Материалдар

ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК КӨЗҚАРАС КЕРЕК әйтпесе «аш бала тоқ баламен ойнамайды»

     Өткен жылғы "Әлімсақ" журналының соңғы номерлерінің бірінде (№11 (104), 2017 жыл, қараша) оқырмандар көңілінен шыққан "Тарихтан тағылым алдық па?" деген сауалға жауап берген қос бірдей тарихшы ға-лымның мақалаларын оқып, ой бөліскенді жөн көрдік.

Белгілі тарихшы Дастан Сәтбай мақаласында отандық тарихшыларды сынға алады. Расында, соңғы кезде біреудің идеясын, ой-пікірлерін иемде-ніп, монография, деректі кітап, мақалалар жазып, жеңіл абыройға ие болып жүрген тарихшылар бар. Қызмет жағалап, мансап қуған ғалымсымақтар да жетерлік. Олар өткен тарихтан гөрі Қазақстанның "жаңа" тарихын зерттеп, жазғанды ұнатады. Өйткені, бұл бүгінде тиімді тақырыпқа айналып отыр.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің "Шоқайтану" ғылыми-зерттеу орталығында 12 томдық Мұстафа Шоқайдың шығармаларының толық жинағы бар. Бұл жинаққа ұлы күрескердің негізі-нен түпнұсқа еңбектері енген. Олар бірнеше тілде және графикада жазылған. Бұрын-соңды аударылып, ғылыми айналымға енбеген, тың деректер. Алайда, тарихшылар қайраткердің бұл еңбектерін зерттеуге асықпайды. Тіпті, ықылас та білдірмейді. Себебі, қазіргі тілмен айтқанда, бұл тақырып оларға ешқандай "дивиденд" алып келмейді, яғни үлес пайда жоқ.

Дегенмен, тарихшылардың барлығын "халтурщиктер" деуге болмайды. Тарихшы ретіндегі кәсіби міндетін адал атқарып жүрген бірқатар тарихшыларды Дастан Сәтбай мақаласында атап өтті. Осындай мықты тарихшылардың арқасында қазақ халқының өткен тарихындағы маңызды оқиғалар негізінен зерттеліп, себеп-салдары айқындалды. Мысалы, отызыншы жылдарғы ашаршылыққа байланысты саяси шешім қабылдауға толық негіз бар. 

Әңгіме болып отырған жылдары Украинада 5 млн. адам аштан қырылған. Себебі, азық-түлік дайындайтын қызыл отрядтар шаруа адам-дарының жинаған астықтарын түгелдей жинап алды. Қазақстанда ет дайындайтын қызыл отрядтар қазақтың малын күштеп тартып алды. Нәтижесінде, 2 млн. адам, яғни қазақ халқының тең жартысы аштан қырылды. Расын айтқанда, Мәскеуге Украинаның астығы және Қазақстан-ның малы мен еті қажет болды. Ал, басқа республикаларда тартып алатын осындай көлемі мол астық пен малдары болған жоқ. Сондықтан да оларда аштық болмады.

Ең бастысы, Украина басшылары бұл қайғылы оқиғаға "Голодомор" деп саяси баға беріп, мемлекет тарапынан арнайы шешім қабылданды. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл мәселеге байланысты күні бүгінге дейін мемлекеттік денгейде шешім қабылданбай келеді. Бұл "голодомор" ма, "геноцид" па, "этноцид" па - билік арасын ашып, тиісті мемлекеттік акт қабылдау керек еді. Сондай-ақ, 1916 жылғы орыс патшасының "Реквизициялау туралы" жарлығына қарсылық білдірген қазақ халқының қарулы көтерілісіне, 1929-1931 жылдар аралығында ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, мал-мүлкінен айыру саясатына қарсы шыққан шаруалар көтерілісіне, 1937-1938 жылдарғы қазақтың бас көтерер зиялы қауымының басым көпшілігін жазықсыз жазалаған "Үлкен террорға", тіпті кешегі 1986 жылғы жастар көтерілісіне әлі күнге саяси баға берілмей келеді.

Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясының құрылғанына 100 жыл толды. Бұл екі мемлекет тарихшылар мен мамандардың пікірі бойынша Алаш қозғалысының басты нәтижесі болып саналады. Алайда, біз Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайды өз дәрежесінде ұлықтай алдық па? "Шоқайтану" ғылыми-зерттеу орталығының 2016-2017 оқу жылына арналған жұмыс жоспары бойынша өткен жылы "Мұстафа Шоқай Һәм Алашорда - тәуелсіздік үшін күрес жолында" атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілуі тиіс болатын. Бірақ белгісіз себептермен болмады. Тіпті, Ә.Бөкейхановтың туғанына 150, М.Шоқайдың туғанына 125 жыл толғанына байланысты бір реттік шаралар ғана ұйымдастырылды.

Әрине, биліктің біз білмейтін қыр-сырлары бар шығар. Ел тыныштығы, халықтар бірлігі мен мемлекет пен қоғамның негіздерін әлсіретіп алмауға билік жауапты екені белгілі. Сондықтан да, биліктің кейбір тарихи оқиғаларға белгілі бір сақтықпен қарайтыны айдан анық. Осындай жағдайда билік пен қоғам мүшелеріне өткеннен өнеге, тарихтан сабақ алғызу оңай емес. Ресейдің тарихшы ғалымдары: "История ни к чему не учат" дейді. Десе де, маңызды тарихи оқиғаларға саяси баға беріліп, мемлекет тарапынан тұжырымды шешім қабылдайтын уақыт келді. 

Қазір биліктегілердің пендешілігі басым екені рас. Кейбірі мемлекеттік қызметке елдің, халықтың мүддесін қорғауға емес, табыс табу үшін келеді. Бұл ащы болса да шындық. Ресми мәліметтерге қарағанда, 2001 жылдан бері 10 мың адам сотты болған екен. Солардың қатарында 2 бұрынғы премьер-министр, 17 министр және орынбасарлары, 15 облыс және қала басшысы, 8 құқық қорғау органдарының басшылары бар. Олар билік басына қалай келді? Билікке баратын адамдардың кәсіби және адамгершілік сапасына қатысты іріктелу ұстанымы сақталмағандықтан ба, әлде басқа себептері бар ма? Бұл сауалдарға үзілді-кесілді жауап беру қиын. Билік басындағылардың басым көпшілігі шетелде оқыған, қос-қос дипломдары бар, сауатты, білімді азаматтар. Кәсіби дәрежесі де жоғары, қолдарынан іс келетін, еті тірі, пысық жігіттер. Еврейлер: "Если ты умный, то почему ты бедный?" дейді. Біздің қазақтар еврейлерден қалсын ба?! Олар саналы түр-де мемлекетке де, өз қалтасына да тиімді жұмыс істейді. Керісінше, кейбір ниеті таза, адал адамдар, білімі мен тәжірибесіне қарамастан жоғарғы эшелонда жауапты қызметті алып жүре алмайды. Оларға қолдау және қазіргі заманға лайық икемділік жетіспейді. Билік адамгершілік, әділдік дегенді білмейді. Тіпті, оларға заңның да онша қажеті жоқ. Билікке тек тиімді жұмыс керек. Бұл нарық экономикасының жазылмаған прин¬циптері. ("Экономика не должна справедливой, экономика должна быть эффек-тивной" А.Смит). Сондықтан да, шаруаға икемі бар, ретін біліп, ебін табатын адамдар ғана жоғары лаузымда жұмыс істей алады. "Бір кем дүние" деген осы емес пе?

