Материалдар

Ана құрсағы – сәбидің ең алғашқы мектебі

 Сүтпен дарыған мінез сүйекке сіңетіні рас. Десек те "Баланы жастан" емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеу керек екенін қазақ халқы жақсы түсінеді. Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі - мейірім мен сүйіспеншілікте екені талассыз. Солай бола тұра "нарықтық-экономикалық дәуірдің перзенттері қаржыға құнығып, адами қасиеттен жұрдай болып бара жатқан жоқ па?" деген сауал көпті алаңдатады. Неге? Себебі болашақ бозбала мен бойжеткеннің парасатты тұлға болып тәрбиеленуі - қазіргі ата-аналардың алдындағы ауыр жүк. Оны аңғара бермейтін жұбайлар шаранасына салғырт қарап, құрсақта аяламақ түгілі айға толар-толмастан күтуші жалдап, өзі тынымсыз тіршіліктің әлегінде жүреді. Бұның соңы қандай жағдайға апарып соқтыратынын өмір жолы көрсетіп берер. Дегенмен салауатты дененің сырқаттанғанынан бұрын, рухани дертке шалдықпас үшін осы бастан қам қылған абзал.

Қарапайым жағдаяттарда перзенттер барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, адамның бес жасқа дейін бойына сіңірген тәрбиесі бүкіл ғұмырында алған тәрбиесінің тоқсан пайызын құрайды екен. Соның ішінде сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алатын көрінеді. Бір қызығы, бала ана құрсағында болғанда, анасы нені көп үйренсе, нені көп білсе, кейін бала сол нәрсені тез игеретіні көп айтылып жүр. Соңғы Пайғамбардың өзі тәрбие турасында сондай пайым жасағаны көпшіліктің есінде. Бастысы, тәрбие беру мен салауатты ұрпақ өсіруде тоғыз айға кеш қалмасаңыз болғаны. Қазақ халқының "Тауда туған баланың екі көзі таста болар, ашта туған баланың екі көзі аста болар" деген мақалы осы түсінікті дәлелдей түскендей.

Ал, қазіргі балалардың екі жанары - смартфондарда. Көзге сансыз зауал әкелетін бұл құрылғысыз өмір сүру әсте мүмкін емес. Сөйте тұра қолданылу аясы кең. Ата-ана пайдаланған дүние бала қолына өзі сұранып келетінінің осы сынды айғағы жетерлік. Тек бұл ғана емес, зиянды әдеттердің де саны толып жатыр. Темекі мен алкогольден бас алмайтындардың балала­рының денсаулығында үлкен кінәрат болады. Бес саусақ бірдей емес, білімнен де құралақан­дары бар. Мұның барлық себебі - анадан келген кесапаттың кесірі. Баласына анасының қолдан жасап берген дерті. Құрсақта жатқан ана шылым шексе, шаранасының маңдайына түрлі ауру­ларды өзі сыйлап жатқанмен бірдей. "Жаманнан жақсы туар" деп анасының кесел қылығын бала қайталамағанмен түбінде ұяда көргенін ұшқанда іліп, бұзақылыққа бой беріп қойып жатады. Бұл ардан жұрдай ететін арақтың зардабы. Біздің қоғам осындай көріністерден аяқ алып жүре алмайтын болды. Жазықсыз жасөспірімдердің жарқын ғұмыры жатырда жатып уланған дертімен көлегейленуде. Осы тұста әрбір анаға ойланған дұрыс болар. Себебі бала - сенің өміріңнің жалғасы.

Әсіресе, кішкене балалар үшін бұл қасиет­тердің орны айрықша екенін ұғынғанымыз жөн. Кез келген жеткіншек ата-ана махаббатына қашан да шөлдеп, шөліркеп тұрады. Олар тек сүйіс­пеншілікпен ғана өсіп-жетіледі, есейеді, дұрыс жолға түседі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, әрдайым іздеп тұрады. Оны ренжіткісі келмей, мейірімі мен қамқорлығынан ажырап қалмау үшін айтқандарын екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, өзі жақсы көрген кісіге еліктеп, ұқсағысы келеді. Ендеше, салауаттылық - бала тәрбие­сіндегі негізгі қағида.

Әңгіме жатырда жатқан балаға қатысты болғандықтан, жақсы тәрбие беру, оның өмірге келгенде дені сау, ширақ, шымыр болуы үшін ислам іліміндегі кейбір ақпараттарға көз жүгірттік. Өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеу, жетілдіру - аса ауыр әрі жауапкершілігі мол қызмет. Ана құрсағы - оның ең алғашқы мектебі, мінез-құлқы қалыптасатын алтын мекені. Сәби онда тәніне қажетті қоректі ғана емес, рухани азықты да сіңіреді. Ендеше, жүкті әйел ең алпауыт деген еркек арқалай алмайтын жүкті көтеріп жүр емес пе? Бұл - өжеттілік. Екінші жағынан, "баланы тәрбиелемес бұрын өзіңді тәрбиеле" деген қағидаға сәйкес, әйелге өз-өзін жаман әдеттен тазартуы қажет болады. Ар тазалығын, жан тазалығын, тән тазалығын үнемі күзету оңай шаруа емес. Ол үшін анаға құрсаққа бала біткенге дейін де, біткеннен кейін де үнемі көркем мінезінен танбай, имандылығын жоғалтпай денсаулығын сақтау нұр үстіне нұр болмақ.

