Материалдар

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙ ТОЙЛАУДАН ТҰРМАЙДЫ Ел алдындағы еңбектің өлшемі бар ма?

Желтоқсан – тек жылдың қорытынды айы ғана емес, өткенді еске түсіріп, тарихқа қайта үңілуге мүмкіндік беретін ай. Азаттыққа қолымыз жетіп, тәуелсіздік туын қадап, ел болғанымызды көрші елдерге мойындатқан, желтоқсанда бұлқынған жастардың намысын қайраған ай. Әлбетте, тарихты қайта түртіп, желтоқсанның ызғарын қайта шолуды мақсат етпейміз. Тәуелсіздік мұраты жолындағы төгілген тер, еткен еңбекті қал-қадірімізше бағалап келеміз. Биыл Алаш аңсаған азаттыққа нық қадам басып, белді бекем буғанымызға 26 жыл толды. Ширек ғасырдан асып барамыз, тарихтың түбіне тереңнен бойлай, өткен мен бүгінді жалғау міндеті ұлан-асыр атыраптың иесі қазақтың пешенесіне жазылды. Сол жауапкершіліктің жүгін бүгінгі тәуелсіз елдің азаматтары қал-қадірінше көтеріп жүр. Бүгінгі жылжабар айдың тақырыбы да тәуелсіздіктің тағылымы мен төгілген тердің өлшемімен өрнектеледі.

Рас, жылдармен жалғап, күндермен қарап, сағаттармен санап уақытты өткізе беруге болады. Егеменді елдің алдын тосып тұрған қиындықтар, тағдыршешті шешімдер кейде уақытты тоқтата алмайды. Тоқыраудың аз-ақ алдындағы тұрған салаларға қан жүгіртіп, елмен бірге еңбек еткен азаматтар тәуелсіз елдің тұрақтылығына тер төкті. Демек, ерен еңбек еленуі керек. Міне, жиырма алты жылдан бері ғылым мен техниканың кілтін тапқан, өнер мен мәдениетті биікке көтерген, мемлекеттік қызметте абыройлы қызмет атқарған азаматтар мерекелік медальдермен марапатталып келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт түрлі салада жемісті еңбек еткендер өз ісінде берекелі болып қана қоймай, ел дамуына үлес қосты. Әрине, ел ішінде мақтау-марапатқа лайық, құрметке қонымды азаматтар аз емес. Адал еңбектің туын жоғары ұстағандарға айтар алғыс мол. Ал, ел қазынасын шетке тасып, қазынаға қол салған шенділердің де шетел асып жатқандары баршылық. Бәрі де тәуелсіз елдің қазанында қайнап жатыр.

Қазақта «еңбегіне қарай құрметі» деген тәмсіл бар. Шаруадан шенеунікке дейін титімдей үлес қоса білген азаматтар тәуелсіздік күнінде кеуделеріне орден тағып, мемлекеттік наградаларға қолы жетіп жатыр. Биыл да сол ілкі дәстүр жалғасын тапты. Тәуелсіздіктің 26 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордаға шақырып, ел дамуына үлес қосқан бір топ азаматқа құрмет білдірді. Білім, ғылым, өнер, медицина, спорт, мемлекеттік қызмет салаларында өнімді еңбек етіп жүргендер Елбасы Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл жолы марапаттың биігі саналатын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы үш бірдей азаматқа табысталды. Бұл марапатқа ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы-ның төрағасы Ахметжан Есімов, Қазақстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, «Теңізшевройл» ЖШС-нің менеджері Руслан Қуатов лайық деп танылды.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Степное» ЖШС-нің директоры Аманғос Тулеуов «Отан» орденімен марапатталды. Әдебиет пен өнер саласынан Меруерт Өтекешова, Әнес Сарай, Әсел Садуақасова да Елбасының құрметіне бөленді. Ал, спорт саласынан Қанат Ислам «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Салтанатты шарада бірнеше мерекелік төсбелгілер де табысталды.

Аймақтарда да мерекелік төсбелгілер мен марапаттар сала үздіктеріне берілді. Академик Асқар Жұмаділдаев және кәсіпкер, меценат Нұрмұрат Ерманов «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері мен қызметтегі кәсіби жетістіктері үшін 47 азамат орден, төсбелгі және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жеткен биік, шыққан шың қашан да дамуға жол ашады. Президент қолынан марапат алу алдағы күнге деген ұмтылысты арттыратын, кеудені мақтаныш кернейтін мерейлі сәт. Дәл осы құрмет көріп жатқан өз саласының шыңына шыққан адамдардың еңбегін таразылауды міндет етпедік. Халықтың өзі кімнің кім екенін біледі. Болашақ тарихтың таразысына салынады. Әйтсе де, соңғы кездері ел арасында мақтау-марапаттың салмағына қатысты түрлі пікірлер қалыптасып келеді. Мемлекеттік марапаттардан бөлек, жер-жерде кеудеге тағылған төсбелгілердің құнын өлшеп жатқандар аз емес. Мұндай ойлар көре алмаушылықтан емес, марапаттың да салмағын саралайтын уақыт жеткенін білдіріп тұрғандай. Тіпті жазушыларға берілетін мемлекеттік сыйлықтың да сыры кете бастағаны әдебиеттің ортасында жүрген сыншылардың қаламына жиі ілігіп жүр. Қалай айтсақ та, әркімнің пікір білдіруге құқығы бар. Әйткенмен, мемлекеттік марапатқа ұсынылған азаматтардың бәрі бірдей лайықсыз деуге келмейді. Халық қалауының астарында қарапайым тіршіліктегі шаруа адамдарын марапат мінберінен көрсету мүддесі жатса керек. Бұл заңдылық. Бірнеше жылдан бері қарапайым еңбек адамдары мемлекеттік марапаттан қалыс қалып жатқан жоқ. Демек, марапат төңірегіндегі мәселе «Кім лайықты?», «Кімнің еңбегі сіңген?» деген сауалы да, жауабы да бар сұраққа айналып келеді. Айтып айтпай не керек, ел игілігі жолындағы еңбек тек марапатпен өлшенбеуі тиіс.

Түйінді тіркесті Елбасының сөзімен сабақтасақ. «Тәуелсіздік бізге ең алдымен, той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара алатындардың ғана қолынан келеді». Ел қамын ойлар, тәуекелге батыл бара алатын азаматтар қашанда құрметсіз қалмайды. Тұғырдан түсіп, халық сенімінен айырылып қалмау марапаттан да маңызды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын!

А.ҚАРАКЕСЕК