Материалдар

ӨМІР МЕКТЕБІ

Бала шыр етіп жарық дүниеге келген-нен кейін бес-алты жасқа дейінгі аралық – бейкүнә және бей-марал ғұмыр кешетін періште шақ. Ал, алты-жеті жастан бастап орта білім ордасының та-балдырығын аттайтын айтулы да атаулы кезең. Ордада он бір жыл білім бұлағынан сусындау – өмір мектебінің алғашқы сыныбы немесе сынағы іспетті. Сол оқу ордасының соңғы сыныптарында ойлану, толғану, қияға қиялдап қомдану, болмашыға алданбау, болашақты армандау, алға ұмтылып алқыну, талаптанып талпыну, әрі қарай білім алу, өмірде орныңды біліп алу - бұл да өмір мектебінің есте қалатын ерекше сәті.Иә, алдымен амандық, сосын мамандық. Жанұялы болып жарасу, бір-біріңе қарасу... Өмірге ұрпақ әкеліп қанаттандыру, оларды қияға қанат қақтыру... Еліңе елеулі еңбек ету өмір мектебінің өзекті мәселесі.

Біздің замандастарымыз сонау Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары көп ауыртпалықты бастан өткізген, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп өскен өнегелі ұрпақ. Олар күнделікті тұрмыста түрлі таршылық пен тапшылықты көрсе де, санадан сыпайылық пен сыйластықты, имандылық пен инабаттылықты, қайырым-дылық пен қанағатшылдықты жоймай өсті, қиыншылыққа мойымай өсті. Ішетін ас пен киетін киімге жарымай жүрген күндер аз болған жоқ. Кебектің нанын жеп, қара сумен қоректенген күндер де болды. Жазда жалаңаяқ жар кешіп, қыста керзі етікпен қар кешіп, үстімізге әр түрлі тауардың қиындыларынан тігілген қырық құрақ киім киіп, мектепке бардық. Сол бір киімді жылда жамаулармен «жаңартып» кигенде, су жаңа киім кигендей көңіліміз көтеріңкі жүретін. Сия-сауыт салатын қалтасы бар шүберектен тігілген сөмкенің ішіне оқу құралдарын салып, сабаққа баратынбыз. Сабақтан себепсіз еш уақытта қалып та, кешігіп те көрген емеспіз. Сақыбек Алданазаров, Қайырбек Дүйсебаев, Бодық Үсенов, Аймахан Жүсіпов, Әуесхан Әбішаев, Исламбек Ысқақов, Әлайдар Ерманов, Үміткүл Балтабаева, Жүсіп Сәрсеков, Аманбек Жүсіпбеков, Сағынтай Есенов, Әбутәліп Жүсіпбеков сияқты ұлағатты ұстаздардан дәріс алдық. Бізді білім бұлағынан сусын-датып, болашаққа бағдар-бағыт берген осы аяулы абзал ағалар еді. Ол кісілерге қарыздармыз. Бұл жаны жайсаң абзал жандар біздің есімізде мәңгі сақталады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында Қараөзек ауылындағы №39 Қызылөзек орта мектебінде соңғы сыныпты тәмамдаған Әсия Әбенова, Ергенбай Байменов, Қымбат Бердібекова, Ұлбосын Жаналиева, Шәрі Жетпісбаева, Амангелді Сәмеков, Серікбай Сейділдаев, Аягөз Сұлтанбекова, Амангелді Төлегенов, Өмірбай Төреханов, Талап (Тәңірберген) Ысқақов болашақ үлкен өмір жолына сол мектептен жолдама алды. Ұлы Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та бар қалан» деген ұлағатты сөзін ұстанған жастар арман қуып алысқа аттанды. Ауыл шаруашылығын онан әрі өркендетуге өз үлесін қоспақшы болғандар да болды. Бірі кейін мұғалім болса, бірі сауда саласында адал қызмет атқарды. Құқық қорғау саласы мен өнер саласында еңбек етті. Техника түрлерін толық меңгеріп, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты. Бәрі де жанұялы болып, өмірге үлгілі ұрпақ әкелді. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен кезеңде, сол кезде болашағы әлі беймәлім бағдарламаға өздері бейімделе білді, ұрпақтарын да бейімдей білді. Бүгінде сол сыныптастарым бәрі де ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере мен шөбере сүйіп, бұрынғы бейнетінің бүгінде зейнетін көріп отырған бақытты жандар. Өмір жолдары өскелең ұрпаққа өнеге боларлық тұлғалар. Өкінішке орай, олардың арасында өмірден ерте озғандар да бар. Олар мәңгі есімізде болады, рухтарына бас иеміз. Марқұмдардың жайлары жәннатта болғай.

Бүгінде сол сыныптастардың бірі Астанада, бірі Алматыда, бірі осы аймақта тұрады. Көп жылдар бойы көріспегеніміз де бар. Иә, орта мектепті бітіргенімізге де жарты ғасырдан аса уақыт болыпты-ау.

Орасан терең ойлайтын,

Орнымен күліп ойнайтын,

Өздеріңді сағындым...

 

Шын беріліп шынайы,

Сырласатын сыпайы,

Сөздеріңді сағындым...

 

Жәудіреп тура қарайтын,

Жанардан шуақ тарайтын,

Көздеріңді сағындым...

 

Сезімдер ішке сыймайтын,

Сездіре алмай қинайтын,

Кездерімді сағындым...

Бұл сол сыныптастарға деген сағыныштан туындаған сезім шумақтары еді.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі