Ешкінің де ең се­мізі қалыпты" деп ойланғанымша болмады, "Мы­на ешкіні Сарқыт апаңа апарып бер",- демесі бар ма?! Сарқыт - алдында ғана он түйесімен киік әкелген Әбілқасымның әйелі. "Оның өз үйінде де киік бар ғой, неге үлес береміз?" дей ал­мадым. Әбілқасым ағамыздың үйіне келсем, тау-тау қылып олжаларын реттеп жатыр екен. "Мынаны әкем беріп жіберді",- дедім. Ол кісілер маған назар да аударған жоқ. Ешкіні шанадан аудара салып, кері қайттым. Әкем үйде лақты со­йып жатыр екен. Ызыланғанымнан емес, тоң­ғанымнан жылаған сияқты болып мен отырмын.

- Жау қырылып қалды ғой,- деу әкемнің сөзі­нің салты еді. - Жау қырылып қалды ғой балам, неге жыладың?- деп сұрады. - Әбілқасымның үйі­не неге киік бердіңіз? Олардың киігі екі сара­йына сыймай жатыр,- дедім мен де шыдамай. Мінезі сол, әкем ешқашан жедеқабыл жауап қайтармайтын. "Тоңып қалыпсың ғой балам, жылын",- деді. Соңыра, шай үстінде әкем: "Балам, Әбілқасым ағаңның үйіндегі Сарқыт туыстас апаң ғой. Қазақта "қыздың сыбағасы" әр уақытта бірінші жүреді. Егер Сарқытқа үлес бермесем, "ағам аңға шыққанда менің сыбағамды ұмытқаны ма" демей ме?"- деді.

***

Жас күнімде бәйгеге ат қосатынмын. Бір күні шопандар слетінде бәйге болды. Бәйгеден атым бірінші болып келгенімен, жалаудың оң жағынан емес, сол жағынан өтіп кетті. Сөйтіп, екінші, үшінші келген аттар алғашқы орындарды алды да, маған үшінші орынды берді. Ішім өрт боп жа­нып кетті. Ақсақалдардың ортасында әңгімелесіп отырған әкеме жетіп келдім. "Жау қырылып қал­ды ғой, не болды балам?"- деді. "Бәйгеден атым бірінші келген, бірақ маған үшінші орынның бәйгесін беріп жатыр!" - дедім ашуға булығып. "Ой, айналайын, халық "құтты болсынды" бізге айтып жатыр ғой, бәйгесінде нең бар, балам?" - деді. Содан үшінші орынға берген шынжыр бау­лы қалта сағатты әкеме ұстаттым. Әкем сағатты қолына алып қасында отырған Әйтпембет ұстаға "Әйтеке, Алмасжанның тырнақалды мү­шесі ғой, сізге байладық, батаңызды беріңіз",- де­ді. "Қожекеңнен тәбәрік қой", - деп,  ұста сағатты қалтасына салып, батасын берді. Бала болсам да, ішімде бірдеме өзгеріп кеткенін сол жолы анық түсіндім.

***

Жал-құйрығы өрілген "Көк аттың" сынына келіп, мылтықтың құндағындай жараған уақыты еді. Бәйге біткен соң үйге келдім. Байқағаным, әкемнің екі жағында басқа ауылдың екі кісісі отыр. Бірі "Ленин" орденді шопан Орынтай Батырбеков те, екіншісі Қаратамыр Борпан деген аудан орталығындағы апамның төркіні, нағашы­мыз. Екеуі де елге сыйлы адамдар. Әкем: "Алмасжан, тізеңді бүгіп отыра тұр, балам", - деді. Төменнен жүрелеп отырдым. "Балам, мынау Орынтай ағаңды танисың ғой. Елдің ағасы. Былтыр осы уақытта үлкен оқуды бітіріп тұрғанда жалғыз баласы Алматыда қайтыс болды. Содан бері үйде отырып қалыпты, шырағым. "Ер ба­сына мезгілсіз келген қайғы - қыран құстың қияғында, жүйрік аттың тұяғында қалады" деген сөз бар, көңілімді көтеріп, "Көк атты" ермек қы­лайын деп сұрап келіп отыр, қолыңды жай, бата берейін!" деп, өзі бұрын қолын жайды. Қор­ғасындай ұйыған денемді зорға көтеріп, қолымды жайдым. Жиналған жұрт "Аумин", "Құтты болсын" деп, Орынтайға қошемет көрсетіп жатты. Көпшіліктен сытылып шығып, қораға кір­дім. "Көк аттың" жалынан сипап, ол оқыранғанда көзімнен еріксіз жас шықты...

Әкем сол күні құптан намазынан соң өзіне шақыртты. Жайнамазының үстінде тәспі тартып отыр екен. Алдына жақын келіп, жүрелеп отырдым. Сәл үнсіздіктен соң "Балам, азамат­кер­шілік жасадың. Рахмет, айналайын! Атаның сөзін қайт қылмай, атыңды түсіп бергенің кісілігіңнің белгісі. Басың жас, мінер атың, алар бәйгең ал­дыңда. Осы ел аман болса, өзіңді жаяу қал­дырмас, "Халықтың қамын ойласаң, қардарың со­ның ішінде" деген сөз бар деп жұбатты. Әкем­нің сөзін тыңдап, өзім де қапелімде есейіп шыққандай болдым. Аллаға шүкір, сол халық алақанына салып, аялап келеді. Әкемнің айтқан тілегі қабыл болса керек.

***

Қазір ойлап қарасам, осы заманда өзіңнің туған бауырыңа да бірдемені беруің үшін мың ойланып, жүз толғанасың, баланың, әйелдің қабағына қарайсың. Мына тоқшылық заманда сондаймыз ғой, ал ешкімнің жағдайы мәз емес уақытта қарындасым деп, бала-шағасының аузынан жырып беріп, ағайынға үлес беріп жүрген әкемнің осы қылықтарын жасы сексеннің же­теуіне келген Төлеу анамыздың ойына сал­ғанымда: "Шырағым. Соғыстан кейінгі қиын­шылық заманда, екі жас бірін-бірі ұнатып, ата-анасының келісімінсіз қол ұстасып, Қарақал­пақ­станнан қашып келіп, осы Қорқытқа паналады. Жігіттің жалғыз шешесі бар екен. Әкең "Әбіл­қа­сым қожаның қызын алып қашып келіпті" дегенді естіп өзі барып, мән-жайды білгеннен соң үсті­міз­дегі алты қанат қараша үйімізді соларға апа­рып, басыбайлы тігіп берді. Өзіміз темір жолдың бойындағы ескі барақ тамға барып паналадық. "Сұлтан сүйегін қорлатпайды" деп, өзі бір ауылда жалғыз үй отырып, төбесіндегі үйін қаршадай қызға төркін сыбағаға бергенін де көрдік, шы­рағым. Бүгінгі ұрпақтары әкеңнің қарашаңы­ра­ғынан тараған тұқым",- деп толықтырды апам.

"Бала - әкеден ширек, кем туады" деген рас сөз ғой. Заманның сойылын соғып, ықылас, іл­типат, ізет, құрметтен айырылып бара жатқан біз­дерге томашадай қара шалдың безбені өлшем бола ма?..