Тарихшы С.Серікбаев "тарихи тұлғаларды рулық денгейге түсіріп алдық" дейді. Ру-тайпапардың тарихтағы рөлін төмендетуге болмайды. Қазақ халқының тарихы аталық, рулық, ұлттық кезеңімен дамып келеді. Белгілі тарихшы Талас Омарбеков журналистерге берген сұхбаттарының бірінде: "Қазақ 45 рудан құралған. Әрқайсысының жері болған. Ол жекеменшік емес, рулық меншік. Картадан қарасаңыз, сол 45 ру-тайпаның меншік жерлері, Қазақстанның қазіргі шекарасын белгілеп тұр",- деген еді. Шындығы сол, меншік жерлерін қорғаған - ру-тайпалардың батырлары. "Жер дауы, жесір дауын" әділетті шешіп отырған - ру-тайпалардың билері. Қазақ жеріне сырттан жау шапқанда, ру-тайпаларының батырлары бірігіп, жауға қарсы тұрған. Бұл жерде Дастан Сәтбайдың: "Батырлардың ерлігі тар шеңберде қалып қоймауы керек. Мұны барлық ру, барлық ел-жұрт түгел тануы тиіс" деген пікірімен келісуге болады.

Белгілі ақын Иран-Ғайып сананы үшке бөледі: Құдайлық сана, Пайғамбарлық сана және адамдық сана. "Құдайлық санаға қатысым жоқ, ол мені шаруасына араластырмайды" дейді ақын. Ол пайғамбарлық санаға жалғыз Абайды ғана жатқызады. Адамдық сана - ол пенделік сана. Мақала авторлары "тарихтан тағылым алу үшін сананы жаңғырту керек" дейді. Ал, пенделік сананы қалай жаңғыртуға болады? 

Қазақтың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов билік басындағыларды: "Кітап оқитындар" және "Кітап оқымайтындар" деп, екіге бөледі екен. Қазір кітап, газет оқитын басшылар да, қарапайым адамдар да айтарлықтай азайып кетті. Кез келген жерде үлкені де, кішісі де ұялы те-лефонды шұқиды да отырады. Оқитындары - өсек, көретіндері - бір-бірінің суреттері. Бұл проблеманың бір жағы ғана. Қазір Қазақстанда 5000-ға жуық кітап басылып шығады. Соның шамамен 4000-ы ғылыми, оқу құралдары, қалғаны, яғни 800-ге жуығы көркем әдебиет. Екі мыңға жақын жазушылар бар көрінеді. Олардың қандай кітап жазып, жарыққа шы¬ғарып жатқанын көпшілік білмейді. Бір-екі мың данамен шығып жатқан кітап кімнің қолына тиер дейсің. Кітап дүкендерінде бұрынғы елге танымал жазушылардың қай-та басылымдары мен Ресей авторларының мазмұны жағынан түкке тұрмайтын, қиялдан (фантастика, криминал, қорқыныш туғызатын) жа-зылған кітаптары қозғалмастан, қаз-қатар тізіліп тұр. Тіпті, кітап сатып алып жатқан адамды көрмейсің. Газет пен журналдардың күйі де соған жуықтайды. Бұрын газет сататын киоскілер көп болатын еді. Қазір солардың бірлі-жарымы қалды. Осыдан кейін сананы қалай жаңғыртамыз?! 

Білім саласында да кемшіліктер жетерлік. Екі бірдей мақалада оқу құралдарының сапасы, насихаттау жұмыстары, мұғалімдердің шығар-машылық ізденістері мен оқу процесіне байланысты мәселелер көтеріліп, жеңу жолдары көрсетілген. Мақала мазмұнымен толық келісеміз. "Рухани жаңғыруды сананы жаңғырудан бастау керек" деген тұжырымдары да көңілден шығады. Десе де ішімізде азғантай болса да күмән қалғанын жасырмай, айтқан дұрыс болар. Ұлы ғалымдардың бірі Карл Маркстің: "Быте определяет сознание" деген атақты сөзі естен кетпейді. Бір сөзбен айтқанда: "Аш бала тоқ баламен ойнамайды". Жуырда Ресейге келген жапондардың министрінен журналистердің бірі: "Как Ваше правительство собирается повышать благосостояние японского народа?" деп сұрапты. Ми-нистр: "Мы эту задачу выполнили. Дальше некуда повышать благосостояние народа" деп, жауап қайтарыпты. Біз сананы жаңғырту үшін осындай жетістіктерге жетуіміз керек.

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