Материалдар

ТАРИХТЫ ТАРАЗЫЛАҒАН ТАРТЫМДЫ ЕҢБЕК

Тарихты адамдар жасайды. Ал, оны жас ұрпақ жадында жаңғыртпақ мақсатта қолына қалам ұстаған, өткенді ойша өрнектеген адамдар қатары санаулы. Солардың бірі – қызылордалық Әлібек Сабырбаев. Ол бұған дейін де тарихи тақырыпта жазылған бірнеше еңбегін оқырман назарына ұсынған болатын. Бұл жолы автордың «Тұмар» баспасынан «Шекті руының құпия тарихы» және «Еліне тұтқа болған хан Жәнібек» атты қос кітабы жақында жарық көріп, оқырмандарына жол тартты.

Автордың бірінші кітабы аты айтып тұрғандай Кіші жүз ішіндегі Шекті руының өткен тарихы туралы. Бұрын бұл жөнінде орыс, қытай, араб жиһанкездері аздап қалам тербегені болмаса, мүлдем түрен түспеген десек те болатын. Кітап авторының осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында алған тақырыбын жан-жақты қаузағаны көрініп тұр. Сол сияқты «Еліне тұтқа болған хан Жәнібек» еңбегі де оқырман қызығушылығын оятатын құнды дүние болған десек артық айтқандығымыз емес. Кітап автордың осыдан бұрын жарық көрген «Алтын орда мұрагері», «Мамай: аңыз бен ақиқат», «Тегі түркі Ресей патшалары» тарихи зерттеу кітап-тарымен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Ә.Сабырбаевтың қос кітабы сонысымен құнды, сонысымен бағалы. Ендеше қазақ тарихына қызығушылық танытып жүрген қалың оқырман қауымның олжасы іспеттес болған бұл кітаптардың жас ұрпаққа берері мол екені сөзсіз.

 Т.НҰРЖАН-БАЛТА