Материалдар

ҰРПАҚТАРЫ ҚҰЛБОЛДЫ ИШАН РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Қожа Ахмет, Арыстан баб,

Түркістанда тұрағы.

Әлемге кеткен атағы,

Дін исламның шырағы.

Солардан шыққан әулие,

Пайғамбардың тұяғы.

Ысмайыл Әздүр, Құлболды,

Уәлилердің пырағы, – деп Бұдабай ақын Түркістан мен Ақмешіт төңірегіндегі ірі дін ғұламаларының қатарында жырға қосқан Құлболды ишан – бойына ерекше қасиет дарыған көрнекті тұлға.

Құлболды ишан Сұлтанұлы кезінде Құл қожа Ахмет хазірет сұлтан негізін салған софылық-дәруіштік дін ағымының Тұран ойпаты өңіріндегі ең соңғы бірегей өкілі саналатын Қажы Мәді (Маһди) қожаның бесінші ұрпағы.

Құлболды баба шамамен 1785 жылдары дүниеге келіп, 1860 жылдары қайтыс болған деген дерек бар. Ол кісі жас кезінен бастап оқуға, дін ілімін меңгеруге деген алғырлығымен ерекшеленген. Қазіргі Қоғалыкөл ауылындағы «Хан ағашы» жеріндегі медреседе Ысмайыл Әздүрден арабша тіл сындырып, сауат ашады. Медреседегі алған білімін қанағат тұтпай Бұқарадағы Мир-Араб медресесінде Айқожа, Марал және Қосым ишандармен бірге оқып, ірі ғұламалардан білім алады. Бұл төртеуі де дін ілімін меңгерумен қатар бірнеше тілді үйреніп, емшілік жасауға да маманданып, хат-и иршад алып шығады.

Медресе ұстаздары жақсы оқыған төрт шәкіртіне атақты Ислам Шайыхтан дәріс алуға кеңес береді. Ұстаздарының кеңесін мақұл көрген Құлболды, Айқожа, Марал және Қосым ишандар Ауғанстан жеріндегі тауда қоныстанған ірі әскербасы әрі ишан Ислам Шайыхты іздеп тауып, шәкірт болады. Төртеуі Ислам Шайыхты пір тұтып, қол береді, төрт жылдық тарихат риязатын алып, елге жоғары діни біліммен «Ишан» атағын алып оралады. Бұл атақ шариғатты жетік меңгерген және Құран Кәрімді түгел жатқа білетін ғұламаларға беріледі. Құлболды баба Сыр өңіріндегі бұл атақты иемденген санаулы дін өкілдерінің қатарында болады.

Сөйтіп, өзінің «Хан ағашы» ауылындағы медресеге ұстаз және мешітте имамдық қызмет атқарады. Қалған өмірінде осы жерде тұрақтап қалады. Өмірден озып, мәңгілік жай тапқан жері де осы.

Құлболды ишан өз өмірінде елге белгілі көптеген ірі тұлғалармен жақсы қарым-қатынаста болады. Соның бірі Қоқан хандығы кезінде Ақмешіт төңірегіндегі елге қамқор болған батыр Тұрсынбай датқа еді. Қоқан езгісі кезінде бұл екеуі қанаттаса отырып, елдің бірлігін, тұтастығын сақтауға күш салып отырған.

Осы достықтың негізінде Құлболды ишан қайтыс болғанда Тұрсынбай датқа: «Ишаным еліне көп қамқорлық жасап еді, өзінің дәрежесі биік болса да, елдің алдында кішік болып қызмет етті, ендігі жерде оның орны биікте болмаққа керек, еліне жоғарыдан қарап жатсын» – деп, әскеріне биік етіп топырақ үйдіріп, соның үстіне жерлетеді. Кейін ақ кесектен күмбез салдырады.

Міне, екі ғасыр бойы осы Құлболды ишан күмбездің саясына бақилық болған талай марқұмдар жерленді. Келе-келе ишан жерленген үлкен шоқы айналасы көлемді қорымға айналды.

Осында жерленген екі жүзге тарта марқұмдардың ұрпақтары Құлболды ишанның бесінші ұрпақтары, ел ағалары Қамар және Зейнолла Рүстемұлының басшылығымен үлкен қорымның айналасын тегістеп, аршып, қоршау орнатты.

Осы сауапты іс оңынан орындалған соң, «Ишан ата» қорымы басында Құлболды ишан-ның және осында жерленген марқұмдардың аруақтарына бағыштап ас берілді. Үлкен асқа еліміздің түкпір-түкпірінен мәңгілік жайы ишанның жанына орныққан марқұмдардың үрім-бұтақтары жиналды. Асқа жиналғандар атқарылған сауапты іске ризалықтарын білдіріп тарқасты.

Қабдеш ШАҒЫРОВ