Материалдар

Арал қасіретімен арпалысқан әдебиет қаһарманы

  Cайлаубай Жұбатырұлы - 1970-жылдары қазақ әдебиетіне үлкен серпіліс әкелген жазушылардың бірі. Студент кезінде жарқ етіп, 22 жасында "Алыстағы аралдар" по­весін жазып, шығарманың жүлдегер атануы С.Жұбатыров­тың шығар­машылық өміріне жол нұсқады, шабыт берді. Көркем дүниелермен қатар публицисти­калық шығар­ма­лары республикалық баспасөз бет­терінде жарық көріп тұрды. Ол жа­затын тақырыпқа байыппен қарап, салмақты ой айтуды дұрыс көретін. Содан болар, әрбір жазған дүниесі оқырманды бей-жай қалдырмайтын. Сол салмақ­тылық, сол ойлылық кө­сем­сөз­ден көркемдікке ауысуына әкелді.

Жазушының қаламынан шыққан "Отты өткел", "Бумеранг" повестері оқырманын баурап алса, бір­неше әңгіме-новеллалары "Жасыл сағым", "Алыс­тағы аралдар", "Зеленый мираж" (орыс тілінде)  жинақтарда жа­рық көріп, кітап­сүйер қауымның көзайымына айнал­ды. "Алақандағы ұя" әңгімесі әлемнің бес тілінде жа­рия­ланды.

Сайлаубай - "Қазақфильм" түсірген толық мет­раж­ды "Бумеранг" көркем фильмінің, Қазақ телеви­де­ниесі түсірген "Күзгі жол" көркем телефильмінің авторы. Елуге тарта көркем фильм­ді аударған. Соң­ғы жылдары Сырда тұсауын кескен "Абыржы" три­логиясы жазу­шының ішкі шерін ақтарған толғақты шығармасы.

 

Рас, теңіздің суына шомылып өскендер судың қадірін жақсы сезінеді. Алғашқы публицисти­калық туындысы да сол тақы­рыптан ұзамады. 1960 жыл­да­ры Арал теңізінің халі сол жердің тұрғындарына кәдімгідей сезіле бастаған-ды. Арал өңірінде туып, Арал теңізінің жай-күйін білгеннен соң мәселені жоғарыдан қозғағанды жөн көрді. Толқындары туып-өскен Бөген ауы­лының іргесіне соғып, шағаласы шулап жататын Аралдың тартыла бастағаны 19 жастағы бозбала Сайлаубайдың жүрегіне ауыр тиді. Өзі де сол Бөгеннің түлегі. 1967 жылы алғаш рет эко­­ло­гиялық тақырыпта "Білім және еңбек" журна­лында "Аралды қайтсек сақтаймыз?" деген пробле­ма­лық мақаласымен оқырманын ойға қалдырды. Міне, содан бергі жарты ғасырлық саналы ғұмырын жазушы экологиялық мәселені қаузауға, Байқоңыр жайын, Арал теңізі мәсе­лелерін көтеруге арнап келеді. Бүгінде эколог қаламгер ретінде мінбеден сөз сөйлеп, мәселені нық әрі ашық қойып, оның ше­шілу жолдарын да экологтармен қатар тұрып айта алатын дәрежеге жетті. Себебі Аралдың ұңғыл-шұң­ғылын қайық­пен де, жаяу да аралап, көзбен көріп, көкейіне түйген бірден-бір жазушы - Сай­лаубай Жұбатырұлы. Оның Арал теңізінің тағдырына трилогия арнауы заңдылық. "Кіші Арал", "Қазақстан арнасы" идеяларының авторы атануы бекерден-бекер емес. Қаламгердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2007 жылы "Парасат" орденімен марапатталса, 2008 жылғы Отандық әдебиет саласы бойынша ҚР Мем­лекеттік стипендия­сының иегері атанды.

Қаншама жылын, жасын, жүйкесін арнаған жазу­шының "Абыржы" романының дүниеге келуі кездей­соқ емес. Бар оқиғаны, кешегісі мен бүгінін ой сүзгі­сінен өткізіп, оқырманын ой­ландыруға итермелеген философиялық-психо­логиялық көркем шығарма.

