Материалдар

«Бозайғырдан» кейін хаттардың тиегі ағытылды

Бәрі де көз алдымда. Асыға күтіп, қызыға бас қоятын "Қазақстан пионері" газетіне үңіле бергенім сол еді, "Бозторғай" деген әңгіменің астында тұрған Сайлаубай Жұбатыров деген таныс есімді көзім шалуы сол екен, орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, үлкен бөлмеде ұйқыны соғып жатқан ағамның қасына құстай ұшып жетіп бардым.

- Сайлау, Сайлау! Тұр дейім, тұр! "Бозторғай" деймін, "Бозторғай"!- деп, жұлқылап оятып жатыр­мын. Аузыма басқа сөз түспейді. Қуаныш па, таң­дану ма, бір сезім кернеп барады. Ән­ше­йінде бұлай жұлмаламақ түгілі, батып сөз де айта бермейміз.

- Не? Не дейсің?

Көзін зорға ашып, әлі түк түсінбей жатыр. Мен болсам қолымдағы газетті көзіне кіргізіп алардай желпілдетем келіп бетіне. Сосын барып газетті қолына алып, ашып көріп, "Өй, Бозторғай емес, Бозайғыр ғой" деді. Сонда барып әңгіменің аты "Бозайғыр" екенін көрдім. Бұл ағамның менің газет бетінен көрген алғашқы туындысы еді. Сөйтсем, одан бұрын да аудандық газетке бір өлеңі жария­ланған екен. Бірақ мен ол кезде әріп танымаймын да. Сол-сол-ақ екен, поштабай үйімізге күнде хат әкелетін болды. Қазақстанның мен естіп білмеген түпкір-түпкірінен хаттар толассыз ағылып жатты. Мектеп оқушылары, қыздар хаттарды суреттерімен қоса жолдайтын, күніне он жеті хатты санап алған кезіміз болды. Осы арада жарықтық әкем екеуміздің бір ұрлы­ғымызды айта кетейін. Жалпы біреуге келген хатты ашып оқуға болмайды, әрине. Деген­мен, мынадай хаттар қызықтырмай қоя ма? Онда да әкемнің бастамасымен болған жағдай.

 

- Сен ешкімге айтпа, мына бір хатты оқып көрейік,- деді әкем қулана.

Сонымен бір қыздан келген хатты ашып оқып, білдіртпей қайта жауып, әкем екеуміз дым көр­­мегендей болып отыра бердік. Сол шақтар­дағы әкем­нің қысық көзі күлімдеп, бір мерейі тасып жүруші еді. 

Мектепте оқушы кезінде Сәкеңнің қалта­сында үнемі блокнот жүретін. Кейде қолыма түссе оқимын, іші толған өлеңдер, жазулар, өзі салған суреттер. Үлкен әдебиет әлеміне жете­леген табысты да тау­қы­метті жолының алғашқы қадамы осылай сол кездерден басталды.

Бала кезден қалыптасқан тағы бір хоббиі - аңшылық еді. Ол атып әкелген қоян-құстарды талай тамақ еттік. "Қоянның кәлласын жемедім" деп әкем бірде анама ренжіген қатты. "Жейтін жері бар дейсің бе осының?"- деп, анам қоянның басын лақтыра салыпты. Үйде қосауыз және "мелькашка" деген екі мыл­тық болды. Мылтықты баптау, ұңғысын тазалап сүрту, пытыра дайын­дау - менің көріп-өскен көрі­ніс­терім. Қорғасынды балқытып, ет консервісінің тү­бін шегемен тесіп-тесіп сүзгі жасау, ұнды суға был­ғап, қоймалжың қаймақтай етіп дайындап, үш литр­лік банкіге құю, соған әлгі еріткен қорғасынды кон­серві сүзгіден өткізіп құю процестерінің басы-қа­сында мен де жүрем. Сонда банкінің ішіне түскен бал­қыған қорғасын пытыра болып шығады. Кейде мені ауылдың шетіндегі шаруашылық дүкеніне "16-шы калибрлі пытыра әкел!" деп, жұмсап жібереді. Құмды-құмды жотамен орғытып ба­рып, әкеліп берем. Алдымда қыз апаларым бол­ған жоқ. Ағала­рымның әсері күшті болды, солардың әңгімесін тың­дап өстім, содан болар кейде ер адамдарша қимыл­дайтыным.

Әкем: "Адам осындай да аңқау болар ма?" деп айтып күліп отырушы еді. Оның себебі, ағамның итті аңға салып жүргені ме, бірде даладан "Ақтөс қоян алып келе жатыр!" деп айқай салып, үйге сүріне-қабына кіріпті. Әкем де делебесі қозып, үйден далаға жылдамдата шығып, төбенің басы­нан Сайлаудың сілтеген жағына көз жібереді. Ауылға қарай салып ұрып келе жатқан Ақтөс жақындағанда барып, қоян еместігін біледі. Иттің ақ түсті төсі алыстан қоян болып елестеген ғой. Содан итінің бос қайтқанын көріп, басы салбы­рап үйге кірген екен.

Сәкең мені ес білмейтін кезде судың жиегіне ойнатып жүріп, ұмытып тастап кетіпті. Біраздан соң есіне түсіп, жанұшырып жағалауға жетіп барса, мен судың ішінде батып-шығып қалқып жүр екенмін. Содан қайыққа мінгізіп алып, қа­сында көрші балалар бар, шанышқымен балық ау­лағаны есімде. Теңіз суы сондай мөлдір болар ма, астындағы көрініп жүзіп жүрген балықтарға шанышқы лақтырып қадап, аулап алатыны көз алдымда қалды.

Бірде ауылымызға аудан орталығынан қатынай­тын АН-12 самолеті шеттегі қону алаңына келіп аударылғаны ауыл ішінде гу ете қалды. Адам аман әйтеуір. Менің есімде қалғаны тап сол күні түнде Сәкең түсінде самолет ауда­рыл­ғанын көріп шығады. Оны анама айтады. Анам "мынауыңды адам баласы есітпесін, ешкімге айтушы болма! Алла, Алла, сақтай гөр!" деп қатты үрейленді. Қайдан білейін, бұл да бір тылсым шығар.

Талант сан қырлы дейді (мұны мен емес айт­қан), сол сияқты Сәкең бала кезден домбыра тар­та­ды, суретті жақсы салады. Өзі мектеп бітіріп кет­кеннен кейін де оның салған суреттері ұзақ жыл мектеп қа­быр­ғасында ілініп тұрды. Мек­теп­те өте жақсы оқыды. Білмегеніміздің бәрін содан сұ­­рап алатын­быз. Біз үшін энциклопедия іспет­тес. Алтын медальға бір себептермен іліне ал­мады.

Ағамның мерейлі белесінің қуанышы үстінде ешкім біле бермейтін, ешкімге айтыла бермейтін сәттер­ден аздаған сыр шертіп, өткенді еске алдым.

Үрзия Жұбатырқызы,

 

жазушының қарындасы