Діннің діліне сүйенер болсақ, "он ай көтеріп, омыртқасы үзілген, аязды күнде айналған, бұлтты күнде толғанған, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен" аналардың жүктілік уақытындағы түрлі физикалық ауыртпашы­лықтары, ауру-сырқат, жайсыздығы, әйелдер қауымына сансыз сауаптың, көл-көсір сыйдың өлшеміне теңеледі. Қаншалықты қиналған сайын соншалықты сауап та еншілейді. Бұл тек жүрегінде иман оты жағылған аналарға ғана қатысты. "Өзі нәзік жаратылыс бола тұра Алланың құрсағына бітірген аманатын аялау үшін әйел көптеген қиындықты өткермей ме? Ал, хадистерде: "Мұсылманды қандай да бір шаршау, не ауру, не уайым, не қайғы шалсын, не зиян шегіп, мұң бассын, тіпті тікен кірсе де, Алла оның күнәларын кешіреді", "Қандай да бір мұсылманды зиян шалса, Алла онымен оның жамандықтарын кешіреді және ағаш жапырақтарынан қалай арылса, ол да солай күнәларынан арылады",- дейді дін өкілдері. Сол себепті де кез келген жанға ұлт саулығы мен өз баласының болашағын жарқын ету үшін дұрыс шешім қабылдауға әрдайым мүмкіндігі бар. Оның үстіне "Жүктілік кезінде немесе толғақ кезінде қайтыс болған әйел - шәһид (яғни, Алла жолында қайтыс болу)" деген мағынада келетін хадис жүкті әйелдің қаншалықты ардақты екендігін нұсқайды. Осынша қасиетке бөленген аналар қауымы қара жолдың құдығына түсіп, қараңғылық шырғалаңын өзі іздеп бармаса екен деген ой санадан кетпейді де тұрады.

Діни көзқарас осылай сыр шертті. Ал, дамы­ған дәуірде ана денсаулығын жақсарту мақса­тында, өлім-жетім санын азайту үшін де түрлі шаралар жасалынып жатыр. Сол себепті 2014 жылдың 2-шілдесінде Қызылорда қаласында "Ана мен бала" орталығы (перина­талдық орта­лық) ашылды. Орталықтың басты мақсаты - ана мен баланың денсаулығын сақтау. Ақ халат­­тылардың арасында неонатолог, реаниматор, гинеколог мамандар бар. Мекемеде әр салаға қатысты көптеген бөлімшелер жұмыс жасайды. Орталықта консультация, тренингтер және курстар тегін. Бұл ана мен баланың денсау­лы­ғына өте үлкен пайда алып келеді. Ол аз десеңіз, күндізгі стационар жұмыс жасайды.

Жүктілік жайында осы мекеменің маманынан жөн сұрағанымызда, орталықтың неонатолог дәрігері Ляззат Сапарбаева бізге ана мен бала күтімі жөнінде әңгімелеп берді:

- Көп жағдайда әйелдер өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда денсаулықтың 55 пайызы адамның өзіне, оның өмір сүру салтына байланысты болса, 15 пайызы қоршаған ортаның әсері, тұқым қуалаудан және 5 пайызы ғана дәрігерлерге байланысты екен. Әр жүкті әйел жүктіліктің он екінші аптасына дейін тіркеуге тұруы қажет. Себебі жүкті әйелде қандай да бір сырқат болса, онда балаға қауіп төнбейтін кезеңде емдеу керек. Жергілікті емхана, акушер-гинекологтарға қаралудың жүкті әйел үшін үлкен маңызы бар. Тек дәрігер ғана организм жағдайының ерекшеліктерін есептей отырып, керекті еңбек және демалу тәртібін белгілейді, жүктілік барысындағы ауытқуларды, ауруларды дер кезінде анықтайды, соған сәйкес емдеу тағайындайды.

Емхана акушер-гинекологтары керекті зерттеулердің барлығын өткізеді, әйелді босануға дайындайды. Екінші жағынан, әйелде тууға болмайтын көрсеткіш болса, ертерек жүктілік тоқтатылса, оның әйел денсаулығына тигізер зардабы азырақ болар еді. Есепке тұру үшін көп қаржының да, басқадай шығынның да қажеті жоқ.

Баланың болашағына бас ауыртатын ата-ана бұл сөздерден ой түйер. Отын әкелуге жарамаған арбаның өзі отқа жағылатынын естен шығармаса дейміз. Тәрбие беруге құлық болмаса немесе құрсақтағы баланы аялай білмесеңіз, ол сіздің болашағыңызға зор қатер әкелуі ықтимал. Ұрпақ мәселесінің осы бір тұсын ұтымды пайдалану өз қолыңызда.

 

Айдар САЙЛАУОВ