Әлі есімде, 1991 жылы он бірінші сыныпта оқып жүр­ген кезімізде Бөгендегі орта мектепте ұзын бой­лы, мұрты қияқтай, жүріс-тұрысы ширақ, сөзі ор­нықты бір азаматпен жолықтық. Қазақ әдебиеті пә­нінің мұғалімі марқұм Қожағазы Нұралиев аға­йы­мыз сыныпқа ертіп келді. Бізбен таныстырды. Оның республикаға белгілі жазушы екенін, Бөгенде туып-өскенін баяндай келе, Арал үшін жанын беріп жұмыс жасап келе жатқанын қадап айтты. Артынша жерлес жазушы ауылға қандай мақсатпен келгенін тәп­тіштеп түсіндірді, әрбір сөйлемін бейнелеп жет­кізді, бізді туған жер үшін аянбай еңбек етуге ша­қырды. Біз аса ынтамен тыңдадық. Өзіне магниттей тартып барады. Бойымыз шымырлап, туған жерге деген сү­йіспеншілігімді оята түсті. Ол шынымен еліне жа­нашыр патриот ұл екенін көрсетті. Ол біздің өмірімізге жарық жол нұсқаған шамшырақтай әсер етті. Ол - есімін естісек те, бұрын-соңды көрмеген Сайлаубай Жұбатырұлы ағамыз еді.

"Абыржы" романында жазушы өзі өмір сүрген Бөген ауылы адамдарының көркем бейнесін сом­да­ған. Кейіпкерлердің Арал үшін күресі, ішкі тол­қынысы, жан айқайы беріледі. Медеттің: "Ал, та­лаңдар! Түтіп жеңдер! Қан мен жынға тойың­дар!" деп, жанұшыра айқайлауы арқылы адам факторының аяқасты болуын, адам алдында қоғамның дәрмен­сіздігін көрсеткен.

Тарих жадында жатталып қалған атаулар Қамбаш, Қосжар, Аманөткел, Бөген елді мекен­де­рінің тарихын ой сүзгісінен өткізе келе жазушы: "Мы­нау Сарышығанаққа қазған жыра - Арал кесапа­ты­нан қалған жара. Пенде салған тыртық",- дейді шын­дықты жасырмай. С.Жұба­ты­ров осы "кесапатпен" арпалысып, "тыртық­тың" қалмауы жолына өмірін сарп еткенін бірі білсе, бірі білмейді. Жазушы көр­генін, жиғанын, көкейге түйгенін қағаз бетіне түсіріп, көркем дүниеге айналдырған қаламгерлігімен бірге Арал трагедиясын қолмен жасауға ұмтылған топпен күресіп, қайраткерлігін де танытқан жан.

Бөгенге келгендегі сапары да осы кез еді.

     "Сусылдап жатқан ақшағыл құмның -

Сарышығанақтың үстімен Арал теңізінің арқыраған суын жүргіземін" деп, ақшаға құныққан ашкөздердің әрекетіне күйінген жазушы қайраткер ауылдықтардан қарсылық қол жинап, Үкіметке табыстаған еді. Өз шығар­масына осы келеңсіз оқи­ғаны арқау ете отырып, сол қоғамның ащы шын­ды­ғын оқырманының алдына жайып салады.

Біздің пайымдауымызша, романдағы типтік образ Медеттің күрсінісінен қоғамның тұншыққан ты­­нысы, мезгілдің мазасыздануы, теңіздің траге­дия­сы, өтпелі кезеңнің әбігерленуі, адам жанының азап­та­нуы, сайып келгенде, автордың айналадағы көрі­ніс­тен абыржуы байқалады. Ол абыржу жазушының тұла бойын бүгін жаулап алған жоқ, ғасырлар бойы адам­затқа ана болған Арал қасіреті, теңіз тақсіреті та­рих тамырларын бүлкілдетіп, іштей қан жылатып, жанын тырналап жатты. Себебі Арал тақырыбы - жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы­ның терең қатпар­лы тарихи танымы, санаға ойлы сызат түсірген фи­ло­софиялық толғамы, жегідей жеген психологиялық па­йымы, соны миға сіңіріп, жүрекпен сөйлеткен қа­рымды қаламгердің әдеби әлемі, көркемдік кеңістігі.

Нұрлан НҰРМАХАН,

 

филология ғылымдарының кандидаты