Материалдар

ОНКОЛОГИЯ АУРУЛАРЫ ЖАСАРЫП БАРАДЫ «Сөз құны» журналистер клубы проблемалық тақырыпты көтерді

Қаламды қару еткен журналистер қашанда қоғамдық маңызы бар істе үнсіз қала алмайды. Елдік деңгейдегі мәселелерді көтеріп, күн тәртібіне сұранып тұрған тақырыпты жан-жақты ашу үшін екі тараптың позициясын тең ұстап, елден бұрын хабар жеткізеді. Жауапкершілік жүгін арқалаған журналистердің осы міндетіне кей кезде түрлі тараптардың қайшы пікірі, теріс бағасы бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының беделіне салқынын тигізіп жатыр. Осы ретте журналистердің құқығын қорғап, білімін арттыруға күш салып жүрген «Сөз құны» журналистер клубы қалам ұстаған қауымның ішкі мәселелеріне терең барып, тілшілердің кәсіби қызметін толық атқаруға, ортақ мәселелерді бір арнаға тоғыстырып келеді. «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры жанынан ашылған клуб бір жыл ішінде аймақтар арасында алғаш болып түрлі бастамалар көтерді. Журналистердің семинар-тренингтер арқылы білімін жетілдіру, тілдік деңгейін, интеллектуалдық білімін көтеру жолында түрлі жобалар жасады. Енді «Сөз құны» клубы салалық журналистиканың деңгейін арттыруға бағыт алыпты. Қоғамдағы түрлі салаларда кездесетін проблемаларды тәуелсіз сала мамандарымен бірге ашық талқылауға батыл қадам жасады. Ұйымдасты-рушылар алғашқы басқосудың тақырыбын біздің елді ғана емес, күллі әлем елдерін алаңдатып отырған онкология ауруларымен байланыс-тырыпты.

Басқосудың мақсаты – сала мамандарын тарта отырып, журналистердің тақырыптық мәселелерді жазу деңгейін арттыру, онкология тақырыбын аймақта көтеру, оны ақпарат құралдарында жариялау арқылы қоғамдық пікір туғызу.

Проблемалық тақырыпты жан-жақты ашу үшін «Сөз құны» журналистердің кеңесу клубының пікір алмасу алаңына №3 қалалық емхананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, онколог, маммолог Бақыт Ысқақов пен облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрхожаев шақырылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен кездесуді клуб жетекшісі Нұрлан Көбегенұлы жүргізді.

Онкология ауруын алдын алуға бола ма? Ел ішінде жаман ауру аталып кеткен қатерлі ісіктің аймақтағы көрсеткіштері қандай? Ғылымның жетістігіне қарамастан онкология ауруларының өсуін немен түсіндіруге болады? Ортаға қойылған сауалға клуб қонақтары ашық жауап беріп, ой бөлісті, еркін пікір алмасты.

Онколог-маммолог Бақыт Ысқақов маман ретінде «мәселеге тереңірек бару үшін көп жылғы ізденіс керек, осы себепті онкология ауруының қайдан туындайтынын дөп басып айту мүмкін емес» дегенді алға тартады.

- Әлемде онкология – шешілмеген проблема. Дүние жүзін былай қойғанда, өзіміздің елімізде де бұл қауіпті деңгейге жетіп отыр. Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын Қызылорда мен Атырауда өңеш, асқазан ісігімен ауыратындар көбейген. Дәл осы екі аймақ онкология ошақтарына айналған еді. Қазір ер адамдарда өкпе ісігі, әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі жиі тіркеліп отыр. Егер біз алдымызға келген науқастың диагнозын тура анықтай алсақ, алдын ала алгоритм құра алар едік. Практикалық жағдайда мұны нақты анықтау қиынға соғады. Жалпы тәжірибеде онкология аурулары семіздік, қозғалыссыз отыра беру, дене қимылының жоқтығы, тамақтануға ден қоймайтын, стресс алған адамдарда жиі кездеседі,-дейді дәрігер Бақыт Ысқақов.

Кездесуде маманның пікірін сабақтай кеткен Болат Нұрхожаев онкология аурларының жылдан-жылға көбейіп кетуі медицинаның қарқынына тым қатты тіреліп тұрған жоқ, мұның бір себебі «сағаттық белдеудің өңірімізде дұрыс қойылмауынан» дегенді баса айтып отыр.

- Мен онкология ауруларының шет елдердегі тәжірибесін зерттеп көрдім. Түрлі ғалымдардың еңбегін ақтарып, мамандардың тұжырымын оқыдым. Ұққаным, медицинасы жақсы дамыған елдерде де онкология көрсеткіштері тым жоғары. Мәселе, біздің жағдайда сағаттық белдеудің дұрыс жүйеленбегенінде. Қазір Қызылорда халқы уақыттың дұрыс бөлінбеуінен екі сағат жұмысқа баруға мәжбүр. Адамның тұрақты ұйқысының бұзылуы, уақыттың адам ағзасына әсер етуі түрлі ауруларға әкеліп соғады. Соның бірі онкология дер едім. Дәрігерлер ғалымдардың зерттеуі негізінде ем жасап, теорияға сүйенеді. Сол себепті онкология ауруларының белгілері дәрігердің диагнозына кейде сәйкес келе бермейді, - дейді.

Шындығында, бүгін сау жүрген адамның қатерлі ісіктен көз жұмып жатқандары да бар. Мамандар «онкологияға шалдыққан адамдар-дың жасы төмендеп барады» деп дабыл қағуда. Негізгі есеп бойынша қатерлі ісікпен елу жасқа дейінгі адамдар ауырса, бүгінде жастарға да онкология диагнозы қойылып жатыр. Мұны онколог-маммолог Бақыт Ысқақов та мойындап отыр.

- Қатерлі ісікке шалдыққандардың санын тұрақты өлшеуге келмейді. Бірақ орта есеппен қарағанда бүгінде Қазақстанда онкология ауруымен тіркелген 161 мың адам бар. Бұл дегеніңіз әрбір мың адамның біреуі қатерлі ісікпен ауырады деген сөз. Бір жылда 16 мыңға жуық адам қатерлі дерттен көз жұмады. Мұнымен қоса, жылына 36 мың адам онкологиямен ауыратынын біледі, - дейді дәрігер.

Мойындау керек. Бұл басқосу бір сарынды баяндамалар оқылатын әдеттегі жиынға ұқсамады. Ойдың ашықтығы, пікірдің қайшылығы көрініс алды. Ортаға жиылған журналистер мамандар келтірген деректерге қарсы сауал қойып, көзбен көрген мысалдарын айтып, нақты сауалдар тастады. Екі тараптың да айтар ойынан өзінше түйін түйген тілшілер тақырыпқа қатысты фактілердің басын ашып алды.

Айтып-айтпай не керек. Ел ішінде түрлі проблемалар бар. Ал, оны көтеретін бұқаралық ақпарат құралдары. Сөздің қадірін түсінетін журналистердің басын қосқан «Сөз құны» клубы алдағы уақытта салалық мәселелерді мінберден көтеріп, журналистердің тақырып-тық бағытта толымды мақалалар жазуына ықпал ете бермек. Демек, салалық журналистиканың тамырына қан жүгіріп, талдамалы жанрдағы материалдар оқырманға жол тартпақ.

Абай Тағыберген